Ақсуат ауылында 300 орындық жаңа мектеп салынады
Облыс әкімі Берік Уәли Ақсуат ауданына жұмыс сапары барысында елді мекеннің ақсақалдарымен бірге Ақсуат ауылындағы 300 орындық жаңа мектептің құрылыс алаңын көрді.
Жаңа білім ордасы былтыр басталып, тоқтап қалған мектептің құрылысының орнына салынады.
Мектеп толық іске қосылғанда ауданның білім саласының инфрақұрылымы айтарлықтай жақсарады. Қазір Ақсуат ауданында 3956 оқушы білім алатын 19 мектеп жұмыс істейді.
Аудан орталығында екі мектеп бар. Екі білім ордасының оқушылары екі ауысыммен білім алуда. Ауыл ақсақалдары аудан орталығында үшінші мектептің салынатынына ризашылықтарын жеткізді.
Аймақ басшысы жаңа мектеп Ақсуат ауылындағы орын тапшылығы мәселесін шешуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Ақсуат ауылдық қоғамдастығының төрағасы Сәбит Жәлелбеков аудан орталығын дамыту бағытындағы жұмыстарды ерекше атап өтті.
Облыс әкімі Екпін ауылындағы қабылдау үйінің ашылу салтанатына қатысты. Елді мекен тұрғындарымен кездесіп, ауылдағы апатты жағдайдағы мектептің орнына жаңа мектеп салынатынын, сондай-ақ дене-шынықтыру сауықтыру кешені бой көтеретінін айтты.