АБАЙ ОБЛЫСЫ: ҚАЛА МЕН АУДАН ӘКІМДЕРІНІҢ РЕЙТИНГІ
Интернет ғасырында - дәстүрлі БАҚ емес, әлеуметтік медиа бүгінде негізгі ақпарат көздеріне айналғаны анық.
Өңірлердің және Республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерімен өткен кеңейтілген отырыстың бірінде Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті атқарушы органдарға халықпен өзара іс-қимылдың жаңа форматына көшуді тапсырды. Президент қарапайым адамдардың әлеуметтік әл-ауқатын білу және оған уақтылы жауап беру өте маңызды екенін атап өтті.
Бұл әрбір шенеунік әлеуметтік желілерде белсенді болуы керек дегенді білдіреді. Президенттің тапсырмасын назарға ала отырып, Абай облысындағы қала мен аудан әкімдерінің әлеуметтік желілердегі белсенділігінің рейтингі шығарылды. Аталмыш рейтингті «Abay Media Group» ЖШС қарасты ақпараттық-аналитика бөлімінің мамандары дайындады. Рейтинг аудан әкімі мен әкімдіктердің әлеуметтік желідегі белсенділіктері бойынша арнайы әзірленген критерийлер формуласы бойынша есептелді.
ҚАЛАЛАР МЕН АУДАНДАР ӘКІМДЕРІНІҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕГІ БЕЛСЕНДІЛІГІ БОЙЫНША РЕЙТИНГІ (ҚАЗАН АЙЫ БОЙЫНША)
Әкімдер арасында көшбасшылар мен аутсайдерлер анықталды.
Бірінші үштік рейтинг көшбасшылары:
1) Нұрбол Төлегенұлы Нұрсағатов
2) Ділдәбек Тәжібайұлы Оразбаев
3) Жарқынбек Борашұлы Байсабыров
4) Қанат Серікқанұлы Әділбай
5) Талғат Батырұлы Мұратов
6) Болат Таңсықбайұлы Әбдірәлиев
7) Айдар Маратұлы Ибраев
Аутсайдерлер:
8) Асхат Сайдахметұлы Смаилов
9) Нұржан Оразбекұлы Әбдікәрімов
10) Ақылбек Жұмабекұлы Башимбаев
1. Нұрсағатов Нұрбол Төлегенұлы – Семей қаласының әкімі.
Әлеуметтік желілердегі белсенділік бойынша Семей қаласының әкімі Нұрсағатов Нұрбол Төлегенұлы 1832,1 баллмен 2023 жылдың қазан айының рейтингінде тағы да көш бастады. Парақшадан Семей қаласының шеткері аумақтарын абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, жол инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған жұмыстар атқарылғанын байқауға болады. Сондай-ақ Бобровка, Мұрат саяжайларында 24 дана аялдама павилондары ауыстырылған. Атап айтқанда, ағымдағы жылы Бобровка кентінде Созидательная көшесінде 113 жарық бағанасы орнатылып, жарықтандырулар жүргізілді, жаңа футбол алаңы қолданысқа берілді. Қала ішінде экологиялық айлық шеңберінде, қала аумағының бірнеше учаскесінде 1000-нан астам ағаш көшеттері отырғызылды. 20 отбасы Ұшақтар кентіндегі Архат көшесіндегі үйлерден баспаналы болды. Жамақаев көшесіндегі қоғамдық кеңістік, Восход және Шығыс кенттерінде ойын алаңдары, сол жағалаудағы аспалы көпір астындағы қоғамдық орын қала тұрғындарының игілігіне берілді. Нұрбол Нұрсағатов бұл айда Үндістанның Қазақстандағы Елшісі Т.В. Нагендра Прасадпен кездесті. Сонымен қатар, парақшадан қоқыс полигондарын жою жұмыстары қарқынды жүргізіліп, қаланы жинау және ретке келтіру күн сайын жүргізіліп жатқанын көруге болады. Айнабұлақ, Абыралы, Қараөлең, Алғабас және Ақбұлақ ауылдарының тұрғындарымен кездесті. Мүгедектігі бар адамдарға арналған арнайы жұмыс орны ашылды.Семей қаласының автопарктері жаңа автобустармен толықты. Ұлттық мереке - Республика күніне орай қала тұрғындары мен қонақтарына арналған концерттер, спорттық ойындар, ойын-сауықтық бағдарлама, көрмелер, қаланың шеткері аумақтарында 200-ден астам мерекелік концерттер ұйымдастырылды. «Жаңа Қазақстан. Таза табиғат» акциясы аясында Қарағайлы ықшам ауданында 50 жас көшет отырғызылды. Нұрбол Төлегенұлы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азаматтарды марапаттады. Көпбалалы 32 отбасыға тұрғын үй кілттері табыстады. Берілген әр үйдің жалпы ауданы 80-100 шаршы метрді құрайды, үйлер жылыту пештерімен толық қамтамасыз етілген, жөндеу жұмыстарын қажет етпейді. Ауласында бау-бақшаға арналған арнайы бос орын бар. Семей қаласының қоғамдық орындарында қосымша орындықтар мен қоқыс жәшіктері қойылды. Атап айтқанда, Жеңіс саябағы, теміржол вокзалы, әуежай, Әуезов алаңы, Бегалин көшесіндегі аллея, «Өлім вагоны» аудандарында жалпы саны 115 орындық пен қаланың орталық көшелерінде 150 қоқыс жәшіктері орнатылды. Базар көшелерін ретке келтіру жұмыстары жүргізіліп, әкім тапсырмасымен көше саудасымен айналысатын саудагерлерге жақын маңдағы базарлардан арнайы орындар берілді.
*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Семей қаласының әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.
2. Оразбаев Ділдәбек Тәжібайұлы – Көкпекті ауданының әкімі.
Көкпекті ауданының әкімі Оразбаев Ділдәбек Тәжібайұлы 1052,3 баллмен екінші орынға шықты. Ол қазан айын Тассай ауылына барып, тұрғындармен кездесуден бастады. Онда тұрғындармен жер мәселесін, М. Әуезов атындағы мектебіне жөңдеу жұмыстарын және «Ауыл аманаты» жобасының жүзеге асырылуын талқылап, жақында ашылған Тассай балық цехының жұмысымен танысып қайтқан. Тассай ауылынан кейін Көкпекті ауылының тұрғындарымен кездесіп, жаңадан салынған нысандарға барды. Биылғы жылы Көкпекті ауылының бірқатар көшелеріне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізіп, асфальт төселуде. Сонымен қатар ұстаздар мерекесі аясында ауданның осы салаға үлес қосып жүрген ұлағатты ұстаздарын марапаттап, ардагер ұстаздардың үйіне барып құрмет көрсеткен. Ділдәбек Оразбаев ауылдарға сапары барысында тұрғындардың өтініші мен берген уәдесін орындайтынын көруге болады. Өйткені араға 4 күн салғаннан кейін Тассай ауылына қайта барып, тұрғындардың өтініші бойынша Ата мазарын абаттандыруды қолға алды. Бүгінгі күні мазарды абаттандыру жұмыстары басталып, мазардың маңайы қоршалып, қақпасы орнатылып, мазар маңында 2 су ұңғымалары жасалып, су тартылды. Сонымен қатар, Үшкөмей ауылының тұрғыны Мұхтар Әуезов атындағы орта мектебіндегі газель автокөлігі мәселесін көтерген болатын. Бұл мәселені де шешіп, қыс түспей газель автокөлігін беретінін айтты. Себебі, «балалардың еш кедергісіз білім алуына жағдай жасау менің басты мақсатым» - дейді аудан әкімі. Сонымен қатар, аудан әкімі бұл айда Үлгімалшы, Көкжайық, Биғаш, Теректі, Шұғылбай, Қойгелді Үлкенбөкен, Аухадиев атындағы ауылдық округтеріне барды. Жұмыс сапары барысында, бірқатар азаматты «Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін» медальдерімен алғыс хаттарын табыстады. Су құбыры желілерінің құрылысымен, аудандық маңызы бар автомобиль жолының жағдайымен танысты. Тұрғындардың ұсынысы бойынша, Көкпекті ауылының Заречный аумағындағы саябақта балалар ойын алаңы және шағын футбол алаңы ашылды. Осындай футбол алаңын Шәріптоғай ауылының балаларына да салып берді. Әкім парақшасынан әр сенбі күні ауыл шаруашылық жәрмеңкесінің өткізілетінін көруге болады. Преображенка ауылында Республика күні қарсаңында «Өрнек» жеке меншік балабақшасы жанынан 25 балаға арналған жаңа топ ғимараты ашылды. Ділдәбек Оразбайұлы өз парақшасында әрбір ауыл тұрғындарының өтініштерін ешқашан назардан шығармайтынын жазды. Қорытындылай келе, парақшадан бұл сөз жай жазылмағанын және тұрғындардың ұсыныстары назарсыз қалмайтынына көз жеткізуге болады. Және бұл тұрғындар үшін өте маңызды.
*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Көкпекті ауданының әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.
3. Байсабыров Жарқынбек Борашұлы – Жарма ауданының әкімі.
Жарма ауданының әкімі Байсабыров Жарқынбек Борашұлы 1041,2 баллмен үздік үштік қатарына қайта оралды. Аудан әкімі қазан айын мерекелік шарадан бастап, аудандық Мәдениет үйінде өткен қарттар күніне арналған мерекелік концертке қатысып, қарттарға құрмет көрсетті.Үшбиік, Аршалы, Қызылағаш, Қалбатау, Суықбұлақ, Қарасу ауылдық округтерінің және оларға қарасты елді-мекендерге, Жарма кентінің тұрғындары алдында есепті кездесуін өткізіп, ауылдарды аралау кезінде әлеуметтік нысандардың жылыту маусымына дайындығын тексерді. Сондай-ақ, білім беру, денсаулық сақтау, аудандық маңызы бар жолдардың жай-күйімен танысып қайтты. Сапар барысында, сала басшыларына тиісті шараларды қабылдап, әрекет етуді тапсырды. Шар қаласындағы төбесін қатты соққан жел ұшырып кеткен 2 қабатты жеке тұрғын үйде болды. Қазіргі таңда үйдің төбесі толығымен ауысып ауласына орталықтандырылған су құбыры тартылды. Аудан орталығында салынып жатқан 3 қабатты тұрғын үйдің және екі пәтерлі 15 үйдің құрылыс жұмыстарын аралап, келер жылға интернаттың тұрмыстық жиһаздарын жаңартуды тапсырды. Тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, мәселелерін талқылады. Шар қаласының қала статусын алуына 60 жыл толуы мерекесі аясында өткен салтанатты жиындарға қатысып, Шар қаласының дамуына ерекше еңбегі сіңірген аға буын өкілдерін «Шар қаласының дамуына сіңірген ерекше еңбегі үшін» арнайы төс белгісімен марапаттады. Қалбатау ауылында даңқ аллеясы ашылды. Қазан айында тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтағы 20 отбасы баспаналы болды. Және Жарқынбек Борашұлы қараша айында тағы 40 үйдің кілті табысталатынын жазды.
*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Жарма ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.
4. Әділбай Қанат Серікқанұлы – Аягөз ауданының әкімі.
Аягөз ауданының әкімі Қанат Әділбай Серікқанұлы 1025,9 баллмен рейтингте төртінші орында тұр. Аудан әкімі қазан айын аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында тұрғындармен жеке қабылдау өткізуден бастады. Қабылдау барысында түрлі мәселелер бойынша: тұрғын үй кезегіне тіркелу, ауыз су, жол жөндеу, электржабдықтау және жер телімдерін бөлуге қатысты сұрақтар қаралды. Әкім барлық келушілерге толықтай түсініктемелер беріп, жауапты бөлім басшыларына тиісті тапсырмалар жүктеген. Ұстаздар күніне өткізілген шараға қатысып, лауазымдық міндеттерін абыроймен атқарып жүрген бірқатар ұстаздарды алғыс хаттармен марапаттады. Аягөз ауданы әкімдігінің барлық мемлекеттік қызметшілерімен жиын өткізді. Аягөз қаласында балабақша ашылды. Желтоқсан, Барақ батыр көшелерін аралап, ауыз су тарту мәселесі бойынша көше тұрғындарымен кездесу өткізді. Қазан айында Аягөз ауданында жалпыаудандық санитарлық-тазалау жұмыстары жүргізілгенін аңғаруға болады. Әкім парақшасынан ауыл, аудан-қала тұрғындарымен кездесулер жиі өтетінін көреміз. Сонымен қатар, тағы Аягөз қаласында 150 орындық «Алтын Сақа» бөбекжай балабақшасы ашылған. Әкім алдағы уақытта «Алтын Сақа» бөбекжай балабақшасында 2-6 жас аралығындағы 6 топқа бүлдіршіндерді жинақтап, 22 адам жұмыспен қамтылатынын жазды. Айта кетейік Аягөз ауданы бойынша 11 балабақша бар. Оның 7-і мемлекеттік, ал 4-і жеке меншік болып табылады. Ол балабақшаларда 1862 бала тәрбиеленуде. Қанат Серікқанұлы өз парақшасы арқылы алдағы уақытта ауданның маңызды мәселелері өзінің қадағалауында болатынын жеткізді.
*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Аягөз ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.
5. Мұратов Талғат Батырұлы – Бесқарағай ауданының әкімі.
Бесқарағай ауданының әкімі Мұратов Талғат Батырұлы 911,1 баллмен ағымдағы жылдың қазан айының рейтингінде бесінші орынға жайғасты. Аудан әкімі бұл айды ауданның жас спортшыларына құрмет көрсетуден бастады. Ол жасөспірімдер арасында шағын футболдан өткен облыстық ашық турнирында жүлделі бірінші орынға ие болған жас спортшыларды марапаттады. Бұл әкімнің спортшыларды қолдайтынын көрсетеді. Тұрғындармен кездесулер өткізіп, жеке қабылдаулар барысында тұрғын-үй мәселесі мен материалдық көмек туралы мәселелерін қарастырған. Аға буын өкілдерімен кездесу өткізіп, ақыл-кеңестің, үлгі-өнегенің сарқылмас кенішіндей болған қазыналы қарияларды мерекемен құттықтап, сыйлықтар табыстады. Әкімнің әр сенбі сайын аудан орталығында өткізілетін жәрмеңкеге қатысатынын көруге болады. Қазан айында Малая-Владимировка ауылы тұғындары тарапынан көтерілген көп жылдар бойы шешімін таппаған ауылдық клуб қажеттігі мәселесі шешімін тапты. Онда ұлттық мәдениетті ұлықтайтын ауылдық клуб ашылды. Клуб концерт залы, аудитория, киім ауыстыру орнымен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, аудан орталығында жаңа алаң ашылды. Бұл - ғашық жандарға арналған бірден-бір романтикалық орын «Ғашықтар» саябағы. Қазан айы Бесқарағайлықтар үшін ашылуларға толы болды. Өйткені бұл айда Беген ауылында футбол алаңы ашылды. Шара барысында шағын футболдан арнайы турнир ұйымдастырылып, жеңімпаз ойыншыларға бағалы сыйлықтар табыс етілді. Аталған жобаға облыстық бюджеттен 16,0 млн. теңге бөлініп, бүгінгі күні толығымен игерілген екен. Сонымен қатар, ауданда 2 - көпбалалы отбасыға, 5 - әлеуметтік осал топтағы тұрғындар мен 1 – мүгедектігі бар отбасына үйлер табысталды. Қазан айында Талғат Батырұлы Бөдене, Беген ауылдарына барып, онда жүргізіліп жатқан жобалардың жұмыс барысын тексерді.
*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Бесқарағай ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.
6. Әбдірәлиев Болат Таңсықбайұлы – Курчатов қаласының әкімі.
Курчатов қаласының әкімі Әбдірәлиев Болат Таңсықбайұлы 827,3 баллмен рейтингте алтыншы орынға төмен түсті. Ол қазан айын мүгедектігі бар адамдар мен тұрғындардың қол жетімділігін қамтамасыз ету бойынша жұмыс кеңесін өткізуден бастады. Қаладағы қазандықтар мен «Балапан Көлігі» ЖШС-не бақылау жүргізіліп, алдағы жылыту маусымына көмірдің сапасы мен қолжетімділігін тексерді. Қаланың коммуналдық кәсіпорындарымен жұмыс кеңесін өткізді. Онда «Курчатов Водоканал» МКК және «ККЭК» МКК қызметіне қатысты мәселелер талқыланды.Жастар арасындағы өзекті мәселелер бойынша жұмыс кеңесін өткізді. Атап айтқанда, жастар арасында құмар ойындарға құмарлықтың, алкоголизмнің, темекі шегудің және психотроптық заттарды қолданудың алдын алу мәселелерін қарастырды. Қала әкімі парақшасында «Жастар» саябағында ағаш отырғызу акциясына қатысып, қала тазалығына септігін тигізгенін жазды. Мәдениет мекемесінің басшыларымен кездесу өткізді. Кездесуде түрлі жанрдағы шығармашылық үйірмелердің санын көбейту, жастарды тарту мәселесі пысықталды. Әкім жалпы білім беретін орта мектептің жоғары сынып оқушыларымен мотивациялық кездесу өткізді. Сонымен қатар, қала тұрғындарын қабылдап, олардың мәселелерін тыңдады.
*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Курчатов қаласы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.
7. Ибраев Айдар Маратұлы – Бородулиха ауданының әкімі. Бородулиха ауданының әкімі Ибраев Айдар Маратұлы 786,6 баллмен жетінші орынға тұрақтады. Аудан басшысы қазан айында да Бородулиха ауданының 95 жылдығын жалғастырды. Той 1 қазан Новая шульба ауылындағы ипподромда жалғасып, келген қонақтарға арнайы киіз үй тігіліп, жәрмеңке, мерекелік концерт ұйымдастырылды. Аудан тұрғындары үшін ыстық ас таратылды. Кейін той аудандық мәдениет үйінде жалғасты. Шара барысында, Бородулиха ауданына еңбегі сіңген, көп жылдар ел басқарған, ауданның көркеюі мен дамуы жолында еңбек еткен ардақты азаматтарды мерейтойлық медальмен наградтады.Жезкент кентінде ауданға белгілі меценат, кәсіпкер болған Жылқайдаров Ерлан Жұмабекұлын еске алуға арналған үстел теннисінен кезекті турнирдің ашылу салтанатына қатысты. Сонымен қатар, аудан әкімі тұрғындарға жеке қабылдау өткізіп мәселелерін шешуге көмектесті. Переменовка ауылдық округінде жергілікті тұрғындардың және шаруа қожалықтарының техникасының көмегімен шұңқырларды толтыру үшін материалды жеткізу жұмыстары белсенді жүргізілуде. Бородулиха ауданының коммуналдық шаруашылығының техникасымен Андроновка және Орловка ауылдарындағы ауыл жолдарын тегістеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ Орловка ауылындағы Победа көшесіне көше жарығын орнату жұмыстары аяқталу сатысында, мұнда құрылыс аяқталды, қосуға дайындық жұмыстары жүргізілуде. Бородулиха ауданында 5 ші рет жастар мен жасөспірімдер арасындағы бокстан облыстық ашық турнирі өтіп, жеңімпаздарға диплом, медаль, кубок пен номанициялар бойынша сыйлықтар берілді. Бородулиха ауданында да әр демалыс сайын ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтетінін байқауға болады. Ауданда Республика күніне орай «Жаңа Қазақстан. Таза табиғат» атты сенбілік ұйымдастырылған. Тұрғындарды қуантқан жаңалық - аудан орталығында жаңа үйлердің кілттері табысталды. Атап айтқанда, 2 көп балалы отбасы, 7 әлеуметтік осал топ санатындағы отбасы, 1 зейнеткер баспаналы болды.
*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Бородулиха ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі ресми парақшаларын белсенді жүргізу ұсынылады.
8. Смаилов Асхат Сайдахметұлы – Ақсуат ауданының әкімі.
Ақсуат ауданының әкімі Смаилов Асхат Сайдахметұлы 721,3 баллмен қайтадан сегізінші орынға жайғасты. Аудан әкімі қыркүйек айы ғана емес өзінің парақшасын мүлдем жүргізбейтін сияқты. Ол бұл айда небәрі үш жазба жариялаған. Оның біреуі – ұстаздар күнімен, енді біреуі – Республика күнімен құттықтау. Ал үшінші жазба ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Несіпбек Айтұлы дүниеден өткеніне көңіл айту.
*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Ақсуат ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі ресми парақшаларын белсенді жүргізу ұсынылады.
9. Әбдікәрімов Нұржан Оразбекұлы – Абай ауданының әкімі.
Абай ауданының әкімі Әбдікәрімов Нұржан Оразбекұлы 714,6 баллмен ағымдағы жылдың қазан айының рейтингісінде үздік үштіктің қатарынан түсіп, бірден тоғызыншы орынға жайғасты. Ол бұл айда аутсайдерлердің қатарына кірді. Өйткені оның парақшасы да тек құттықтаулар мен өзге ақпараттарға толы. Нұржан Оразбекұлы бұл айда қатты шаршап қалған сияқты. Әлде парақшасын жүргізбейтін болып шешті ма екен?! Айта кетейік, қараша айының алғашқы аптасында Абай ауданы әкімінің сайлауы белгіленген. Ол аталған сайлауға қатыспайды.
*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Абай ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті қолға алу ұсынылады.
10. Башимбаев Ақылбек Жұмабекұлы – Үржар ауданы әкімінің міндетін атқарушы.
Үржар ауданы әкімінің міндетін атқарушы Башимбаев Ақылбек Жұмабекұлы 566,1 баллмен көш соңына жайғасты. Оның жеке парақшасы жоқ. Атқарылған жұмыстарды аудан әкімдігінің парақшасынан қарауға болады. Ауданда құқық бұзушылықтың және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өткен. Отырыста сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат және құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстар талқыланды. Ақылбек Жұмабекұлы Мақаншы ауылының тұрғындарымен кездесіп, олардың мәселелерін тыңдады. Үржар медициналық әлеуметтік мекемесінде болып, жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарымен, сондай-ақ Қабанбай ауылында жүргізіліп жатқан су құбыры жұмыстарымен танысты.Ауданда 3 нысанның жұмыстарын жасап жатқан «ГрадСтройСервис» компаниясының өкілдерін қабылдады. Жиынға тиісті басшылар қатысты. Кездесуде Ақылбек Жұмабекұлы мердігер ұйымға барлық кемшіліктерді ретке келтіруді және нысандарды мерзімінде тапсыруды талап етті.Республика күні қарсаңында ауданда ағаш көшеттерін отырғызу және күзгі тазалық жұмыстары жүргізілді. Әкімнің міндетін атқарушы аудан тұрғындарын жеке сұрақтары бойынша қабылдады.
*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Үржар ауданы әкімінің міндетін атқарушыға ұсыныс:желідегі ресми парақшаларын белсенді жүргізу ұсынылады.