Семейде әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күні аталып өтті
Семей қаласындағы Мәдениет сарайында Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік жиынға қала әкімінің орынбасары Әсет Баймұрзаев пен әлеуметтік сала қызметкерлері қатысты.
«Біз адамға қамқорлық жасауды өмірлік ұстанымына айналдырған, күнделікті еңбегімен қоғамдағы мейірім мен жанашырлықты арттырып жүрген азаматтарға құрмет көрсету үшін жиналып отырмыз.
Қаланың дамуы тұрғындардың тұрмыс сапасынан, әр адамның өзін қоғамға қажет сезінуінен көрінеді. Әсіресе, өмірдің күрделі кезеңіне тап болған жанның дер кезінде көмек алып, өз мәселесімен жалғыз қалмағанын сезінуі аса маңызды. Осы жауапты міндетті атқаруда сіздердің еңбектеріңіз ерекше», – деді Әсет Баймұрзаев.
Бүгінде Семей қаласында әлеуметтік салада 600-ге жуық адам еңбек етеді. Оның ішінде 300-ге жуық маман тікелей халыққа қызмет көрсетеді. Қалада тұрғындарға әлеуметтік қолдау көрсету бағытында Отбасын қолдау орталығы да жұмыс істейді. Орталық қызметі өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға қолдау көрсетуге, олардың мәселелерін шешуге жәрдемдесуге бағытталған.Салтанатты іс-шара барысында әлеуметтік салада адал еңбек етіп, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға үлес қосып жүрген қызметкерлер қала әкімінің Құрмет және Алғыс хаттарымен марапатталды.




