Абай облысының мектептеріне 10 жаңа автобус табысталды
Республика күні қарсаңында облыс әкімі Берік Уәли қалалар мен аудандардың мектептеріне жаңа автобустардың кілтін салтанатты түрде табыстау рәсіміне қатысты.
Семей қаласындағы Қарағайлы ықшам ауданында өткен салтанатты рәсімде аймақ басшысы жиналғандарды Республика күнімен құттықтап, балалардың сапалы білім алуына жағдай жасау мен олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды міндеттің бірі екенін атап өтті.
Мұғалімдер мен ата-аналар жаңа автобустарға өз ризашылықтарын жеткізді.
Жаңа автобустар отандық өндірістен шыққан, балаларды тасымалдауға арналған «ПАЗ-32053-70» маркалы шағын класты көліктер. Әр автобуста 23 жолаушыға арналған орын бар. Көліктер балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қажетті жабдықтармен қамтылған. Атап айтқанда, орындықтар төрт нүктелі қауіпсіздік белдіктерімен жабдықталған. Сондай-ақ, автобустарда пневматикалық тежеу жүйесі, жолаушылар салонын жылыту жүйесі, балалардың мінуі мен түсуін бақылауға мүмкіндік беретін жарықтандырылған есік ойықтары қарастырылған.
Бұдан бөлек, автобустарға екі дәрі қобдишасы, екі өрт сөндіргіш, апаттық белгі, GPS жүйесі және бейнетіркеу құралдары орнатылған. Көліктер сары түске боялып, алдыңғы, артқы және бүйір бөліктеріне балаларды тасымалдауға қатысты арнайы белгілер мен жазулар орналастырылған. Жүргізушіге арналған белгі беру батырмасы да қарастырылған. Техникалық сипаттамаларға сәйкес, автобустардың ұзындығы – 6,9 метр, ені – 2,5 метр, биіктігі – 2,96 метр.
Жаңа автобустар Семей қаласымен қатар, Аягөз, Үржар, Ақсуат, Бесқарағай, Жарма, Көкпекті, Бородулиха және басқа да аудандардың мектептеріне беріледі. Бұл ауылдық жерлер мен шалғай елді мекендердегі оқушылардың мектепке қатынауын жеңілдетіп, олардың қауіпсіз әрі қолайлы жағдайда білім алуына септігін тигізеді.





