Cемей26°С
Ауа-райы
  • Абай-33°С
  • Аягөз-39°С
  • Ақсуат-33°С
  • Бородулиха-26°С
  • Қалбатау-31°С
  • Курчатов-4°С
  • Көкпекті-33°С
  • Үржар-30°С
443.44 480.51 4.88

АБАЙ ОБЛЫСЫ: ҚАЛА МЕН АУДАН ӘКІМДЕРІНІҢ РЕЙТИНГІ

6-05-2024, 12:30 Сабина Әлібек

Интернет ғасырында - дәстүрлі БАҚ емес, әлеуметтік медиа бүгінде негізгі ақпарат көздеріне айналғаны анық.

Өңірлердің және Республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерімен өткен кеңейтілген отырыстың бірінде Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті атқарушы органдарға халықпен өзара іс-қимылдың жаңа форматына көшуді тапсырды. Президент қарапайым адамдардың әлеуметтік әл-ауқатын білу және оған уақтылы жауап беру өте маңызды екенін атап өтті.

«Әкімдер халықтың сұраныстарына жедел ден қойып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажет. Әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс істеу маңызды: мессенджерлерде топтар құру, жүргізіліп жатқан саясатты қол жетімді түсіндіру, жағдайды модерациялау және басқару», - деп Президент әлеуметтік желілерде жұмыс істеуге баса назар аударды.

Бұл әрбір шенеунік әлеуметтік желілерде белсенді болуы керек дегенді білдіреді. Президенттің тапсырмасын назарға ала отырып, Абай облысындағы қала мен аудан әкімдерінің әлеуметтік желілердегі белсенділігінің рейтингі шығарылды. Аталмыш рейтингті «Abay Media Group» ЖШС қарасты ақпараттық-аналитика бөлімінің мамандары дайындады. Рейтинг аудан әкімі мен әкімдіктердің әлеуметтік желідегі белсенділіктері бойынша арнайы әзірленген критерийлер формуласы бойынша есептелді.

ҚАЛАЛАР МЕН АУДАНДАР ӘКІМДЕРІНІҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕГІ БЕЛСЕНДІЛІГІ БОЙЫНША РЕЙТИНГІ (СӘУІР АЙЫ БОЙЫНША)

Әкімдер арасында көшбасшылар мен аутсайдерлер анықталды.

Бірінші үштік рейтинг көшбасшылары:

1) Нұрбол Төлегенұлы Нұрсағатов

2) Талғат Батырұлы Мұратов                                  

3) Ақылбек Жұмабекұлы Башимбаев

Орташа рейтинг:

4) Жарқынбек Борашұлы Байсабыров

5) Мейіржан Серікбосынұлы Смағұлов

6) Қанат Серікқанұлы Әділбай

7) Болат Таңсықбайұлы Әбдірәлиев

Аутсайдерлер:

8) Ділдәбек Тәжібайұлы Оразбаев

9) Айдар Маратұлы Ибраев

10) Асхат Сайдахметұлы Смаилов

1. Нұрсағатов Нұрбол Төлегенұлы – Семей қаласының әкімі.

Әлеуметтік желілердегі белсенділік бойынша Семей қаласының әкімі Нұрсағатов Нұрбол Төлегенұлы 2836,5 баллмен 2024 жылдың сәуір айының рейтингінде көш бастады. Қала әкімі Нұрсағатов Нұрбол Төлегенұлы айды цементшілер кентіне барумен бастады. Нұрбол Нұрсағатов Цемент кентіндегі Строительный, Глинки, Спартак, Галетто, Физкультурная және базар маңын аралады. 1 сәуір мен 31 мамыр қала басшысы тиісті кәсіпорындарға тазалық акциясы кезінде аумақты түгел тазалауды тапсырды. Және де Нұрбол Нұрсағатов ТҮКШ бөлімінің басшылығына көше жолдарын тазалауға жауапты мердігерлерге қатаң талап қоюды жүктеді. Сонымен қатар, Юность ауданын аралап орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетінін айта кетті. Жыл басынан бері Семейде көпбалалы 34 анаға алтын алқа және 8 анаға күміс алқа табысталды. Энергетиктағы Қаржаубайұлы көшесінен «Энергетик» СЛО-ға дейінгі басты жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Асфальт төсеу жұмыстары Семей қаласының сол жағалауындағы Галетто, Автодорожная, Ұшақтар кентіндегі 10 тұйық Юность көшелерінде басталды. Сондай-ақ биыл 40 көшені асфальттау жұмыстары жоспарланған екен. Қаладағы3 аптопаркке автобустардың санитарлық тазалығы бойынша тексерістер жүргізілді. Лесопильная көшесінің тұрғындарымен кездесіп жағымсыз иістен құтылу үшін «Семей Водоканал» КММ басшылығына станцияның құбырын жоғары көтеруді тапсырды. 6 сәуір мен 31 мамыр аралығындағы тазарту бойынша қала басшысы тиісті кәсіпорындарға аумақты түгел тазалауды тапсырды. Қала басшысының айтуынша жыл соңына дейін Мұрат және Бобровка саяжайын тұрақты электр қуатымен қамтамасыз ету көзделген. Семей қаласында 36 үйдің қасбетін күрделі жөндеуден өткізу жоспарланғанын жазды. 

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Семей қаласының әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.

2. Мұратов Талғат Батырұлы – Бесқарағай ауданының әкімі.

Бесқарағай ауданының әкімі Мұратов Талғат Батырұлы 1645,2 баллмен ағымдағы жылдың сәуір айының рейтингінде үздік үштік қатарында. Аудан орталығында қалдық су төгілетін полигонға апарар жолдың жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бозтал ауылында қар суы шайып кеткен ауыл ішілік жолдар мен ауыларалық жолдарды қалпына келтіру жұмыстары басталған. Сондай-ақ, Бесқарағай ауылында «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында 300 орындық мектептің құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанын байқауға болады. Кестеге сәйкес қоғамдық қабылдау өткізген. Қабылдауға келген тұрғындар тарапынан тұрғын үй мәселесі көтерілді. Кривинка, Бесқарағай ауылдарындағы су тасқынының алдын алу жұмыстарын тексерді және Кривинка өзен суының жағасын бекіту жұмыс барысымен танысты. Аудан әкімінің айтуы бойынша Қ.Қалтаев көшесін жөндеу үшін «Ауыл - ел бесігі» жобасы аясында 53,7 млн. теңге қаражат бөлінген және мамыр айында іске кіріседі деп күтілуде. Сонымен қатар, «Морозов» орман шаруашылығы және Қоянбай, Башкөл ауылдарына интернет яғни, антенна-діңгекті құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін облыстық бюджеттен 151,5 млн. теңге қаражат бөлінген. «Жүректен жүрекке» акциясы аясында гуманитарлық көмек жолға шықты. Бесқарағай ауданында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға гуманитарлық көмек жинау жүргізілді. Айта кетерлік жайт, сәуір айында Бесқарағай ауданында 60 мыңға жуық көшет отырғызылды.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Бесқарағай ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.

3. Башимбаев Ақылбек Жұмабекұлы – Үржар ауданының әкімі.

Үржар ауданының әкімі Башимбаев Ақылбек Жұмабекұлы 1590,0 баллмен үздік үштікті түйіндеп тұр. Башимбаев Ақылбек Жұмабекұлы сәуір айының алғашқы күнінде орынбасарлары мен бөлім басшыларының қатысуымен аппараттық жиын өткізді. Жиын барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, негізгі жоспарланған жобалар мен атқарылатын жұмыстар талқыланған екен. Ауданның «Көңіл толқыны» халық аспаптар оркестрінің 30 жылдығына арналған мерекелік іс-шараға қатысты. Облыс әкімі Нұрлан Ұранхаевтың төрағалығымен өткен селекторлық жиынға қатысты. Жиын барысында әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері және қаржының игерілуі туралы мәселелер қаралды. Абай облысының жұмыспен қамту және әлеументтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы Абай облысы еңбек мобильдігі орталығының директоры Еркебұлан Тұрсынмен кездесті. Кездесу барысында жұмыспен қамту жол картасы бойынша ауданда іске асырылып жатқан жобаларда құрылатын жұмыс орындары жөнінде мәселелер талқыланды. «Светик» шаруа қожалығын аралап, көктемгі дала жұмыстар барысы және шаруашылықтың тыныс-тіршілігімен танысты. Абай облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Роза Құдайбергенқызымен кездесті. «Таза Қазақстан» Республикалық экологиялық акциясының «Жасыл аймақ» апталығы аясында жаппай ағаш көшеттерін отырғызу шарасына қатысты.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Үржар ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі ресми парақшаларын белсенді жүргізу ұсынылады.

4. Байсабыров Жарқынбек Борашұлы – Жарма ауданының әкімі.

Жарма ауданының әкімі Байсабыров Жарқынбек Борашұлы 1523,8 баллмен рейтингтің төртінші орнына тұрақтады. Жарма ауданының әкімі Байсабыров Жарқынбек Борашұлы 19 округте арнайы мобильді топ құрылғанын және көктемгі су тасқынының алдын алу бойынша тұрақты жұмыстар жүргізіліп жатқаынын, қазіргі уақытта елді мекендердегі жағдай қалыпты екенін тұрақты түрде мәлімдеп отырғанын көрдік. Қалбатау және Қорықшар ауылдары арасындағы тас жолда қосымша суағар құбырлар орнату жұмыстары жүргізілген. Әкім Шар қаласы мен Көшек ауылы аралығындағы жолды қалыпқа келтіру бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Шар қаласы аумағында коммуналдық қызметтердің күштерімен су тасқынына қарсы арық қазу, бөгет тұрғызу жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар, Шар су қоймасынан келетін су көлемі көп болғандықтан, Ақжал ауылдық округіне қарасты Жанаөзен ауылы арқылы өтетін өзен суының маңайын бекіту жұмыстарының барысымен танысты. Аудан тұрғындарымен қабылдау өткізген және оған келгендердің көпшілігі баспанаға мұқтаж азаматтар болған. Тұрғын үй беру тәртібі заң аясында іске асатынын жеткізгенін жазды. Сонымен қатар, Шар су қоймасынан келетін су көлемі көп болғандықтан, Қаратөбе ауылдық округі арқылы өтетін өзен суының жағасын бекіту жұмыстарының барысымен танысты. «Алтын алқа» және «Күміс алқа» мемлекеттік наградаларын табыс етті. «Жүректен - жүрекке» акциясы ұйымдастырылып, гуманитарлық көмек жинау жұмыстары жүзеге асты. Нәтижесінде Қалбатау ауылынан 4,5 млн теңгенің, Шар қаласынан 1 млн теңгенің және Әуезов кентінен 500 мың теңгенің көлемінде азық-түлік, дәрі-дәрмек, төсек-орын, нәрестелердің тағамы, киімдер, құрылысқа қажетті және тұрмыстық заттармен толықтырылды. 

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Жарма ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.

5.  Смағұлов Мейіржан Серікбосынұлы – Абай ауданының әкімі.

Абай ауданының әкімі Смағұлов Мейіржан Серікбосынұлы 1493,0 баллмен рейтингте бесінші орынға жайғасты. Смағұлов Мейіржан Серікбосынұлы сәуір айының алғашқы күнін Қарауыл ауылының Тоқтамыс көшесінде салынып жатқан жолдардың жұмыс барысымен танысып бастады. Қарауыл өзенінің су бөгеттерінің жағдайын көріп, тиісті мекеме басшыларына тапсырма берді. Мәслихат төрағасы Мақсат Нұрсұлтанұлымен бірге көктемгі су тасқынының алдын алу кезінде аянбай еңбек етіп, азаматтық парызын адал атқарған бір топ аудан азаматтарын марапаттады. Сонымен қатар, тиісті мекеме басшыларымен бірге Қарауыл ауылының бірқатар көшелерін аралады. Аралау барысында көше жарықтары мен тротуарларды көріп, жауапты мекеме басшыларына тапсырмалар жүктеді. Жеке қабылдауға қатысушы тұрғындар әлеуметтік көмек, тұрғын үй, тұрақты жұмыс, жер мәселесі туралы өтініштерін айтты. Тиісті сала басшыларына жеке қабылдауға келген әрбір тұрғынның мәселесін бақылауға алу жөнінде тапсырма берді.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Абай ауданының әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.

6. Әділбай Қанат Серікқанұлы – Аягөз ауданының әкімі.

Аягөз ауданының әкімі Әділбай Қанат Серікқанұлы 1172,3 баллмен ағымдағы жылдың сәуір айының рейтингінде алтыншы орынға жайғасты. Әділбай Қанат Серікқанұлы сәуір айын Аягөз қаласының Талды көшесінде асфальт төсеу жұмыстарын қолға алумен бастайды. Және де дала өртінің қаупіне байланысты өрт сөндіру машиналарының жағдайын бақылауға алуды тапсырған. «Таза Қазақстан» акция басталғаннан бері жалпыаудандық сенбілікте 120 техниканың көмегімен жиналған қоқыс шығарылды. «Жасыл аймақ» апталығы ағаш отырғызуға арналды. Аудан орталығы үшін 500 түп ағаш отырғызылған. Әкім грек-рим күресінен 2009-2011 жылы туылған жасөспірімдер арасында Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 35 жыл толуына орай, сонымен қатар Ауған соғысына қатысушы, «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері Қайрат Рысбекұлы Оспановты еске алуға арналған XVI ашық Республикалық турнирдың ашылу салтанатына қатысқан.

.*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Аягөз ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.

7. Әбдірәлиев Болат Таңсықбайұлы – Курчатов қаласының әкімі.

Курчатов қаласының әкімі Әбдірәлиев Болат Таңсықбайұлы 1118,8 баллмен рейтингте жетінші орында тұр. Әбдірәлиев Болат Таңсықбайұлы сәуір айының бастапқы аптасын кезекті азаматтарды қабылдаумен өткізді. Оған қала тұрғындары баспана мәселесімен келді. Облыстық мәслихаттың депутаты Э.Г. Батырбековпен бірге су сапасы мәселесі бойынша Курчатов Водоканал кәсіпорнында болды. Қауіпсіздік және құқық қорғау органдарының өкілдерімен кездесу өткізді, онда Абай облысының полиция Департаменті бастығының орынбасары полиция подполковнигі Б.М. Исаков Курчатов қаласының полиция бөлімінің жаңа бастығы – Асет Нуртасович Шахантаевты таныстырды. Қалалық полиция бөлімінің бастығы, әкім орынбасары және әкімдіктің профильді бөлім басшыларының қатысуымен кеңес өткізді. Бұл жиында талқыланған тақырып қаладағы малды заңсыз бағу болды. Қаланың қоғамдық аумақтарындағы жасыл желектерді орталықтандырылған суаруды қамтамасыз ету бойынша бұрын берген тапсырмаларының  орындалу барысы бойынша кезекті жиналыс өткізді. «Тополёк» балабақшасын қалпына келтірумен айналысатын «Radial Limited» компаниясының басшысы В.В. Лимен кездесті. Азаматтарды жеке мәселелері бойынша кезекті қабылдауын өткізді. Абай облысы мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Р.М. Данияровпен кездесті. Бюджетке түсетін салық түсімдері мен қосымша кірістерді тарту жолдарын талқылады.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Курчатов қаласының әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.

8. Оразбаев Ділдәбек Тәжібайұлы – Көкпекті ауданының әкімі.

Оразабаев Ділдәбек Тәжібайұлы 1024,9 баллмен сегізінші орынға тұрақтады. Оразабаев Ділдәбек Тәжібайұлы сәуір айының алғашқы аптасында жұмыс сапарымен Қарағандыкөл ауылына барды. Онда ауыл тұрғындарымен жүздесіп, қал-жағдайларын сұрап, ауыл тіршілігі бойынша сұхбаттасты. «Қазақстан» ұлттық арнасына елімізде болып жатқан су тасқынына қарсы іс-шаралар бойынша сұхбат берді. Үлкенбөкен ауылында Көкпекті ауданының Биғаш, Көкжайық, Шұғылбай және Үлкенбөкен ауылдарында су тасқынының алдын алуға елеулі үлес қосқан төтенше жағдайлар бөлімшелері мен әскери бөлімдерді шығарып салу салтанатын өткізді. Көкпекті ауылының Ұлы Дала Елі алаңында ауыл шаруашылық жәрмеңкесін өткізді. 

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Көкпекті ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі ресми парақшаларын белсенді жүргізу ұсынылады.

9. Ибраев Айдар Маратұлы – Бородулиха ауданының әкімі.

Бородулиха ауданының әкімі Ибраев Айдар Маратұлы 852,0 баллмен рейтингте аутсайдерлер қатарына жайғасты. Ибраев Айдар Маратұлы бір ай аралығындағы жұмыстарымен таныстыра өткен. «Ауыл ел бесігі» жобасы аясында көше жарығын орнату жұмыстары Зенковка, Бел-Ағаш, Камышенка ауылдарында өткізілетініе, Новая Шульба және Камышенка ауылдарындағы көшелерді орташа жөнделетіні жайында жазған. Сонымен қатар ауданның Камышенка және Новая Шульба ауылдарында футбол алаңдары орнатылады. Жерновка ауылында футбол алаңы мен хоккей корты, ал Ивановка ауылында воркаут алаңы пайда болады. «Таза Қазақстан» акциясы аясында Воскресеновка ауылының жанындағы орман алқабына 20 мыңнан астам қарағай көшеттері отырғызылды. «Бородулиха ауданының реликті орманын сақтайық» атты кең ауқымды облыстық ағаш отырғызу акциясы өткен.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Бородулиха ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.

10. Смаилов Асхат Сайдахметұлы – Ақсуат ауданының әкімі.

Ақсуат ауданының әкімі Смаилов Асхат Сайдахметұлы 718,7 баллмен көш соңына жайғасты. Әкім әдеттегідей парақшаны жүргізбейді. Әкімнің жұмысын әкімдік парақшасынан көрдік. Кіндікті ауылына баратын жолдағы Боғас өзеніне уақытша өткел салу жұмыстары қарқынды жүргізілген. Асхат Сайдахметұлы «Зайсан-Құрылыс» компаниясының басшысы Болат Нұрасыловпен бірге құрылыс алаңында болып жұмыс барысын бақылаған. Жастар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу бойынша кездесу өткізді. Кездесуге Ақсуат аудандық полиция бөлімінің кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы, аға лейтенанты С. Жексенбаев, учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Е. Әбділбаев, Ақсуат ауданының әйелдер кеңесінің төрайымы Ж. Маханова, Жастар ресурстық орталығының әдіскері Б. Қойшыбаева және мектеп оқушылары қатысты. Кіндікті ауылына баратын автожолдың қарғын су шайып кеткен 25 шақырымына жаңадан су өткізгіш құбырларын орнатып, құм-қиыршық тас төгу  жұмыстарын атқарып жатқан «Көкпекті жолдары» ЖШС басшысы Г. Нұрғалиевамен кездесіп, атқарылар шаруалардың негізгі бағыттарын пысықтады. Аудан бойынша 6 ауылда мемлекеттік-жекеменшік әріптестікпен баспаналар салу ісі қолға алынған екен. Аудан әкімі Асхат Сайдахметұлы Ойшілік ауылынан қоспәтерлі 3 үйдің (6 отбасыға) салынатынын мәлімдеді. 

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Ақсуат ауданының әкіміне ұсыныс: желідегі ресми парақшаларын белсенді жүргізу ұсынылады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив