АБАЙ ОБЛЫСЫ ҚАЛА МЕН АУДАН ӘКІМДЕРІНІҢ РЕЙТИНГІ
Соңғы уақытта «Abay Media Group» ЖШС қарасты ақпараттық-аналитика бөлімінің мамандары дайындайтын Абай облысының қала және аудан әкімдерінің рейтингі қызу талқыға түскені анық. Бұл рейтинг тұрғындарға әкімдердің өз міндеттерін қаншалықты орындайтынын көруге, сондай-ақ олардың жұмысының күшті және әлсіз жақтарын анықтауға мүмкіндік беріп келеді.
Әкімдер арасында көшбасшылар мен аутсайдерлер анықталды.
Бірінші үштік рейтинг көшбасшылары:
1) Нұрбол Төлегенұлы Нұрсағатов
2) Мейіржан Серікбосынұлы Смағұлов
3) Талғат Батырұлы Мұратов
Орташа рейтинг:
4) Ақылбек Жұмабекұлы Башимбаев
5) Руслан Ерланұлы Базарбаев
6) Айдар Маратұлы Ибраев
7) Әділет Нұрсағатұлы Қожанбаев
8) Қанат Серікқанұлы Әділбай
9) Дәурен Бақытжанұлы Қойгелдин
Аутсайдерлер:
10) Болат Таңсықбайұлы Әбдірәлиев
11) Ерсін Кәдірбекұлы Ескендіров
12) Сәкен Әлмұхамбетұлы Сатпеков
1. Нұрсағатов Нұрбол Төлегенұлы – Семей қаласының әкімі
Әлеуметтік желілердегі белсенділік бойынша Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатов 3924,1 баллмен 2024 жылдың қыркүйек айының рейтингінде әдеттегідей бірінші орынға жайғасты. Қала әкімінің қыркүйектегі белсенділігінің көп бөлігі қала күніне арналған жарияланымдардың арқасында көтерілген. Сонымен қатар, кездесулер мен құрылыстар жайлы ақпараттар көптеп жарияланған. Қыркүйек айының басын қала әкімі халықпен кездесуден бастаған. Жеке қабылдау барысында тұрғындар тұрғын үймен қамту, жолдарды жөндеу, жұмысқа орналастыру, жер телімін алу, денсаулық сақтау, қоғамдық көлік, ойын алаңын салу мәселесін көтерген. Әкім Нұрбол Нұрсағатовтың Шәкәрім даңғылы 20 үй, 343 квартал 1,2,3 үйлеріндегі аулалардың ашылу салтанатында болғанын да көрдік. Ал қала күні қарсаңында көптеген іс-шара өткен. Соның бірі Заря ауданындағы 1200 орындық IT мектептің ашылуы. Және Семей қаласының дамуы мен өркендеуіне орасан зор үлес қосқан бірқатар азаматтарға «Семей қаласының құрметті азаматы» атағын табыстаған. Цементшілер кентінде пәтер кезегінде тұрған әлеуметтік осал топ санатында тұрған 20 отбасыға пәтер кілттерін салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті. Қала әкімі Нұрбол Нұрсағатов жаңа баспана иелерін құттықтаған. Қала әкіміне жақсы жұмыс атқарғаны үшін «Жарайсыз» десек те, әрбір жазылған пікірлерге уақтылы жауап беру керек екенін еске салғымыз келеді.
Әкім парақшасына сілтеме: https://www.instagram.com/nurbol_nursagatov/
* Әлеуметтік желілерді жүргізу туралы Семей қаласының әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.
2. Смағұлов Мейіржан Серікбосынұлы – Абай ауданының әкімі
Абай ауданының басшысы 1431,1 баллмен екінші орынға табан тіреді. Мейіржан Смағұлов қыркүйек айында белсенді үштіктің қатарынан табылды. Әкім өзінің парақшасына халықпен кездесулерін және атқарылып жатқан жұмыстар туралы жазған. Бірақ, аудан басшысының жеке қабылдауына 7 адам ғана келген. Сондай-ақ, Құнанбай Өскенбайұлының 220 жылдық мерейтойының қорытынды марапаттау жиыны өткен. Ауданға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясының депутаттық фракциясының мүшесі Нұртай Сабильянов іс сапармен барған. Іс сапар барысында Құндызды, Көкбай, Кеңгірбай би ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесу өткізді. «Жұмыс сапары барысында құрылыс жұмысы жүріп жатқан бірнеше нысандарды аралады» деп жазады әкім. Бірақ, қандай нысандар? Және депутат аудан туралы өзінің бірде-бір пікірін білдірмегені ме? Келесі жолында «Қазіргі уақытта аудан орталығы Қарауыл ауылында жұмыс істеп тұрған бір гартоп мекемесіндегі көмірдің бағасы 22 мың теңге құрап тұр. Аудан тұрғындары тарапынан бағаның қымбаттауына байланысты түсініспеушіліктер орын алып, аудан әкімдігініне арыз шағымдар түсуде» дейді әкім. Әкім алдағы уақытта баға түседі десе де, баға қашан түспек? Ал қыс жақындап қалды. Халық баға түскенше күтеміз деп, қаһарлы қысқа таяқ жеп қалмай ма? Аудан әкіміне тек «жасалады», «шешіледі» дегеннен гөрі, нақты шешімін тапқан жұмыстарды да жариялау керектігін айтқымыз келеді.
Әкім парақшасына сілтеме: https://www.instagram.com/meirzhan__smagulov/
*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Абай ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.
3. Мұратов Талғат Батырұлы – Бесқарағай ауданының әкімі
Бесқарағай ауданының әкімі Талғат Мұратов үздік үштікті қорытындылайды. Орташа баллы – 1110,9. Өңір басшысының қыркүйек айы белсенді өткен. Тек қана ауылдарға сапарға бармай, әр түрлі қоғам өкілдерімен кездесу өткізген. Және медициналық нысандар мен су құбыры құрылыстарында болып қайтқан. Аудан басшысының парақшасын ашсақ, әдемі жүзін көреміз. Суреттері әдемі шығады, бірақ мәселелер ше? Бесқарағайда тұрғындар өтінішіне орай жаңа саябақ салынған. Аудан орталығындағы С. Сейфуллин көшесінің бойындағы демалыс орны ауылдықтарға қуаныш сыйлауда. Суреттерге қарап, балалардың шынымен де бақытты екенін көруге болады. Сонымен қатар, ауылдарға жұмыс сапарымен барған әкім «Нуриманов» ЖК демеушілігімен салынған қанғыбас иттер мен мысықтарға арналған тұрақпен, Бөкебай ауылының ауылдық клуб ғимаратында «Семей орманы» филиалының қызметкерлерімен кездесіп, «AMANAT» партиясы филиалының аудандық ғимаратында қабылдау өткізіп, қабылдауға келген тұрғындардың мәселесімен танысқан. Талғат Батырұлына да тек өткен шаралармен ғана емес, шынымен де шешімі табылған жұмыстармен бөлісу керек екендігін айтқымыз келеді. «Қуатты аймақтар – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында Бесқарағай ауылының 6 тұрғыны жаңа шаңыраққа ие болған. Осы сынды жақсы жаңалықтармен қуанта беріңіз!
Әкім парақшасына сілтеме: https://www.instagram.com/talgat_batyruly/
* Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Бесқарағай ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.
4. Башимбаев Ақылбек Жұмабекұлы – Үржар ауданының әкімі
Үржар ауданы әкімі орташа рейтингтің көшін бастады. Ақылбек Башимбаев 954,3 баллмен төртінші орынға табан тіреді. Қыркүйек айында Үржар ауданына қарасты ауылдарға сапармен барған аудан басшысы халықпен кездесулер өткізіп, өзекті сұрақтарға жауап берген. Және облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев жұмыс сапарымен Үржарға барған еді. Сонымен қатар, құрылыс нысандарын аралап, ауыл әкімдеріне тиісті тапсырма берген. Қазымбет, Бестерек, Елтай, Науалы, Көкөзек, Көлденең, Жоғарғы Егінсу және т.б. ауылдарды аралаған әкім «Сұрақтарға жауап бердім» деп жазады. Дегенмен нақты қандай сауалдар қойылды? Қанша тұрғын қабылдауда болды? Ал тұрғындар әрқашан өздерінің мәселесімен бөлісуге дайын екенін білеміз. Ақылбек Жұмабекұлына тек бір үлгімен ғана ақпарат бермей, өзінің атқарған жұмыстарын толығымен, әрі ашығырақ баяндаса дейміз. Және тек видеомен шектелмегені дұрыс. Әкім ауылдарды аралап қана қоймай, аппарат жиындарын да өткізген. Бірақ, сол қателік. Мәселелер толық айтылмайды. Жоспар қандай және шешімін табу керек өзекті сауалдар бар ма? «Тапсырма бердім» дегеннен гөрі, қандай істерді атқару керектігін көрсетсе дейміз.
Әкім парақшасына сілтеме: https://www.instagram.com/akylbek.bashimbaev/
* Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Үржар ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.
5. Руслан Ерланұлы Базарбаев – Жаңасемей ауданының әкімі
Руслан Базарбаев 825,1 ұпаймен бесінші орында тұр. Аудан басшысы өзінің парақшасында тұрғындармен кездесу өткізгенін, ауылдардың жағдайын бақылап, атқарылған жұмыстар жайлы жазады. Сонымен қатар, аудан халқы өздерінің сауалдарын қойып, оларға жауап берген. Руслан Ерланұлы өзінің парақшасында бірқатар кездесулер өткені жайлы айтқан. Жаңа жылыту маусымының басталуына санаулы уақыт қалуына байланысты Жаңасемей ауданына қарасты Шаған, Жиенәлі, Шақаман, Утинка және Мұқыр мектептерінің қысқы маусымға дайындық барысын және жылу қазандықтарының жұмысын тексеру мақсатында арнайы барған. Әрбір мектептің өзіндік өзекті мәселелері болады. Осы айда аудан әкімінің баспасөз қызметі өткен аймен салыстырғанда белсенді жұмыс атқара бастағаны анық байқалуда. Парақшаларда әдемі жұмыстармен бірге әдемі видеолар пайда болуда. Жас әкімнің жаңа технологиялардың мүмкіндігін қолдана бастағаны көз қуантады.
Әкім парақшасына сілтеме: https://www.instagram.com/bazarbayev_ruslan_/
* Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Жаңасемей ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.
6. Ибраев Айдар Маратұлы – Бородулиха ауданының әкімі
Бородулиха ауданының әкімі тоғызыншы айды кездесулермен және тексерістермен өткізген. Рейтингтің бел ортасына жайғасқан әкім 819,1 балл жинады. Белсенділігін тұрғындармен кездесіп, құрылыс жұмыстарымен танысып, жылу беру маусымына дайындық арқылы көрсетті. Бір қуантарлығы, Айдар Маратұлы айтылған мәселелерді толығымен баяндауға тырысады. Оны «Белағаш ауылдық округінің тұрғыны балалар тағамы мәселесі бойынша тағы да қабылдауға келді. Бұл мәселе қазірдің өзінде пысықталуда, біз оны Бородулиха аудандық ауруханасының бас дәрігерімен бірге шешеміз. Сосновка ауылының тұрғыны көп балалы отбасына баспана кезегі мен жол белгілерін орнату мәселесін көтерді. Бірінші мәселе бойынша шешу жолдары тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімімен қаралса, екінші мәселе бойынша облысқа белгілерді орнату мүмкіндігі туралы сауал жолдаймыз. Баланы балабақшаға беру мәселесі бойынша маған Дмитриевка ауылдық округінің тұрғыны да хабарласты. Бұл мәселе бақылауға алынып, білім бөлімінің басшысымен бірлесіп пысықталатын болады» деген постынан толыққанды көре аламыз. Яғни, әкім әр мәселені есінде сақтап, тұрғындармен бетпе-бет келуге дайын екенін көреміз. Басқа да жарияланымдарында әр сұраққа жеке тоқталған. Дегенмен, мәселе де жоқ емес. Әкім өзінің белсенділігін сәл көтерсе екен дейміз. Парақшаға өз жұмыстарын жиі салып, халықпен бөліссе нұр үстіне нұр болар еді. Тіпті, үздіктердің қатарынан көріп қалармыз. Айта кетейік, Айдар Ибраев соңғы уақытта өзінің жеке телеграм арнасынан ашып, жүргізе бастады.
Әкім парақшасына сілтеме: https://www.instagram.com/aidar_ibrayev/
* Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Бородулиха ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.
7. Қожанбаев Әділет Нұрсағатұлы - Көкпекті ауданының әкімі
Әділет Қожанбаевтың белсенділігі алдыңғы айға қарағанда екі саты жоғарыға көтерілген. Бірақ, белсенділігін әлі арттыру керек. Орташа есеппен Көкпекті ауданы басшысы жетінші орынға тоқтап, 764,5 ұпаймен қыркүйек айын қорытындылады. Алдыңғы айда әкім ауыл шаруа қожалықтарында болып, аудан ауылдарының тұрғындарымен кездесу өткізген. Тағайындалғанына екі айға жуық уақыт болған әкім қыркүйек айын белсенді бастайды. Әрбір кездесуде өткен мәселелерді жеке-жеке айтып, ашықтыққа ұмтылған. Мысалы, ауылшаруашылық құрылымдарының жұмысымен танысу мақсатында Үлкенбөкен, Қарамойыл және Ақой ауылдарында болғаны жайлы. Әр шаруа қожалығы жайлы қысқаша, әрі жақсы ақпарат беріп өтеді. Бірақ, кейіннен парақшасынан бұндай белсенділік көрмейміз. Не болғаны белгісіз, кейіннен парақшасындағы ақпаратта бір текті бола бастады. Оны «Биғаш ауылының тұрғындарымен кездесу барысында бұлақ суының аулаға кіру қаупі туралы ауыл тұрғыны тарапынан мәселе көтерілген болатын. Аталған мәселемен жеке танысу үшін, бұлақ суы ағып жатқан орынға барып жағдаймен таныстым. Ауылдық округ әкімі Қайрат Айыпқазыұлына бұл мәселе бойынша бірқатар тапсырмалар жүктедім» деп, қысқа қайыруынан байқадық. Алдағы уақытта белсенділігіңізді қайтарып, мәселелерге бұрыңғыдай жеке тоқталасыз деген үміттеміз. Әріптестеріңіздің қателігін қайталамағаныңыз жөн.
Әкім парақшасына сілтеме: https://www.instagram.com/adlet_kozhanbaev/
* Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Көкпекті ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.
8. Әділбай Қанат Серікқанұлы – Аягөз ауданының әкімі
Аягөз ауданы спорт саласында белсенділігімен танымал өңірлердің бірі екенін бәріміз жақсы білеміз. Бұл ай ауданның спорт саласындағы жетістіктерге толы болғаны қуантады. Жақында ғана Аягөзде ауқымды жаңғырту жұмыстарынан кейін футбол алаңының ашылуы өтті, оған Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) Президенті арнайы қатысты. Бұл оқиға Аягөз ауданының спорттық деңгейінің жоғары екенін көрсетіп, өңірде аяқ доп шеберлерінің жиі өсіп келе жатқанына дәлел болды. Сонымен қатар, ауданда спорттық шаралар үздіксіз ұйымдастырылып тұрады. Соның бір дәлелі ретінде, бокстан өткен халықаралық турнирді атап өтуге болады. Бұл турнирдің ашылу салтанатында Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері Қайрат Сатжановтың арнайы қатысуы Аягөз бокс мектебінің мықты екенінің тағы бір айқын көрінісі болып табылады. Осындай спорттық іс-шаралар өңірдің спорттық деңгейін арттырып, жас таланттарды тәрбиелеуге зор ықпалын тигізеді. Аудан әкімдігі тарапынан да бірқатар әлеуметтік маңызды бастамалар қолға алынды. Қанат Серікқанұлының басшылығымен Аягөз қаласындағы «Кіші Аягөз» өзені аумағында тазалық жұмыстары жүргізіліп, Ұлы Отан соғысы және Ауған соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіштер жөндеуден өтті. Сондай-ақ, аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында қала, кент, ауылдық округ әкімдері және мекеме, бөлім басшыларының қатысуымен маңызды жиын өтті. Бұл шаралар ауданның дамуы мен әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған нақты қадамдар болып табылады. Осындай шаралардың дер кезінде жарияланып, жергілікті тұрғындарды мәселелердің шешілу барысы туралы ақпараттандыруы маңызды. Ауданның жетістіктері мен әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы жиі жарияланымдар халықты ауданның жетістіктерінен хабардар етіп, жергілікті билік пен халық арасындағы өзара сенімділікті нығайтуға үлкен үлес қосады. Осындай жарияланымдар жиі шығып, шешілген мәселелер жайлы хабардар етсе дейміз.
Әкім парақшасына сілтеме: https://www.instagram.com/kanat_adilbai/
* Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Аягөз ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.
9. Қойгелдин Дәурен Бақытжанұлы – Мақаншы ауданының әкімі
Мақаншы ауданы әкімі орташа рейтингті қорытындылайды. Облыс әкімінің сапары болып, ауылдардың хәл жағдайымен танысқан. Бірақ, қанша белсенді кездесу өткізсе де, парақшаларының белсенділігіне қол жеткізе алмады. Осылайша тоғызыншы орынға Дәурен Қойгелдин табан тіреді. Себебі, атқарылған жұмыстар жайлы жеткізбейді. Дәурен Бақытжанұлы, алдыңғы айдағы белсенділігіңіз қайда? Тіпті, жұмыс сапарымен барған ауылдардағы кездесулеріңіз жайлы да көп жазбапсыз. Мысалы, «Көктерек ауылы тұрғындарымен кездесіп, олардың талап-тілектерін тыңдадым. Кездесуде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың мән-жайы баяндалып, алдағы жоспарлармен бөлістім. Көктерек ауылдық округін дамыту ісі ерекше назарда болады, тұрғындардың ұсыныс-тілектерін тыңдап, көтерілген мәселелер бойынша тиісті шаралар қабылданатын болады және барлық мәселелер жіті қадағалауда» дейсіз. Ал қандай жоспарлармен бөлісті? Қандай ұсыныс тілектер айтылды? Нақты қандай мәселені шешкелі жатырсыздар? Сонымен қатар, әкім әр жарияланымды тек 2-3 фотосуретпен ғана шектеледі. Ашықтыққа ұмтылсаңыз деген ізгі ниетімізді білдіреміз.
Әкім парақшасына сілтеме: https://www.instagram.com/koigeldin.dauren/
* Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Мақаншы ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.
10. Әбдірәлиев Болат Таңсықбайұлы – Курчатов қаласының әкімі
Аутсайдерлердің қатарынан Курчатов қаласының әкімі табылды. Оныншы орынға табан тіреген қала әкімінің қыркүйек айы кездесулерге толы болған. Бөлім басшыларымен және тұрғындармен кездесу өткізген. Сонымен қатар, ҚР ҰЯО қызметкерлеріне арнап мерекелік концерт ұйымдастырылып, алғыс хаттар табыстаған. Бүгінде аутсайдерлердің көшін бастайтын – Болат Әбдірәлиев. Әкім өзінің парақшасын әдемі жүргізгенімен, аудан парақшалары сын көтермейді. Мүмкін белсенділігіңіздің төмендігі соның кесірі болар? Әріптестерінің басты қателігін Болат Таңсықбайұлы да қайталайды. Ақпараттар тым аз, тіпті оқығанның өзінде толық ақпарат алу мүмкін емес. «Кездестім», «Келістім», «Құттықтадым» деу ештеңені шешпейді, әкім мырза. Сіз қала әкімісіз. Осы бір қателіктермен жұмыс жасап, қалаңыздың тыныс тіршілігімен таныстырғаныңыз жөн деп есептейміз. Осылайша, облысымыздағы Семей қаласының әкімі үздіктердің көшін бастаса, Курчатов қаласының әкімі аутсайдерлердің көшін бастап берді.
Әкім парақшасына сілтеме: https://www.instagram.com/bolatabdrali/
* Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Курчатов қаласы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады. Және ауданның фейсбуктағы парақшасын жақсырақ жүргізу керек.
11. Ерсін Кәдірбекұлы Ескендіров - Ақсуат ауданы әкімінің міндетін атқарушы
Ақсуат ауданының әкімі тағайындалмаса да, әкім міндетін аутқарушы Ерсін Ескендіров 309,6 ұпаймен он бірінші орынға жайғасты. Ерсін Ескендіров қыркүйек бойы ауылдарға жұмыс сапарымен барған. Тұрғындардың әлеуметтік жағдайымен танысып, жеке қабылдаулар өткізген. Бірақ, рейтингіміздің он бірінші орнына ие болды. Әрине, сынның астына әдейі қалдыру ойымызда жоқ. Бірақ, аудан әкімдігінің парақшасына қарап, сапамен жұмыс жасау керектігін айтқымыз келеді.
Әкімдік парақшасына сілтеме: https://www.instagram.com/aqsuat.audany/
* Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Ақсуат ауданы әкімдігіне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.
12. Сатпеков Сәкен Әлмұхамбетұлы - Жарма ауданы әкімінің міндетін атқарушы
Рейтингті қорытындылайтын – Жарма ауданы. Қыркүйек айында аудан әкімі міндетін атқарушы Сәкен Сатпеков бірнеше отбасыға пәтер кілтін табыстаса, әкім орынбасары ауыл тұрғындарымен кездесу өткізген. Дегенмен, белсенділік жағынан соңғы орынға жайғасты. Алдағы уақытта Жарма ауданы аутсайдерлер қатарынан шығып, жақсы белсенділікке ие болады деп үміттенеміз.
Әкімдік парақшасына сілтеме: https://www.instagram.com/jarma_audanynyn_akimdigi/
* Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Жарма ауданы әкімдгііне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.
Қыркүйек айының қорытындысы осындай. «Еліме қызметім жараса...» деген әкімдеріміз көп болғай!