Жолдау жүктеген міндеттер: экономикалық блоктың төрт бағытын дамыту жөніндегі жұмыс жалғасады
Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында экономикалық блокқа жүктеліп отырған міндеттер қаралды. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров баяндама жасады.
Нұрлан Байбазаровтың айтуынша, Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында қойған міндеттерді негізге ала отырып, экономикалық блоктың келесі бағыттары бойынша жұмыс жалғастырылатын болады. Олар:
1. Бюджет саясатының тиімділігін арттыру;
2. Салық заңнамасын жетілдіру;
3. Инвестициялық тартымдылықты арттыру;
4. Кәсіпкерлікті дамыту.
«Осы жылдың соңына дейін жаңа Бюджет кодексінің жобасы қабылданады деп күтілуде. Бюджет кодексінің шеңберінде қаржы бөлуді шектеу және қатаң бақылау үшін неғұрлым пәрменді шаралар қабылданады. Бюджет тапшылығын жабу көздерін іздестіру үшін ұтымды компенсациялық тетік әзірленеді», — деп мәлімдеді Н. Байбазаров.
Оның айтуынша, жергілікті бюджеттердің және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің бос ақшалай қаражатын алу үшін «Өтімділікті басқару» құралын одан әрі жетілдіру жоспарлануда. Бұл жұмыс Парламент қабырғасында Кодекс жобасын талқылау шеңберінде жүргізіледі.
Мемлекеттік қаржы параметрлерінің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін Үкімет бюджет ережелері мен орта мерзімді нысаналы бағдарларды қолдануда бірізділікті сақтайды. Бюджет кірістерін ұлғайту мақсатында салықтық әкімшілендіруді жақсарту, цифрландыру, көлеңкелі экономиканы қысқарту, салық базасын ұлғайту және тиімсіз жеңілдіктерді қысқарту жөнінде шаралар қабылданатын болады.
Сонымен қатар Ұлттық қордың қаражатын стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу үшін пайдалану мақсатында жаңа Бюджет кодексінде нысаналы трансферттерді аса маңызды объектілер мен жалпыұлттық маңызы бар жобаларды қаржыландыруға ғана пайдалану көзделген.
«Нарықтық емес жағдайлардағы жобаларға сараптама жүргізу тетігі әзірленеді. Ол облигациялық қарыздарға қолданылады. Ұлттық қорды басқару жөніндегі Кеңестің отырыстары тек бетпе бет өткізілетін болады. Жалпы мемлекеттік қаржының теңгерімділігін қамтамасыз ету шаралар кешенімен, оның ішінде мемлекеттің міндеттемелерін, активтерін және барлық ақша ағындарын шоғырландыру есебінен жүзеге асырылады», — деп атап өтті ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында фискалдық саясат бойынша, оның ішінде Салық кодексінің жобасы аясында бірқатар міндеттер қойды, оларды шешу қажет. Салық кодексінің жобасында берешек мөлшеріне қарай мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолдану ұсынылады. Сонымен қатар, жоспарлы салықтық тексерулер алынып тасталады.
«Шамамен 5,0 млн теңге мөлшерінде берешек болған кезде кейінге қалдыру/бөліп-бөліп төлеу көзделген. Салықтық жеңілдіктердің тиімділігін арттыру мақсатында жобада тиімсіз салықтық жеңілдіктердің бір бөлігі алынып тасталды. Барлық берілген жеңілдіктерді салықтық есептілікте көрсету көзделетін болады. Қайта бөлінудің жоғары деңгейіндегі өнімдері экспорттаушылар үшін корпоративтік табыс салығының 10% төмендетілген мөлшерлемесі көзделген», — деп түсіндірді Н. Байбазаров.
Бұдан басқа, автомобиль өткізу пункттері бойынша жыл соңына дейін – 5, қалған 4 пункт – келесі жылы пайдалануға беріледі.
Мемлекет басшысының фискалдық саясат жөніндегі тапсырмаларын іске асыру үшін қосымша келесідей мәселелер пысықталатын болады:
- жеке табыс салығының сараланған мөлшерлемесін белгілеу;
- банк секторы акционерлерінің дивидендтеріне әділ қосымша салық салу;
- салық жеңілдіктерінің тиімділігін арттыру;
- кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдайларды нашарлатпай салық режимдерін оңтайландыру;
- салықтық әкімшілендіруді толық цифрландыру, оның жазалау тәсілінен бас тарту;
- цифрлық теңгені пайдалана отырып, қосымша құн салығын әкімшілендіру тетігін енгізу.
Вице-премьердің айтуынша, жаңа Салық кодексін 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізе отырып, 2025 жылғы шілдеге дейін қабылдау ұсынылып отыр. Бұл белсенді бұқаралық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуге, заңға тәуелді актілерді әзірлеуге және Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелерін дайындауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ инвестицияларды тарту бойынша экожүйені жетілдіру мақсатында «инвестор жолдарын» регламенттеу және осы процесте барлық мемлекеттік органдардың рөлін айқындау бойынша жұмыс жүргізілуде. Яғни, инвесторларды іздеуден бастап жобаларды аяқтауға дейін, оның ішіне бюрократиялық кедергілерден өту және квазимемлекеттік сектор тарапынан жәрдемдесуді қоса алғанда, инвестициялық циклды толық сүйемелдеу қамтамасыз етілетін болады.
«Инвестициялық штабпен ұқсастық бойынша әр өңірде әкімдердің басшылығымен Өңірлік инвестициялық штабтар құрылады, олардың құрамына жергілікті атқарушы органдардың басшылары, Kazakh Invest, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, арнайы экономикалық аймақтың және индустриялық аймақтың, прокуратура мен салық органдарының өңірлік өкілдері кіреді», — деді вице-премьер.
Бұл инвесторлардың проблемаларын «осында және қазір» қағидаты бойынша жедел шешуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге аталған тәсіл 2029 жылға дейінгі Инвестициялық саясаттың өзекті тұжырымдамасында көрініс табады.
Сонымен қатар инвестицияларды тарту бойынша таргеттелген жұмыс үшін өңірлер мен жергілікті бизнестің қажеттіліктері мен бәсекелестік артықшылықтарын ескеретін Өңірлік инвестициялық бағдарламалар негізінде «инвестицияларға тапсырыстар» қалыптастырылатын болады.
Мемлекеттік-жекешілік әріптестік (МЖӘ) жобаларын жоспарлау және іске асыру сапасын арттыру мақсатында ондай жобаларды Халықаралық қаржы ұйымдарымен бірге дайындау қорларын құру мәселесі пысықталуда.
«Ауқымды МЖӘ жобаларын «толық дайын» пулын қалыптастыру мәселесі 2029 жылға дейінгі Ұлттық инфрақұрылымдық жоспарды іске асырумен өзара байланыста кешенді түрде қаралатын болады. Денсаулық сақтау және білім беру салалары үшін МЖӘ жобалары бойынша жекелеген нормативтер мен ережелер қалыптастырылады. Атап айтқанда, медициналық объектілер мен орта білім беру ұйымдарын құру жөніндегі МЖӘ тәсілдері жан басына шаққандағы нормативтерді төлеу есебінен инвестордың шығындарын өтеуін қарастыратын шараларды көздейді», — деп атап өтті Н. Байбазаров.
Сондай-ақ жоспарлау процесін жеңілдетуге және жүйелеуге болатын үлгілік жобалар бойынша «Бағдарламалық мемлекеттік-жекешілік әріптестікті» қолдану жалғастырылады.
Мемлекет басшысы Жолдауда экономикадағы орта бизнестің үлесін 2029 жылға қарай 15%-ға дейін ұлғайту міндетін қойды. Бүгінгі таңда мемлекеттік ынталандыру шараларын өзгерту арқылы орта бизнесті дамыту үшін жағдай жасау бойынша жұмыстар жүргізілуде.
«Кәсіпорын неғұрлым бәсекеге қабілетті болса, соғұрлым ол қолдау шараларын ала алады. Қолдау шаралары бизнестің бәсекеге қабілеттілігінің санаты мен деңгейіне байланысты сараланған қажетті әдіснамалық база дайындалады. Дамытуға арналған құралдардың бірі неғұрлым бәсекеге қабілетті шағын және орта бизнес үшін енгізілетін арнайы келісім болады, оған сервистік қолдау көрсетіледі және қажетті мемлекеттік қолдау жиынтығы таңдалады», — деді вице-премьер.
Сондай-ақ мемлекеттік қолдау шараларының Цифрлық тізілімін қалыптастыру, оларды стандарттау және «бір терезе» қағидаты бойынша ұсыну бойынша жұмыстар қазірдің өзінде жүргізіліп жатыр. Әзірленген тәсілдердің негізінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының көмегімен шағын және орта бизнесті дамытуды ынталандыруға, оның ішінде пакеттік шешімдерді енгізуге бағытталған заңнамаға түзетулер қабылданатын болады.
Сонымен қатар Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп E-gov Business базасында мемлекеттік қолдау шараларын алу рәсімдерін автоматтандыру мүмкіндігін қарастыратын Бірыңғай терезе – кәсіпкердің жеке кабинетін құру бойынша жұмыс жүргізілуде.
«Бақылаушы органдардың бизнеске қысымын төмендету үшін салалық заңдармен бизнесті тексеруді регламенттеуге тыйым салынады. Аталған шаралар ұлттық экономиканың өсуіне ықпал ететін бәсекеге қабілетті шағын және қуатты орта бизнесті қалыптастыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деп түйіндеді баяндамасын Нұрлан Байбазаров.