Cемей5°С
Ауа-райы
  • Абай14°С
  • Аягөз17°С
  • Ақсуат16°С
  • Бородулиха18°С
  • Қалбатау19°С
  • Курчатов18°С
  • Көкпекті16°С
  • Үржар17°С
478.93 534.96 5.16

ҚР 2023-2027 жылдарға арналған көші-қон саясатының тұжырымдамасы 7 бағыт бойынша іске асырылады

26-01-2024, 17:26 Думан Кенжеғазыұлы

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитетінің төрағасы Асқарбек Ертаев ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Қазақстанда көші-қон саясатын іске асыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты.

Сөз басында Асқарбек Ертаев Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өткен жылы 2023 – 2027 жылдарға арналған көші-қон саясатының тұжырымдамасы (бұдан әрі – Тұжырымдама) әзірленіп, қабылданғанын және ол 7 бағыт бойынша жұмысты көздейтінін еске салды.

Тұжырымдаманың іске асырылу барысы туралы айтпас бұрын ол журналистерге елдегі қазіргі көші-қон жағдайы туралы хабарлады.

«2023 жылы 10 жылда алғаш рет сыртқы көші-қонда оң динамика байқалды. 2023 жылғы 1 желтоқсандағы көші-қон сальдосы +8,3 мың адамды құрады. Елге 23 мың адам келіп, 15 мың адам елден шықты. Елдер бөлінісінде көші-қон өсімі негізінен ТМД мен Қытайға тиесілі.

Білім деңгейі бойынша да оң сальдо байқалады, елден кеткен білімді адамдарға қарағанда, келгендердің үлесі басым болды.

Бұдан басқа, өткен жылдың 9 айында оң сальдо мамандықтар бойынша да байқалды, атап айтқанда техникалық мамандықтар бойынша +986 адамды, экономикалық мамандықтар бойынша +585 адамды, заң бойынша +222 адамды, педагогикалық және медициналық мамандықтар бойынша + 100-ден астам адамды құрады», – деді Асқарбек Ертаев.

Көші-қон комитетінің төрағасы сондай-ақ ішкі көші-қонда еңбек ұтқырлығындағы белсенділіктің өсуі байқалатынын атап өтті.

«Ел ішінде қоныс аударушылардың саны 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 26 %-ға өсті. 2023 жылғы қаңтар-қыркүйекте ішкі көші-қонға 733 мың адам, оның ішінде 338 мыңы облысаралық қоныс аударуға қатысты.

Мегаполистер (50%) ішкі мигранттарды тарту орталықтары болып қала береді. Мәселен, қаралып отырған кезеңде Астанаға 74 мыңнан астам адам (23%), Алматыға – 67 мың адам (19,9%), Шымкентке – 30 мың адам (8,9%) тұрақты тұруға келді», – деп толықтырды.

Тұжырымдаманы іске асыру туралы айта келе, Асқарбек Ертаев бірінші бағыт аясында Қазақстанға бизнес-иммиграцияны дамыту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.

«Сұранысқа ие мамандықтары бар немесе өз елдерінде бизнес-кейстерді табысты іске асырған этникалық қазақтарға Қазақстанда тұруға және бизнесті кеңінен қолдануға құқық беретін «Ата жолы» картасын алуға үміткерлердің географиясы тұрақты түрде кеңеюде. Бүгінгі күнде Ресей мен Моңғолия азаматтарымен бірге «Ата жолы» картасын алуға АҚШ пен Еуропалық Одақ елдеріндегі этникалық қазақтар да қызығушылық танытуда. Бүгінде «Ата жолы» картасын 44 этникалық қазақ алды. Оның 24-і сұранысқа ие мамандық иелері болса, ал 20-сы кәсіпкерлер», – деді Көші-қон комитетінің төрағасы.

Биыл еңбек иммиграциясы бойынша шетелдік жұмыс күшін (бұдан әрі – ШЖК) тартуға 22 мың бірлік мөлшерінде квота белгіленді.

2023 жылы коммерциялық секторда шетелдік мамандарды тартуға 14 мыңнан астам рұқсат берілді. 296 мың рұқсат еңбекші мигранттарына жеке тұлғалардың үйінде жұмыс істеуі үшін берілді.

«Қазақстандық жұмыскерлердің білімін трансферттеу және біліктілігін арттыру мақсатында ШЖК тарту бойынша бірқатар кешенді шаралар қабылдануда. Мысалы, сұранысқа ие мамандықтары бар шетелдіктер үшін визалар мен тұруға ықтиярхат алудың жеңілдетілген тәртібі енгізілді. Корпоративішілік ауыстыру шеңберінде ШЖК тарту кезінде жұмыс берушінің ішкі нарықта кадрлар іздеуді жүргізу шарттары қайта қаралды. Шетелдік жұмыс күшін тартуға оның әрекетін бірнеше өңірге тарата отырып, бір рұқсат алу мүмкіндігі берілді», – деді Асқарбек Ертаев.

Келесі бағыт этникалық көші-қонды реттеуге қатысты. Өткен жылы елге 21 325 қандас келсе, оның ішінде еңбекке қабілетті жастағы 12 829 қандас, олардын бәрі бейімдеу және әлеуметтік қолдау, жұмысқа орналастыру шараларымен қамтылған.

«Құжаттарды қабылдау шетелдегі мекемелер немесе eQonaq мобильді қосымшасы арқылы іске асырылады. Шетелдегі мекемелер 2023 жылдың шілдесінен бастап «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейді. «Қандас» автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне 42 елшілік пен консулдық мекеме қосылған.

Сонымен қатар өткен жылдың қазан айынан бастап eQonaq мобильді қосымшасы арқылы «қандас» мәртебесін беруге өтініш беру қызметі іске қосылды. Бұл өтініштерді қарау процесін жеңілдетуге мүмкіндік берді», – деп хабарлады Көші-қон комитетінің төрағасы.

Ол сондай-ақ қандастарды қоныстандыру 5 бағыт бойынша жүзеге асырылатынын атап өтті. Осылайша, Қазақстанда сұранысқа ие мамандық иелері, өз бетінше жұмысқа орналасуға мүмкіндігі болса қандас мәртебесі беріліп, қоныстандыру үшін кез келген өңірге жіберіледі. Қазақстан азаматтары арасынан жақын туыстары бар адамдар туыстары тұрғылықты орналасқан өңірлерге қоныстануға жіберіледі. Сұранысқа ие мамандық және жақын туыстары болмаған жағдайда этникалық қазақтар мемлекеттік қолдау шараларын ала отырып, Үкімет айқындаған өңірлерге жіберіледі. Сондай-ақ, қандастар агломерациялар аумағына және ауылдық елді мекендерге және демографиялық дамуға қажеттілігі бар қалаларға жіберіледі. Қоныстандырудың бесінші бағыты Қазақстанның жоғары оқу орындарында оқитын этникалық қазақтар үшін көзделген.

«Келесі бағыт – Қазақстан азаматтарының шетелдегі құқықтарын қорғау. Қазіргі уақытта еңбек көші-қоны саласында 10 келісім қолданыста (ҚХР, Оңтүстік Корея, Вьетнам, ТМД елдері, Қырғызстан, Тәжікстан). Олар осы елдердегі қазақстандықтардың еңбек қызметі мәселелерін реттейді. Бұған қосымша біздің азаматтарымыздың шетелдегі еңбек және әлеуметтік құқықтарын қамтамасыз ету бөлігінде 8 жаңа үкіметаралық келісім әзірленді. Сондай-ақ, Қазақстанды Оңтүстік Кореяда жұмысқа орналасуға рұқсат беру жүйесіне қосу бойынша тиісті шаралар қабылдануда», – деді Асқарбек Ертаев.

Шығыс Қазақстан облысында Көшпелі оқыту орталығын құру жұмыстары басталды. Оның негізгі міндеті – Оңтүстік Кореяда жұмысқа орналасқысы келетін үміткерлерді тілдік курстарда оқыту, корей тілін білуге тестілеу, біліктілігін арттыру. Бұл жобаны іске асыру біздің азаматтарымызға олардың әлеуметтік және еңбек құқықтарын қорғау кепілдігімен Оңтүстік Корея аумағында 3 жылға дейін заңды түрде жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

«Сондай-ақ еліміздің еңбек күші тапшы өңірлеріне ішкі ұтқырлықты ынталандыру бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. 2023 жылы еңбек күші тапшы өңірлерге 8 903 адам немесе 2 558 отбасы қоныс аударды. Тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін шілде айынан бастап қоныс аударушылардың отбасыларына 5,1 млрд теңге сомасына 1 290 экономикалық мобильділік сертификаты берілді», – деді Төраға.

Қоныс аударушылар мен қандастардың көшуін ынталандырудың оңтайлы моделін құру мақсатында оларды солтүстік өңірлерде бейімдеу мен интеграциялаудың жаңа алгоритмі әзірленді. Алгоритм отбасын, оның ішінде балаларды толық сүйемелдеу бойынша 25 бейімделу және интеграциялық қызметтерді, сондай-ақ жергілікті қоғамдастыққа тиімді интеграциялау үшін әлеуметтік, медициналық және білім беру қызметтерін қамтиды. Қызметтерді қоныстандыру өңірлеріндегі Мансап орталықтарының қызметкерлері көрсететін болады. Отбасының цифрлық картасы және мобильді қосымша арқылы 5 жыл ішінде мониторинг жүргізіледі. Бұл тәсіл Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында жүргізілуде. Бүгінгі күнде пилоттық жобаға 242 адам қатысуда.

Асқарбек Ертаев босқындармен жұмыс туралы да баяндады. Оның мәліметінше, 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша елде 473 пана іздеуші мен 259 босқын тұрады.

«Ынтымақтастықты дамыту және нығайту мақсатында Еңбек министрлігі мен БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссарының басқармасы арасында өзара түсіністік туралы меморандум жасалды. Босқындар мәртебесі туралы конвенцияның нормаларымен ұлттық заңнама нормаларын имплементациялау бойынша жұмыс жүргізілуде. Босқындарға медициналық және әлеуметтік көмекке қолжетімділік беру бойынша ұсыныстар әзірленді.

Пана іздеп жүрген адамдардың жаппай келуі жағдайында уақытша қоныстану пункттерін және оларды қабылдау тәртібін айқындау жөніндегі тиісті ережелер бекітілді», – деді ол.

Сөз соңында Көші-қон комитетінің төрағасы көші-қон процестерін реттеу жүйесін цифрландыру басым бағыттардың бірі болып табылатынын атап өтті.

«Мигранттарды тіркеудің бірыңғай жүйесін енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. «Migration.enbek.kz» порталы құрылады, ол болу мақсатына қарамастан Қазақстанға келетін шетелдік азаматтардың бірыңғай есебін, сондай-ақ көші-қон ағындарының мониторингі мен бақылауын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін мигранттардың қозғалысын есепке алудың бірыңғай ақпараттық жүйесін құру көзделеді. Бұл мигранттарды цифрлық сәйкестендіруге, қажет болған жағдайда сапардың мақсаттарына қарамастан физикалық орналасқан жері мен қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді», – деп түйіндеді Асқарбек Ертаев.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив