Мәжіліс қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқығын қорғау туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады
Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Онда депутаттар қаржы нарығын дамыту және қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Ал ақпаратқа қол жеткізу туралы заңға енгізілетін түзетулерді екінші оқылымда қабылдады.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру мақсатымен қаржы нарығын дамыту және қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша заң жобасы әзірленді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, заң жобасы аясында Қазақстанда шетелдік банктердің филиалдарын ашуға қойылатын талаптарды ырықтандыру ұсынылып отыр.
– Осы мақсатта шетелдік банк ашуға рұқсат алу үшін қажетті құжаттар тізімін қысқарту көзделеді. Құжаттар саны шетелдік бас компанияның рейтингіне байланысты болады. Шетелдік инвесторларды көбірек тарту үшін филиалдар құру кезінде шетелдік банктің активтеріне қойылатын талаптар 20-дан 10 миллиард АҚШ долларына дейін қысқартылады. Шетелдік банктердің филиалдары үшін рұқсат етілген қызмет түрлері кеңейтіледі, – деді М.Әбілқасымова.
Сонымен бірге түзетулер қаржы нарығын, оның ішінде банк және сақтандыру салаларын, бағалы қағаздар нарығын және микроқаржы қызметін реттейтін заңдардағы нормаларды оңтайландыруды көздейді. Сондай-ақ сақтандыру нарығы мен бағалы қағаздар нарығын дамытуға бағытталған шаралар ұсынылады.
Бұдан бөлек заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі Ерлан Стамбеков қосымша баяндамасында Мәжіліс депутаттары қазақстандықтардың құқығын қорғауға бағытталған қосымша түзетулер енгізуді ұсынғанын атап өтті.
– Халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтарды қорғау мақсатымен кемінде үш ай мерзімге несиелер мен микрокредиттер беруді кейінге қалдыруды, сондай-ақ ай сайынғы төлемдерді 50 және одан да көп пайызға қысқартуды міндетті түрде қамтамасыз ету көзделген. Қарыз алушы жеке тұлғалардың құқықтарын қорғау үшін банктік несиелерді мерзімінен бұрын өтеу айыпақы өндіріп алу алынып тасталды. Шағын несиелер бойынша оны қайтармағаны үшін айыпақыларды қоспағанда, кез келген айыпақыны есептеуге тыйым салынады, – деді Е.Стамбеков.
Қаржылық қызметтердің қолжетімділігін арттыру мақсатымен мүгедектігі бар адамдар үшін кедергісіз және қолайлы орта құру талаптары да енгізіледі. Ал қарыз алушыларға түсетін жүктемені азайту үшін банктік несие немесе шағын несие шарттары бойынша сақтандыру агентінің комиссиялық сыйақысының ең жоғары мөлшері 10 пайызға дейін белгіленеді.
Талқылау барысында депутаттар жауапты Үкімет мүшелеріне заң жобасының нормалары бойынша сұрақтарын қойды. Нәтижесінде түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдау туралы шешім қабылданды. Оларды екінші оқылымға дайындау жұмыс тобында жалғасады.
Ақпаратқа қол жеткізу және қоғамдық қатысу, мемлекеттік наградалар және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері туралы заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі Ерлан Саиров аталмыш құжат аясында мемлекеттік органдардың халыққа қызмет көрсету сапасын арттырып, азаматтарға мемлекет жұмысының ашықтығын қамтамасыз ететін тетіктер болатынын атап өтті.
– Ақпаратқа қол жеткізу құқығын заңсыз шектегені үшін мемлекеттік органдардың жауапкершілігі күшейтіледі. Ақпаратқа қол жеткізу саласында мемлекеттік бақылау енгізіліп, ақпараттың ашықтығы презумпциясы және оны проактивті түрде тарату қағидалары бекітіледі. Мүгедектігі бар жандардың ақпаратқа қол жеткізуіне қажетті жағдай жасалады, – деді Е.Саиров.
Дауыс беру қорытындысы бойынша Мәжіліс депутаттары заңды екінші оқылымда қабылдап, одан әрі Сенаттың қарауына жолдады.
Бұдан бөлек Мәжіліс комитеттері бірқатар жаңа заң жобасын жұмысқа қабылдады. Олардың қатарында «Мәдениет туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу, нормашығармашылықты жетілдіру, денсаулық сақтау саласындағы нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық реттеуді болғызбау, инновациялық қызмет саласын мемлекеттік қолдау жүйесін жетілдіру, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы күрес туралы заң жобалары бар.
Жалпы отырыс соңында мәжілісмендер мемлекеттік органдарға өзекті әлеуметтік-экономикалық тақырыптар бойынша 17 депутаттық сауал жолдады. Олар Мәжілістің ресми сайты мен Telegram арнасында жарияланды.