Әлеуметтік желідегі бір репост қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін
Әлеуметтік желіде жарияланған жазба, қалдырылған пікір немесе өзге біреудің материалын бөлісу кей жағдайда қылмыстық жауапкершілікке себеп болуы мүмкін. Егер жарияланған ақпаратта алауыздықты қоздыру немесе терроризмді насихаттау белгілері болса, заң алдында жауап беруге тура келеді. Интернет қолданушыларының қандай әрекеттері Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі бойынша құқық бұзушылық болып саналатыны және ол үшін қандай жаза қарастырылғаны жөнінде 018.kz тілшісіне Абай облысы Дін мәселелерін зерттеу орталығының директоры Мақсат Өмірханов айтып берді.
Маманның сөзінше, әлеуметтік желілер күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналғанымен, интернет кеңістігі заң талаптарынан тыс орта емес екенін әрбір қолданушы естен шығармауы тиіс.
Қазақстанда мұндай әрекеттер үшін жауапкершілік Қылмыстық кодекстің 174 және 256-баптарында қарастырылған.
ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік немесе діни алауыздықты қоздыруға, азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадір-қасиетін немесе діни сезімдерін қорлауға, сондай-ақ адамдардың белгілі бір белгілері бойынша артықшылығын не кемдігін насихаттауға бағытталған қасақана әрекеттер үшін жауапкершілік белгілейді.
Мұндай әрекеттер жария түрде, соның ішінде әлеуметтік желілер мен интернет арқылы жасалған жағдайда, 2 000-нан 7 000 АЕК-ке дейін айыппұл салу, бас бостандығын шектеу немесе екі жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Ауырлататын мән-жайлар болған жағдайда жаза бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыруды, ал аса ауыр зардаптар туындаған кезде 12 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыруды қамтуы мүмкін.
ҚР Қылмыстық кодексінің 256-бабы терроризмді насихаттау, террористік акт жасауға жария түрде шақыру, сондай-ақ террористік мазмұндағы материалдарды тарату мақсатында дайындау, сақтау немесе тарату әрекеттеріне қатысты.
Бұл бап бойынша бес жылдан тоғыз жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлікті тәркілеу жазасы қарастырылған.
Ал егер құқық бұзушылық әлеуметтік желілерді, онлайн-платформаларды немесе бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалану арқылы, адамдар тобымен не қызмет бабын пайдаланып жасалса, жаза жеті жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлікті тәркілеу түрінде белгіленген.
Маман әлеуметтік желі қолданушылары ескеруі тиіс маңызды жайтқа да тоқталды. Оның айтуынша, өзге біреудің жазбасын бөлісу фактісінің өзі автоматты түрде қылмыстық құқық бұзушылық болып саналмайды.
Осыған байланысты сарапшы әлеуметтік желі қолданушыларына жариялайтын және тарататын ақпаратқа мұқият қарауға, материалдардың мазмұнын тексеруге кеңес береді. Әсіресе зорлық-зомбылыққа, терроризмге, ұлтаралық немесе діни араздықты қоздыруға шақыратын жазбаларды таратудан сақ болу қажет.