Cемей-4°С
Ауа-райы
  • Абай2°С
  • Аягөз-5°С
  • Ақсуат-3°С
  • Бородулиха-5°С
  • Қалбатау-4°С
  • Курчатов7°С
  • Көкпекті-3°С
  • Үржар4°С
516.86 598.68 6.58

Абай облысында білім беру жүйесін дамытуға қатысты негізгі міндеттер талқыланды

Бүгін, 12:00 Думан Кенжеғазыұлы

Дөңгелек үстел барысында өңірдегі білім беру ұйымдары мен жоғары оқу орындарының өкілдері қазіргі заманның талаптарына сай болу және бәсекеге қабілетті адами капитал қалыптастыру үшін білім беру жүйесіне қандай өзгерістер қажет екенін талқылады.

Абай облысында өткен отырыста отандық білім беруді дамытудың перспективалары сөз болып, мамандар оқыту тәсілдерін жаңарту, педагогтердің рөлін күшейту және оқу инфрақұрылымын модернизациялау қажеттілігіне назар аударды. Қатысушылар жаңа мамандар даярлау сапасы білім беру ұйымдарының жаһандық өзгерістерге қаншалықты жедел бейімделіп, ғылыми-технологиялық жетістіктерді тиімді пайдалануына тікелей байланысты екенін атап өтті.

Абай облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің директоры Жадыра Мұратбекова іс-шараны аша отырып, қоғам дамуының негізгі алғышарты – білім мен ғылым әлеуетін тұрақты түрде арттыру екенін жеткізді.

– Білім беру кез келген мемлекеттің табысты дамуының маңызды құрамдас бөлігі саналады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында білім саласына ерекше көңіл бөліп, оны стратегиялық бағыт ретінде атап өтті. Ол сондай-ақ Қазақстан дамыған мемлекет болу үшін өскелең ұрпаққа сапалы білім беру қажет екенін баса айтты, – деді Жадыра Мұратбекова.

М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледждің директоры Шағангүл Жанаева бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – білім беру мен тәрбиелеу үдерісі екенін атап өтті.

– Бұл мәселенің өзектілігі – біздің халықаралық қауымдастықтың бір бөлшегі болуымызбен байланысты. Мемлекет басшысы Жолдауында білім сапасын арттырудың маңыздылығына ерекше тоқталды. Біз ғылым мен техниканың барлық заманауи жетістіктерін тиімді пайдалануымыз керек, әлемнен қалыс қалмауымыз қажет. Біздің өңір – мемлекеттің рухани орталығы. Абай облысында заманауи мектептер тек қалада ғана емес, аудандарда да салынып жатыр. Қазіргі мектеп тек инфрақұрылым мен ғимарат емес, ол – педагогтардың сапасы. Әрбір ұстаз өз пәнін жетік білуімен қатар, заманауи дағдыларға ие болуы тиіс. Себебі білім стандарттары да, педагогикалық қызметтің өзі де айтарлықтай өзгерістерге ұшырауда, – деді Шағангүл Жанаева.

Спикердің айтуынша, педагогтардың кәсібилігімен қатар, әрбір оқу орнының материалдық-техникалық базасы да аса маңызды.

– Айқын мысалдың бірі – оқулықтардың мазмұны. Біз бұл бағытта да дамуды жалғастыруымыз қажет. Білім мен ғылымның мызғымас негізі – тәрбие екенін ұмытпауымыз керек, – деп толықтырды ол.

Alikhan Bokeikhan University проректоры Айрат Базенов бүгінгі күні қазақстандық мамандардың сұранысқа тек ел ішінде ғана емес, шетелде де ие екенін атап өтті.

– Біздің азаматтар Google, Meta, Space секілді ірі компанияларда жұмыс істеп жүр. Бұл біз үшін үлкен мақтаныш. Алайда бұл жетістікпен шектеліп қалмауымыз керек. Облыста дарынды балаларға арналған жекеменшік мектептер көбейіп жатыр. Бұл өте маңызды, себебі қазіргі жағдайда балаға тек білім беру жеткіліксіз – оның бойында сыни және креативті ойлау қабілеттерін дамыту қажет. Осындай дағдылар қазіргі заманауи тұлғаның ажырамас бөлігі. Дәл осындай азаматтар елді алға жетелейтін негізгі күш. Алдымызда көптеген мүмкіндіктер ашылып жатыр, инфрақұрылым мен өндіріс қарқынды дамуда. Бірақ біздің ең басты байлығымыз – адами капитал болып қала береді, – деп атап өтті Айрат Базенов.

Спикердің айтуынша, жаһандық мәселелерді шешудің бастауы – ең қарапайым мектептерде жатыр.

– Біз жаһандық проблемаларды шешу үшін білім, күш, жігер керек дейміз. Бірақ негізгі шешім дәл сол қарапайым мектептерде, оның ішінде ауыл мектептерінде екенін естен шығарып аламыз. Дәл сол жерде біздің адами капитал қалыптасады. Егер ол дұрыс дамыса, жаһандық мәселелер өздігінен шешімін табады, – деді Айрат Базенов.

Дөңгелек үстел барысында қатысушылар білім беру жүйесін одан әрі дамыту жөніндегі өз пікірлерін ортаға салды.

Alikhan Bokeikhan University кафедра меңгерушісі Аман Рахметуллин қазіргі таңда мемлекет педагогикалық мамандықтарды таңдайтын жастарды қолдайтынын айта келе, болашақ мұғалімдердің әрқайсысы өз таңдаған кәсібіне аса жауапкершілікпен қарауы тиіс екенін баса айтты.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив