Фармацевтикалық нарықтағы бағаны реттеу тәсілдері қаралды
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің (БҚДА, Агенттік) өкілі Қаржы нарықтары және өзге салалар департаментінің директоры Мира Тұяқбаева XIV Халықаралық еуразиялық фармацевтикалық форумда 2023 жылғы 10 қаңтардан бастап Қазақстанда дәріханаларда сатылатын дәрілік заттардың 376 атауының бағалары реттелмейтінін хабарлады. Оның ішінде - гомеопатиялық препараттар, ББҚ, витаминдер және күрделі емес ауруларды емдеуге арналған дәрілер.
БҚДА фармацевтикалық нарықтағы пробеламаларды көрсеткен короновирустық инфекция пандемиясы кезінде 2020 жылдың соңында бірлесіп реттеуші ретінде баға белгілеу жүйесіне кірді.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Денсаулық сақтау министрлігі мен БҚДА алдына фармацевтикалық нарыққа қатысушылардың бәсекелестікке қарсы әрекеттерінің жолын кесе отырып, дәрілік заттарға бағаларды теңгерімді реттеу міндеті қойылған болатын. Жұмыс әлі күнге дейін жалғасып жатыр.
Агенттік пандемияның теріс салдарларын азайтуға мүмкіндік берген жедел шаралар қабылдады. Баға белгілеу тәртібіне өзгерістер енгізуге бастамашылық жасалды, маркетингтік құрамдауыш алып тасталып, коронавирустық инфекцияны емдеу үшін пайдаланылатын дәрілік препараттарға шекті бағаларды қалыптастырудың ерекше тәртібі енгізілді. Бұдан басқа, маркетингтік шығыстар түріндегі дәрілік препараттарға негізсіз үстеме баға 50-ден 30%-ға қысқартылды; көтерме саудада өткізудің үстеме бағасы 10-21%-дан 5-10,5%-ға, бөлшек саудада 55%-дан 20%-ға төмендетілді.
Қабылданған монополияға қарсы ден қою шараларының нәтижесінде медициналық маскалардың бағасы 3 еседен астам, ПТР тестке – 2 есе арзандатылды.
Дәрілік заттар бағаларын реттеуді жетілдіру жұмыстары шеңберінде жүргізіліп жатқан жүйелі шаралар ретінде 2022 жылғы қаңтарда нарықты ырықтандыру үшін қажет «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне көтерме және бөлшек саудада өткізу үшін бағалы реттеуге жататын дәрілік заттар тізбесінің жобасын қалыптастыру және бекіту тәртібі бөлігінде өзгерістер енгізілді.
Қазақстан Республикасында бәсекелестікті қорғау мен дамытудың 2022 - 2026 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде БҚДА Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп Денсаулық сақтау саласында, дәрілік заттарды тасымалдау және сақтау нарығында бәсекелестікті дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспарын (жол карталарын) бекітті.
Денсаулық сақтауды дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспарында қайта реттеу кезеңдері нақты белгіленген.
Биыл БҚДА Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп қайта реттеудің бірінші кезеңін бастады, онда бір ХПА шеңберінде 3-тен астам ТН бар, бір ХПА шеңберінде 3-тен астам ТН өндірушілері бар рецептісіз препараттардың 376 атауы бар. Екінші кезең 2023-2024 жылдарға жоспарланып отыр – бұл коммерциялық сегменттегі барлық қалған рецептісіз препараттар (2023 жылғы 1-тоқсанда ДЗ өлшемшарттарын айқындау жоспарланған) және қорытынды кезеңде 2024-2025 жылдар – коммерциялық сегменттергі рецептісі бар препараттарды қайта реттеуді білдіреді.
2026 жылға қарай МКККК және МӘМС шеңберінде сатып алынатын ДЗ ғана мемлекеттік бағалық реттеуді қалдыру жоспарланып отыр, бұл халықаралық практикаға сәйкес келеді. Қазақстан барлық препараттарға бағаларды реттейтін жалғыз ел. Егер ЕАЭО бойынша басқа серіктестермен салыстырсақ, Белорусияда онкологиялық, жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеуге қолданылатын препараттар ғана, Қырғызстанда – COVID 19 емдеуге арналған препараттар, Ресейде өмірлік маңызы бар дәрі-дәрмектер ғана реттеледі, Арменияда мемлекеттік реттеу жоқ.
Сонымен бірге, бірқатар проблемалық мәселелер бар.
Екінші тараптан, бизнес өкілдері шекті бағаларды бекіту мерзімі, дәрілік заттарға шекті бағаларды қате қалыптастыру, жаңа препараттарға бағаларды бастапқы тіркеудің ұзақ мерзімі бойынша мәселелерді көтеріп отыр. Осының бәрі нарыққа препаратардың шығуын тежейді, шығындардың ұлғаюына әкеледі.