Cемей-8°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
498.34 519.72 4.85

Қазақстанда 2030 жылға қарай суармалы жер көлемі 2,5 млн гектарға дейін кеңейтілмек

30-01-2024, 17:04 Думан Кенжеғазыұлы

Үкімет отырысында су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын ұсынды.

Министрдің айтуынша, жалпы экономиканың су секторындағы ахуал мемлекеттің су шаруашылығы саясатын және саланы басқаруды түбегейлі жетілдіруді, қалыптасқан құрылымды қайта қарауды, су шаруашылығы субъектілерінің функцияларын бөлуді, экономикалық қатынастардың жаңа тетіктерін әзірлеуді талап етеді. Қазіргі жағдайды және халықаралық тәжірибені ескере отырып, Тұжырымдама жобасында су ресурстарын басқару жүйесін дамыту көрінісі жеті тәсілмен айқындалды.

Бірінші тәсіл – су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту және дамыту. Елдің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және су тапшылығын азайту мақсатында 20 су қоймасын салу, 15 су қоймасын реконструкциялау, 14 мың шақырымнан астам ирригациялық каналдарды жаңғырту және гидротехникалық құрылыстарды реконструкциялау бойынша бірқатар шұғыл шара көзделеді. 

«Жоспарланған тәсілдерді іске асыру суды тасымалдау кезінде өнімсіз шығындарды 50%-дан 25%-ға дейін азайту арқылы 2030 жылға қарай суармалы жерлердің аумағын 2,5 млн гектарға дейін және қолда бар су ресурстарын 2,4 текше шақырымға ұлғайтуға, сондай-ақ экономика салаларын кепілдендірілген сумен қамтамасыз ету үшін гидротехникалық құрылыстардың жай-күйін жақсартуға және төтенше жағдайлардың туындау қаупін азайтуға мүмкіндік береді», — деді Нұржан Нұржігітов.

Екінші тәсіл – су ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыру. Қолда бар су ресурстарын ұтымды пайдалану «ресурстарды басқарудан» «сұранысты басқаруға» көшуге мүмкіндік береді. Оның негізгі қағидаты – су қабылдау көлемін ұлғайтпай, экономика салаларының өсіп келе жатқан қажеттіліктерін пайдалану. 

Трансшекаралық өзендер арқылы ағынның азаю қаупін, сондай-ақ суару каналдарында үлкен шығындардың болуын ескере отырып, фермерлердің су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша бірлескен және кешенді жұмыстар жүргізу қажет. Мәселен, бүгінгі таңда суармалы жерлердің 1,9 млн гектарынан тек 16%-ы су үнемдеу технологиялары қолданылады. Бұл қазіргі жағдайда өте қолайсыз.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, фермерлерді су үнемдеу технологияларын қолдануға ынталандыру мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, суару жүйелерін құруға, тамшылатып және жаңбырлатып суару жабдықтарын сатып алуға арналған шығыстарды субсидиялау үлесін 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайту бойынша жұмыстар басталды. Бұл ретте су үнемдеу технологияларын қолдану 2030 жылға қарай суармалы жерлердің алаңдарын 1,3 млн гектарға дейін жеткізуге ықпал етеді. Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бағалауы бойынша бұл шара шамамен 2,1 текше шақырым суды үнемдеуге, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімінің өнімділігін 1,5-2,0 есеге арттыруға мүмкіндік береді.

«Сонымен қатар тұрақты суаруда климаттың өзгеруіне байланысты суды тұтынудың үлестік нормаларының ұлғаюының теріс үрдісі байқалады. Бұл дақылдардың су тұтыну нормативтерінің ұлғаюына әсер етеді», — деді министр.

Оның сөзінше, Тұжырымдама жобасында қолда бар су ресурстарының көлемін экологиялық және экономикалық оңтайлы деңгейде ұстап тұру мақсатында су қорын қорғау және пайдалану саласындағы ең үздік технологиялардың тізбесін, су пайдалану лимиттерін белгілеудің жаңа тетіктерін, айналымды және қайта сумен жабдықтауға көшу жоспарларын әзірлеу және қабылдау бойынша шаралар көзделетін болады.

Үшінші тәсіл – су ресурстарын басқару жүйесін ақпараттық-талдамалық қамтамасыз етуді жетілдіру. Мемлекет басшысы су ресурстары бойынша сапалы талдау мен болжам жасауға бағытталған және тексерілген су саясатын құруды атап өтті. Елдің су-ресурстық әлеуетін есепке алу және болжау жүйесін дамыту, су ресурстарын басқару мен жоспарлаудың ақпараттық жүйелерін жетілдіру мақсатында Тұжырымдамада Су ресурстары және ирригация министрлігі жанынан су ресурстарының Ақпараттық-талдау орталығын құру көзделеді.

Сонымен қатар су саласын цифрландыру – шұғыл шараларды талап ететін өте маңызды мәселе. Цифрландыру бағыты бойынша Су ресурстары және ирригация министрлігі «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясымен бірлесіп, су ресустарының интерактивті геоақпараттық платформасын әзірлеп жатыр. Бұл өз кезегінде бірынғай су кадастры бойынша су нысандарының деректері, гидротехникалық ғимараттар, су бассейні және учаскілері, гидропосттар, ғарыштық мониторинг жүргізуге электрондық форматтағы паспортты көруге мүмкіндік береді және су шаруашылығы субъектілерінің есебін автоматтандырады. Бұл ақпараттық жүйе 2024 жылдың 3-тоқсанында өндірістік пайдалануға беріледі. Сонымен қатар Тұжырымдамада 3,5 мың шақырымнан астам каналдарды цифрландыру және суару жүйелерінің есебін автоматтандыру жоспарланғанын атап өту маңызды.

Төртінші тәсіл – экологиялық жағдайды жақсарту. 

«Климаттың өзгеруіне және антропогендік әсерлерге байланысты өзендердің таяздануы, көлдердің, Арал және Каспий теңіздерінің деңгейінің төмендеуі сияқты экологиялық мәселелер бәрімізге белгілі. Осыған байланысты Көкарал бөгетін сақтау, өзен атырауларын қалпына келтіру сияқты тиімді шараларды іске асыру арқылы табиғи су объектілерін сақтау және қалпына келтіру маңызды», — деді Нұржан Нұржігітов.

Сонымен қатар шағын өзендерді оңалту, табиғатты қорғау су жіберулерін жүргізу, иесіз өздігінен төгілетін гидрогеологиялық ұңғымаларды кранизациялау және жою бойынша әдістемеліктер әзірленетін болады. Сондай-ақ Тұжырымдамада су ресурстарын ұтымды пайдалану үшін суармалы жерлердің мелиорациялық жай-күйін жақсарту көзделген.

Жалпы 2030 жылға қарай Арал-Сырдария су шаруашылығы бассейніндегі су ресурстарына жүктеме деңгейін 57,2%-дан 53,2%-ға дейін және Шу-Талас су шаруашылығы бассейніндегі жүктеме деңгейін 56,8%-дан 52,8%-ға дейін төмендеуі күтіледі. 

Бесінші тәсіл – трансшекаралық ынтымақтастықты дамыту. Географиялық ерекшеліктеріне байланысты Қазақстанның сегіз су шаруашылығы бассейнінің жетеуі – трансшекаралық. Соның салдарынан Қазақстан негізінен көрші елдердің су шаруашылығы саясатына тәуелді. Осыған байланысты Арал-Сырдария, Жайық-Каспий, Шу-Талас, Балқаш-Алакөл су шаруашылығы бассейндері, ең азы Тобыл-Торғай және Ертіс су шаруашылығы бассейндері неғұрлым осал саналады.

География және су қауіпсіздігі институтының деректері бойынша 1960 жылмен салыстырғанда Қазақстан аумағындағы орташа көпжылдық өзен ағыны 12,5 шаршы шақырымға азайды. Оның ішінде жалпы көлем қысқаруының 9 шаршы шақырымы немесе 72%-ы жергілікті өзендердің үлесіне, ал трансшекаралық өзендердің үлесіне 3,5 шаршы шақырымы немесе 28%-ы келеді. Осыған байланысты трансшекаралық ағынды азайтудың ықтимал үрдісін ескере отырып, 2030 жылға дейін трансшекаралық ынтымақтастықты дамыту су қатынастары саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі аспектілерінің біріне айналуы тиіс.

«Трансшекаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту шекаралас мемлекеттермен трансшекаралық су ағындарын бірлесіп пайдалану, қорғау туралы жаңа екіжақты және көпжақты шарттық базаны құруды және қолданыстағы шарттарын жетілдіруді талап етеді», — деді су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Мемлекетаралық су қатынастарын дамыту үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Трансшекаралық су объектілерін бірлесіп басқару және пайдалану туралы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы трансшекаралық өзендерде су бөлу туралы келісімдерге қол қою Тұжырымдамада көзделген.

Халықаралық су ынтымақтастығының маңызды құрамдас бөлігі – Орталық Азияның су-энергетикалық ынтымақтастығы тетігін әзірлеу. Сондай-ақ трансшекаралық су объектілерін пайдалану және қорғау жөніндегі келіссөздер тобы мүшелерінің құзыретін күшейту, сондай-ақ арнайы департамент құру жоспарланып отыр. 

Айта кету керек, «Халықаралық су ағындарын кеме қатынасынан басқаша пайдалану түрлерінің құқығы туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заңның жобасы Мәжілісте қаралып, Сенат қарауына еңгізілді. Конвенция – трансшекаралық өзендер мен көлдерді және олармен байланысты жерасты суларын бүкіл әлемде тең құқықты және тұрақты басқаруға ықпал ететін жаһандық құқықтық механизм. Қазіргі уақытта Конвенцияның қатысушысы – 37 мемлекет. Қазақстанмен көршілес елдердің ішінде тек Өзбекстан Республикасы Конвенцияның мүшесі.

Алтыншы тәсіл – нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру, ғылыми-әдістемелік құжаттамамен қамтамасыз ету. Бүгінгі таңда су саласындағы нормативтік-құқықтық база қоғам мен мемлекеттің қазіргі талаптарына және сұраныстарына жауап бермейді. Жаңа Су кодексінің жобасы – Парламент Мәжілісінде қаралуда.

Сонымен қатар заманауи құқықтық, экономикалық, сондай-ақ елдегі экологиялық қатынастарға сәйкес:

  1. Су ресурстарын кешенді пайдалану мен қорғаудың бассейндік схемаларын жаңарту керек.
  2. Судың «қара нарығын» жою жөніндегі, оның ішінде су заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілікті заңнамалық деңгейде қатаңдату арқылы шараларды күшейту керек.
  3. Жеке тұлғалардың, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің және кәсіпорындардың суды тиімді тұтынуын ынталандыратын су тұтыну мен тартудың кеңейтілген нормаларын жаңарту керек.

Оған қоса Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Су ресурстары және ирригация министрлігі «Каспий теңізінің Қазақ ғылыми-зерттеу институты» КеАҚ құрды, тиісті Үкімет қаулысы қабылданды.

Министрлік су шаруашылығы құрылыстарын басқару жүйесін жетілдіру мақсатында «Нұра топтық су құбыры» РМК-ны «Қазсушар» РМК-мен біріктіру жұмыстары жалғасуда, Үкімет отырысында тиісті қаулы жобасы қаралды, ал Ұлттық гидрогеологиялық қызметті құру жұмыстары жалғасуда.

Жетінші тәсіл – су саласындағы кадрлық қамтамасыз ету. Су ресурстарын басқарудың барлық деңгеінде білікті кадрлар мен жас мамандардың тапшылығы байқалады.

Министрдің мәліметінше, су саласы үшін кадрлар даярлау «Гидромелиорация», «Гидротехникалық құрылыс және су ресурстарын басқару», «Сумен жабдықтау және су бұру» және «Су ресурстары және су пайдалану» білім беру бағдарламаларының топтары аясында су ресурстары және су пайдалану бакалавр мамандарын шығаратын жеті жоғарғы оқу орнында жүзеге асырылады.

«Осы жылдан бастап Су ресурстары және ирригация министрлігі жоғарғы оқу орындары студенттердің кәсіптік практикадан тікелей ведомстволық бағынысты ұйымдардағы өндірісте өтуге, сондай-ақ одан әрі жұмысқа орналасуға мүмкіндік беретін ынтымақтастық туралы меморандумдар жасасуды жоспарлап отыр», — деді Нұржан Нұржігітов.

Сонымен қатар биыл су шаруашылығы ұйымдарының 450-ге жуық маманы мамандандырылған орталықтар жанынан біліктілікті арттыру курсынан өтеді. Су саласы мамандарының біліктілігін арттыру қағидалары әзірленді.

Су ресурстары және ирригация министрлігінің жанынан су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су тарту және ирригация саласындағы кәсіптік біліктіліктер жөніндегі салалық кеңес құрылды. Оның ережесі және кәсіби стандарттарды өзектендіру бойынша жұмыс жоспары бекітілді. Жаңартылған кәсіби стандарттар негізінде жоғарғы оқу орындары су саласы мамандарының кадрларын даярлауда білім беру бағдарламаларын жаңартатын болады.

Осылайша, Тұжырымдаманың негізгі мақсаты – елдің су ресурстарын сақтау және ұтымды пайдалану мәселелерін шешу, экономика салалары мен қоршаған ортаның қажеттілігін қамтамасыз ету.

«Тұжырымдама 60 іс-шараны көздейтін Іс-қимыл жоспарына сәйкес жүзеге асырылатын болады. Ауқымды және бастапқы кезектегі іс-шараларды іске асыру 2030 жылға қарай 10 текше шақырымға дейін су жинауға және үнемдеуге, сондай-ақ суармалы жерлердің аумағын 2,5 млн гектарға дейін жеткізуге мүмкіндік береді», — деді су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив