С. Жақыпова Қазақстандағы еңбекті қорғау саласын цифрландыру туралы хабарлады
2024 жылғы 29-31 мамыр аралығында Астанада өтетін KIOSH 2024 XII Қазақстандық Халықаралық еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі конференция мен көрме аясында отандық және шетелдік сарапшылар еңбекті қорғау мен өнеркәсіптік қауіпсіздікке байланысты мәселелердің кең ауқымын талқылайды. «Еңбекті қорғау: өзгерістерді басқару және инновациялық көшбасшылық» тақырыбындағы стратегиялық пленарлық сессия барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Қазақстандағы еңбекті қорғау саласын цифрландыру туралы айтты.
Іс-шараның негізгі ұйымдастырушылары ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (бұдан әрі – Еңбекмині), ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі, Еңбекминінің Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институты және «ITECA» ЖШС болды.
Конференцияға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова, ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев, Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығының (МАСО) Еуразия өңірі үшін өңірлік үйлестірушісі Дмитрий Карасев, Канаданың Canadian Society of Safety Engineering (CSSE) қауіпсіздік инженерлері қауымдастығының президенті Кристл Аггус, РФ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек және жұмыспен қамту жөніндегі федералды қызметінің басшысы Михаил Иванков, IOSH (Ұлыбритания) Стратегиялық өзара іс-қимыл бөлімінің басшысы Алан Стивенс, «PARYZ» Ұлттық Жұмыс берушілер Конфедерациясы Президумының төрағасы Жұмабек Жанықұлов, KAZENERGI қауымдастығының бас директоры Әлібек Қуантыров және басқалар қатысты.
30 мамырда «Еңбекті қорғау: өзгерістерді басқару және инновациялық көшбасшылық» тақырыбындағы стратегиялық пленарлық сессияда спикерлер тәуекелге бағдарланған тәсіл негізінде еңбекті қорғауды басқарудың ұлттық жүйесін жаңғырту, кәсіптік тәуекелдерді төмендету жөніндегі шараларды экономикалық ынталандыру, еңбекті қорғау саласындағы кәсіби құзыреттер мен ғылыми әлеуетті дамыту және еңбекті қорғау саласындағы бақылау мен мониторингтің тиімділігін арттыру мәселелерін талқылады.
Светлана Жақыпова алғы сөзінде KIOSH еңбекті қорғауды басқару жүйелерін енгізу, жазатайым оқиғалар мен кәсіптік аурулардың алдын алу, жеке қорғауды қамтамасыз етудегі инновациялар, сондай-ақ осы процестердің цифрлық трансформациясы бойынша үздік тәжірибелерді көрсету үшін бірегей мүмкіндігі бар алаң ретінде әрекет ететінін атап өтті.
ЕХӘҚМ басшысы кәсіптік тәуекелдер, өндірістік жарақаттану және кәсіптік сырқаттанушылық деңгейін төмендетуге бағытталған Мемлекет Басшысының тапсырмасы бойынша ЕХӘҚМ әзірлеген Қазақстандағы қауіпсіз еңбек тұжырымдамасының (бұдан әрі – Тұжырымдама) негізгі мәселелері туралы қысқаша айтып берді.
Светлана Жақыпова Тұжырымдаманың мақсаты – жұмыскерлердің еңбек өмірінің сапасын арттыру және еңбек ресурстарын үнемдеу екенін айтты. Құжат еңбекті қорғау саласындағы бақылау мен мониторингтің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Министр сонымен қатар 2023 жылы Халықаралық еңбек ұйымы жариялаған «Қауіпсіз әрі салауатты жұмыс ортасы – еңбек саласындағы негізгі қағидат пен құқық» атты баяндамасына егжей-тегжейлі тоқталды, онда еңбек саласындағы қағидаттар мен құқықтардың бес санаты көрсетілген.
«Бірінші бағыт – бірлестік еркіндігі және ұжымдық келіссөздер жүргізу құқығын тиімді тану. ХЕҰ-ның бұл баяндамасында сарапшылар бірлестік бостандығы мен ұжымдық келіссөздер жүргізу құқықтары әлі де бүкіл әлемде елеулі тәуекелдермен байланысты екенін атап өтті.
Республикада мемлекет, бизнес және жұмыскерлер арасындағы өзара іс-қимыл мен ынтымақтастықты нығайтуда маңызды рөл атқаратын әлеуметтік әріптестіктің тиімді жүйесі жұмыс істейді. Өз қызметін 532 кәсіподақ жүзеге асырады, оның ішінде 3 республикалық, 24 аумақтық кәсіподақ бірлестігі, 60 салалық және 445 жергілікті», – деп атап өтті Светлана Жақыпова.
Осы жылдың наурыз айында Үкімет, жұмыс берушілер мен кәсіподақтардың республикалық бірлестіктері арасында 2024-2026 жылдарға арналған бас келісімге қол қойылды, оның негізгі міндеті жұмыскерлер үшін қолайлы еңбек, жұмыспен қамту және әлеуметтік кепілдіктер жасау болып табылады.
«Осы мақсаттар үшін, сондай-ақ әлеуметтік әріптестердің тікелей өзара байланысын қамтамасыз ету үшін «Кәсіподақтардың автоматтандырылған жұмыс орны» ақпараттық модулі енгізілуде, бұл кәсіподақтарға өз қызметін цифрлық салада жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Анықталған бұзушылықтар, ұжымдық шарттардың талаптарын сақтамау туралы мәліметтерді беру бөлігінде кәсіпорындардың цифрлық картасымен «Кәсіподақтардың АЖО» интеграциясы іске асырылатын болады. Мәліметтер еңбек жөніндегі өңірлік инспекторлардың жедел ден қоюы, оның ішінде әкімшілік ықпал ету шараларын қабылдау үшін кәсіпорындардың цифрлық картасында талданатын және көрсетілетін болады.
«Кәсіподақтардың автоматтандырылған жұмыс орнын» енгізуі еңбек заңнамасының сақталуына қоғамдық бақылауды күшейтуге, жұмыскерлердің құқықтарын қорғаудағы кәсіподақтардың рөлін арттыруға мүмкіндік береді және мемлекеттің, жұмыс берушілер мен кәсіподақтардың өзара іс-қимылын күшейтуге ықпал етеді», – деп қосты ол.
Екінші бағыт – мәжбүрлі немесе міндетті еңбектің барлық түрлерін, соның ішінде балалар еңбегін жою.
ҚР еңбек заңнамасына сәйкес 14 жастан бастап балалар ата-аналарының рұқсаты бойынша оқудан бос уақытында баланың денсаулығы мен дамуына, дене бітіміне, адамгершілік және психикалық жағдайына зиян келтірмейтін қоғамдық пайдалы еңбекке қатысуға құқылы, сондай-ақ кәсіп алуға құқылы.
Бұл ретте 18 жасқа толмаған жұмыскерлер үшін жұмыс уақытының ұзақтығы қысқарады және аптасына 36 сағаттан аспайды. Оларға қосымша жұмыс жүктемесі берілмейді. Мұндай жұмыскерлермен еңбек шарттары міндетті алдын ала медициналық тексеруден кейін ғана жасалады және болашақта олар жыл сайын өтуі керек.
Айта кету керек, бұл жұмыс тұрақты негізде жүргізілуде. Бұл ретте 2022 жылы кәмелетке толмағандарды заңсыз жұмысқа тартудың 3 фактісі тіркелсе, ал 2023 жылы тек 1 факт анықталды.
Келесі бағытта еңбек және кәсіп саласында кемсітушілікке жол бермеу туралы айтылады.
Бүгінгі күнде Қазақстанда ұйымдардағы жұмыскерлердің еңбек шартынсыз жұмыс істеу жағдайлары жиі кездеседі, табыстарды жасыру, еңбекақыны төмендету фактілері бар, бұл әлеуметтік тәуекелдер туындаған кезде қызметкер үшін белгілі бір жағымсыз салдарға әкеп соғады.
«Еңбек қатынастарының ашықтығын және жұмыс берушілердің еңбек шарттары бойынша міндеттемелерін орындауын қамтамасыз ету үшін біз мынадай цифрлық шешімдерді қарастырдық. Біріншіден, жалақыны көрсете отырып, «HR Enbek» ақпараттық жүйесінде кәсіпорындардың штат кестесін декларациялау. Құпиялылық және шектеулі қолжетімділік қағидаттары бізбен қамтамасыз етіледі. Екіншіден, Еңбек және ұжымдық шарттар жасасу рәсімін электрондық форматқа көшіру.
Ұсынылған шаралар еңбек қатынастарының заңдылығы мен ашықтығын қамтамасыз етеді, жалған жұмысқа орналасуды болдырмауға, ұйымның құрылымы, штат саны, лауазымдары мен қызметкерлердің жалақысы туралы мәліметтер алуға мүмкіндік береді», – деді Светлана Жақыпова.
ХЕҰ жариялаған баяндаманың тағы бір бағыты – қауіпсіз және салауатты жұмыс ортасын құру.
Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы негізгі сын-қатерлер өндірістік жарақаттану және кәсіптік аурулар болып табылады. Осыған байланысты Қазақстанда цифрлық шешімдер мен негізгі бизнес-процестерді автоматтандыруды қоса алғанда, қауіпсіз және салауатты жұмыс ортасын қамтамасыз ету бойынша жүйелі шаралар іске асырылуда.
Министр осы бағытты іске асыру шеңберінде 2025 жылдан бастап кәсіптік тәуекелдерді интегралды бағалау рәсіміне толық ауқымды көшу және цифрлық құралдар мен аспаптарды қолдануға баса назар аудара отырып, арнайы ұйымдарға қойылатын талаптарды күшейту жоспарланып отырғанын хабарлады.
Сондай-ақ, жұмыс берушіге қаржылық жүктемені арттырмай, оқиғалардың алдын алуға баса назар аудара отырып, еңбекті қорғауды басқару жүйесіне кешенді әсер ететін бірқатар шаралар қабылданатын болады.
Светлана Жақыпова сондай-ақ, оқыту рәсімін бөлу және еңбекті қорғау бойынша білімді тексеру мақсатында бірыңғай оқу-әдістемелік орталық пен білімді тексеру бойынша онлайн-платформа құру жоспарланғанын хабарлады.
Бұдан басқа, еңбекті қорғау саласында оқыту және біліктілікті арттыру бойынша қызметтер көрсететін ұйымдарға, оның ішінде оларды онлайн-тіркеу бойынша талаптарды күшейту көзделген.
Еңбек заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылау жоғары тәуекел аймақтарына шоғырландырылатын болады, бұл алдын алу шараларын уақтылы қабылдауға және қызметкер үшін оның еңбек қызметі процесінде жағымсыз салдарларды болдырмауға мүмкіндік береді.
Жоғарыда көрсетілген барлық міндеттерді іске асыру үш тараптың – мемлекеттің, жұмыс берушінің және қызметкердің еңбек жағдайларын жақсартуға тартылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді және жұмыс күшінің сапасын арттыруға және еңбек ресурстарын үнемдеуге оң әсер етеді», – деді Светлана Жақыпова.
Пленарлық сессия аяқталғаннан кейін сараптамалық қоғамдастық үшін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасовтың және Қазақстанның орталық мемлекеттік органдары өкілдерінің қатысуымен форсайт-сессия ұйымдастырылды, онда еңбек заңнамасы саласындағы мемлекеттік бақылау, қауіпті өндірістік объектілердегі профилактикалық бақылау, санитарлық-эпидемиологиялық және экологиялық бақылау мәселелері талқыланды.
KIOSH конференциясының екінші күні, 31 мамырда қатысушылар өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелерін қарастырады.
Осылайша, бірінші панельдік сессияда сарапшылар Қазақстанда өнеркәсіптік және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ал екіншісінде – ESG жаңа тренді ретінде цифрлық өнеркәсіптік қауіпсіздік, елімізде цифрлық трансформацияны қолдану, цифрландыруды қолдану арқылы өнеркәсіптік қауіпсіздікті дамыту мәселелерін талқылайды.