Cемей-2°С
Ауа-райы
  • Абай2°С
  • Аягөз-5°С
  • Ақсуат-3°С
  • Бородулиха-5°С
  • Қалбатау-4°С
  • Курчатов7°С
  • Көкпекті-3°С
  • Үржар4°С
{m-rates-USD} {m-rates-EUR} {m-rates-RUB}

Абай облысында жел энергиясын өндіру жобасы іске асырылады

Бүгін, 17:04 Думан Кенжеғазыұлы

Бүгін облыс әкімі Берік Уәли мен «Zhongwei Xinneng» технологиялық компаниясының бас директоры Ян Соцзюнь өңірде қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясын салу жөніндегі жобаны жүзеге асыруға бағытталған меморандумға қол қойды.

Жобаның жоспарланған жалпы инвестиция көлемі 880 миллион АҚШ долларын құрайды. Жоба іске асқан жағдайда аймақтың энергетикалық инфрақұрылымы жаңарып, жаңа жұмыс орындары ашылады. Әкімдік тарапынан жер учаскелерін бөлу, рұқсат беру рәсімдерін жеделдету және қажетті әкімшілік қолдау көрсету қарастырылған. Сонымен қатар, жұмысты үйлестіру мақсатында екіжақты жұмыс тобы құрылатын болады.

Аймақ басшысы баламалы энергия жобасы облыс үшін аса маңызды екенін атап өтті.

«Екі елдің Мемлекет басшылары Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Си Цзиньпин арасында өте жылы қарым-қатынас орнаған. Президент инвестиция тартуды ұлттық экономиканың басты басымдықтарының бірі ретінде үнемі айтады. Инвестициялар жаңа өндірістерді ашуға, заманауи технологияларды енгізуге, инновациялық жобаларды дамытуға және халыққа сапалы жұмыс орындарын құруға жол ашады. Біз бұл бағыттағы барлық бастамаларды, әсіресе қытай елі тарапынан ұсынылған инвестициялық жобаларды заң аясында қолдауға дайынбыз. Біз инвесторларға жер мәселелерін шешуден бастап, инфрақұрылымға қол жеткізуге, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жүргізуге және басқа ұйымдастырушылық сұрақтарды оңтайлы шешуге дейін нақты көмек көрсетеміз. Бұл рәсім біздің бірлескен жұмысымыздың жаңа кезеңін белгілейді, инвестициялық жобаларымыздың табысты жүзеге асуы үшін игі бастама болады және алдағы уақытта Абай облысының экономикалық әлеуетін барынша тиімді пайдалануға мүмкіндік береді», - деді облыс әкімі.

Өз кезегінде қытайлық компания өкілдері жұмысты бастауға дайын екенін жеткізді.

«Мен Абай облысына екінші рет келіп отырмын. Екі жаққа да пайдалы жоба басталды деп ойлаймын. Біз сіздердің өңірлеріңізге 800 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция салуға дайынбыз. Қазақстанның экономикасына, энергия саласының дамуына өз үлесімізді қосқымыз келеді. Бұл жоба іске асқанда 300-500 адамды жұмысқа тарта аламыз», - деді Ян Соцзюнь.

Абай облысында инвестиция тарту және өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Аймақ басшысы жыл басынан бері 100-ден астам шетелдік инвестормен кездесті. Халықаралық экономикалық ынтымақтастықты нығайту мақсатында «Үлкен Алтай» халықаралық субөңірлік конференциясы аясында Қытай Халық Республикасының ірі компанияларымен жалпы құны 1,5 миллиард АҚШ долларын құрайтын 15 меморандумға қол қойылды. Бұл келісімдер логистика, туризм, өңдеу өнеркәсібі және басқа да маңызды бағыттарды қамтиды. Қазіргі уақытта қытайлық серіктестердің қатысуымен жалпы құны 39,5 млрд теңгені құрайтын 3 жоба іске асырыла бастады.

2025 жылдың басынан бері өңірде іске асырылып жатқан инвестициялық жобалардың саны 29-дан 97-ге дейін артты. Тартылған инвестиция көлемі 2,2 трлн теңгеден 3,5 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Оның ішінде 50 жоба Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаға енгізілген.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив