Бобровка және Мұрат саяжайларының тұрғындарымен кездесу өтті
Семей қаласының әкімі Әділет Қожанбаев Бобровка және Мұрат саяжайларының тұрғындарымен кездесіп, олардың өзекті мәселелерін талқылады. Кездесуге қалалық бөлім басшылары, коммуналдық қызметтердің жетекшілері және тиісті мердігер ұйымдардың өкілдері қатысып, тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.
Жиын барысында тұрғындар бірқатар ұсыныстарын айтып, күнделікті тұрмысқа тікелей әсер ететін мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, қоғамдық көлік қатынасының жеткіліксіздігі, жолдардың жағдайы, көше жарығының жоқтығы, ауыз су тапшылығы, сонымен қатар балалар ойын алаңын орнату қажеттілігі жөнінде пікір білдірді.
Әкім Әділет Қожанбаев көтерілген мәселелердің барлығы назарға алынатынын атап өтіп, оларды кезең-кезеңімен шешу үшін алдағы жылға тиісті жоспар жасалатынын жеткізді.
«Мәселелерді шешу үшін алдағы жылдарға жоспар құрамыз. Саяжайларды дамыту үшін барлығы жоспарлы түрде іске асуы тиіс. Алдағы уақытта өздеріңізбен жобаны таныстыру үшін кездесетін боламыз», – деді қала басшысы.
Айта кетейік, бұған дейін Мұрат саяжайында электр қуатын жүргізу мәселесіне қатысты кездесу өткен болатын. Қазіргі таңда аталған аумаққа электр қуаты сынақ түрінде қосылып, желінің тұрақтылығы тексеріліп жатыр. Бұл – алдағы уақытта толыққанды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың алғашқы қадамдарының бірі.






