Cемей4°С
Ауа-райы
  • Абай12°С
  • Аягөз6°С
  • Ақсуат6°С
  • Бородулиха3°С
  • Қалбатау5°С
  • Курчатов13°С
  • Көкпекті5°С
  • Үржар9°С
453.26 506.7 5.58

Президент Жолдауы: ел экономикасы мен инфрақұрылымын дамытуға басымдық берілді

Бүгін, 08:03

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында елдің алдағы даму бағдарын айқындап, жүзеге асырылуы тиіс негізгі міндеттерге тоқталды.

Мемлекет басшысы сөзінің басында әлемдегі геосаяси тұрақсыздық пен жаһандық өзгерістер жағдайында Қазақстан ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларды қолға алып, дамудың жаңа белесіне бет алғанын атап өтті.

Президенттің айтуынша, елдің орнықты дамуы үшін ең алдымен халықты сапалы әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету қажет. Бұл азаматтардың тұрмыс сапасын арттырып, өңірлердің әлеуетін нығайтудың негізгі тетіктерінің бірі саналады. Осыған байланысты мемлекет инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға басымдық бермек.

– Азаматтарымыз толыққанды әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтылуы керек. Бұл – халықтың тұрмыс сапасын көтерудің маңызды шарты. Сондықтан басты назарды инфрақұрылым құру ісіне аударамыз. Бұған дейін де айттым: Қазақстан ауқымды құрылыс алаңына айналуға тиіс. Мәселе жекелеген жобаларға қатысты болып отырған жоқ. Жалпы, барлық аймақта жаппай құрылысты бастап, жандандыру қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Әділетті, Күшті, Таза әрі Озық Қазақстан құру стратегиялық мақсат болып қала беретінін жеткізді. Оның пікірінше, бүгінгі реформалар мен қолға алынған бастамалардың түпкі нәтижесі – келер ұрпаққа қуатты экономикасы, заманауи инфрақұрылымы және азаматтардың дамуына қолайлы мүмкіндіктері бар мемлекет қалдыру.

– Бір сөзбен айтқанда, біз осы тарихи жауапкершілікті терең сезіне отырып, өскелең ұрпақтың игілігі үшін мол қаржы қалдырумен қатар, технологиялық тұрғыдан өркендеген, бәсекеге қабілетті әрі күшті экономикасы, озық инфрақұрылымы бар, өмір сүру үшін қолайлы, әр азаматтың өзін-өзі дамытуына барлық жағдай жасалған жаңа тұрпатты мемлекет құрып, аманат етуіміз керек. Мұны ең басты міндетіміз, тіпті тарихи маңызы бар миссиямыз деп айтуға болады, – деді Президент.

Жолдауда елдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған бірқатар маңызды бастама да жарияланды. Атап айтқанда, инфрақұрылымды жаңғырту, көлік-логистика және энергетика салаларын дамыту, өнеркәсіпті технологиялық тұрғыдан жаңарту, ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыру және су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелеріне ерекше мән берілді.

Бұдан бөлек, инвестициялық ахуалды жақсарту, кәсіпкерлікке қолайлы жағдай қалыптастыру, Alatau City қаласын дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау бағыттары да назардан тыс қалған жоқ.

Цифрландыру саласында Digital Qazaqstan стратегиясын жүзеге асыру, жасанды интеллект технологияларын кеңінен енгізу және цифрлық экономиканы қалыптастыру міндеттері белгіленді. Сонымен бірге инфляцияны тұрақтандыру, қаржы, бюджет және салық саясатын жетілдіру, әлеуметтік қолдау тетіктері мен ағарту жүйесін жаңғырту мәселелері көтерілді.

Мемлекет басшысы мемлекеттік басқару тиімділігін арттырумен қатар, қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидатын берік орнықтырудың маңыздылығына да тоқталды.

Жалпы, Президент Жолдауында белгіленген басымдықтар Қазақстанның экономикалық қуатын нығайтуға, өңірлердің әлеуетін арттыруға және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Бұл міндеттерді жүйелі жүзеге асыру елдің ұзақ мерзімді дамуына негіз болмақ.


 

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив