Cемей3°С
Ауа-райы
  • Абай14°С
  • Аягөз17°С
  • Ақсуат16°С
  • Бородулиха18°С
  • Қалбатау19°С
  • Курчатов18°С
  • Көкпекті16°С
  • Үржар17°С
480.61 534.53 5.28

АБАЙ ОБЛЫСЫ: ҚАЛА МЕН АУДАН ӘКІМДЕРІНІҢ РЕЙТИНГІ

4-09-2024, 15:00 Сабина Әлібек

Интернет ғасырында - дәстүрлі БАҚ емес, әлеуметтік медиа бүгінде негізгі ақпарат көздеріне айналғаны анық.

Өңірлердің және Республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерімен өткен кеңейтілген отырыстың бірінде Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті атқарушы органдарға халықпен өзара іс-қимылдың жаңа форматына көшуді тапсырды. Президент қарапайым адамдардың әлеуметтік әл-ауқатын білу және оған уақтылы жауап беру өте маңызды екенін атап өтті.

«Әкімдер халықтың сұраныстарына жедел ден қойып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажет. Әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс істеу маңызды: мессенджерлерде топтар құру, жүргізіліп жатқан саясатты қол жетімді түсіндіру, жағдайды модерациялау және басқару», - деп Президент әлеуметтік желілерде жұмыс істеуге баса назар аударды.

Бұл әрбір шенеунік әлеуметтік желілерде белсенді болуы керек дегенді білдіреді. Президенттің тапсырмасын назарға ала отырып, Абай облысындағы қала мен аудан әкімдерінің әлеуметтік желілердегі белсенділігінің рейтингі шығарылды. Аталмыш рейтингті «Abay Media Group» ЖШС қарасты ақпараттық-аналитика бөлімінің мамандары дайындады. Рейтинг аудан әкімі мен әкімдіктердің әлеуметтік желідегі белсенділіктері бойынша арнайы әзірленген критерийлер формуласы бойынша есептелді.

ҚАЛАЛАР МЕН АУДАНДАР ӘКІМДЕРІНІҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕГІ БЕЛСЕНДІЛІГІ БОЙЫНША РЕЙТИНГІ (ТАМЫЗ АЙЫ БОЙЫНША)

Әкімдер арасында көшбасшылар мен аутсайдерлер анықталды.

Бірінші үштік рейтинг көшбасшылары:

1) Нұрбол Төлегенұлы Нұрсағатов

2) Талғат Батырұлы Мұратов 

3) Дәурен Бақытжанұлы Қойгелдин 

Орташа рейтинг:

4) Айдар Маратұлы Ибраев 

5) Мейіржан Серікбосынұлы Смағұлов

6) Ақылбек Жұмабекұлы Башимбаев

7) Руслан Ерланұлы Базарбаев

8) Қанат Серікқанұлы Әділбай

9) Әділет Нұрсағатұлы Қожанбаев

Аутсайдерлер:

10) Болат Таңсықбайұлы Әбдірәлиев 

11) Сәкен Әлмұхамбетұлы Сатпеков 

12) Ерсін Кәдірбекұлы Ескендіров 

1. Нұрсағатов Нұрбол Төлегенұлы – Семей қаласының әкімі.

Әлеуметтік желілердегі белсенділік бойынша Семей қаласының әкімі Нұрсағатов Нұрбол Төлегенұлы 1580 баллмен 2024 жылдың тамыз айының рейтингінде әдеттегідей бірінші орында. Әкім парақшасына биыл қаланың 50 аула аумағын абаттандыру бойынша жұмыстар жоспарланғанын жазып, қазіргі уақытта жұмыстар 45 аулада жүргізіліп жатқанын жариялаған. Нұрбол Нұрсағатов ондағы атқарылып жатқан жұмыстарды тексеріп,  жеделдетіп аяқтауды және шағын архитектуралық нысандарды орнату кезінде беріктігіне баса назар аударуды тапсырған екен. Кейін қоғамдық кеңістіктің ашылу салтанатына қатысқанын салды. Бұл қаланың сол жағалауында ашылған құтқарушылар құрметіне арналған кеңістік болды.  Атап өтерлік жайт, тамыз айында «Абай жастары»  тұрғын үй бағдарламасы қайта іске қосылды. Бірақ, құжаттарды қабылдау екі күнге ғана созылды. Бұл тиімді бағдарлама арқылы 2023 жылы 41 азамат баспаналы болған болатын. Тағы бір атап өтерлік жаңалық, Хиросима қаласы мен Семей қаласы арасында алмасу және ынтымақтастық туралы Келісімге қол қойылды. Қандай келісім деген сұрақ туса, «Мэрлер бейбітшілік үшін» келісімі, бұл бейбітшілікті ілгерілету саласында, оның ішінде ядролық қаруды жою және әлемде бейбітшілік орнатуға бағытталған келісім. 2023 жылдың жазында «Заря» ауданында Тарбағатай, Молдағалиев, Лермонтов көшелеріндегі ескі үйлерді сүру жұмыстары жүргізілген болатын. Бүгінгі күні әкім парақшасынан сол орында 1200 орындық жаңа мектептің құрылысы аяқталуға жақын қалғанын көрдік. Бұл алдағы уақытта «Новостройка» және «Океан» аудандарындағы оқушы орындарының тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, тамыз айында Нұрбол Нұрсағатов Қытай Халық Республикасының Тачен қаласынан келген делегациямен кездескен. Кездесу барысында тараптар өзара қарым-қатынасты нығайту, экономикалық және әлеуметтік салаларда тәжірибе алмасу, сондай-ақ, бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері талқыланғанын жазды. Одан бөлек, әкім мердігерлермен бірге көшпелі кеңес ұйымдастырып, асфальт төсеу жұмыстарын тексеріп қайтқан. Тамыз айының тағы бір қуанышты жаңалығы, Семей қаласында Найманбаев-Момышұлы көшелерінің жол айрығында тарихи қиылыс ашылып, қала тұрғындары мен қонақтарын қызықтыратын жаңа орын пайда болды. 

* Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Семей қаласының әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.

2. Мұратов Талғат Батырұлы – Бесқарағай ауданының әкімі.

Бесқарағай ауданының әкімі Мұратов Талғат Батырұлы ағымдағы жылдың тамыз айының рейтингінде 1080,8 баллмен қайта үздіктердің қатарына оралды. Әкім тамыз айының алғашқы аптасында қысқа мерзімді демалыста болғанына қарамастан, екінші орынға шықты. Демалыстан келе сала, тұрғындарды қабылдап, мәселелерін тыңдаған. Көтерілген сауалдарды жан-жақты қарастыру үшін жауапты мамандармен мәселені шешудің бірнеше жолдарын ұсынғанын жазды. Қуанышты жаңалық, Қарағайлы ауылындағы жаңа мәдениет ошағы қайта жаңғырып, көрермендерге есігін айқара ашты. 12 тамыз күні салған жазба бойынша, әкім аудан бойынша жанар-жағармай тапшылығы мәселесі белең алғанын естіп, осы орайда, бірден тапсырма беріп, арнайы жұмыс тобын құрып, бірден себебін анықтап, мәселенің орнын толықтырған екен. Жарайсыз! Бесқарағай ауданында 11 медицина ғимараты салынуда. Оның ішінде 6 медициналық пункт, 4 дәрігерлік амбулатория және 1 фельдшерлік-акушерлік пункт бар. Сондай-ақ, бірнеше медициналық нысанға жөндеу жұмыстары жасалуда. Әкім бұл бағыттағы жұмыстардың қарқынын көріп, сапасын бақылау мақсатында Глуховка, Канонерка және Ерназар ауылдық округтеріне арнайы іс-сапармен барып қайтқан. Әкім 2023 жылғы 2 тоқсандағы халықпен кездесуінде көтерілген өзекті мәселелерінің бірі асфальт төсеу жұмыстары болғанын еске салып, уәдесін орындап жатқанын жазды. Бесқарағай ауылында биыл жалпы ұзындығы 2,5 шақырымды құрайтын 2 көшеге асфальт төселетін болады. Бүгіндері конкурстық рәсімдер аяқталып, мердігер ұйымдар анықталды.

* Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Бесқарағай ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады. 

3. Қойгелдин Дәурен Бақытжанұлы – Мақаншы ауданының әкімі.

Мақаншы ауданының әкімі Дәурен Бақытжанұлы тамыз айының әкімдер рейтингінде 908,2 баллмен үздік үштік қатарына қайта қосылды. Даурен Бақытжанұлы 1 тамыз күні Мақаншы ауданында жүргізіліп жатқан құрылыс нысандарын сонымен қатар жол жөндеу жұмысының барысымен танысқанын салды. Қарабұта ауылдық округінде болып, Қарабұта орта мектебінің қысқа дайындық барысын тексеру мақсатында мектептің жылыту орталығында болып, жылу қазандықтарының жай-күйін бақылаған. Көктерек ауылына жұмыс сапарымен барған. Ауылдық округтегі жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының жағдайымен танысып, мекемелердің, ауыл мектебінің алдағы жылу маусымына дайындығын тексергенін жазды. Ауданда әзірге жаңа ашылулар жоқ, аудан енді құрылғандықтан, аудан әкімі әзірге құрылыс жұмыстарын тексерумен әлек. Демек, 2025 жыл жаңа ашылуларға толы болар. Абай облысының мәслихат төрағасы Қуаныш Сүлейменовпен бірге Алакөл жағалауындағы бірқатар нысандарды аралағанын көрдік. Сонымен қатар, Барлық-Арасан санаториясын дамыту мақсатында жыл 12 ай санаторияның жұмыс істеуіне мүмкіндік жасауға екі жақты келіссөздер жүргізіліп жатқандығын хабарлады. 

* Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Мақаншы ауданының әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.

4. Ибраев Айдар Маратұлы – Бородулиха ауданының әкімі.

Бородулиха ауданының әкімі Ибраев Айдар Маратұлы 753,4 баллмен тамыз айының рейтингінде төртінші орында. Бородулиха ауданы осы уақытқа дейін бейнебақылау камералары болмаған облыстағы жалғыз аудан болатын. Тамыз айында әкім өз парақшасында тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында Бородулиха ауылында бейнебақылау камераларын орнатылғанын хабарлады. Петропавловка ауылында заманауи спорт және демалыс орталығының құрылысы жүріп жатқанын салды. Бүгінгі күнге дейін екі қабатты битум мастикасын қолдану арқылы блоктарды орнату және гидрооқшаулау жұмыстары аяқталды. Халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған екі пәтерлі үйлердің құрылысы бойынша мердігерлермен кеңес өткізген. 14 тамыз Бақы ауылдық округінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында көшелерді жарықтандыру жобасын жүзеге асыру басталғанын жариялады. Бородулиха ауданында көктемгі қар суымен күрес тамызға дейін жалғасқан. «Южный» шағын ауданындағы шеткері екі үйдің тұрғындары жаз бойы қалай кіріп шыққан екен? Әкім оны қаражаттың бөлінуімен түсіндіріп салып қойыпты.

* Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Бородулиха ауданының әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.

5. Смағұлов Мейіржан Серікбосынұлы – Абай ауданының әкімі.

Абай ауданының әкімі Смағұлов Мейіржан Серікбосынұлы тамыз айында 678,3 баллмен рейтингте бесінші орынға жайғасты. Әкімнің парақшасына қарасақ, өткен ай Абай ауданы үшін ашылулар мен қуанышты жаңалықтарға толы болғаннын байқауға болады. Айдың алғашқы күнінде Мамай көшесіндегі балалар ойын алаңының ашылуы болды. Биыл Қарауыл ауылы Әуезов көшесі бойындағы балалар ойын алаңына қайта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ауыл тұрғындарына қолданысқа берілді. 10 тамыз - Абай күніне орай «Ақшоқы-Құнанбай әулетінің ата қонысы» атты стелланың салтанатты түрде ашылуы өтті. Ауданға облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев барып, тұрғындармен кездесу өткізген. Абай ауданына жасаған жұмыс сапарының аясында облыс әкімі «Қарауыл-Архат» бағытындағы 10 шақырым кіреберіс жолының орташа жөндеу жұмыстарының барысын тексеріп, әкім ауданның туризм саласы бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырған. 

* Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Абай ауданының әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.

6. Башимбаев Ақылбек Жұмабекұлы – Үржар ауданының әкімі.

Үржар ауданының әкімі Башимбаев Ақылбек Жұмабекұлы тамыз айында 665 баллмен алтыншы орынға тұрақтады. Аудан әкімінің парақшасына салатын жазбаларының қысқалығы сонша, жалғыз сөйлемнің ішіндегі сөзді де қысқартып, нүктесін де қоймай салып қойыпты. Суреттердің астына «Аудандық маңызы бар “Үржар-Барқытбел-Қарабұйрат” автомобиль жолының 19-34 шқ (15 км) бөлігіне орташа жөндеу жұмыстары жалғасуда» деп түсіндіріпті. Жұмыстың қашан басталып, қашан аяқталатыны, қанша қаржы бөлінгендігі жайында, «шқ» сөзінің нені білдіретіндігі жайында ақпарат жоқ.  Суретке қарасақ, бір бағытты көліктерге ғана арналған жол сияқты. Мүмкін солай да шығар, жазбаның астына қойылған сұраққа да жауап жоқ. Жалпы, Үржар ауданында өткен айда ешқандай ашылулар болмаған. Әдеттегідей, әкім тұрғындарды мәселелері бойынша қабылдап, аппарат мәжілістерін өткізіп, ауыл әкімдерімен жиын өткізіп, облыстық жиналыстарға қатысқан. Аудан орталығындағы Абылайхан даңғылының бойында арбаттың құрылысы басталғанын салды. Жоспар бойынша аталған жерді аудан тұрғындары мен қонақтарына арналған демалыс орнына айналдыру қарастырылған.

* Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Үржар ауданының әкіміне ұсыныс: желідегі ресми парақшаларын белсенді жүргізу ұсынылады.

7. Руслан Ерланұлы Базарбаев – Жаңасемей ауданының әкімі. Руслан Ерланұлы Базарбаев 638,2 баллмен тамыз айының рейтингісінде жетінші орынға жайғасты. Әкім тұрғындарды қабылдау өткізіп, онда ауылішілік жолды жөндеу, тұрғындар тарапынан тұрғын үй алу, кәсіпкерлікті қолдау және басқа да мәселелер қаралды. Шаған кентінің тұрғындары үшін қуанышты жаңалық, тамыз айында көптен күткен су құбырын тарту жұмыстары басталды. Жоспар бойынша 19 шақырымды құрайтын жоба 2025 жылдың үшінші тоқсанында аяқталады. Бүгінде әкім арнайы техникалармен құбыр салынатын жер қазылып, жұмысқа 3 техника мен 16 адам жұмылдырылғанын жазды. Сондай-ақ, ағымдағы жылы Жаңасемей ауданының әкімдігі 88 отбасын баспанамен қамтамасыз ету жоспарланғанын хабарлады. Осыған қатысты, Руслан Ерланұлы Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевқа Приречный ауылдық округіндегі әлеуметтік осал топтарға арналған екі пәтерлі тұрғын үйлердің құрылысы жайлы есеп берді. 

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Жаңасемей ауданының әкіміне ұсыныс: желідегі ресми парақшаларын белсенді жүргізу ұсынылады.

8. Әділбай Қанат Серікқанұлы – Аягөз ауданының әкімі.

Аягөз ауданының әкімі Әділбай Қанат Серікқанұлы 627,6 баллмен ағымдағы жылдың тамыз айының рейтингінде сегізінші орынға түсіп қалды. Парақшасында әкім алдағы уақытта Барақ батыр көшесінде су құбыры желілерінің және құрылыстарының қайта құрудың 5-кезегіне сәйкес су қазу жұмыстары басталатынын хабарлады. Малкелді ауылдық округінің шекарасында орналасқан «Акбастау-Құсмұрын», «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС басшысы және мамандарымен кездесу өткізген. «Орталық» және «Солтүстік» жылу қазандықтарының қысқы маусымға дайындығын тексеріп, жауапты мамандарға жылумен қамту жұмыстарын қадағалауды тапсырған.

* Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Аягөз ауданының әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.

9. Қожанбаев Әділет Нұрсағатұлы - Көкпекті ауданының әкімі.

Көкпекті ауданының жаңадан тағайындалған әкімі Әділет Қожанбаев 566,3 баллмен рейтингті тоғызыншы орыннан бастады. Әкім 5 тамыз күні ҚР Президенті Әкімшілігінің және Көкпекті аудандық мәслихатының келісімімен, облыс әкімінің өкімімен тағайындалып, жұмысқа кірісті. Жалпы, әдеттегідей жаңадан тағайындалған әкім жұмысын үлкендерден бата алып, ауданмен, ауылдармен, білім ордаларымен танысудан бастады. Тұрғындармен кездесіп, жеке кездесулер өткізген. Айта кетерлік жайт, Көкпекті ауданына «Елімай» ФК сапармен барып, аудандық ауруханасының ұжымымен кездесті. Кездесу барысында клуб мүшелері аурухана ұжымымен ауруханаға қажетті клиникалық жабдық алу керектігі анықталып, ойын билеттерінен түскен қаржыға жарақтарды алатын болып шешті. 

* Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Көкпекті ауданының әкіміне ұсыныс: желідегі ресми парақшаларын белсенді жүргізу ұсынылады.

10. Әбдірәлиев Болат Таңсықбайұлы – Курчатов қаласының әкімі.

Курчатов қаласының әкімі Әбдірәлиев Болат Таңсықбайұлы 448 баллмен бұл айда аутсайдерлер қатарының есігін ашты. Әкім қалада демалыс аймағын ашқысы келетін әлеуетті кәсіпкерлермен кездесу өткізіп, профильді бөлім басшыларына кәсіпкерлерге жан-жақты көмек көрсетуді тапсырғанын жазды. Болат Таңсықбайұлы әкімдік парақшасын қадағалауды әлі бастамаған сияқты. Парақша құдды бір, ақпараттық портал сияқты. Аудан тұрғындарына қажетсіз ақпаратқа толып тұр. Суреттерді тіпті түсініктемесіз сала береді. 17 тамыз күні 6 жариялым салып, біреуіне де түсіндерме жазбасы жоқ. Суреттергілер кімдер, не істеп жүр, неге қолғаптары жоқ, неге олар жерде отыр? неге арнайы киімдері жоқ, сұрақ көп, ал оған жауап болар ма екен? Сауатсыз салынған суреттер өте көп, қысқасы, күлгің келсе, Курчатов қаласының әкімдігінің парақшасына кіріңіз.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Курчатов қаласының әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.

11. Сатпеков Сәкен Әлмұхамбетұлы - Жарма ауданы әкімінің міндетін атқарушы.

Жарма ауданы әкімінің міндетін атқарушы Сәкен Әлмұхамбетұлы 287,7 баллмен рейтингте он бірінші орынға тұрақтады. Шар қаласының көпірінен ОМСК-Майкапшағай трассасына дейінгі аралықта 1,8 шақырымға жарықтандыру жұмыстары басталғанын көрдік. Аршалы ауылдық округінде әкімшілік ғимаратына су құбырын тарту жұмыстары жүргізілуде және де медицина пункті ғимаратына кәріз жүйесі қазылып берілгенін салды. Жеті дүркін әлем чемпионын құттықтап, сыйлық береміз деп ұятқа қалған Жарма ауданы әкімдігінің парақшасында да қажетсіз ақпараттар көп. 

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Жарма ауданы әкімінің міндетін атқарушыға ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.

12. Ерсін Кәдірбекұлы Ескендіров - Ақсуат ауданы әкімінің міндетін атқарушы.

Ақсуат ауданы әкімінің міндетін атқарушы Ерсін Кәдірбекұлы 151,5 баллмен көш соңына жайғасты. Әкімдік парақшасына Ерсін Кәдірбекұлы жұмыс бабымен Қызылкесік ауылында болып, Би Боранбай атындағы орта мектептің ағымдағы жөндеу жұмыстарын және ауылдың батыс жағындағы ықтимал су тасқынға арналған қорғаныс бөгетін жасау жұмыстарын қадағалап көріп қайтқанын салған. Кейін Ақсуат базарын аралап, саудагерлермен кездескен. Кейін 2 аптаға әлеуметтік желіден жоғалып, 19 тамыз қайта жұмысқа кірісіп, жиындар өткізіп, құрылыс нысандарын тексеріп жүргені салынды. 

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Ақсуат ауданы  әкімінің міндетін атқарушыға ұсыныс: желідегі ресми парақшаларын белсенді жүргізу ұсынылады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив