Cемей-12°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
498.34 519.72 4.85

А. Ертаев Көші-қон саясаты тұжырымдамасының іске асырылуы туралы хабарлады

20-09-2024, 13:10 Думан Кенжеғазыұлы

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстандағы ағымдағы көші-қон жағдайы және 2023-2027 жылдарға арналған көші-қон саясаты тұжырымдамасының іске асырылу барысы туралы айтты.

«2024 жылы сыртқы көші-қонның оң динамикасы байқалады. Көші-қонның оң сальдосы екі жыл бойы сақталып келеді. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша көші-қон сальдосы +7,3 мың адамды құрады. Елге 14 мың адам келіп, 7 мың адам шықты. Елдердің бөлінісі бойынша көші-қон өсімі негізінен ТМД мен Қытай Халық Республикасына тиесілі болып отыр.

Оң сальдо білім деңгейі бойынша да байқалады, елден шыққан адамдарға қарағанда елімізге білімді адамдар көптеп келген. Бұдан басқа, техникалық мамандықтар бойынша +686 адам, педагогикалық мамандықтар бойынша +215 адам, экономикалық мамандықтар бойынша +203 адам келіп оң сальдо қалыптасты», – деді Асқарбек Ертаев.

Вице-министр сондай-ақ ішкі көші-қонда еңбек мобильділігі шеңберінде белсенділіктің өсуі байқалатынын атап өтті.

«Ел ішінде қоныс аударушылар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,7 есе өсті. 2024 жылғы қаңтар-маусымда ішкі көші-қонға 688 мың адам қатысты, оның ішінде 307 мың адам өңіраралық қоныс аударуға қатысты.

Мегаполистер ішкі мигранттарды тарту (50%) орталықтары болып қала береді. Мәселен, осы отырған кезеңде Астана қаласына 64 мыңнан астам адам, Алматы қаласына – 60 мың адам, Шымкент қаласына – 31 мың адам тұрақты тұруға келді», – деп толықтырды ол.

Заңнамалық өзгерістер туралы айта келе, Асқарбек Ертаев Мемлекет басшысы осы жылдың 16 мамырында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі салаларындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойғанын айтты.

Құжат 6 негізгі новелланы қарастырады. 

Біріншісі – ауыл шаруашылығына арналған жер учаскелерін алуда қоныс аударушылар үшін құқықтық жағдайлар жасау. Ендігі ретте қоныс аударушыларға жер учаскелері оны иеліктен шығару құқығынсыз ең төменгі мөлшерден аспайтын мөлшерде және конкурстан тыс тәртіппен 5 жылға дейінгі кезеңге уақытша қысқа мерзімді өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығымен беріледі. Бұл ретте тұрақты тұратын өңірдің ауысуы жер пайдалану құқығының тоқтатылуына әкеп соғады.

Екіншісі – ерікті қоныс аударуға қатысушыларға төленетін көшуге, тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды өтеуге, тұрғын үй сатып алуға арналған субсидияларды банктер мен басқа да қаржы ұйымдары алдындағы кредиттік міндеттемелер бойынша өндіріп алулардан қорғау жөніндегі нормалар бекітілген. Оларға тыйым салу, сондай-ақ шығыс операцияларын жасауға уақытша және басқа шектеулер қойылмайды.

Үшіншісі, Егер этникалық қазақтың жеке басын куәландыратын құжатта ұлты көрсетілмесе, этникалық қазақтың ұлтын айқындау бөлігінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне және жергілікті атқарушы органдарға тиісті құзырет бекітілді.

Төртінші – қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына қандастардың жесірлері мен олардың ортақ балаларын қосу мүмкіндігі қарастырылған.

Бесінші – ғылыми дәрежесі бар этникалық қазақтар үшін ғылыми жұмыстарды жүргізу қажет болған кезде қоныс аударуға алынған мемлекеттік қолдау шараларын қайтарусыз және өтеусіз өңірлер бойынша дербес көші-қон мүмкіндігі ұсынылды.

Алтыншы – еңбекші көшіп келушілерге өздерінің өтініштері бойынша 1 айдан 12 айға дейінгі мерзімге еңбек рұқсатын алуға мүмкіндік берілді.

Сонымен қатар, вице-министр Көші-қон саясаты тұжырымдамасының негізгі бағыттары туралы хабарлады.

«Бизнес-иммиграция» бағыты бойынша инвестициялық ахуалды жақсарту үшін Инвестициялық штабтың дербес жауапкершілігі белгіленді. Бұдан басқа, Қазақстанда кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру мақсатында бизнес-иммигранттарды тарту бойынша әдістемелік ұсынымдар бекітілді.

«Қазақстандық қызметкерлердің білімін трансферттеу және біліктілігін арттыру мақсатында сұранысқа ие шетелдік мамандарды тарту бойынша бірқатар кешенді шаралар қабылдануда. Шетелдіктердің Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алуы үшін талап етілетін кәсіптердің тізбесі кеңейтілді. Ғылым, білім, денсаулық сақтау, өнеркәсіп, IT, спорт және мәдениет, басқа да бағыттар саласында сұранысқа ие мамандықтардың рейтингін қалыптастыру мақсатында Кәсіптер тізілімін қалыптастыру, өзектендіру және жүргізу қағидалары бекітілді», – деді Асқарбек Ертаев.

Этникалық көші-қонды реттеу шеңберінде тарихи Отанына қоныс аударған этникалық қазақтар үшін бес бағыт бойынша мемлекеттік қолдаудың жаңа тетіктері іске асырылуда.

Қандастарды қоныстандыруды реттеу үшін аймақтар бойынша саралай отырып, өңірлер (аудандар мен елді мекендер бойынша) бөлінісінде қоныстандырудың интерактивті картасы әзірленді.

Жергілікті атқарушы органдар Үкімет айқындаған қоныстандыру өңірлерінде бейімделу және интеграция орталықтарын құру жөнінде шаралар қабылдайды.

Қазақстаннан келген еңбек мигранттарының еңбек және әлеуметтік құқықтарын қамтамасыз ету үшін Түркия, БАӘ, АҚШ, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Израильмен келісімдер жасасу жұмыстары жалғасуда. Олар осы елдердегі біздің республика азаматтарының еңбек қызметі мәселелерін реттейді.

«Бүгінгі таңда Қазақстан Үкіметі мен Катар Үкіметі арасындағы осы мемлекетте біздің республикамыздың азаматтаврын жұмысқа орналастыруды реттеу туралы келісімге қол қою туралы Үкіметтің қаулысы қабылданды.

Қазақстан азаматтарының шетелдегі еңбек қызметін ұйымдастыру бөлігінде жеке жұмыспен қамту агенттіктерінің қызметін реттеу тетіктері қайта қаралуда.

Жетісу, ШҚО және Түркістан облыстарында қазақстандықтарды алдын ала оқытуға арналған орталықтар құрылды. Орталықтардың негізгі міндеті – тілдік курстар өткізу, шетелде жұмысқа орналасқысы келетін кандидаттардың кәсіби біліктілігін арттыру», – деп атап өтті Асқарбек Ертаев.

Қоныс аударушылар мен қандастарды ынталандырудың оңтайлы моделін құру мақсатында оларды солтүстік өңірлерде бейімдеу мен интеграциялаудың жаңа алгоритмі әзірленді. Қоныс аударушылар мен қандастарға бейімдеу және интеграциялық қызметтер көрсету жөніндегі ережелер әзірленді.

Үкімет айқындаған қоныстандыру өңірлеріне қоныс аударған тұлғаларға тұрғын үй құнының 50% өтеу үшін экономикалық мобильділік сертификаты ұсынылады.

Еңбек күші тапшы өңірлерге қоныс аударуды ынталандыру бойынша өңірлік жол карталары іске асырылуда.

Сөз соңында вице-министр көші-қон процестерін реттеу жүйесін цифрландыру басым бағыттардың бірі болып табылатынын атап өтті.

«Келу мақсатына қарамастан Қазақстанға келетін шетелдік азаматтардың бірыңғай есебін, сондай-ақ көші-қон ағындарының мониторингі мен бақылауын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін migration.enbek.kz порталы әзірленді. Жұмыс кезең-кезеңмен жүргізілуде. Бүгінгі таңда 6 қызмет іске асырылды, 1 қазанға дейін көші-қон саласында тағы 3 қызмет, ал 2025 жылдың басынан бастап тағы 4 қызмет іске қосылады.

Осы шаралардың барлығы «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін мигранттардың қозғалысын есепке алудың бірыңғай ақпараттық жүйесін құруды көздейді», – деп түйіндеді Асқарбек Ертаев.

Өз кезегінде ҚР ЕХӘҚМ Көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Ерболат Абулхатин Көші-қон саясаты тұжырымдамасының практикалық іске асырылуы туралы баяндады.

«Бүгінде 57 этникалық қазақ «Ата жолы» картасын алды. Оның ішінде 31-і сұранысқа ие мамандық иелері, ал 26-сы кәсіпкерлер, сонымен қатар коммерциялық секторда шетелдік мамандарды тартуға 10,7 мыңнан астам рұқсат берілген. Жеке тұлғалардың үйінде жұмыс істеу үшін еңбек мигранттарына 281 мыңға жуық рұқсат берілді. Биылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша елге 12 325 қандас келді, оның негізгі бөлігі ҚХР мен Өзбекстаннан болып отыр.

Сондай-ақ, халықтың еңбек мобильділігін арттыру шеңберінде еліміздің еңбек күші тапшы өңірлеріне қоныс аударуды ынталандыру бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. 2024 жылы еңбек ресурстары тапшы өңірлерге 6 148 адам немесе 1 769 отбасы қоныс аударды. Тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін қоныс аударушылардың отбасыларына 2,7 млрд теңге сомасына 663 экономикалық мобильділік сертификаты берілді», – деді ол.

Сонымен қатар, Ерболат Абулхатин шетелде жұмыс істейтін Қазақстан азаматтарының құқықтарын қорғау шаралары және босқындармен жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді.

Бүгінгі таңда кәсіптік дағдыларды арттыру курстарынан, тілдік курстардан өту үшін объектілер айқындалды, бірыңғай тарифтер бекітілді және ізденушінің кәсіптік және тілдік даярлық орталықтарында даярлықтан өтуінің қадамдық алгоритмі айқындалды.

2024 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша елде пана іздеген 368 адам мен 310 босқын тұрады, басым көпшілігі Алматы қаласында қоныстанған.

ЕХӘҚМ мен БҰҰ БЖКБ арасында өзара түсіністік туралы меморандум жасалды.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив