АБАЙ ОБЛЫСЫ ҚАЛА МЕН АУДАН ӘКІМДЕРІНІҢ РЕЙТИНГІ
Соңғы уақытта «Abay Media Group» ЖШС қарасты ақпараттық-аналитика бөлімінің мамандары дайындайтын Абай облысының қала және аудан әкімдерінің рейтингі қызу талқыға түскені анық. Бұл рейтинг тұрғындарға әкімдердің өз міндеттерін қаншалықты орындайтынын көруге, сондай-ақ олардың жұмысының күшті және әлсіз жақтарын анықтауға мүмкіндік беріп келеді.
Әкімдер арасында көшбасшылар мен аутсайдерлер анықталды.
Алғашқы үштік рейтинг көшбасшылары:
1) Нұрбол Төлегенұлы Нұрсағатов
2) Айдар Маратұлы Ибраев
3) Мейіржан Серікбосынұлы Смағұлов
Орташа рейтинг:
4) Талғат Батырұлы Мұратов
5) Әділет Нұрсағатұлы Қожанбаев
6) Ерсін Кәдірбекұлы Ескендіров
7) Дәурен Бақытжанұлы Қойгельдин
8) Нұрлан Мұхаметрақымұлы Борсықбаев
9) Руслан Ерланұлы Базарбаев
Аутсайдерлер:
10) Ақылбек Жұмабекұлы Башимбаев
11) Болат Таңсықбайұлы Әбдірәлиев
12) Қанат Серікқанұлы Әділбай
1. Нұрбол Төлегенұлы Нұрсағатов – Семей қаласының әкімі
Әлеуметтік желілердегі белсенділік бойынша Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатов 1409 баллмен 2024 жылдың желтоқсан айының рейтингінде тағы да бірінші орынға жайғасты.
Семей қаласында «AGRO OIL GROUP» өсімдік майын өндіретін зауыттың ашылу рәсімі өтті. Салтанатты шараға қала әкімі Нұрбол Нұрсағатов қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Зауыттың негізін қалаған семейлік кәсіпкерлер: Бауржан Қалиев, Ринат Оралханов, Айдос Құрманғазыұлы және Азат Ержан. Жаңа зауыт 50 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етті. Зауыттың қуаттылығы жылына 180 мың тонна күнбағыс дәнін өңдеуге мүмкіндік береді, соның нәтижесінде 50-60 мың тонна май өндіріледі.
Тәуелсіздік күні қарсаңында Гагарина 325/3 мекенжайында пәтер кезегінде тұрған ата-анасының қамқорлығынсыз қалған отбасылар мен әлемеуметтік осал топ санатында тұрған 21 отбасыға пәтер кілттерін салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті. Қала әкімі Нұрбол Нұрсағатов жаңа баспана иелерін құттықтаған.
Сонымен қатар Нұрбол Нұрсағатов тәуелсіздік күні қарсаңында Семей қаласына еңбегі сіңген бірнеше адамға Құрмет грамоталарымен және «Семей қаласының Құрметті азаматы» атағын табыстады.
Семейде ойшыл, ақын, аудармашы, композитор Шәкәрім Құдайбердіұлының ескерткіші ашылды. Шараға облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев, Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатов, депутаттар, ғалымдар, абайтанушылар, қоғам белсенділері мен қала тұрғындары қатысты.
2024 жылы Семейде ауқымды абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Бұл туралы қала әкімі Нұрбол Нұрсағатов қала тұрғындарымен өткен кездесуде мәлімдеді. Биыл 67 аула аумағы мен 8 қоғамдық кеңістікті абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Желтоқсан айында облыс орталығының басшысы өте белсенді болды.
Әкім парақшасына сілтеме: https://www.instagram.com/nurbol_nursagatov/
*Әлеуметтік желілерді жүргізу туралы Семей қаласының әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.
2. Айдар Маратұлы Ибраев – Бородулиха ауданының әкімі
Бородулиха ауданының әкімі 1309,4 ұпаймен екінші орынға жайғасты. Алдыңғы айда аутсайдерлердің қатарынан табылған аудан басшысы осы айда алдыңғы қатарға жайғасты.
Әкім желтоқсан айын кестеге сәйкес азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдаумен бастаған. Қабылдау барысында тұрғындар жер мәселесіне, әлеуметтік салаға, білім саласына қатысты тақырыптарды көтерген. Атап айтқанда, зейнеткер үйін жөндеуге, сондай-ақ санаториялық-курорттық емделуге жолдама алуға көмек сұраған. Сонымен қатар мектеп кітапханашыларына төленетін әлеуметтік төлемдер мәселесі талқыланды.
Кейіннен Жезкент кентінде есеп беру кездесуі өтті. Кездесуде жылдағы жұмыс нәтижелерін талқылап, халықты толғандырған маңызды мәселелерді тыңдады.
Тұрғындар сумен қамтамасыз ету және ауыз судың сапасы тақырыбын көтерген. Сондай-ақ қазіргі сауда базары санитарлық нормаларға сәйкес келмейтіндіктен, ет және басқа да өнімдері бар павильондар орналасатын жеке сауда үйін құру туралы ұсыныс айтылды. Бақылау камераларын орнату және коммерциялық мақсатта жер телімдерін бөлу мәселелері көтерілген.
«AMANAT» партиясының депутаттық фракциясы отырысы аясында өңір басшысы партияның Жол картасының орындалуы туралы баяндама жасаған. Ағымдағы жылға жоспарланған 36 іс-шараның 32-сі (89%) орындалды. Елеулі жетістіктердің қатарында жол инфрақұрылымын жақсарту, ауыл тұрғындарының кірісін арттыру, агроөнеркәсіп кешенін дамыту және 1000-нан астам жұмыс орнын құру жұмыстары бар. Денсаулық сақтау, білім беру және абаттандыру саласындағы жобалар да сәтті жүзеге асырылған көрінеді.
Бородулиха ауданында Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні салтанатты түрде аталып өтті. Салтанатты шарада лайықты азаматтар марапатталды.
Әкім парақшасына сілтеме: https://www.instagram.com/aidar_ibrayev/
*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Бородулиха ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.
3. Мейіржан Серікбосынұлы Смағұлов – Абай ауданының әкімі
Үшінші орынға 1106,6 ұпаймен Абай ауданының әкімі табан тіреді. Желтоқсан айы өңір тұрғындары үшін қуанышқа толы болды. Өйткені Тәуелсіз қарсанында бірнеше отбасы баспана иесі атанды.
Мейіржан Смағұлов осы айды Кеңгірбай би ауылдық округі тұрғындарымен кездесуден бастаған. Абай ауданы бойынша 2024 жылы атқарылған жұмыстар туралы есеп берген. Тұрғындар тарапынан тұрғын үй, мәдениет үйіне керек жабдықтар мәселесі жөнінде сұрақтар қойылып, жиын соңында ауыл тұрғындарымен жеке қабылдау өткізді. Қабылдау барысында жалақы, тұрақты жұмыс, тұрғын үй мәселесі негізінде сұрақтар қойылып, тиісті сала басшыларына тапсырмалар берді.
Кеңгірбай би ауылында «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына» сәйкес салынған бір қабатты 6 қос үйдің құрылысы толық аяқталып, мемлекеттік тұрғын үй кезегінде тұрған 12 отбасыға салтанатты түрде жаңа пәтер кілттері табысталды.
Ауданға Абай облысы әкімінің орынбасары Сәрсебаев Жасұлан Бірлікұлы әлеуметтік сала басқармаларының басшыларымен бірге жұмыс сапарымен келіп, аудандағы бірқатар маңызды құрылыс нысандарын аралады.
Кейіннен Көкбай ауылында «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына» сәйкес салынған тұрғын үйлердің құрылысы толық аяқталып, мемлекеттік тұрғын үй кезегінде тұрған 4 отбасыға салтанатты түрде жаңа пәтер кілттері табысталды. Желтоқсанның он тоғызы күні Орда ауылында «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында салынған тұрғын үйлердің құрылысы аяқталып, мемлекеттік тұрғын үй кезегінде тұрған 4 отбасыға жаңа пәтер кілттері берілді. Ал Қарауыл ауылында 28 жаңа баспананың кілті салтанатты түрде табысталды.
Әкім парақшасына сілтеме: https://www.instagram.com/meirzhan__smagulov/
*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Абай ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.
4. Талғат Батырұлы Мұратов – Бесқарағай ауданының әкімі
Бесқарағай ауданының әкімі 904,9 ұпаймен орташа рейтингті ашты.
Аудан басшысы кездесулерін Беген ауылынан бастаған. Бесқарағай ауданының мәдени ордасына айналған Беген ауылы тұрғындары тарапынан Мәдениет үйін салу мәселесі көтерілді. Бүгінде аталған мәселе бойынша жобалық сметалық құжаттама әзірлеп, Абай облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына тапсырдық. Кездесу барысында аудан бойынша 2024 жылдың 10 айында атқарылған жұмыстардың есебін беріп, 2025 жылға арналған жоспарлармен бөліскен.
Жұмыс сапары барысында Қарабас ауылында салынып жатқан дәрігерлік-амбулаторияның құрылыс жұмыстарын тексерді.
Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында жаңа хоккей кортының ашылу салтанаты өтті. Бұл көпфункционалды спорт алаңы қыс мезгілінде шайбалы хоккей мен мәнерлеп сырғанауға, ал жаз мезгілінде шағын футбол ойнауға арналған.
Әкім парақшасына сілтеме: https://www.instagram.com/talgat_batyruly/
*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Бесқарағай ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.
5. Әділет Нұрсағатұлы Қожанбаев – Көкпекті ауданының әкімі
Әділет Қожанбаев 702,3 ұпаймен бесінші орынды иеленді.
Желтоқсан айының басында аудан басшысы жұмыс сапарымен Үлкенбөкен ауылдық округіне барған. Үлкенбөкен ауылында жаңадан сайланған ауылдық округ әкімін ауылдық округ активіне таныстырды.
Кейіннен аудандық «AMANAT» партиясы филиалының ғимаратында аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға барлығы 9 адам жазылған. Оның ішінде: 8 аудан тұрғынын офлайн форматта және 1 азаматты онлайн форматта қабылдады.
Сондай-ақ аудан үшін ерекше жаңалық Көкпекті ауданына арнайы сапармен «Елімай» футбол клубының өкілдері барған. Тамыз айында Көкпекті аудандық әкімдігі мен «Елімай» футбол клубы арасында серіктестік меморандумына қол қойылған болатын. Меморандум аясында Көкпекті ауданында балалар спортын және футболды дамыту бағытында кешенді шаралар жүзеге асырылмақ.
Әкім мырзаны алғашқы бестікке кіруімен құттықтаймыз!
Әкім парақшасына сілтеме: https://www.instagram.com/adlet_kozhanbaev/
*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Көкпекті ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.
6. Ерсін Кәдірбекұлы Ескендіров – Ақсуат ауданының әкімі
Бірнеше ай бойы аутсайдерлер қатарынан шықпаған Ақсуат өңірінің әкімі осы жолы екінші рет орташа рейтингке жайғасты. Жалпы ұпайы – 595,7. Жаңа әкімнің атқарған жұмыстарына тоқталайық.
Аудан басшысы Көкжыра ауылдық округіне қарасты Базар елді мекен тұрғындары қабылдауға келіп, жер мәселесі бойынша қабылдаған. Дегенмен кездесу туралы мәлімет тек екі жол сөйлемнен тұрады.
Кейіннен Ақсуат аудандық ауруханасынан ашылған гемодиализ орталығына барған.
Тәуелсіздік күні қарсаңында Ақсуат ауылының Бөрітастаған ықшам ауданында мемлекеттік-жекеменшік серіктестікпен салынған үйлер пайдалануға берілді. Игі шарада қуанышты сәттермен бөлісе отырып, бұрыннан кезекте тұрған, аз қамтылған көпбалалы 14 отбасыға салтанатты түрде пәтер кілттерін табыстады. Жалпы жиыны Ақсуатта 52 үй (104 пәтер) салынған.
Кейіннен Көкжыра ауылында баспаналар Тәуелсіздік күніне орай қолданысқа берілді. Кезекте тұрған 6 отбасы үйлі болған іс-шарада аудан басшысы құттықтау сөз сөйлеп, көпшіліктің қуанышымен бөлісті.
Сонымен қатар Ақсуат ауылында «Ағайынды» сауда үйі ашылып, сәулетті ғимараттардың қатарын толықтырды.
Аудан әкімі осы белсенділігінен таймаса дейміз!
Әкім парақшасына сілтеме: https://www.instagram.com/eskendiroversin/
*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Ақсуат ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.
7. Дәурен Бақытжанұлы Қойгельдин – Мақаншы ауданының әкімі
Дәурен Қойгельдин 570,1 ұпаймен алдыңғы айдағы орнында қалды.
Желтоқсан айының басында Қазақстан Республикасын Қытай Халық Республикасын байланыстыратын Бақты кеден бекеті жаяу жүргіншілер үшін ашылды.
Кейіннен аудан әкімі Семей қаласында білім алып жатқан Мақаншылық азаматтармен кездесу өткізді.
Сонымен қатар Абай облысының ветеринария басқармасының басшысы Ержан Барышевпен кездесу өткізген. Кездесу барысында ветеринария басқармасымен ауданның болашақтағы ветеринария саласындағы жоспарлары мен жұмыс бағыты туралы сөз қозғалды.
Әкім парақшасына сілтеме: https://www.instagram.com/koigeldin.dauren/
*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Мақаншы ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.
8. Нұрлан Мұхаметрақымұлы Борсықбаев – Жарма ауданының әкімі
477,3 ұпаймен сегізінші орынға Нұрлан Борсықбаев жайғасты.
Аудан басшысы салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында Жарма ауданы Әуезов кентінде «Қазақстан халқына» ҚҚ қаржыландыруымен салынған модульдық спорт залының ашылуында болған. Аталған іс-шараға Абай облысының дене шынықтыру және спорт басқарма басшысының орынбасары Бақыт Бекбосынов, БАҚ өкілдері және кент тұрғындары қатысты.
Кейіннен тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. «Тұрғындардың басым көпшілігі тұрғын үй кезегі, көшелерде жарық орнату, ауыз суы, әлеуметтік көмек, жұмыспен қамту, жер мәселелерін көтерді. Қабылдау барысында әрбір тұрғынның мәселесін тыңдап, түсініктеме бердім. Сондай-ақ, көтерілген мәселелерді зерттеп, заңдылыққа сәйкес шешу жолдарын қарастыру жөнінде жауапты сала басшыларына нақты тапсырма жүктедім», - деп жазды әкім өзінің парақшасында.
Жұмыс сапарын әкім Шар қаласында жалғастырды. Сапар барысында мектеп директорларымен , Шар қалалық «Жастар ресурстық орталығы» қызметкерлерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында жастар мәселесі талқыланды. Жиын соңында ҚР «Ұлттық ядролық орталығы» мұражайы табыстаған кітаптарды Шар қалалық кітапханасына және П.Г. Карелин орта мектебіне сыйға берді.
Әкім парақшасына сілтеме: https://www.instagram.com/nurlan.borsukbaev/
*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Жарма ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.
9. Руслан Ерланұлы Базарбаев – Жаңасемей ауданының әкімі
Орташа рейтингті 474,3 ұпаймен Руслан Базарбаев қорытындылады.
Алғаш рет Приречный ауылында жаңадан салынған үйлердің кілті кезекте тұрған тұрғындарға табысталды. Баспаналы болған 5 отбасының қатарында көпбалалы және толық емес отбасылар бар. Ауылдың кіреберісінде орналасқан үйлердің жалпы аумағы 510 м² құрайды. Биыл Жаңасемей ауданының әлеуметтік осал топтарына қолайлы тұрғын үй ұсыну мақсатында 88 пәтер сатып алу жоспарланған.
Кейіннен аудандағы көпбалалы аналармен кездесу өткізген. Кездесуде еңбекпен қамту, әлеуметтік қолдау және білім беру саласындағы маңызды мәселелер талқыланды. Әр ауылдық округтен келген көпбалалы аналар өздерін толғандырған мәселелерін айтып, ұсыныстарын жеткізді.
Жаңасемей ауданының әкімі Руслан Базарбаев Қараөлең ауылдық округінде қариялармен кездесіп, жол, ауызсу, жер телімдері, денсаулық сақтау, қазба байлықтарды игеру және субсидия бөлу мәселелерін талқылады.
Әкім парақшасына сілтеме: https://www.instagram.com/bazarbayev_ruslan_/
*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Жаңасемей ауданы әкіміне ұсыныс: жеке парақшасын қала әкімдігінің бірлестігінсіз салу ұсынылады.
10. Ақылбек Жұмабекұлы Башимбаев – Үржар ауданының әкімі
Аутсайдерлер рейтингін Үржар ауданының әкімі Ақылбек Башимбаев 449,6 ұпаймен ашады.
Желтоқсан айында әкім Лайбұлақ ауылында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық пилоттық жобасы аясында жаңа медициналық пунктің ашылу салтанатына қатысып, кілтін табыстады. Медициналық пункттің ашылуы ауыл тұрғындарына сапалы амбулаториялық медициналық қызмет алуға мүмкіндік береді. Жаңа нысан ауыл тұрғындарына сапалы қызмет көрсететін болады.
Тәуелсіздік күні қарсаңында «Қуатты аймақтар – ел дамуының драйвері» жалпыұлттық жобасы аясында ауданымыздың Ақжар ауылында тұрғын үй кезегінде тұрған 4 отбасын арнайы құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
Азаматтарды қабылдау орталығында «Ашық есік күні» ұйымдастырылды. Шараның аясында жеке және занды тұлғаларды әртүрлі мәселелермен қабылдап, түсініктеме жұмыстарын жүргізді.
Әкім парақшасына сілтеме: https://www.instagram.com/akylbek.bashimbaev/
*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Үржар ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.
11. Болат Таңсықбайұлы Әбдірәлиев – Курчатов қаласының әкімі
439,4 ұпаймен он бірінші орында – Болат Әбдірәлиев.
Әкім бөлім басшыларының қатысуымен кезекті аппарат кеңесін өткізіп, онда жедел шешуді талап ететін өзекті мәселелер талқыланды. Күн тәртібінде азаматтық қорғау күштерінің дайындығы мен қыс мезгілінде жол инфрақұрылымын күтіп ұстауға баса назар аударылды. Қажетті жабдықтармен, материалдық-техникалық ресурстармен қамтамасыз ету, сондай-ақ қызметкерлерді оқыту іс-шараларын өткізу мәселелері талқыланды.
Әкім парақшасына сілтеме: https://www.instagram.com/bolatabdrali/
*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Курчатов қаласы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады. Және ауданның фейсбуктағы парақшасын жақсырақ жүргізу керек.
12. Қанат Серікқанұлы Әділбай – Аягөз ауданының әкімі
Ал желтоқсан айының рейтингін 355,3 ұпаймен Аягөз ауданының әкімі Қанат Әділбай қорытындылайды.
Әкім Оңтүстік қалашықта орналасқан балабақшаның жағдайымен танысып қайтқан.
Кейіннен «Аягөз ауданының полиция бөлімі» ММ ағымдағы жөндеу жұмыстары бойынша барып, көріп қайтты. Желтоқсан айы Аягөз ауданы үшін оңай болмады. Станциясада болған өрттің әсерінен аудан жарықсыз қалды. Әйтседе оны аудан халқы оңай еңсере білді. Жедел әрекет ету нәтижесінде жарық бір тәулік ішінде толықтай берілді. Осы айда аудан әкімінің міндетін оның орынбасары Өмірбек Бекбаев белсенді түрде орындап жатқанын көруге болады.
Әкім парақшасына сілтеме: https://www.instagram.com/kanat_adilbai/
*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Аягөз ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.
Айта кетейік, желтоқсан айының рейтингісінде 2024 жылғы желтоқсан айының 1-20 аралығында жарияланған жазбалар есепке алынды. Желтоқсан айының қорытындысы осындай. Облыс әкімі «Біз рейтинг үшін емес, халықтың бағасы үшін жұмыс жасаймыз» демекші, елі үшін қызмет атқаратын әкімдеріміз көп болғай!