Қазақстанда жыл басынан бері 4,3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында биылғы қаңтар-сәуір айындағы әлеуметтік-экономикалық даму және республикалық бюджеттің атқарылу қорытындылары қаралды. Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров және ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Виталий Тутушкин баяндама жасады.
Ұлттық экономика министрі Ә. Қуантыровтың айтуынша, биыл өткен жылдың қаңтар-сәуір айларымен салыстырғанда Қазақстан экономикасы 5%-ға өскен. Оның ішінде нақты сектордағы өсім 4,8%-ды, ал қызмет көрсету саласындағы өсім 4,9%-ды құрады.
Негізгі салалардың барлығында оң динамика байқалуда, әсіресе құрылыс, сауда, сондай-ақ ақпарат және байланыс салалары ең жоғары өсуді көрсетті.
Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 18%-ды құрады.
Инвестициялар ағыны көлік және қоймалауда – 39,3%-ға, ауыл шаруашылығында – 26,5%-ға, жылжымайтын мүлікке қатысты операцияларда – 10%-ға, сондай-ақ өнеркәсіпте – 18,1%-ға, оның ішінде тау-кен өндіру өнеркәсібінде – 17,3%-ға және өңдеу өнеркәсібінде – 7%-ға өсті.
Өңірлер арасында ең жоғарғы өсім Түркістан, Маңғыстау, Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстарында байқалды.
Алдын ала қорытынды бойынша 2023 жылғы қаңтар-наурызда сыртқы сауда тауар айналымы 13,4%-ға өсіп, $32,7 млрд-ты құрады.
Экспорт $18,7 млрд-ты құрады. Бұл ретте өңделген тауарлар экспорты 8,1%-ға ұлғайып, $5,9 млрд-қа жетті. Тауарлар импорты $14 млрд-ты құрады.
Жалпы, оң сауда балансы $4,8 млрд-қа тең. Өңдеу өнеркәсібінде оң өсу сақталып отыр. Өндіріс көлемі 5,1%-ға өсті.
Оң өсім 16 өңірде тіркелді. Соның ішінде ең жоғарғы өсімді Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Абай облыстары және Алматы қаласы көрсетті.
Өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша машина жасау өндірісінің 36%-ға, оның ішінде автомобиль жасаудың – 41,2%-ға, электр жабдықтарын жасаудың – 45,6%-ға өсуі қамтамасыз етілді. Сондай-ақ өсу келесі салаларда байқалып отыр: азық-түлік өндірісі – 7,7%, мұнай өңдеу өнімдері – 2,8%, химия өнеркәсібі – 0,5%, сусындар өндірісі – 6,9%, фармацевтика өндірісі – 3,6%, жеңіл өнеркәсіп – 35%.
«Тау-кен өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 2%-ке жоғарылады. Бұл ретте газ өндіру – 4,4%-ға, мұнай өндіру – 3,2%-ға, өзге де пайдалы қазбаларды өндіру – 20,6%-ға өсті. Металл кендерін өндіру – 0,8%-ға, тау-кен өнеркәсібінде қызмет көрсету – 1,9%-ға, көмір өндіру – 9,9%-ға төмендеді. Орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 15,4%-ға ұлғайды. Барлық өңірлерде оң өсу тіркелді, әсіресе құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең көп өсуі Абай, Жамбыл, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында байқалды», — деп мәлімдеді Ә. Қуантыров.
Биылғы қаңтар-сәуірде 4,3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20%-ға жоғары. Тұрғын үйді пайдалануға берудің ең жоғары көрсеткіштері Алматы, Шымкент және Астана қалаларында, сондай-ақ Алматы облысында байқалды.
Ауыл шаруашылығының жалпы шығарылымы 3,6%-ға ұлғайды. Саладағы өндірістің оң өсімі барлық өңірде тіркелді. Ең жоғарғы өсімді Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Ақмола және Батыс Қазақстан облыстары көрсетті.
Барлық көрсеткіштер бойынша оң өсім 10 өңірде – Абай, Ақмола, Батыс Қазақстан, Жетісу, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында байқалды.
Экономикалық өсуді қамтамасыз ету мақсатында орталық және жергілікті атқарушы органдарға келесі шараларға назар аудару ұсынылады:
- Инфляцияға қарсы ден қою шараларын тиісті деңгейде іске асыру және отандық азық-түлік тауарларын өндірушілерге қолдау шараларын көрсету;
- Салынып жатқан нысандарды уақытылы пайдалануға беру бойынша бақылауды қамтамасыз ете отырып, құрылыс жұмыстары маусымын тиімді жүргізу;
- Инвесторларды тарту және сүйемелдеу бойынша нақты жұмысты барлық деңгейлерде жандандыру;
- Экспорттаушылардың жаңа нарықтарға шығуын қолдау, экспорттау бағыттарының баламалы жолдарын қалыптастыру;
- Бизнес өкілдерін кешенді қолдау және олар үшін қолайлы жағдайлар жасауды қамтамасыз ету.
Өз кезегінде ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Виталий Тутушкин 2023 жылдың сәуір айында әлемдік нарықтарда оң үрдістер сақталғанын айтты. Алайда, қаржылық тұрақтылықққа төнген сын-қатерлер, инфляцияның жоғары көрсеткіштері және геосаяси қақтығыстардың ықпалынан туындаған белгісіздік – әлемдік экономиканың даму перспективаларына әсер етіп отыр.
2023 жылғы екінші тоқсанның басында жаһандық экономиканың өсу қарқыны жеделдей түсті. Аздаған баяулауға қарамастан, Қазақстанда сәуір айында іскерлік белсенділік «оң аймақта» қалып, 51,2 болды. Көрсеткіштің баяулауына өңдеу өнеркәсібіндегі индекстің «теріс аймаққа» – 49,6 мәніне өтуі, сондай-ақ құрылыста іскерлік белсенділіктің 50,4 мәніне дейін бәсеңдеуі әсер етті. Қызмет көрсету секторында 52,0 мәніне дейін жақсара түскені байқалды.
АҚШ пен ЕО болжамдарының жоғарылауына қарамастан, биыл сәуір айында Халықаралық Валюта Қоры жаһандық экономиканың өсу болжамын 2,8%-ға дейін төмендетті. Әлемдік экономиканың өсуіне Қытай мен Үндістан елеулі үлес қосады.
Халықаралық Валюта Қоры Қазақстанның сауда әріптес елдері бойынша 2023 жылға арналған экономикалық өсу болжамын Еуроаймақта 0,7%-дан 0,8%-ға дейін және Ресей бойынша 0,3%-дан 0,7%-ға дейін арттыру жағын қайта қарады. Қытай бойынша ЖІӨ өсу болжамы 5,2% деңгейінде, Қазақстан бойынша 4,3% деңгейінде сақталды.
2023 жылдың басынан бастап дамыған елдердің акциялары (MSCI World) 9,0%-ға өсті, Америка Құрама Штаттарының 10 жылдық мемлекеттік бағалы қағаздарының кірістілігі 3,42%-ға дейін төмендеді. АҚШ долларының индексі 1,8%-ға әлсіреді.
АҚШ-тағы өңірлік банк дағдарысы қаржы нарықтарына қысым көрсетіп, саланың шоғырлануына алып келеді. Кезекті First Republic проблемалық банкінің активтерін JP Morgan банкі сатып алды.
АҚШ Федералдық резервтік жүйесі мен Еуропа орталық банкі тұрақты инфляцияға байланысты мамыр айында базалық мөлшерлемелерді 0,25 пайыздық тармаққа көтерді. Ал нарықтар Федералдық Резервтік жүйенің жақын арада мөлшерлемелерді төмендетуге көшуін күтеді.
Қазақстандағы инфляция ақпан айында жылдық мәннің шарықтау шегіне жеткеннен кейін (21,3%) сәуір айында 16,8%-ға дейін баяулады. Бұл Ұлттық Банктің болжамдарына сәйкес келеді. Оған азық-түлік бағасы көптеп үлес қосып, бұл ретте олардың жылдық мәндегі өсімі 17,9%-ға дейін баяулады. Ақылы қызметтердің инфляциясы да 13,7%-ға дейін баяулады. Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың жылдық баға индексі 18,2%-ға өсті.
Жылдық инфляцияның баяулауына қарамастан, инфляцияның айлық көрсеткіштері құбылмалы болып, сәуір айында әлі де 2017-2021 жылдар аралығындағы орташа мәннен асып отыр. Ішкі инфляциялық факторлар тұрақсыз инфляциялық күтулер, мемлекеттік шығыстардың үздіксіз ұлғаюы, сондай-ақ ЖЖМ нарығында және ТКШ қызметтерінде кешіктірілген реформаларды жүзеге асырудың басталуы түрінде сақталады және іске асырыла бастайды. Факторлардың жиынтық балансы орта мерзімді перспективада инфляцияны төмендету үшін 2023 жылдың І жартысында Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемені 16,75% деңгейінде сақтауды айқындайды. Базалық мөлшерлеме бойынша бұдан кейінгі іс-әрекеттер мамыр айындағы жаңа деректерді ескере отырып жаңартылған болжамға байланысты болады.
Жыл басынан бастап сәуір айының соңына дейін теңгенің долларға қатысты бағамы 1 доллар үшін 453,21 теңгеге дейін 2,0%-ға нығайды. Ұлттық Банк валюталық интервенциялар жүргізген жоқ.
Жыл басынан бері ұлттық валютаның нығаюы бірнеше факторларға байланысты болды. Біріншіден, ел ішінде де, резидент тарапынан да теңгелік құралдардың тартымдылығы сақталуда. Мәселен, осы жылдың басынан бастап депозиттерді долларландыру деңгейі 2022 жылғы желтоқсандағы 31,6%-дан наурыз қорытындысы бойынша 29,3%-ға дейін төмендеді. ҚР Мемлекеттік бағалы қағаздарына шетелдік инвесторлардың ағыны 126 млрд теңгеге өсті.
Екіншіден, қаңтар-сәуір айларында квазимемлекеттік сектор субъектілерінің $1,3 млрд сомасына валюталық түсімді және ҰҚ-дан республикалық бюджетке $2,1 млрд мөлшерінде трансферттерді қамтамасыз ету үшін валютаны сатуы теңгеге қолдау көрсетті.
Қысқамерзімді перспективада теңге динамикасы нарыққа қатысушылардың күтулеріне, әлемдік нарықтардағы ахуалға және геосаяси жағдайдың өзгеруіне байланысты болады.
Ұлттық банк теңгерімсіздіктердің жинақталуын болдырмайтын және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін икемді бағам белгілеу режимін ұстануды жалғастырады.
Алдын ала мәліметтер бойынша, 2023 жылдың 1 тоқсанында төлем балансының ағымдағы шоты $1,6 млрд болды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша оң ағымдағы шоттан теріс аймаққа көшу, ең алдымен, сауда балансының профицитінің 58,3%-ға $5,1 млрд-қа дейін төмендеуімен байланысты. Бұл өз кезегінде экспорттың қысқаруы аясында тауарлар импортының ұлғаюына байланысты.
Тауар экспорты төлем балансының әдіснамасы бойынша $18,8 млрд-қа дейін қысқарды.
Тауар импорты, негізінен, азық-түлікке жатпайтын тұтынушылық және аралық тауарларды әкелудің өсуінен $13,7 млрд долларға дейін өсті.
Жалпы халықаралық резервтер сәуір айының соңында $96,3 млрд-ты құрады.
Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері сәуір айының қорытындысы бойынша алтын бағасының өсуіне және Үкіметтің шоттарындағы қаражаттың ұлғаюына байланысты $1,5 млрд-қа өсіп, $37,6 млрд-қа дейін жетті.
Ұлттық қордың активтері сәуір айында акциялар портфелі құнының өсуіне байланысты 0,5%-ға өсіп, 5 58,7 млрд-қа жетті.
Ұлттық қордан республикалық бюджетке 393 млрд теңгеге трансферт бөлу үшін сәуір айында 600 млн АҚШ доллары мөлшерінде, яғни, 271 млрд теңгені құрайтын Ұлттық қордың активтері сатылды. Қорға өткен айда түскен жиынтық түсім мөлшері 292 млрд теңгені құрады.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері жыл басынан бері 1 трлн теңгеге немесе 7,2%-ға ұлғайып, сәуір айының соңында 15,7 трлн теңгені құрады.
Жыл басынан бері инвестициялық кіріс көлемі 482 млрд теңгені, зейнетақы жарналары – 664 млрд теңгені, зейнетақы төлемдері – шамамен 82 млрд теңгені, мерзімінен бұрын алу сомасы – 47 млрд теңгені құрады.
Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Е. Жамаубаев мәлімдегендей, мемлекеттік бюджетке 6,1 трлн теңге сомасында кірістер түсіп, жоспар 104,6%-ға орындалды. Республикалық бюджетке 4 трлн теңге кіріс түсті.
Жоспар 92,3%-ға орындалды. Атқарылмаған бөлігі 336 млрд теңгені құрады. Слықтар бойынша жоспардың 369 млрд теңгеге орындалмауы негізінен корпоративтік табыс салығының, шикі мұнайға экспорттық кедендік баж және қосымша құн салығының есебінен қалыптасты.
«Корпоративтік табыс салығы бойынша жоспардың орындалмауы 2023 жылдың 4 айында 258 ірі салық төлеуші бойынша мәлімделген аванстық төлемдер сомасының өткен жылдың осыған ұқсас кезеңімен салыстырғанда 33%-ға азаюымен байланысты. Сондай-ақ оған негізгі экспорттық тауарлар бағасының орташа есеппен 12%-ға төмендеуі әсер етті. Шикі мұнайға экспорттық кедендік баж бойынша жоспардың негізгі орындалмауы экспорттық кедендік баждың нақты қалыптасқан ставкасының болжамды көрсеткішінен 15%-ға төмендеуімен байланысты болды», – деді Е. Жамаубаев.
Қосылған құн салығы бойынша жоспардың орындалмауының себептері:
- тауар, жұмыс және қызметтерді өткізу бойынша айналым сомасының 13%-ға азаюы;
- қосылған құн салығы бойынша қайтарымының 37%-ға артуы;
- Еуразиялық экономикалық кеңес елдерімен импорт көлемінің 7%-ға азаюы болып табылады.
Жергілікті бюджеттердің кірістері 140%-ға атқарылды және 2,1 трлн теңгені құрады. Жоспар 607 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар бойынша – 565 млрд теңгеге асыра орындалды.
Кірістер бойынша жоспарлар барлық өңірлерде асыра орындалғанын атап өтті.
Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 98,6%-ға, республикалық бюджеттің шығыстары – 99,0%-ға, жергілікті бюджеттердің шығыстары 98,6%-ға атқарылды. Республикалық бюджет бойынша сомасы 7 трлн теңгеге шығыстар жүргізілді.
Атқарылған қаржы 72 млрд теңгені құрады, оның ішінде 16 млрд теңге – үнемделгені. Игерілмегені - 55 млрд. теңге.
Игерілмеудің негізгі себептері: шарттар жасасу рәсімдерін ұзақ жүргізу; нақты көрсетілген қызмет көлеміне төлем жүргізу; мемлекеттік сатып алу конкурстарының ұзақ өткізілуі; орындалған жұмыстардың актілері мен шот – фактуралардың уақтылы ұсынылмауы және тағы басқа да факторлар.
Жергілікті бюджеттердің шығыстары 3,3 трлн теңгені құрады. Атқарылмағаны – 47 млрд теңге. Осы жылы өңірлерге 2 трлн теңгеге жуық нысаналы трансферттер көзделген.
Оларға 1 мамырға 473 млрд теңге бөлінген. Оның 97%-ы игерілген. Игерілмегені – 14 млрд теңгені құрап отыр.
Е. Жамаубаев айтуынша, осы жылдың 4 айында камералдық бақылаумен 5 трлн теңге сомаға жуық 175 мың мемлекеттік сатып алу рәсімдері қамтылды.
«Тексеру қорытындылары бойынша анықталған рәсім бұзушылықтардың 90%-ы мемлекеттік аудит объектілерімен орындалған болатын. 684 аудиторлық іс-шара өткізілді. Аудитпен шамамен 303 млрд теңге бюджет қаражаты қамтылып отыр. Сомасы 46 млрд теңгеге қаржылық бұзушылық анықталған болатын. Тауарларды жеткізу, қызметтерді көрсету мен жұмыстарды орындау, бюджетке қайтару және есепке алу жолымен 31 млрд теңгеге кемшіліктер жойылды. Аудит объектілері қызметін жетілдіру және тиімділігін арттыру үшін 692 тиісті ұсыным берілді», – деп мәлімдеді Е. Жамаубаев.
Мемлекеттік активтерді басқару бойынша Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында 669 объектіні сату көзделген. Есепті кезеңде 312 млрд теңге сомасына 368 нысан сатылды және кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілді. 33 объекті сатуға қойылды. 62-сі қайта ұйымдастырылды және таратылды. 206 объекті сату алдындағы дайындықта тұр.