Cемей0°С
Ауа-райы
  • Абай12°С
  • Аягөз6°С
  • Ақсуат6°С
  • Бородулиха3°С
  • Қалбатау5°С
  • Курчатов13°С
  • Көкпекті5°С
  • Үржар9°С
447.52 502.21 5.41

Абай облысында «Аягөз – Тарбағатай» бағытындағы жол толық жаңартылып, пайдалануға берілді

Бүгін, 14:37

Бүгін Абай облысында көптен бері тұрғындар тарапынан көтеріліп келген «Аягөз – Тарбағатай» бағытындағы автомобиль жолы салтанатты түрде ашылды. Республикалық маңызы бар «Қарағанды – Аягөз – Тарбағатай – Боғас» автожолының «Аягөз – Тарбағатай» учаскесінің орташа жөндеу жұмыстары толық аяқталды.

Жолдың ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Берік Уәли тұрғындарды құттықтап, күре жолдың халық үшін маңызын атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін арттыру, транзиттік бағыттарды дамыту және сапалы автожол инфрақұрылымын құру мәселесіне ерекше назар аударды. Былтыр желтоқсан айында Тарбағатай    ауылына келгенімде тұрғындар осы жолдың мәселесін айтқан болатын. Жөндейміз деп халыққа уәде берген болатынбыз. Көлік министрлігімен, «Қазавтожол» және облыс әкімдігінің бірлескен жұмысының нәтижесінде бүгін осындай қуанышты жаңалыққа куә болып отырмыз. Халық арасында «Жол қадірін жүрген біледі» деген сөз бар. Бұған дейін екі сағат уақыт алатын «Аягөз – Тарбағатай» бағытындағы жолды енді 40 минутта еңсеру – жай ғана уақыт үнемдеу емес, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыратын, өңірлер арасындағы байланысты нығайтатын нақты нәтиже. Бұл жол тек Тарбағатай ауылының тұрғындарына ғана емес, ар жағындағы Ақсуаттың, Зайсан, Тарбағатай аудандарының тұрғындары жүретін негізгі жол. Сол себепті бұл Аягөз ауданы тұрғындарының ғана емес, көршілес аудандардағы халықтың да ортақ қуанышы», – деді Берік Уәли.

«Қарағанды – Аягөз – Тарбағатай – Боғас» автомобиль жолы 1978-1980 жылдары салынған. Абай облысы аумағындағы жалпы ұзындығы 618 шақырымды құрайды. Өткен жылы осы жолдың 15 шақырымына орташа жөндеу жүргізілді. Биыл бұл жұмыс жүйелі түрде жалғасын тауып, 66 шақырым жол толық жөндеуден өтті. 

Жөндеу барысында жолдың негізі нығайтылып, жаңа асфальтбетон жабыны төселді. Жол жиектері ретке келтіріліп, су өткізу құрылыстары мен қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ететін инфрақұрылым жаңартылды.

Жекелеген учаскелерде аялдау алаңдары, жолаушыларға арналған павильондар, жарықтандыру жүйесі және санитариялық нысан қарастырылды.

Ауыл тұрғындары жолдың ашылуына ризашылықтарын жеткізді.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында айтқан басты саланың бірі көлік логистикасы болатын. «Аягөз-Тарбағатай» бағытындағы жолдың жөнделіп, ашылғанына қуаныштымыз. Өйткені, біз бұл жолдың бейнетін көп көрдік. Жолымыз осы кезге дейін әр жерінде бір жөндеу көргенімен тұтастай жаңғыртылған емес. Жол тозған соң Ақсуат, Зайсан, Ақжар бағытындағы жолаушылар автобустары Жарма ауданы арқылы айналып өткен кездер де болды. Сапалы жол халықтың қалаға көшпей бір жерде тұрақтап тұруына да себепкер болары сөзсіз. Сондықтан айтар алғысымыз шексіз», – дейді Тарбағатай ауылының тұрғыны Ардақ Сіләмбаев.

Өңірде жергілікті маңызы бар жолдарды жаңарту жұмыстары да жалғасуда. Қазіргі уақытта жалпы ұзындығы 212,6 шақырым автомобиль жолында орташа жөндеу жүргізіліп жатыр. Оның ішінде облыстық маңызы бар үш учаскедегі 41 шақырым, аудандық маңызы бар тоғыз учаскедегі 91,4 шақырым жол және 20 елді мекендегі жалпы ұзындығы 80,2 шақырым болатын 80 көше қамтылған.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив