Шалғай жатқан Кіндікті ауылында биыл интернет мәселесі шешімін табады
Облыс әкімі Берік Уәли Ақсуат ауданының Кіндікті ауылына келіп, әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралады.
Кіндікті аудан орталығынан 120 шақырым жерде орналасқан. 700-ге жуық халық тұрады.
Аймақ басшысы әуелі Кіндікті ауылындағы жаңадан бой көтерген фельдшерлік-акушерлік пунктте болды. Нысан «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынған.
Қазіргі уақытта ауылдағы дәрігерлер 1962 жылы салынған медициналық пунктте жұмыс істеуде. Мұнда 775 тұрғын тіркелген. Сол мекемеде еңбек етіп келген 6 қызметкер енді жаңа ғимаратқа көшеді.
Облыс әкімі замануи құралдармен жабдықталған медициналық мекемені аралап көрді. Денсаулық сақтау басқармасына фельдшерлік-акушерлік пунктті тезірек іске қосуды тапсырды.
Аймақ басшысы Ғани Мұратбаев атындағы орта мектептің де жұмысымен танысты. Білім ордасының негізі 1965 жылы қаланған. Қазіргі мектеп ғимараты 2013 жылы салынған. Мұнда 38 педагог жұмыс істейді. 125 оқушы білім алуда. Сонымен қатар, мектепке дейінгі даярлық сыныбында 10 бала тәрбиеленуде. Оқу орны қажетті оқулықтармен және әдістемелік құралдармен толық қамтамасыз етілген.
Облыс әкімі осы жерде ауыл ақсақалдарымен, мұғалімдермен кездесті. Елді мекен тұрғындары ауылға интернет тарту, жолды жөндеуге қатысты мәселелерді көтерді.
Аймақ басшысы аудандағы өзекті мәселелер кезең-кезеңімен шешілетінін, қазірдің өзінде бірқатар жұмыстардың басталып кеткенін айтты.