Сенаторлар маңызды заңдар топтамасын мақұлдады
Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда депутаттар Мемлекет басшысының ұсынуына сәйкес Жоғарғы Сот судьясын қызметінен босату туралы мәселені қарады. Сондай-ақ сенаторлар бірқатар маңызды заңды мақұлдады.
Мәулен Әшімбаев Палатаның осы сессиядағы жұмысын қорытындылап, сенаторлардың заң шығару қызметінің нәтижесіне назар аударды және алда атқарылатын істің басым бағыттарына тоқталып өтті.
«Палата Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан реформаларды және Жолдауда, Үкіметтің кеңейтілген отырысында, Ұлттық құрылтайда жүктелген міндеттерді заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету бағытында нәтижелі жұмыс істеді. Жаңа сессияға дейін депутаттар өңірлерге барып, жұртшылықпен кездесіп, жергілікті тұрғындарды алаңдатқан өзекті проблемаларға назар аударады. Оларды зерделеп, оң шешілуіне ықпал етеді. Бұл жұмыс Палатаның алдағы сессиядағы заң шығару қызметіне негіз болатыны анық», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар Сенат Төрағасы сессия барысында Палата 4 Үкімет сағатын, Комитеттердің 50-ге жуық көшпелі отырысын, 100-ден астам дөңгелек үстел мен кездесулер өткізгенін тілге тиек етті. Одан бөлек, сенаторлар 200-ге жуық депутаттық сауал жолдап, өзекті мәселелерді шешу жолдарын ұсынды. Аталған іс-шараларда қабылданған ұсынымдар жұмысқа алынып, Үкіметке және жауапты мемлекеттік органдарға жолданды.
«Парламент осы сессияда 100-ге жуық заң қабылдады. Олардың үштен біріне депутаттық корпус бастамашы болды. Азаматтардың мемлекет істерін басқаруға қатысуын қамтамасыз ететін «Қоғамдық бақылау туралы» заң қабылданды. Әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауды күшейтуге арналған заңнама қатаңдатылып, лудоманиямен күрес шаралары қолға алынды. Алғаш рет «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» арнайы заң қабылданды. Денсаулық сақтау жүйесіндегі бірқатар өзекті мәселелерді шешуге, саланы одан әрі жетілдіруге арналған заңдарға да маңызды түзетулер енгізілді. Отандық бұқаралық ақпарат құралдарын қолдау мақсатымен «Масс-медиа туралы» заң қабылданды. Сенаторлар Президентіміздің тапсырмасымен қолға алынған бағдарламалар мен жобаларды, оның ішінде «Ұлттық қор – балаларға» бастамасын іске асыру аясында ауқымды жұмыс атқарды. Палатаның қарауына келіп түскен заңдар шешім қабылдар алдында мәслихат депутаттарымен және сарапшылармен бірге талқыланып, жан-жақты зерделеніп отырды. Осы және басқа да қабылданған заңдар ел игілігіне қызмет етеді деп сенеміз», – деп, Сенат Спикері депутаттар мен барлық мүдделі тарапқа белсенді жұмыс үшін алғысын білдірді.
Палатаның сессиядағы қорытынды отырысында сенаторлар Нұрлан Сұлтановты Жоғарғы Сот судьясы қызметінен босатты. Олар ел Президентінің ұсынуын қарау нәтижесінде осындай шешім қабылдады. Ұсынылған кандидатура алдын-ала Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінде талқыланды. Отырыс барысында Мемлекет басшысының ұсынуын Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің төрағасы Денис Шипп оқып берді.
Сондай-ақ отырыс кезінде депутаттар Мемлекет басшысының «Адам құқықтары саласындағы одан әрі шаралары туралы» Жарлығын іске асыру мақсатымен әзірленген «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заңды, сондай-ақ, оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адам саудасына, вандализм көрінісіне және бөтеннің мүлкін бүлдіруге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне адам саудасына, вандализм көрінісіне және бөтеннің мүлкін бүлдіруге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарды қарап, мақұлдады. Заңдарға енгізілген түзетулер адам саудасына қарсы іс-қимылды күшейтуге, осы саладағы қылмыстар үшін жаза түрлерін қатаңдатуға арналған. Сондай-ақ вандализм және бөтеннің мүлкін бүлдіргені үшін қарастырылатын шаралар да күшейтіледі. Атап айтқанда, заң нормалары жәбірленушілерге ҚР Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы заңнамасына сәйкес арнаулы әлеуметтік қызметтер алуға жаңа құқық беруді көздейді. Осыған байланысты «Жәбірленушілерге өтемақы қоры туралы» заңға адам саудасына қатысты қылмыстар тізбесін кеңейту жөнінде түзетулер енгізіледі.
Күн тәртібіне сәйкес отырыста «Жылу энергетикасы туралы» заң, сондай-ақ, оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жылу энергетикасы, электр энергетикасы және реттеліп көрсетілетін қызметтер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдар да қаралып, мақұлданды. Жаңашылдықтардың қатарында жылу энергетикасына қатысты заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейту, бүкіл салаға мониторинг жүргізу, тариф белгілеу қағидаттарын айқындау және энергия тиімділігін арттыру сияқты басымдықтар бар. Одан бөлек, жаңартылатын энергия көздерін орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесіне енгізудің экономикалық және техникалық орындылығы жағдайында дамытуға ынталандыру көзделіп отыр. Заңда энергиямен жабдықтаушы ұйымдар бөлігінде олардың функцияларын өңірлік энергия беруші ұйымдарға бере отырып, реформа жүргізу мәселесі де назарға алынған. Бұл ретте 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап тұтынушыларды энергиямен жабдықтау мақсатымен электр энергиясын сатып алу жөніндегі қызмет түріне лицензия енгізілетінін атап өткен жөн.
Бүгін депутаттар бастамашы болған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық құқық бұзушылықтардың жекелеген түрлерін қылмыстық сипаттан арылту және Қазақстан Республикасының заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдар да қаралып, мақұлданды. Бұл құжаттардың нормалары кәсіпкерлерді қылмыстық қудалау орбитасына негізсіз тартуға қарсы іс-қимыл жөніндегі шаралар кешенін қамтиды. Сондай-ақ азаматтар мен бизнестің мүдделерін қорғауды қамтамасыз етеді.
Сонымен бірге сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік бақылау мен статистика, халықты қорғау жүйесін жетілдіру, деректерді басқару, заңды тұлғаларды тіркеу және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды да мақұлдады. Бұл заң 5 кодекске және 36 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді. Оның ішінде Әлеуметтік кодекске халықтың әлеуметтік осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл мәртебесін және оның құзыреттерін бекіту жөнінде түзетулер енгізіледі. «Баламалы деректер», «деректер өнімі» және «ұлттық тіркелімдер» ұғымдарын енгізу туралы да жаңашылдықтар бар.
Сенат отырысында Мемлекет басшысының халық арасында ойынға тәуелділікке қарсы күресті күшейту жөніндегі тапсырмасын іске асыру үшін әзірленген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң да қаралып, мақұлданды. Заңға енгізілетін түзетулер электрондық казино мен интернет-казино қызметін ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізуді, 21 жасқа дейінгі адамдарға энергетикалық сусындарды сатуға, сондай-ақ, сатушының тікелей қатысуынсыз сауда автоматтары, өзге де электрондық немесе механикалық құрылғылар арқылы сатуға тыйым салу, құмар ойындарға тәуелді адамдарды медициналық оңалту тәртібін белгілеу және оларға консультациялық медициналық бақылауды енгізу, мемлекеттік еңбек инспекциясын жергілікті атқарушы органдардан еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органға беру мәселелерін қамтиды.
Бұдан басқа, Сенат депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көлік және электрмобильдерге арналған инфрақұры-лымды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мініс және мініс-жегін жылқылардың отандық тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ерекше қорғалатын табиғи аумақтар және электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) өзгерістер енгізу туралы» заңдарды қарап, мақұлдады.
Отырыстың күн тәртібінде қаралған соңғы мәселелер халықаралық келісімдерді ратификациялауға қатысты болды. Атап айтқанда, Палата депутаттары «Қазақстан Республикасы мен Сингапур Республикасы арасындағы көрсетілетін қызметтер саудасы және инвестициялар туралы келісімді ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымының арасындағы цифрлық инклюзия және трансформация жөніндегі Азия-Тынық мұхиты министрлік конференциясын ұйымдастыру туралы келісімді ратификациялау туралы» заңдарды мақұлдады.
Іс-шарада сенаторлар депутаттық сауалдарын да жолдады.
Әлібек Нәутиев Атыраудағы жүн өнімдерін өндіретін кәсіпорын тапсырыстың болмауына байланысты қазір банкроттықтың алдында тұрғанын айтып, осы мәселеге қатысты мемлекеттік сатып алу және субсидиялау рәсімін қайта қарау қажет екеніне назар аударды.
Айгүл Қапбарова отандық туризм саласына, оның ішінде инфрақұрылым мен логистикаға қатысты проблемаларға тоқталды. Саланы дамыту үшін сенатор ұсынған басымдықтардың қатарында өңірдегі туризмді өркендету деңгейі бойынша әкімдердің бағалау рейтингін енгізу мәселесі бар.
Нурия Ниязова медициналық мамандық бойынша студенттерге арналған мемлекеттік білім беру гранттарын мамандыққа сұранысты және өңірлердегі қажеттіліктерді ескере отырып, бейінді министрлік бөлуге тиіс деп есептейді. Осыған байланысты сенатор аталған бағыттағы бірқатар шараға тоқталып өтті.
Мұрат Қадырбек Үкіметті «Сарыағаш емдеу-оңалту орталығын» Жекешелендірудің кешенді жоспарынан шығаруға ықпал етуге шақырды. Өйткені жергілікті халықтың басым бөлігі қысқартуға ұшырап, жұмыссыз қалу қаупі туындап отыр.
Сәкен Арубаев мемлекет тарапынан агроөнеркәсіптік кешенді қолдау саласындағы проблемаларға алаңдаушылық білдірді. Депутат тұқым, техника және жемнің бағасы бірнеше есеге өсуіне байланысты саланың қаржылық қажеттілігі өтелмейтінін атап өтті.
Суретті түсірген: Н. Байбулин