Cемей-1°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
495.2 522.34 4.94

Отандық тауарлардың үлесін арттыруды көздейтін заңнамалық түзетулер әзірленді — Қанат Шарлапаев

28-05-2024, 17:52 Думан Кенжеғазыұлы

Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстанның өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселесі қаралды. Өз кезегінде өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев тақырыпқа қатысты баяндама жасады.

Оның айтуынша, еліміздегі өңдеу өнеркәсібі өсудің оң динамикасын көрсетіп келеді. Биылғы 4 айдың көрсеткіші бойынша өндіріс көлемі 7,1 трлн теңгені құрап, $5,6 млрд болатын өңдеу өнеркәсібі тауарлары экспортталды.

Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі өткен жылдың осы кезімен салыстырғанда 19,9%-ға артып, 403,2 млрд теңгеге жетті. Саланың экономикаға қосқан үлесі 4,3 трлн теңгені құрады.

«2023 жылдың қорытындысына сәйкес, еңбек өнімділігі бір адамға шаққанда $52,7 мыңға жетті. Биылғы 4 айда өңдеу өнеркәсібінің өсімі 105,2% құрады. Министрлік жетекшілік ететін салаларда, атап айтқанда, еталлургия өнеркәсібінде өсім 5,1%-ды құрап, 1 млн тонна шойын, 1,3 млн тонна болат, 834 мың тонна тегіс прокат, 87,4 мың тонна алюминий, 89 мың тонна мырыш және 159,8 мың тоннадай мыс өндірілді», — деді Қанат Шарлапаев.

Министрдің мәлімдеуінше, биыл металлургия саласында инвестиция көлемі 464,2 млрд теңгені құрайтын, 4,7 мыңнан астам жұмыс орнын ашатын 21 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Оның ішінде Қарағанды облысындағы ТЭМПО Қазақстан болат құбырларын өндіру зауыты және Шымкент қаласындағы QazAlPack алюминий қаптамасын шығару кешенін ұлғайту жобалары бар. Машина жасау саласының өсімі 22%-ды құраған.

Атап айтқанда, автомобиль өндірісі 8,6%-ға артып, 46 мыңнан астам бірлік өндірілді. Жалпы алғанда, 2024 жылы 160 мың автомобиль шығару жоспарланып отыр.

«Қостанай және Алматы қалаларындағы шағын өнеркәсіптік аймақтарда автокомпоненттік базаны дамыту аясында көлік құралдарына арналған қуаттылығы 100 мың орындық, 150 мың пластикалық бөлшектер және 100 мың мультимедиялық жүйе өндірісі жобалары пысықталуда. Теміржол машина жасау секторы локомотивтер мен вагондар өндірісінің өсуі есебінен 2,5 есеге артты», — деді ол. 

Келтіріліген ақпаратқа сүйенсек, тұрмыстық техника өндірісі 3,8 есеге өскен. Атап айтқанда, Алматы қаласында Xiaomi теледидарларын құрастырып-шығару зауыты іске қосылған. Түркістанда коммерциялық тоңазытқыштар құрастыру жоспарланып, Оңтүстік Кореяның Samsung Electronics және Қытайдың HKC компанияларымен келіссөздер жүргізілуде.

Орта мерзімді перспективада Машина жасауды дамытудың 2028 жылға дейінгі кешенді жоспарының іс-шараларын іске асыру аясында өндіріс көлемін 2 есеге арттыру жоспарланып отыр.

«Бүгінде химия өнеркәсібі 6% өсім көрсетті. Жыл соңына дейін өсім KPI полипропилен өндіру зауытының жобалық қуатына шығу және “ҚазАзот” өнімдерінің номенклатурасын кеңейту есебінен қамтамасыз етілетін болады. Биыл химия өнеркәсібінде инвестиция көлемі 29 млрд теңге болатын 14 жобаны іске қосу жоспарланған, оның ішінде негізгісі – Маңғыстау облысындағы КазАзот аммоний сульфаты және Атырау облысындағы TenizEcoService сұйық азот өндірісі», — деді өнеркәсіп және құрылыс министрі.

Сонымен қатар жеңіл өнеркәсіп тоқыма және былғары өнімдері өндірісінің төмендеуіне байланысты 0,3% ғана артты. Саланы қолдау мақсатында жеңіл өнеркәсіп тауарларына 2 жыл мерзімге басым мемлекеттік сатып алу белгіленді. Сондай-ақ биыл мемлекеттік қорғаныс тапсырысы және ұлттық компаниялардың сатып алуларында отандық шикізатты пайдалану бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Биыл жеңіл өнеркәсіп саласында 720 жұмыс орнын ашатын және инвестиция көлемі 23,4 млрд теңге құрайтын 12 инвестициялық жоба іске асырылғалы жатыр. Оның ішінде Ақтөбе облысында жүн өңдеу арқылы құрылыс материалдарын шығаратын KazFeltec, Шымкент қаласында шұлық шығаратын Balabi Textile және аяқ киім өндіретін Nappa зауыттары бар.

Құрылыс материалдарының өндірісі 1,1% ғана ұлғайды. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы іске асыру және су тасқынынан кейін қалпына келтіру жұмыстары барысында, отандық өнімдерді пайдалану есебінен осы саланың өсу қарқыны қалпына келтірілетін болады.

«Құрылыс материалдары ішкі нарығында отандық өндірушілерінің үлесі 68%-ға жеткенін атап өткен жөн. Мәселен, отандық өндірушілер ішкі нарықтың бетон, құрғақ қоспалар және цемент сияқты базалық құрылыс материалдарына қажеттілігін толықтай қамтамасыз етеді. Дегенмен, әрлеу материалдары өндірісі ішкі нарықта жолға қойылмаған. Осы жылдың соңына дейін ішкі өндірісті ұлғайту мақсатында ТехноНиколь-Қазақстан жылу оқшаулағыш материалдар өндірісі, Wang Sheng Ceramics керамикалық плиталар өндірісі және Korcem цемент өндірісі сияқты ірі жобалардың іске қосылуы жоспарланып отыр», — деді ол. 

Биылғы 6 сәуірде Мемлекет басшысы қол қойған бизнес жүргізу мәселелері бойынша Заңымен отандық кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ету міндеттемесі бекітілді. 

Бүгінде алюминий және мыспен қамтамасыз ету бойынша 25 келісім бар. Келісімдердің іске асырылуы жыл соңына қарай 67 мың тоннаға дейін алюминийді, 30 мың тоннаға дейін қорғасынды және 18 мың тоннаға дейін мысты өз елімізде өңдеуге мүмкіндік береді.

Жоспарлы индикаторға 11 жаңа жобаны іске асыру есебінен қол жеткізілетін болады. Шикізатпен қамтамасыз ету механизмі өңдеу өнеркәсібінің басқа да салаларына қолданылу мүмкіндігі бар.

Бүгінде шикізатпен қамтамасыз ету қағидаларын келісу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қағидалар шеңберінде өнімнің өңдеу деңгейіне байланысты дифференциалданған баға белгілеу пысықталуда. Алюминий саласында 7 келісім жасалды. Нәтижесінде, өңдеуші кәсіпорындар LME бағасынан 5% төмен бағамен шикізат алып отыр, Мұның есебінен 2023 жылы алюминийді өңдеу көлемі 19%, кабелдік өткізгіштер мен алюминий сымдарының өндірісі 50%, алюминий профильдері мен бағандарының өндірісі 78% артты. Ішкі нарықты қолдау аясында реттелетін сатып алулардағы отандық өнім үлесінің мониторингі бойынша жұмыстар жүргізіліп келеді», — деді спикер. 

Оның айтуынша, 4,205 тауар отандық өндірушілерден басым түрде сатып алынатын болады. Сондай-ақ ірі кәсіпорындардың отандық өнім үлесін дамыту бағдарламаларын қабылдау міндеттемелерін және табиғи монополия субъектілерінің сатып алуларында отандық тауарлардың үлесін арттыруды көздейтін заңнамалық түзетулер әзірленген. Аталған бағдарламалар офтейк-келісімшарттар және ұзақ мерзімді шарт жасасу, шағын және орта бизнес белдеуін құру сияқты шараларды қамтиды.

Сонымен қатар мемлекеттік ынталандыру шараларына қатысушыларға қатысты құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде отандық өнімді қолдану, сондай-ақ өңдеу деңгейін тереңдету бойынша міндеттемелер қойылады.

Қазақстанда өндірілетін тауарлар мен оларды өндірушілер туралы ақпаратқа бірыңғай қолжетімділікті қамтамасыз ететін «СТ-KZ» сертификаттары мен Индустриялық сертификаттың орнына, қазақстандық тауарлардың бірыңғай тізілімін құру бойынша жұмыс жүргізілуде.

Өнеркәсіп нысандарына арналған инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым мәселелерін шешу үшін бірқатар шара пысықталуда.

«Арнайы экономикалық аймақтар жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында өңдеу өнеркәсібіндегі барлық қызмет түріне рұқсат беру бойынша нормативтік құқықтық актілердің жобалары әзірленді. Сондай-ақ барлық арнайы экономикалық аймақтардың қызмет ету мерзімдерін біріздендіру мәселесі пысықталуда. Шағын өнеркәсіптік аймақтар шеңберінде жаңа өндірістік жайларды салу және дайын өндірістік жайларды реконструкциялау үшін 3%-дан аспайтын мөлшерлемемен жеңілдетілген несие берілетін болады. Салынған жайлар өңдеу өнеркәсібіндегі шағын және орта бизнес субъектілері үшін беріледі», — деп қорытындылады сөзін Қанат Шарлапаев. 

Бүгінде жалпы ауданы 200 мың шаршы метр болатын 37 шағын өнеркәсіптік аймақ құру жоспарланып, 8 өңірде шағын өнеркәсіптік аймақтар салуға 30 млрд теңге бөлінді. 2024 жылғы жобалар пулында 1,5 трлн теңгені құрайтын 180 жоба бар. Жобалар іске қосылғанда, 18 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылады.

Аталған жобалар қатарында жүк автомобильдеріне арналған компоненттер, керамикалық плиталар, жылу оқшаулағыш материалдар, ферросилиций және вольфрам концентратын өндіру жобалары бар. 180 жобаның өндіріс көлемі 1,6 трлн теңге, экспорт 600 млрд теңге, ал импортты алмастыру 1 трлн теңгені құрайтын болады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив