Cемей-15°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
498.34 519.72 4.85

Қашаған, Қарашығанақ, Теңіз секілді ірі мұнай-газ жобаларының мемлекеттік сатып алу көрсеткіштеріне баса назар аударылады – Энергетика министрлігі

13-08-2024, 17:26 Думан Кенжеғазыұлы

Үкімет отырысы барысында Премьер-Министр Олжас Бектенов мұнай-газ саласындағы мемлекеттік сатып алу саласын реттеу жөнінде тапсырма берді. Аталған саладағы атқарылған жұмыстар жөнінде энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженов баяндама жасады.

Вице-министрдің айтуынша, осы жылдың бірінші жартыжылдығында көмірсутек шикізаты мен уранды пайдаланушылардың тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алудың жалпы көлеміндегі елішілік құндылық үлесінің (2,8 трлн теңге) орташа салалық көрсеткішінің оң өсуі байқалады. Ол 61,6%-ды немесе 1,7 трлн теңгені құрады, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен (57,3%) салыстырғанда 4% тармаққа жоғары.

Сала бойынша елішілік құндылық көрсеткіші өсуінің оң серпінін сақтауды Министрлік нормашығармашылық бастамалармен және практикалық іс-шаралармен қамтамасыз етіп отыр.

«Мәселен, жер қойнауын пайдаланушылар жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа өзгерістер енгізу туралы өтініш жасаған кезде, Министрлік қазақстандық қамтуды міндетті түрде белгілеу немесе бұрын белгіленген көрсеткіштерді ұлғайту жағына қайта қарау бойынша практиканы енгізді. Бұл жаңалық жыл басынан бері тауарлардағы елішілік құндылықтың ең төменгі үлесін орта есеппен 12%-ға, жұмыстарда – 20%-ға, қызметтерде 22%-ға ұлғайта отырып, жер қойнауын пайдалануға арналған 9 келісімшартқа өзгерістер енгізуге мүмкіндік берді», — Ерлан Ақкенженов.

Сонымен қатар отандық тауар өндірушілерді және жұмыстарды жеткізушілерді қолдау шараларын заңнамалық бекіту бойынша Министрлік қосымша келесідей жұмыстар жүргізді. Жер қойнауын пайдаланушылар мен олардың мердігерлерінің сатып алу қағидаларына қазақстандық өндірушілерді қолдауға бағытталған өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда:

тауарларды сатып алу кезінде жер қойнауын пайдаланушылар ескеруі үшін отандық тауар өндірушілердің міндетті тізілімі енгізілді;

тізілімде жалғыз отандық тауар өндіруші болған кезде, одан тауарды бір көзден сатып алу тәсілімен жүзеге асырылады;

тізілімде екі және одан да көп отандық тауар өндіруші болған кезде, тауарды сатып алу олардың арасында ғана өткізіледі (қазақстандық тендер);

импортталатын тауарды сатып алуға арналған шарт тауарды өндірушінің Қазақстан аумағында жергіліктендіру бағдарламасын міндетті түрде ұсынуымен және оны өндіруді қамтамасыз етумен 5 жылдан аспайтын мерзімге жасалады.

Бұдан басқа, Министрлікке ұсынатын елішілік құндылық бойынша есептердің нысаны өзгертілді. Бұл жер қойнауын пайдаланушылар жұмыстар мен қызметтерді сатып алу кезінде отандық тауар өндірушілерден тауарларды сатып алудың сапалық және сандық динамикасын қадағалауға мүмкіндік береді, деді вице-министр.

«Мұнай-газ саласы бойынша жаңа отандық өндірістерді жергіліктендірудің және сатып алудағы қазақстандық қамтуды ұлғайтудың негізгі бағыты ірі мұнай-газ жобаларында (Қашаған, Қарашығанақ, Теңіз) болжанатынын атап өткім келеді, өйткені саладағы барлық сатып алулардың 70% дәл осы үш ірі жер қойнауын пайдаланушыға тиесілі», — деп мәлімдеді ол.

Министрліктің ірі мұнай-газ жобаларының мердігер компанияларымен бірлесіп жүргізіп жатқан жұмысы ірі мұнай-газ жобаларындағы жер қойнауын пайдаланушылардың (Қашаған, Қарашығанақ, Теңіз) тауарларды сатып алуындағы қазақстандық қамту көрсеткішін осы жылы 7%-ға (2023 жылы 12,0% құрады) 2027 жылы 11%-ға, 2029 жылға қарай 15%-ға ұлғайту күтілуде.                    

«Бұрын айтылғандай, жүргізілген талдау қорытындысы бойынша ірі жер қойнауын пайдаланушылардың (Қашаған, Қарашығанақ, Теңіз) барлық сатып алуларының 60% құрайтын және қазақстандық қамтуды жергіліктендіру мен дамыту үшін елеулі әлеуеті бар 12 тауар тобы бөлінді», — деді Е. Ақкенженов.

Өнімді бөлу туралы келісімдер режимінің тұрақтылығы туралы ережелерді ескере отырып, Министрлік мердігер компаниялармен жоғарыда көрсетілген нысаналы топқа КPI-көрсеткіштерін бекіте отырып, ірі жобалардың жергілікті қамтуды дамытудың ұзақ мерзімді бағдарламаларын қайта қарау бойынша белсенді келіссөздер жүргізіп жатыр.

Сондай-ақ, қазіргі міндеттерді ескере отырып, ірі жер қойнауын пайдаланушылардың тендерлік рәсімдерін жаңарту мәселесі талқыланып жатыр. Мұнда тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) отандық өндірушілермен инвестицияларға айырбастау үшін тікелей ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасу міндеті бекітілетін болады.

«Бірлескен жұмыстың аралық нәтижесі – осы жылғы 15 мамырда отандық тауар өндірушілермен және жұмыстарды жеткізушілер мен ТШО, НКОК және КПО арасында жалпы сомасы шамамен $240 млн болатын келісімшарттарға салтанатты түрде қол қойылды. Жасалған 23 шарт шеңберінде 4 шарт ұзақ мерзімді  болып табылады, шамамен 30 жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда, зауыттардың жүктемесі орта есеппен 20%-ға ұлғаяды», — деп атап өтті вице-министр. 

Бұдан басқа, осы жылдың 10-12 шілдесі аралығында мұнай-газ саласындағы ең ірі инвестициялық жобалардың қажеттіліктері туралы отандық бизнестің ашықтығы мен хабардар болуы үшін Атырау қаласында сатып алынатын мұнай-газ жабдықтары бойынша 3 ірі мұнай-газ жобасының Ашық есік күндері өткізілді. Аталған іс-шараға отандық тауар өндірушілер мен жұмыстарды жеткізушілердің 300-ден астам өкілі қатысты және ТШО, КПО, НКОК және бірқатар қазақстандық өндірушілер арасындағы одан әрі ынтымақтастық туралы 55 меморандумға қол қойылды.

Қазіргі уақытта Министрлік ірі жобалардың мердігер компанияларымен бірлесіп, жасалған меморандумдарды нақты сатып алу шарттарына түрлендіруді пысықтап жатыр.

Бұл жұмыс ағымдағы жылдың соңына дейін аяқталады деп күтілуде.

«Сөз соңында еліміздің аумағындағы өндірістерді жергіліктендіру бойынша жұмысқа да тоқталғым келеді. 2022-2023 жылдары 5 өндіріс жергіліктендірілді. Бұлар – Wika (Германия),  Honeywell (АҚШ) , PetrolValves (Италия), «Sigma Solutions» (Казахстан) әріптестігімен N.Vent (США), Eltherm (Германия), сондай-ақ Schneider Electric (Франция) компаниялары. Жоғарыда аталған жобаларды іске асыру 177 жаңа жұмыс орнын құруға, $13,8 млн көлемінде инвестициялар тартуға, ең бастысы, ел ішінде қосылған құны жоғары тауарларды өндіру мен шығару құзыретін алуға мүмкіндік берді», — энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженов. 

Сонымен қатар биыл ел аумағында Leser (Германия), Beruseal (Оңтүстік Африка), John Crane (АҚШ) компанияларымен мұнай-газ саласында неғұрлым талап етілетін бірегей тауарлардың үш жаңа тауар өндірісін жергіліктендіру жоспарлануда. Бұл жобалар 34 жаңа жұмыс орнын құруға, $3 млн көлемінде инвестиция тартуға мүмкіндік береді.

«Сондай-ақ 2027 жылға дейінгі қысқа мерзімді перспективада Hi Air Korea, SLB, Baker Hughes, Breda Energia, Flowserve, Swagelok компаниялармен жергіліктендіру жоспарланып отыр. Жоғарыда аталған алты жоба шамамен 127 жаңа жұмыс орнын құруға, $17,5  млн көлемінде инвестиция тартуға мүмкіндік береді», — деп түйіндеді ол. 

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив