Президент Жолдауын іске асыру: Қазақстанда су үнемдеу технологияларын енгізуді субсидиялауға бөлінетін қаражат көлемі 214,6 млрд теңгеге дейін ұлғайды
Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын енгізуді ынталандыру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджетте 214,6 млрд теңге қарастырылған. Бұл алдыңғы үш жылмен салыстырғанда төрт есе көп. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге су жеткізу қызметтерінің құнын субсидиялауға 13,5 млрд теңге бөлінді.
Бұл шара шаруалардың жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелеріне айтарлықтай қаржы шығынынсыз көшуіне мүмкіндік беруге, сондай-ақ су үнемдеу технологияларын енгізуге ниетті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қамту аясын кеңейтуге бағытталған.
Еске салайық, бұған дейін Су ресурстары және ирригация министрлігі шаруалардың су үнемдеу жүйелерін сатып алу және орнату шығындарын өтеу мөлшерін 50%-дан 80%-ға дейін арттырған болатын. Мұндай технологияларды қолданған кезде суармалы судың субсидиясы 85%-ға дейін ұлғайтылды.
Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Қазақстанда су үнемдеу технологиялары қолданылатын жалпы аумақ 702,3 мың гектарға жетті. Бұл шамамен 1,1 млрд текше метр суды үнемдеуге мүмкіндік берді.
Сонымен қатар заманауи суару жүйелерін енгізу қарқыны да жеделдеді. 2024 жылға дейін бұл көрсеткіш жылына орта есеппен 30 мың гектарды құраса, 2024-2026 жылдары жылына 150 мың гектардан асты.
Бұдан бөлек, суармалы суды субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, лазерлік тегістегіш субсидияланатын су үнемдеу технологияларының тізіміне қосылды.