Тамара Дүйсенова шағын жинақты мектептерді дамыту жөніндегі республикалық семинарға қатысты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында білім саласына ерекше басымдық берді. Жолдауда айтылған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында ел өңірлерінде аталған салада іргелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен барған ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова осы бағытта өңірде атқарылып жатқан іс-шаралармен танысты.
Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектеп-лицейінде өткен кездесуде вице-премьерге білім нысандарындағы цифрлық бағытта атқарылып жатқан істер туралы айтылды. Олар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және мектеп асханаларында тамақтануды ұйымдастыруға бағытталған. Мемлекет басшысы келесі жылдан бастап «әлеуметтік әмиян» тетігін енгізуді тапсырған болатын. Бұл жұмыс та аймақтарда белсенді іске асырылып жатыр. Ақтөбеде «әлеуметтік әмиян» тетігін бірінші кезеңде 68 мектепте енгізу жоспарланып отыр.
Президент Жолдауында балалардың мектепке дейінгі тәрбиесіне де ерекше көңіл бөлінді. Балалардың мектепке даярлығын қамтамасыз ету үшін балабақшалар мен бастауыш сынып бағдарламасын үндестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар түрлі себептермен балабақшаға бармайтын балаларға кеңес беру орталықтары да ұйымдастырылған.
Тамара Дүйсеноваға балаларды мектепке дейінгі мекемелерге кезекке қою, оны есепке алу жүйесі таныстырылды. Жолдауда қойылған міндеттерді іске асыру аясында жан басына шаққандағы қаржыландыру стандартын отбасының нақты табысымен байланыстыру бағытында қаржылық модельді қайта іске қосу қарастырылған. Сондай-ақ балабақшаларды таңдаудың жаңа ваучерлік механизмін енгізу жоспарлануда. Бүгінде бұл механизм Таразда пилоттық режимде жұмыс істеп жатыр. Бұл тетік бойынша кезек балабақшалардағы орынға байланысты емес, жергілікті бюджеттен бөлінген ваучер бойынша қалыптасады. Яғни, ваучер алған ата-аналар барлық талаптарға сай, бос орындары бар балабақшаларды таңдай алады. Осылайша, «ақша көрсетілетін қызметті алушыға тиесілі» қағидаты жүзеге асырылады. Бұл механизмді республика бойынша іске асыру жоспарлануда.
Облыс педагогтерімен жүздескен вице-премьер Қазақстанда АЭС салу тақырыбына да тоқталды.
«6 қазанда атом электр стансасы құрылысына қатысты референдум өтеді. Қоғам арасында түрлі пікірлер айтылуда. Бұл мәселеге әлеуметтік сала тұрғысынан қарайықшы. Қазір елімізде 8 мыңға жуық мектеп, 6 мыңдай әр түрлі медициналық ұйым, 10 мыңға тарта мектепке дейінгі мекеме бар. Олардың қатары өсе береді, сәйкесінше, электр энергиясына деген сұраныс арта бермек. Меніңше, атом электр стансасынан қорқудың қажеті жоқ. 1959 жылдан бері Алматы қаласында Ядролық физика институты жұмыс істеп келеді. Онда реактор орнатылған. Оның көмегімен ғылыми жұмыстар жасалуда. Бүгінге дейін оған қатысты еш шағым болған жоқ. Азаматтар белсенділік танытып, алдағы референдумға қатысуы тиіс», — деді Тамара Дүйсенова.
Сондай-ақ, вице-премьер жоғары политехникалық колледжде болды. Мұнда дуалды оқыту әдісі белсенді түрде қолданылып келеді. Одан бөлек, әзірленген цифрлық өнімдер сатылып келеді. Тамара Дүйсенова колледж студенттерімен тілдесіп, пікір алмасты.
Өңірге сапары аясында Тамара Дүйсенова ауылдық шағын жинақты мектептерді дамыту жөніндегі республикалық семинарға қатысты.
Семинар өтетін орын ретінде Ақтөбе кездейсоқ таңдалған жоқ. Облыста шағын жинақты мектептердің білім сапасы мен жабдықталу деңгейін арттыру бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылып жатқаны белгілі.
«Бұл жоба біз үшін өте маңызды. Өйткені еліміздегі мектептердің 67 пайызы ауылдық жерлерде. Олардың жартысынан астамы — шағын жинақты мектептер. Жоба аясында ауыл мектептерінің материалдық-техникалық базасын жақсарту, оқушылардың заманауи сапалы білімге қолжетімділігін қамтамасыз ету, шағын жинақты мектептерге үздік педагогикалық кадрларды тарту қарастырылған», — деп атап өтті Тамара Дүйсенова.
Аталған жобаны жүзеге асыруға құзырлы министрлік пен облыс әкімдігінен бөлек, «Қазақстан халқына» қоры, білім беруді тұрақты дамыту қоры, сондай-ақ цифрлық білім беру платформаларына иелік ететін ұйымдар қатысуда. Барлығы бұл жобамен 134 мектеп қамтылып отыр. Жоба аясында бірнеше оқыту тәсілдері сынақтан өткізілді. Сабақтар үшін тірек мектептерінің мұғалімдері стримингті оқытудың цифрлық шешімдерін пайдаланды. Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде 113 мектеп әмбебап кабинеттермен, 21 мектеп жаратылыстану және цифрлық кабинеттермен жабдықталды. Бірлескен жұмыстың арқасында мектептерді әдістемелік қамтамасыз ету, мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру, ең бастысы, шағын жинақты мектептерде білім сапасының артуы қамтамасыз етілді.
Тамара Дүйсенова пилоттық жобаның нәтижелерін жоғары бағалады.
«Бұл жобаны кеңейте түсу керек. Біріншіден, шағын жинақты мектептер көп аймақтарда көбірек іске асыру керек. Біздің басты мақсатымыз – барлық балаларға сапалы білім беру. Осы пилотты жобаны жүзеге асыруға атсалысқандардың барлығына алғыс айтқым келеді», – деп атап өтті Тамара Дүйсенова.