Cемей20°С
Ауа-райы
  • Абай14°С
  • Аягөз17°С
  • Ақсуат16°С
  • Бородулиха18°С
  • Қалбатау19°С
  • Курчатов18°С
  • Көкпекті16°С
  • Үржар17°С
471.83 505.66 5.4

Сенат заңсыз иемденілген активтерді қайтару және онлайн-платформалар туралы заңдарды мақұлдады

29-06-2023, 13:41 Думан Кенжеғазыұлы

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палатаның осы сессиядағы қорытынды отырысы өтті. Онда сенаторлар Мемлекет басшысының ұсынымы бойынша Жоғарғы Соттың судьяларын сайлады және бірқатар заңды қарады. Сондай-ақ өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады.

Ел Президентінің Жоғарғы Сот судьясы лауазымдарына сайлау туралы ұсынымын Жоғарғы Сот Кеңесінің төрағасы Денис Шипп жариялады.

Биыл «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға өзгеріс енгізілгені белгілі. Соған байланысты Қазақстан Республикасының Президенті Сенатқа Жоғарғы Сот судьясы лауазымына кандидатураларды балама негізде енгізеді. Осыған орай бес Жоғарғы Сот судьясы лауазымына он кандидат ұсынылды. Кандидатуралар Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінде алдын-ала талқыланды. Соның нәтижесі бойынша депутаттар Жоғарғы Сот судьясы лауазымына Ерлан Айтжанов, Ғабит Әлжанов, Гүлмира Исамберлиева, Ерлан Қосмұратов және Нұрлан Құрманғалиевті сайлады. Отырыс барысында жаңадан сайланған Жоғарғы Сот судьялары ант берді.

Сонымен қатар Палата отырысында сенаторлар «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңды және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», сондай-ақ, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) толықтыру енгізу туралы» заңдарды қарап, мақұлдады.

Сенат Төрағасы бұл заңдарға Парламент депутаттары бастамашы болғанын, олар азаматтардың әл-ауқатын арттыруға, халықты әлеуметтік қорғауға және елді экономикалық тұрғыдан дамытуға арналғанын атап өтті.

«Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы заңдар топтамасы Мемлекет басшысының елдік мүддені көздеген бастамасын іске асыру мақсатымен әзірленді. Қаралған заңнамалық актілер заңсыз шығарылған активтердің шығу тегін ашуға, растауға, оларды қайтаруға және активтерді мемлекет пен ел мүддесі үшін қолдануға қажетті құқықтық тетіктерді айқындайды. Қайтарылған активтер Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыруды көздейтін әлеуметтік және экономикалық жобаларды қаржыландыру үшін қолданылу қажет. Жалпы, мақұлданған заңдар Әділетті Қазақстан құру жолында жасалған тағы бір нақты қадам екені сөзсіз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Отырыс кезінде «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне онлайн-платформалар және онлайн-жарнама мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарды қарап, мақұлдады. Аталған құжаттар, ең алдымен, балаларды әлеуметтік желілердегі жалған ақпараттан, бақылаусыз жарнамадан және буллингтен қорғауды күшейтуге бағытталған.

«Соңғы жылдарда әлеуметтік желілердің қоғамдағы рөлі қаншалықты артқанын бәріміз көріп отырмыз. Сол себепті, әлеуметтік желідегі буллингті, азаматтарды қорлау фактілерін, қаржы пирамидаларын насихаттау және тағы басқа осыған ұқсас мәселелерді мемлекеттік реттеудің маңызы зор. Сондай-ақ онлайн-платформалардың жұмысын және онлайн-жарнаманы заң аясында жүйелеу мәселесі де қолға алынды», – деді Мәулен Әшімбаев.

Отырыста атап өтілгендей, аталған заңдар арқылы онлайн-платформалар мен онлайн-жарнамалардың жұмысын жүйеленеді. Одан бөлек, онлайн-платформалар жұмысының құқықтық режимі және онлайн-жарнамаға қойылатын талаптар белгіленген. Пайдаланушылардың құқықтары мен міндеттері және осы саладағы уәкілетті органның құзыреті де бекітілді.

Сенаторлар «Кәсіптік біліктілік туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіптік біліктілік, мемлекеттік наградалар, әлеуметтік қамсыздандыру және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарды да қарап, мақұлдады. Осы заңдар арқылы кәсіптік біліктілікті танудың бірыңғай қағидалары әзірленді және бекітілді. Бұл тәсіл кадрларды даярлау мен оқытудың кешенді бағдарламаларын құруға ықпал етеді.

Бұдан басқа, депутаттар «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» заңды және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Семей ядролық қауіпсіздік аймағы, экология және электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды мақұлдады. Бұл нормалар бұрынғы Семей ядролық сынақ полигоны мен оған іргелес жатқан жерлердің аумағындағы радиациялық және экологиялық қауіпсіздік деңгейін қамтамасыз етеді. Оның ішінде, елдің ғылыми әлеуетін дамыту бойынша мемлекеттік бақылауды күшейтуде, ядролық энергияны бейбіт мақсатта пайдалануда және басқа да бағыттарда Қазақстанның ұстанымын нығайту көзделген.

Отырыста Мәулен Әшімбаев сессияның жұмысын қорытындылап, осы уақыт ішінде сенаторлар Мемлекет басшысының елімізді жаңғыртуға арналған реформаларын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін ауқымды жұмыс атқарғанын айтты. Үш ай мерзімде Парламент 25 заң қабылдады. Олардың ішінде 10 заңға депутаттық корпус бастамашыл болды. Сондай-ақ 66 маңызды іс-шара өткізілді.

Сенат Спикері Палатаның өңірлермен өзара іс-қимылды нығайту бағытындағы жұмыстардың қорытындысына да тоқталып өтті. Ол сессия барысында Жергілікті өкілді органдармен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі кеңестің және «Өңір» депутаттық тобының құрамдары жаңарып, отырыстары өткізілгенін тілге тиек етті. Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, осы сессияда депутаттардың заң шығару құқығын іске асыруға жәрдемдесетін жаңа тетік – Сенаттың Жобалық кеңсесі құрылды. Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубының отырыстары да тұрақты түрде өткізіліп келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Парламентте «Бір ел – бір мүдде» депутаттық тобы жасақталып, оның құрамына Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған депутаттар енді. Орнықты даму мақсаттарына мониторинг жүргізу жөніндегі парламенттік комиссияның алғашқы отырысы өткізілгені де белгілі.

«Сенаттың маңызды міндеттерінің бірі – Президентіміздің реформаларын заңнамалық тұрғыдан сапалы әрі уақтылы қамтамасыз ету. Соған байланысты осы сессияда 50-ден астам депутаттық сауал жолдап, орталық мемлекеттік органдардың назарын өңірлердегі өзекті мәселелерге аудардық. Біздің Палата – өңірлердің мүддесін қорғайтын негізгі институт. Сондықтан өңірлерге жазғы сапар кезінде халықпен, жұртшылықпен белсенді кездесіп, жергілікті жерлердегі өзекті мәселелерді жан- жақты сараптаудың маңызы зор. Соның нәтижесінде сындарлы ұсыныстар жинақтау қажет. Оларды келесі сессияда назарға аламыз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Палата отырысында сенаторлар депутаттық сауалдарын да жолдады.

Бекбол Орынбасаров газ және лифт шаруашылығы саласындағы қауіпсіздік мәселелерін реттеу тетігінің жоқтығына алаңдаушылық білдірді. Соған байланысты сенатор бірқатар ұсыныс жасады. Олардың бірі – қауіпті жүк көтергіш механизмі бар лифтті пайдалану функциясын Төтенше жағдайлар министрлігінің қарамағына беру мәселесі.

Жанна Асанова елдің қорғаныс қабілеті мен ұлттық қауіпсіздігіне қатысты мәселелерге назар аударды. Сенатор осы бағыттағы бірқатар ұсынысын жеткізді.

Суретті түсірген: Н. Байбулин

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив