Cемей-3°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
487.24 529.34 5.02

АБАЙ ОБЛЫСЫ: ҚАЛА МЕН АУДАН ӘКІМДЕРІНІҢ РЕЙТИНГІ

3-07-2024, 10:54 Сабина Әлібек

Интернет ғасырында - дәстүрлі БАҚ емес, әлеуметтік медиа бүгінде негізгі ақпарат көздеріне айналғаны анық.

Өңірлердің және Республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерімен өткен кеңейтілген отырыстың бірінде Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті атқарушы органдарға халықпен өзара іс-қимылдың жаңа форматына көшуді тапсырды. Президент қарапайым адамдардың әлеуметтік әл-ауқатын білу және оған уақтылы жауап беру өте маңызды екенін атап өтті.

«Әкімдер халықтың сұраныстарына жедел ден қойып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажет. Әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс істеу маңызды: мессенджерлерде топтар құру, жүргізіліп жатқан саясатты қол жетімді түсіндіру, жағдайды модерациялау және басқару», - деп Президент әлеуметтік желілерде жұмыс істеуге баса назар аударды.

Бұл әрбір шенеунік әлеуметтік желілерде белсенді болуы керек дегенді білдіреді. Президенттің тапсырмасын назарға ала отырып, Абай облысындағы қала мен аудан әкімдерінің әлеуметтік желілердегі белсенділігінің рейтингі шығарылды. Аталмыш рейтингті «Abay Media Group» ЖШС қарасты ақпараттық-аналитика бөлімінің мамандары дайындады. Рейтинг аудан әкімі мен әкімдіктердің әлеуметтік желідегі белсенділіктері бойынша арнайы әзірленген критерийлер формуласы бойынша есептелді.

ҚАЛАЛАР МЕН АУДАНДАР ӘКІМДЕРІНІҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕГІ БЕЛСЕНДІЛІГІ БОЙЫНША РЕЙТИНГІ (МАУСЫМ АЙЫ БОЙЫНША)

Әкімдер арасында көшбасшылар мен аутсайдерлер анықталды.

Бірінші үштік, рейтинг көшбасшылары:

1) Нұрбол Төлегенұлы Нұрсағатов

2) Дәурен Бақытжанұлы Қойгелдин

3) Талғат Батырұлы Мұратов 

Орташа рейтинг:

4) Мейіржан Серікбосынұлы Смағұлов 

5) Қанат Серікқанұлы Әділбай 

6) Ақылбек Жұмабекұлы Башимбаев

7) Айдар Маратұлы Ибраев 

8) Сәкен Әлмұхамбетұлы Сатпеков

9) Болат Таңсықбайұлы Әбдірәлиев 

Аутсайдерлер:

10) Ерсін Кәдірбекұлы Ескендіров

11) Марат Қапарұлы Теміржанов

12) Руслан Ерланұлы Базарбаев

1. Нұрсағатов Нұрбол Төлегенұлы – Семей қаласының әкімі.

Әлеуметтік желілердегі белсенділік бойынша Семей қаласының әкімі Нұрсағатов Нұрбол 1749,3 баллмен 2024 жылдың маусым айының рейтингінде әдеттегідей көш бастады. Маусым айы мерекемен басталып, мамандандырылған балалар үйінде мерекелік іс-шара өтті. Мерекеге орай қала әкімі Нұрбол Нұрсағатов мамандандырылған балалар үйіне барып, бүлдіршіндерді мерекемен құттықтап қайтты. Жалпы, Семей қаласының әкімдігінің ұйымдастыруымен 1 маусым - Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған 50-ге жуық іс-шаралар өткен. Мерекелік бағдарламалар қаланың орталында ғана емес, шеткері аумақтарында да ұйымдастырылған. 3 маусым күні Нұрбол Нұрсағатов қалалық эпидемиогиалық бақылау басқармасының басшысы мен ТЖБ басшысының орынбасарымен Заря шағын ауданындағы жағажайды абаттандыру жұмыстарымен танысып, адамдардың қауіпсіздігі басты назарда болу керектігін атап өтті. Және сала басшыларына тиісті тапсырмалар берді. Жыл соңына дейін Мұрат және Бобровка саяжайын тұрақты электр қуатымен қамтамасыз ету көзделген. Осыған орай, қала әкімі Бобровка және Мұрат саяжайларында электр инженерлік желілерін салып жатқан мердігерлермен кездесті. Биыл Мұрат және Бобровка саяжайларында инженерлік желілерден бөлек трансформаторлық қосалқы станциялар орнатылатын болады. Аулаішілік жолдарды асфальттау жұмыстары қазіргі таңда Абай 111, 20 квартал 5,6,7, Селевина 12,14, Ауезов 39 мекенжайларында жүргізілуде. Әкім әр апта сайын тұрақты түрде жол жөндеу жұмыстарына бақылау жүргізуде. Әкім парақшасында Қарағайлыда 13 көпқабатты тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары басталғанын хабарлады. Ол құрылыс жұмыстары басталған жер учаскесіне барып, 712 пәтерлі 13 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы басталғанын жазды. Қазіргі таңда мердігер ұйыммен құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, әкімЦУМ ауданында орналасқан балалар саябағының басшысымен кездесті. Кездесу барысында саябақтың бүгінгі жай-күйі, балалардың қауіпсіздігі, саябақты абаттандыру мәселелерін талқыланды. Нұрбол Нұрсағатов балалардың қауіпсіздігіне баса назар аудару керектігін айтып, саябақтағы аттракциондарды кезең-кезеңімен жаңарту керектігін атап өтті.

* Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Семей қаласының әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.

2. Қойгелдин Дәурен Бақытжанұлы – Мақаншы ауданының әкімі.

Жаңадан құрылған жас аудан Мақаншы ауданының әкімі Дәурен Бақытжанұлы әкімдер рейтингінде 1496,5 баллмен бірден көштің басына тұрақтады. Әкім бірден жеке парақшасын ашып, күнделікті белсенді түрде жүргізуде. Ауданға маусым айында Абай облысының құрылыс басқармасының басшысы Айдын Бегимбеков және Шығыс Қазақстан облысы қаржы басқармасы басшысының орынбасары Мадина Мұқашева жұмыс барысымен барды. Олар аудан әкімімен Алакөл жағалауындағы құрылыс нысандары туралы сұрақтарды қарастырған. Әкім Қазақстан Республикасының рәміздер күніне орай өткізілген аудандық Мәдениет үйіндегі салтанатты жиынға қатысқан. Парақшасында Алакөл жағалауында жазғы маусымға дайындық, абаттандыру жұмыстарын қадағалап, бақылауында ұстағанын жазды. Мақаншы ауылында 140 орынды балабақша құрылысы аяқталып қалды. Жоспар бойынша пайдалануға енгізу тамыз айына жоспарланған. Демек, аудан оқушылары жаңа оқу маусымында, жаңа мектептің табалдырығын аттайды. Маусым айында Мақаншы ауданы мәслихатының кезектен тыс 6-сессиясы өтті. 2024 жылы Мақаншы ауданы бойынша денсаулық сақтау саласында 9 нысан құрылысы бой көтереді. Найманбай көшесінде күндізгі стационары, зертханасы және әйелдер консультациясы бар дәрігерлік амбулатория құрылысы және де Қарабұлақ, Келдімұрат ауылдарында дәрігерлік амбулатория құрылысы басталды. Дәурен Бақытжанұлы аудан депутаттарымен бірге Қаратұма ауылына барып, жаңадан салынып жатқан үйлердің құрылыс жұмыстарын бақылап қайтты. Сондай-ақ, ауылдық округ әкімдерінің қатысуымен жиын өткізген. Жиын барысында көлік салығы туралы сұрақтарды көтеріп, ауылдық округтерде атқарылған жұмыстарға бағалау жүргізгенін жазды.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Мақаншы ауданының әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.

3. Мұратов Талғат Батырұлы – Бесқарағай ауданының әкімі.

Бесқарағай ауданының әкімі Мұратов Талғат Батырұлы баллмен ағымдағы жылдың маусым айының рейтингінде 1395,6 баллмен әдеттегідей үздік үштік қатарында. Әкім 3 маусым күні Канонерка ауылдық округіне барып, ауылдағы әлеуметтік маңызы бар мекемелерді аралап, бүгінгі жай-күйін бақылады. Ауыл көшелерін аралап, абаттандыру жұмыстарының сапасын тексеріп қайтты Бөдене ауылына су құбыры желісі тартылуда. Жалпы, Бесқарағай ауданындағы 28 елді мекенінің 24-і, яғни 86 пайызы орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген. Бөдене ауылын таза ауыз сумен қамту мақсатында қолға алынған жұмыстардың бүгінгі күні 90 пайызы орындалды. Сонымен қатар, әкім Жетіжар ауылдық округінің тұрғындары шілде айында 100 пайыз ауыз сумен қамтылатынын хабарлады. Халықтың тұрмыс-тіршілігін, әлеуметтік маңызы бар нысандардың жай-күйін бақылау мақсатында Долон ауылдық округіне барып қайтты. Ауылдық округке қарасты елді мекендерді аралап, әлеуметтік нысандардың қалыпты жағдайда тұрғандығына көз жеткізіп, білім ордаларының жаңа оқу жылына дайындық барысын тексерді. Өндіріс Глуховка, Қарамырза және Қарабас ауылдарында халық игілігі үшін фельдшерлік пункт пен дәрігерлік амбулатория салынып жатқанын жазды. Сонымен қатар, әкім парақшасынан Канонерка ауылында бүлдіршіндерге арналған шағын орталықтың ашылуы жоспарланып жатқанын көрдік.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Бесқарағай ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.

4. Смағұлов Мейіржан Серікбосынұлы – Абай ауданының әкімі.

Абай ауданының әкімі Смағұлов Мейіржан Серікбосынұлы мамыр айында 1054,0 баллмен рейтингте төртінші орында. Ауданда абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Әкім Абай-Құнанбай көшелері жолына жүргізіліп жатқан жаяу жүргіншілер жолағының жұмыс барысын бақылады. Аталмыш жұмыс Әуезов-Құнанбай көшелерінде жалғасуда. Қоршаған ортаның экологиялық тазалығын сақтау мақсатында мекеме қызметкерлерінің қатысуымен сенбілік жұмыстары өтті. Аудандық жастар үйінде өткен ауданның «Жасыл ел» еңбек маусымының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Абай ауданының полиция бөлімінің бастығы полиция полковнигі Ержан Қаратаевқа жеке қабылдады. Қабылдау барысында полиция бөліміне қызметтік бапта пайдалану үшін жаңа үлгідегі 4 дана планшетті табыстады. Ауданда маусым айында дүбірлі той болды. Құнанбай Өскенбайұлының 220 жылдық мерейтойы аталып өтілді. Мерейтойға эстрада жұлдыздары Қуандық Рахым, Әбдіжаппар Әлқожа келіп өнер көрсетті. Ұлттық спорт түрлерінен: қазақ күресі, көкпар, топ бәйге, жорға жарысы, аламан бәйге, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату, асау үйрету бойынша Алматы, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Абай облыстары бойынша ашық облыстық жарыс өтті. 21 маусым күні әкім Медеу, Кеңгірбай би  ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесіп, Абай ауданы бойынша 2024 жылдың І жартыжылдығында атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Одан бөлек аудан әкімі Көкбай, Құндызды, Саржал, Тоқтамыс және басқа да ауылдық округтерге барып, тұрғындар алдында есеп берді.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Абай ауданының әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.

5. Әділбай Қанат Серікқанұлы – Аягөз ауданының әкімі.

Аягөз ауданының әкімі Әділбай Қанат Серікқанұлы 1016,5 баллмен ағымдағы жылдың маусым айының рейтингінде бесінші орынға тұрақтады. Абай облысы мәслихатының кезектен тыс он бесінші сессиясы Аягөз ауданында өткізілді. Сессияға Абай облысы мәслихатының депутаттары, облыстық басқарма басшылары, Аягөз ауданы мәслихатының депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, бөлім басшылары және кент, ауылдық округ әкімдері келіп қатысты. Аягөз қаласының “Ардагерлер” паркінде абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. ”Қозы Көрпеш-Баян сұлу” паркінде орналасқан ойын алаңына жаңа газондар жайылып, тұрғындардың игілігіне берілді. Аягөз қаласында балаларға арналған жазғы лингвистикалық лагері ашылды. Аталған лагерьде “SAPSAN” оқу орталығының ұйымдастыруымен балаларға ағылшын тілі курстары оқытылуда. Аягөз ауданында шегірткелердің көбеюіне байланысты, Тарлаулы ауылдық округіне қарасты 400 га ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде итальян шегірткесіне және 585 га саяқ шегірткесіне қарсы химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді. Жалпы саны Аягөз ауданы бойынша 2105 га саяқ шегірткесіне және 1640 итальян шегірткесіне қарсы химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді. Айғыз ауылдық округінде «Қарабұлақ» бұлағының басында жолаушыларға арналған демалыс тұрағы ашылды. Қанат Серікқанұлы да маусым айында ауылдық округтерді аралап, тұрғындармен кездісіп қайтты. 

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Аягөз ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.

6. Башимбаев Ақылбек Жұмабекұлы – Үржар ауданының әкімі.

Үржар ауданының әкімі Башимбаев Ақылбек Жұмабекұлы 1005,6 баллмен тағы да алтыншы орынға жайғасты. Парақшасында әкім маусым айында аудан орталығы Үржар ауылы көшелерінің асфальт шұңқұрларының кемшіліктері қалпына келтірілгенін жазды. Шолпан ауылына барып, кіреберіс 3 шақырым автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыстарының қорытынды жұмысын көрді. Ол жерде асфальт жамылғысына дейінгі дайындау қабаты толығымен аяқталып, асфальт төселген екен. Мұндай жөндеу жұмыстары Қарақол ауылына кіреберісте де жүргізілуде. Аудан орталығында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жарықтандыру жұмыстарын аралап көрді. Бүгінгі күні Үржар ауылында аталған бағдарлама бойынша 21 көшеге жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп, тиісті құжаттары жасалуда.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Үржар ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі ресми парақшаларын белсенді жүргізу ұсынылады.

7. Ибраев Айдар Маратұлы – Бородулиха ауданының әкімі.

Бородулиха ауданының әкімі Ибраев Айдар Маратұлы 959,6 баллмен аутсайдерлер қатарынан жоғары шықты. Айдар Маратұлы маусым айында көктемгі су тасқынынан бүлінген жерлерді қарқынды түрде ретке келтіруде. Мысалы, Камышенка орман шаруашылығына апаратын жолдың бір жағын су шайған болатын. Қазіргі уақытта ол жолда жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Әкім оған "Қазавтожол" және Цемент заводы мекемелерінен барлығы 4 техника жұмылдырылғанын жазды. 13 маусымда барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен есеп беру кездесулері басталды. Бородулиха ауданында алғашқы кездесу Коростели ауылдары мен Ауыл станциясын қамтитын Бақы ауылдық округінде өтті. Іс-шара барысында 2024 жылдың алғашқы алты айында Бородулиха ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп беріп және болашаққа арналған басым міндеттерді мәлімдеді. Одан бөлек әкім басқа да ауылдық округтерге барп есеп беріп қайтқан. Нашар жолмен танылған Бородулиха ауданында «автомобиль жолдарын жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр ма екен?» деген сұрақпен әкім парақшасын бақылап көрдік. "Бородулиха-Жерновка-Пол-Лог 0-5,5 шақырым" аудандық маңызы бар автомобиль жолын «орташа» жөндеу жұмыстары басталған екен. Оған "Өскеменспецкоммунтранс" ЖШС мердігерлік ұйымы кіріскен. Өкінішке орай, осы бір жазбаны ғана көрдік.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Бородулиха ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.

8. Сатпеков Сәкен Әлмұхамбетұлы - Жарма ауданы әкімінің міндетін атқарушы.

Жарма ауданы әкімінің міндетін атқарушы Сәкен Әлмұхамбетұлы 797,9 баллмен рейтингтің сегізінші орнына тұрақтады. Бұл жолы атқарылған жұмыстарды аудан әкімдігінің парақшасынан іздеуге тура келді. Ауданға әкім тағайындалғанша, әзірге ақпаратты әкімдік парақшасынан алып отырамыз. С. Сәтпеков бірден халық алдындағы есеп беру кездесулерге кірісті. Маусым айының басында Бірлікшіл, Шалабай ауылдық округтері мен Әуезов кентінде өтті. Жиынға Жарма аудандық мәслихатының төрағасы, дербес бөлімдер басшылары, жергілікті қоғамдастық мүшелері, шаруа қожалықтарының басшылары мен елді мекендер тұрғындары қатысты. Мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында Жаңаөзен ауылында 2 пәтерлі 2 тұрғын үйдің іргетасы қаланды. Аталмыш тұрғын үйлер әлеуметтік осал топтағы тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға берілмек. " Нұр" жеке кәсіпкері Салқынтөбе, Қаражал, Үкілі ауылдарында жарықтандыру бағандарына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізді. Кездесу барысында аудан әкімінің міндетін атқарушы ауданда атқарылып жатқан жұмыстар мен алда атқарылатын жоспарлармен бөлісіп, ауылдарға қатысты мәселелерге тоқталды.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Жарма ауданының әкімінің міндетін атқарушыға ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.

9.  Әбдірәлиев Болат Таңсықбайұлы – Курчатов қаласының әкімі.

Курчатов қаласының әкімі Әбдірәлиев Болат Таңсықбайұлы 758,9 баллмен бұл айда тоғызыншы орынға түсіп қалды. Себебі, әкім парақшасынан өткен айға қарағанда, айтарлықтай бәсеңдік байқалады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі қалалық комиссияның отырысын өткізді. Курчатов қаласын абаттандыру жұмыстары белсенді жүріп жатқанын жазған. Бірақ жазбаны әкімдік парақшасынан көшіріп қоя салған сияқты. «Курчатов әкімі қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде баяндама жасады» деп өз парақшасына салып қойыпты. Одан бөлек әкім коммуналдық кәсіпорындардың басшыларымен ақша төлемеген тұрғындарың талап-арыз жұмыстарын жүргізу мәселесі бойынша жұмыс кеңесін өткізгенін жазды.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Курчатов қаласының әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.

10. Ерсін Кәдірбекұлы Ескендіров - Ақсуат ауданы әкімінің міндетін атқарушы.

Ақсуат ауданы әкімінің міндетін атқарушы Ерсін Кәдірбекұлы 573,4 баллмен оныншы орынға жайғасты. Оның тапсырмасымен маусым айында аудан орталығындағы орталық базарға қарама-қарсы беттегі жерге "Ақсуат" МКК техникаларымен құм-топырақ төгіліп ой-шұңқырлары тегістелген. Бұл - ауылдарға қатынайтын қоғамдық автобустар мен такси жүргізушілері аялдайтын талапқа сай автотұрақ болатынын білдіреді. Аудандық мәслихат төрағасы Ж. Оразғалиев Сәтбаев ауылдық округіне қарасты Көктүбек елді мекенінде болып қайтқан. Онда облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, Сәтбаев-Көктүбек арасындағы 9 шақырым жол асфальтталды. Ақсуат ауданына қарасты 9 ауылдық округ әкіміне су жаңа қызметтік көлік кілттері табысталды. Атап айтқанда, таулы аймақта орналасқан Қызылкесік, Кіндікті, Көкжыра, Ойшілік ауылдық округіне JAC маркалы көліктер, қалған 5 ауылға Chevrolet Cobalt көліктері берілген екен. 

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Ақсуат ауданы әкімінің міндетін атқарушысына ұсыныс: желідегі ресми парақшаларын белсенді жүргізу ұсынылады.

11. Теміржанов Марат Қапарұлы - Көкпекті ауданы әкімінің міндетін атқарушы.

Теміржанов Марат Қапарұлы 400,0 баллмен он бірінші орынға тұрақтады. Аудан әкімінің міндетін атқарушы жұмыс сапарымен бірқатар ауылдарға барып, ауыл тынысымен, атқарылып жатқан жұмыстарымен танысып қайтқан. “Amanat” партиясының аудандық филиалының ғимаратында тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Көкжайық ауылында “Елімай-Көкпекті” ЖШС өз қаражаты есебінен ауылдың ішкі жолдарына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Теректі ауылына «Ауыл ел бесігі» жобасы аясында ұзындығы 4 км құрайтын Теректі ауылының 5 ішкі көшелеріне орташа жөңдеу жұмыстары жүргізілуде. Бірақ, Марат Қапарұлының ол жұмыстарды қадағалап жүргенін парақшадан байқалмады. 

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Көкпекті ауданының әкімінің міндетін атқарушыға ұсыныс: желідегі ресми парақшаларын белсенді жүргізу ұсынылады.

12. Руслан Ерланұлы Базарбаев – Жаңасемей ауданының әкімі

Руслан Ерланұлы Базарбаев 212,3 баллмен маусым айының рейтингісінде көш соңына жайғасты. Аудан әкімі Ақбұлақ және Көкентау ауылдарына барып, халықты жеке мәселелері бойынша қабылдаған. Приречный ауылдық округіндегі Гранитный ауылына жұмыс сапармен барып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Сонымен қатар, әкім Маралды ауыл тұрғындары ауыз сумен қамтылатынын жазды. Аудан әкімінің парақшасы жақсы жүргізілгенімен, белсенділік жетіспейді. 

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Жаңасемей ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі ресми парақшаларын белсенді жүргізу ұсынылады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив