Cемей-10°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
498.34 519.72 4.85

Олжас Бектенов Орталық Азия елдері делегациялары басшыларымен Аралды құтқару қорының басым міндеттерін талқылады

18-09-2024, 11:18 Думан Кенжеғазыұлы

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Премьер-Министр Олжас Бектенов Қазақстан Республикасының төрағалығымен өткізілетін Халықаралық Аралды құтқару қоры басқармасының бірінші отырысына қатысушы елдер делегациялары басшыларымен кездесу өткізді.

Кездесу барысында трансшекаралық су ресурстарын бірлесіп пайдалану мәселелері, сондай-ақ Арал теңізі бассейніндегі экологиялық және әлеуметтік-экономикалық мәселелерді одан әрі шешу шаралары қаралды.

Қазақстан 2024-2026 жылдар аралығында Халықаралық Аралды құтқару қорының төрағасы болып саналады.

«Бүгінде мемлекеттеріміздің басшылары су саласына ерекше көңіл бөліп отыр. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Аралды құтқару ұзақмерзімді халықаралық ынтымақтастықтың басым бағытына айналуы тиіс екенін баса айтты. Қордың басты міндеті – Орталық Азияның су-энергетикалық ресурстарын қорғау, олардың әлеуметтік-экономикалық, энергетикалық, ирригациялық және экологиялық маңыздылығын ескере отырып, оларды кешенді әрі ұтымды пайдалану. Ортақ күш-жігеріміздің арқасында елдеріміз үшін маңызды саналатын бірегей су айдынының жағдайын сапалы түрде жақсарта аламыз деп үміттенемін», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, Арал теңізі бассейніндегі су ресурстарының, оның ішінде климаттың өзгеруіне байланысты өсіп келе жатқан тапшылығын ескере отырып, ХАҚҚ алдында мүдделі мемлекеттердің шоғырлануын күшейту міндеті тұр.

ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов өңірлік ынтымақтастық институтының маңызды рөліне тоқталып, ХАҚҚ мүше мемлекеттері басшылары Қазақстанның төрағалық ету кезеңінде Қордың алдына қойған басым міндеттерін атап өтті.

Барлық тараптың мүддесін ескере отырып, Орталық Азиядағы су-энергетикалық ынтымақтастықтың кешенді және өзара тиімді тетігін одан әрі пысықтау қажеттігі атап өтілді. Атап айтқанда, жаңа цифрлық технологияларды енгізу, жерді қашықтан зондтаудың спутниктік деректерін пайдалану – ынтымақтастықты нығайтуға және су ресурстарының едәуір көлемін үнемдеуге мүмкіндік береді.

Бұдан басқа, энергетикалық және ирригациялық процестерді реттеудің тиімділігін арттыру мақсатында өңір елдерінің Арал теңізі бассейнінде су ресурстарын есепке алудың, мониторинг жүргізудің, басқарудың және бөлудің бірыңғай автоматтандырылған жүйесін әзірлеу әрі енгізу жөніндегі жұмыс жанданатын болады. Бұл шаралар мемлекеттердің қажеттілігін жабудағы тепе-теңдікке қол жеткізуге және күзгі-қысқы кезеңде электр энергиясының, жазғы кезеңде суармалы судың тапшылығына жол бермеуге бағытталған.

Сондай-ақ басым міндеттер қатарында – ХАҚҚ ұйымдық құрылымын және шарттық-құқықтық базасын жетілдіру процесін аяқтау тұр. Бүгінгі таңда сарапшылардың жұмыс тобы тиісті жұмыс жүргізуде.

Кездесу барысында Тәжікстан Премьер-Министрінің орынбасары Зиёзода Сулаймон, Түрікменстан Министрлер Кабинеті Төрағасының орынбасары Тангрыгули Атахаллыев, Өзбекстан Президентінің Кеңесшісі Шухрат Ганиев ұсыныстарын айтты.

Талқылау қорытындысы бойынша Олжас Бектенов өңірдің экожүйесін жақсарту жөніндегі жалпы іске қосқан үлесі үшін делегация басшыларына алғысын білдіріп, Қазақстан Үкіметінің бірлескен жоспарларды іске асыру үшін сындарлы диалогқа мүдделі екенін атап өтті.

Анықтама: Халықаралық Аралды құтқару қорын 1993 жылы Орталық Азияның бес мемлекеті – Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан құрды. Ұйымды құрудағы мақсат Аралдың құрғауының қоршаған табиғи ортаға және өңір халқына теріс әсерін азайту жөніндегі елдердің күш-жігерін біріктіру болды. Қор бірлескен мемлекетаралық экологиялық және ғылыми-практикалық бағдарламалар мен жобаларды іске асырады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив