Cемей-2°С
Ауа-райы
  • Абай2°С
  • Аягөз-5°С
  • Ақсуат-3°С
  • Бородулиха-5°С
  • Қалбатау-4°С
  • Курчатов7°С
  • Көкпекті-3°С
  • Үржар4°С
{m-rates-USD} {m-rates-EUR} {m-rates-RUB}

Астанада 200-ден астам сарбаз Отанға адал болуға ант берді

Бүгін, 17:52 Думан Кенжеғазыұлы

«Отан қорғаушылар» алаңында астаналық 68665 әскери бөлімі жас сарбаздарының әскери ант қабылдау рәсімі өтті.

Салтанатты сәтке куә болу және сарбаздарды қолдау үшін Құрлық әскерлерінің басшылығы, құрметті қонақтар, Қарулы күштердің ардагерлері, астаналық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің өкілдері және жас сарбаздардың туған-туыстары келді.

Дәстүр бойынша «Отан Ана» монументіне гүл шоқтары қойылып, қатысушылар қазақ сарбаздарының ерлігін бір минут үнсіздікпен еске алды.

Салтанатты шарада әскер қатарына енді қосылған жас өрендерді Құрлық әскерлері бас штабының бастығы – бас қолбасшының бірінші орынбасары генерал-майор Қуанышбек Үштаев құттықтады.

– Бүгінгі күн сендер үшін де, бүкіл мемлекет үшін ерекше күн. Сендер Отан алдында ант беріп, халқымыздың тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғауға үлкен қадам жасадыңдар. Ант – жай сөз емес, бұл әрбір ер азаматтың өмірлік принципі, абыройы мен қадір-қасиеті. Қызмет сендерге берік тәрбие және болашақ жетістіктердің бастауы болады деп сенемін, – деді ол.

Айта кетейік, жас сарбаздар астаналық бригадаға еліміздің әртүрлі өңірінен келген. Солардың бірі – Түркістан облысынан келген Ернұр Досымхан – әскерге өз еркімен шақырылғанын айтты.

– Мен көпбалалы отбасында өскенмін. Он үш бауырым бар. Әрине, оларды сағындым, дегенмен әскери тәжірибе менің болашақ өмірімде қажет болады деп білемін. Мен үлкен отбасыма тірек болуым керек. Біз ант қабылдауға барынша дайындалдық. Жас жауынгер курсында көп нәрсе үйрендім және әскердің тыныс-тіршілігіне етім үйреніп қалды, – деді ол.

Сонымен қатар салтанатты шарада 68665 әскери бөлімнің екі офицеріне – капитан Сұңғат Қабдыровқа және аға лейтенант Ернар Кенжебайға Қарулы күштердің ардагері генерал-майор Әлихан Жарболов мерейтойлы медалін тапсырды.

Ант қабылдағаннан кейін сарбаздар алаң арқылы салтанатты марш жасап өтті. Содан кейін олар әскери-патриоттық әндерді орындады. Іс-шара қоян-қолтық ұрыс элементтерінің көрсетілімі және құрмет қарауыл ротасының әскери дефиле көрсетуімен аяқталды.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив