«Қазақстандағы реформалар экономикалық өсуге, инфляцияға және азаматтардың табысына қалай әсер етеді»: Taldau Talks подкасының жаңа маусымы ашылды
Taldau Talks-тың жаңа YouTube арнасында подкастың жаңа маусымдағы жарияланымы жарық көрді. Бұл жолы сарапшылар –инфляцияны тежеу үшін Үкімет қабылдап жатқан шаралардың тиімділігін бағалап, талдамалық болжамдар жасады. Атап айтқанда, дағдарысқа қарсы шаралар, бюджеттік-салық реформасының тәуекелдері, әлеуметтік теңсіздікке байланысты қалыптасқан жағдай және Қазақстанның экономикалық дамуының басқа да қырлары талқыланды.
Талқылауға Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев бастамашы болды. Шақырылған меймандардың қатарында Ұлттық Банк Төрағасы Тимур Сүлейменов, Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин және экономист Айдархан Құсайынов бар.
Палата Спикері атап өткендей, жаңа экономикалық модель ішкі сұранысқа, әлеуметтік тұрақтылыққа және ұзақ мерзімді өсуге бағдарлануымен ерекшеленеді. Ол қабылданған шаралардың ішінен бензин мен дизель бағасын өсіруге мораторий жариялау, коммуналдық тарифтерді көтеруге тыйым салу, арнайы салық режімі бойынша шектеулерді алып тастау, ипотекалық бағдарламаларды қаржыландыру, ШОБ-ты қолдау сияқты нақты бастамаларды ерекше атап өтті. Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, бұл бағытта әрі қарай сапалы трансформация жүргізу үшін барлық мүдделі тарап үйлесімді жұмыс жүргізуі қажет.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен Үкімет азаматтардың мүдделерін қорғау үшін экономикалық реформалар бағдарламасы бойынша түзету шараларын ұсынды. Мемлекет инфляциялық қысымды төмендету және реформалардың салдарын азайту үшін нақты қадамдар жасауда. Бұл ретте іске асырылып жатқан бағдарламалар қазіргі жағдайды қолдап қана қоймай, экономиканың нақты секторларын, банк жүйесін және шағын бизнесті дамытуды ынталандыруға тиіс», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар қатысушылар елдің тұрақты және сапалы экономикалық өсуінің негізгі шарттарына тоқталды. Олар реформаларды әлеуметтік өлшеумен қатар бюджет-салық трансформациясына, әртараптандыруға және жаңа экономикалық саясаттың ресурстарына қатысты мәселелерге ерекше назар аударды.
«Бүгінде күрделі сыртқы конъюнктура мен құрылымдық сын-қатерлерге қарамастан ел экономикасы сенімді өсіп келе жатқанын көріп отырмыз. Дегенмен, жалпы ішкі өнім көрсеткіштері, инвестиция қарқыны немесе экспорт көлемі картинаның бір жағы ғана. Президентіміз атап өткендей, бұл өсуді әрбір азамат сезінуге тиіс. Сондықтан жаңа мүмкіндіктер тек мегаполистерде ғана емес, өңірлерде де құрылып, экономика адам үшін жұмыс істеуі керек, керісінше емес. Сондықтан реформаларға назар біртіндеп цифрлардан құралған көрсеткіштерден – өмір сапасына, адам капиталын дамытуға және тұрақты институттарды қалыптастыруға ауысуда. Президент саясатының басымдығы осы», – деді Мәулен Әшімбаев.
Айта кетейік, Taldau Talks – ашық диалогқа арналған подкаст-платформа. Онда ел дамуының өзекті мәселелері және Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді іске асыруға арналған практикалық қадамдар талқыланады.
Жаңа шығарылымды мына сілтеме арқылы көруге болады - https://youtu.be/wsaGHBko8SY