Мемлекеттік саясаттың өңірдегі өлшемі
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 28 қазанда жариялаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы еліміздің алдағы даму бағдарын көрсетіп берді.
29 қазан күні стратегиялық маңызды құжатты талқылауға арналған облыс активінің отырысында облыс әкімі Берік Уәли құжатта белгіленген міндеттердің өңір үшін маңызына тоқталды. «Жолдауда белгіленген міндеттерді орындау – өңірдің болашағына, тұрғындарымыздың әл-ауқатына және мемлекетіміздің дамуына қосылған нақты үлес», – деді аймақ басшысы.
Жолдаудың негізгі мазмұнына үңілсек, бір маңызды тұжырымды аңғаруға болады. Ендігі кезеңде экономикалық өсім нақты инфрақұрылымдық жаңғырумен, технологиялық дамумен және азаматтардың өмір сапасының артуымен қатар жүруге тиіс.
Мемлекет басшысының «Қазақстан ауқымды құрылыс алаңына айналуға тиіс» деген сөзі де осы міндеттің ауқымын көрсетеді. Бұл дегеніміз – жекелеген нысандар салу туралы ғана емес, елдің барлық өңірінде жаңа даму мүмкіндіктерін қалыптастыру туралы стратегиялық ұстаным.
Осы тұрғыдан алғанда, Абай аймағында атқарылып жатқан жұмыстарға назар аударған жөн.
Облыс құрылғаннан бергі кезеңде өңірдің әкімшілік-басқару жүйесін қалыптастырумен қатар, әлеуметтік-экономикалық негізін нығайту жұмыстары жүргізіліп келеді. Ал қазір бұл үдеріс жаңа жобалар мен инвестициялық бастамалар арқылы жүріп жатыр. Осы ретте бірнеше бағытқа тоқталғым келеді.
Біріншіден, экономиканы әртараптандыру және инвестиция тарту.
Жолдауда инвестициялық ахуалды жақсарту, өңдеу өнеркәсібін дамыту және кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасау мәселелеріне ерекше мән берілді.
Абай облысында 1,5 жыл ішінде өңірдегі инвестициялық жобалар портфелінің жалпы құны 2,2 трлн теңгеден 5,4 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Биыл тоғыз айда облыс экономикасына 417,7 млрд теңге инвестиция тартылды. Оның 365,2 млрд теңгесі жеке инвестициялардың үлесіне тиесілі. Жақында өңірлік үйлестіру кеңесінде жалпы құны 19,2 млрд теңге болатын, 443 жаңа жұмыс орнын ашуды көздейтін 12 инвестициялық жоба мақұлданды. Ал инвестиция дегеніміз – жаңа өндіріс, жұмыс орны, салық түсімі, жергілікті мамандардың кәсіби дамуы және өңір экономикасының өз бетінше өсуіне мүмкіндік. Өңірдегі ірі жобалардың қатарында «Аягөз – Бақты» теміржол желісі, Ақтоғай мыс балқыту зауыты, ет өңдеу кешені бар. Мұндай бастамалар облыстың өндірістік және көлік-логистикалық әлеуетін арттыруға бағытталған.
Екіншіден, инфрақұрылымды жаңғырту және аумақтық даму.
Жолдауда әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға басымдық ретінде атап өтілді. Бұл енді – Абай облысы үшін аса өзекті міндет.
Биыл тоғыз айда құрылыс жұмыстарының көлемі 240,4 млрд теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 111,5 пайызды құрады. 173,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
Семей қаласында жаңа төрт жолақты көпір құрылысы, жылу желілерін жаңғырту, көшелерді жөндеу, әлеуметтік нысандар салу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Облыс бойынша ауызсумен қамтуға бағытталған жобалар да іске асырылып келеді.
Бюджет қаражаты есебінен жалпы құны 35 млрд теңгені құрайтын 28 әлеуметтік нысанда құрылыс және жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ол жобалардың әрқайсысының артында тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін мәселелер тұр. Жақсы жол, тұрақты жылу, сапалы ауызсу – кез келген өңірдің даму деңгейін айқындайтын негізгі көрсеткіштер.
Үшіншіден, ауыл шаруашылығы мен су ресурстарын тиімді пайдалану.
Президент аграрлық сектордың өнімділігін арттыру және су ресурстарын ұтымды пайдалану мәселесін стратегиялық міндет ретінде белгіледі.
Абай облысы үшін бұл бағыттың маңызы ерекше. Өйткені өңірдің ауыл шаруашылығы әлеуеті зор болғанымен, оны толық пайдалануға су инфрақұрылымының мүмкіндіктері тікелей әсер етеді.
Бүгінде алты су қоймасын салу, гидротехникалық нысандар мен ирригациялық жүйелерді жаңғырту бағытында жұмыстар жүргізілуде. Магистральды каналдарды реконструкциялау арқылы суармалы жер көлемін 55 мың гектарға ұлғайту көзделген.
Сонымен қатар 2026-2028 жылдарға арналған жол картасы аясында жалпы құны 112,5 млрд теңге болатын 19 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған.
Мұның маңызы бәрімізге түсінікті. Су инфрақұрылымына салынған қаражат – ауыл шаруашылығы өндірісіне, азық-түлік қауіпсіздігіне және ауыл тұрғындарының табысына салынған инвестиция.
Төртіншіден, адам капиталы және әлеуметтік инфрақұрылым.
Жолдауда білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандарын дамыту мәселесіне айрықша назар аударылды.
Абай облысында да бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңірде 65 алғашқы медициналық-санитариялық көмек нысаны салынды. Аудандық ауруханалардың материалдық-техникалық базасы нығайтылып, медицина мекемелеріне жаңа жедел жәрдем көліктері табысталып жатыр.
Мемлекет басшысының қолдауымен қолға алынған «Абайға құрмет» акциясы аясында Семейде шығармашылық орталығы, Медиаорталық, дене шынықтыру-сауықтыру кешені, инклюзивті спорт кешені, үстел теннисі орталығы, Жекпе-жек сарайы және Достық үйі салынып жатыр.
Облыс орталығында алғаш рет BINOM мектебінің құрылысы басталды. Алдағы жылы жаңа театр, облыстық аурухана (басталып кетті) және балалар ауруханасын салу жоспарланған. БИЛ мектебінің жаңа ғимараты күні ертең бастау алады. Бұрын-соңды қарқын алып көрмеген құрылыс саласы Семейде жанданғанына жергілікті тұрғындар куә. Ал енді Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен келесі жылы «Халықтық құрылыс» бағдарламасы іске асқанда, бұл қарқын екі-үш есе артпаса, төмендемейтініне нақты сенім бар.
Себебі мұндай жобаларды тек құрылыс статистикасы ретінде қарастыру жеткіліксіз деп ойлаймын Бұл – балалардың қабілетін дамытуға, жастардың жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізуіне, тұрғындардың мәдени және спорттық ортаға араласуына шынайы жағдай жасау. Өйткені өңірдің болашағын қалыптастыратын басты ресурсы – оның адами капиталы.
Меніңше, Жолдаудың өңірлер үшін де ең маңызды қыры да ұлттық саясаттың нәтижесін азаматтардың күнделікті өмірінен көру қажеттігі. Мемлекеттік саясаттың тиімділігі тек қабылданған шешімдермен немесе жарияланған көрсеткіштермен өлшенбейді. Оның шынайы бағасын халықтың өмір сапасындағы өзгеріс, қоғамдық сенім және тұрғындардың болашаққа деген көзқарасы айқындайды. Сондықтан атқарылып жатқан жұмыстар туралы ашық ақпарат беру, жетістіктермен қатар шешімін күткен мәселелерді де көрсету, қоғаммен тұрақты диалог орнату маңызды.
Әрине, шешімін күткен мәселелер аз емес. Жол, ауызсу, жылу, экология, коммуналдық қызмет сапасы, ауылдардың инфрақұрылымы – тұрғындар үшін күнделікті маңызын жоғалтпайтын тақырыптар. Басталған жобалардың уақытылы әрі сапалы аяқталуы, бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуы, инвестициялардың нақты жұмыс орындары мен өндіріс көлеміне айналуы тұрақты бақылауды қажет етеді. Себебі, Абай облысы әлі де қалыптасу және даму кезеңінде. Сондықтан әрбір жаңа өндіріс, әрбір жөнделген жол, әрбір іске қосылған әлеуметтік нысан өңірдің болашақ әлеуетін қалыптастыруға қызмет етеді.
Мемлекет басшысы Жолдауда «Қуатты қалалар қуатты аймақтардың, ал қуатты аймақтар күшті мемлекеттің негізін қалайды», – деп атап өтті. Бұл – өңірлік дамудың мәнін ашатын маңызды тұжырым. Сондықтан 10 ауданымызға локомотив болып отырған Семейіміздің де жарқырайтын күні алыс емес деп сенемін.
Енді Президент айқындаған стратегиялық бағыттарды жергілікті жердегі нақты істермен сабақтастырып, олардың нәтижесін әрбір тұрғын сезінетіндей деңгейге жеткізу – басты міндетіміз. Абай облысындағы барлық бастаманың да негізгі өлшемі осы болуы керек.
Жарқын ТҮСІПБЕКҰЛЫ,
Абай облысы ішкі саясат басқармасының басшысы








