Cемей-12°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
523.58 549.71 5.01

АБАЙ ОБЛЫСЫ ҚАЛА МЕН АУДАН ӘКІМДЕРІНІҢ РЕЙТИНГІ

Кеше, 11:00 Талшын Қалиасқар

Соңғы уақытта «Abay Media Group» ЖШС қарасты ақпараттық-аналитика бөлімінің мамандары дайындайтын Абай облысының қала және аудан әкімдерінің рейтингі қызу талқыға түскені анық. Бұл рейтинг тұрғындарға әкімдердің өз міндеттерін қаншалықты орындайтынын көруге, сондай-ақ олардың жұмысының күшті және әлсіз жақтарын анықтауға мүмкіндік беріп келеді. 

«Әкімдер халықтың сұраныстарына жедел ден қойып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажет. Әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс істеу маңызды: мессенджерлерде топтар құру, жүргізіліп жатқан саясатты қол жетімді түсіндіру, жағдайды модерациялау және басқару», - деп Президент әлеуметтік желілерде жұмыс істеуге баса назар аударды.

Әкімдер арасында көшбасшылар мен аутсайдерлер анықталды.

Алғашқы үштік рейтинг көшбасшылары: 

1) Нұрбол Төлегенұлы Нұрсағатов

2) Мейіржан Серікбосынұлы Смағұлов 

3) Талғат Батырұлы Мұратов

Орташа рейтинг:

4) Нұрлан Мұхаметрақымұлы Борсықбаев

5) Ерсін Кәдірбекұлы Ескендіров

6) Қанат Серікқанұлы Әділбай

7) Дәурен Бақытжанұлы Қойгелдин

8) Әділет Нұрсағатұлы Қожанбаев

9) Руслан Ерланұлы Базарбаев

Аутсайдерлер: 

10) Айдар Маратұлы Ибраев

11) Ақылбек Жұмабекұлы Башимбаев

12) Болат Таңсықбайұлы Әбдірәлиев

1. Нұрбол Төлегенұлы Нұрсағатов – Семей қаласының әкімі

Әлеуметтік желілердегі белсенділік бойынша Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатов 1578,7 баллмен 2024 жылдың қараша айының рейтингінде тағы да бірінші орынға жайғасты.

Қала әкімі қараша айын жиналыспен бастады. Кеңейтілген жиында басты тақырыптардың бірі – қала тұрғындарының тұрмыстық қатты қалдықтарды (ҚТҚ) шығару мәселесі болды. «Семей Тазалық» кәсіпорнының мәліметінше, жыл басынан бері 5406 адаммен қоқыс шығаруға келісімшарт жасалған (Сол жағалауда – 2825, Оң жағалауда – 2581). Алайда, қоқыс шығаруға келісімшарт жасалмаған жеке сектордағы үйлердің саны 10 000-нан асады.

Кейіннен Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатов Водный кентінің тұрғындарымен кездесу өткізді. Кездесуде инфрақұрылымдық мәселелер, соның ішінде ауыз су мәселесі басты назарға алынды. 

Семей қаласындағы Қабанбай батыр көшесінде орналасқан жерасты өткелінің жөндеу аяқталуға жақын. Қазір аталған өткелдің соңғы жөндеу жұмыстары жүргізілуде және жақын арада пайдалануға берілетін болады.

Жылдар бойы қоғамдық көлік Семей қаласының басты проблемаларының бірі болды – автобус пен жүргізушілердің жетіспеуі, тасымалдаушылар мәселесі шешілмеуі. Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатов атап өткендей, 18 жаңа автобус сатып алынды. Олар жақын арада желіге шықпақ. 

Сонымен қатар өз саласындағы жетістіктері мен кәсіби шеберлігі үшін семейлік жастар «Жыл таңдауы – 2024» сыйлығына ие болды. Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатов салтанатты жағдайда жастар өкілдерін құттықтап, әр адамның жеткен жетістіктерінің маңыздылығын атап өтті.

Қала басшысы осылайша қараша айын белсенді өткізді. Тұрғындар әлеуметтік желілерде комментарий бөлімінде әр түрлі пікірлер жазған. Бірақ әлі де не әкімдік, не әкім оларға жауап бермеген. 

Әкім парақшасына сілтеме: https://www.instagram.com/nurbol_nursagatov/ 

*Әлеуметтік желілерді жүргізу туралы Семей қаласының әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.

2. Мейіржан Серікбосынұлы Смағұлов – Абай ауданының әкімі

Абай өңірінің әкімі Мейіржан Серікбосынұлы 1573,1 ұпаймен осы айда да екінші орынға табан тіреді. Бұл әкімнің белсенділігі әлі де көз қуантады. Тіпті белсенділігін сәл көтерсе, қала әкімін басып озатын деңгейде. Олай болса әкім мырзаның қараша айында жасаған жұмыстарына тоқталсақ. 

Аудан әкімі Абай облысының делегациясымен бірге Татарстанға жұмыс сапарымен барды. Қазан қаласына жұмыс сапары аясында Абай облысының делегациясы Татарстан Республикасының Сауда-өнеркәсіп палатасында кәсіпкерлік саласындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады. Дөңгелек үстелде Абай облысының инвестициялық әлеуеті мен аграрлық саласындағы жетістіктері таныстырылды.

Кейіннен ауданға қарасты білім ошақтарының қыс маусымына дайындығына арналған арнайы жиналыс өткізген. Кездесу барысында мектептер мен балабақшалардың жылыту жүйелерінің жай-күйі, қажетті отын қорының қамтамасыз етілуі және басқа да инфрақұрылымдық мәселелер жан-жақты талқыланған көрінеді. 

Сонымен қатар Саржал ауылында 6 пәтердің кілтін мемлекеттік тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға салтанатты түрде табыстаса, оған қоса Қарауыл ауылы тұрғындарын жеке сұрақтарымен қабылдаған. 

«Қабылдауға келген азаматтар өздерінің мәселелерін жеткізіп, шешу жолдарын талқыладық. Тұрғындардың өтініштері негізінен әлеуметтік мәселелер, инфрақұрылымды дамыту, жолдарды жөндеу, сумен жабдықтау және тұрғын үй мәселелеріне қатысты болды. Әрбір өтінішке ерекше назар аударып, жауапты бөлім басшыларына нақты тапсырмалар бердім», - деп жазады әкім өз парақшасында.

Әкім парақшасына сілтеме: https://www.instagram.com/meirzhan__smagulov/ 

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Абай ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.

3. Талғат Батырұлы Мұратов – Бесқарағай ауданының әкімі

Үздіктер қатарын Бесқарағай ауданының әкімі 1289,7 ұпаймен қортындылайды. Аудан басшысы қараша айында белсенді жұмыс атқарған. 

«Тұрақты түрде апта сайын бағаны тұрақтандыру мақсатында өткізілетін ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтті. Бұл жәрмеңкеге Бесқарағай, Долон, Кривинка және Беген ауылдарынан ет, сүт, балық өнімдері жеткізіліп, қолжетімді бағамен сатылды. Шараға қатысып, өнімдердің сапасы мен баға тұрақтылығын тексердім», - деп жазады әкім. 

Бесқарағай ауданы, Бесқарағай ауылында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан мектеп құрылысында болып қайтқан. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан мектептің құрылысы күн артқан сайын белсенді жүріп жатқан көрінеді. Жалпы құрылыс жұмыстарына мектеп 91 адам жұмылдырған. 

Сонымен қатар ауданда 2022 жылы 263 млн. теңгеге «Екінші кезекте Бесқарағай ауылында су құбырының құрылысы» жобасы әзірленіп, республикалық бюджеттен қаражат бөлініп, 2023 жылы атқарылуға тиіс жұмыстар жасалған. Аудан басшысы құрылыс барысын бақылап, тапсырма берген. Жоба өтпелі болғандықтан, аталған жұмыс 2024 жылы өз жалғасын тапқан болатын. Бірақ мердігер ұйымның жұмысты толық қанды аяқтамауына байланысты бүгінде жұмыс тоқтап тұрған көрінеді. 

Қараша айында Бесқарағай ауданына облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Сәрсебаев жұмыс сапарымен барып қайтқан болатын. Сапар барысында Канонерка ауылдық клубы, Мансап орталығы, Бесқарағай колледжі, Қайрат Рысқұлбеков атындағы орта мектеп, мешіт және т.б. нысандарды аралаған. 

Оған қоса аудан басшысы «AMANAT» партиясының филиалында азаматтарды кезекті рет қабылдаған. Қабылдау барысында тұрғындар негізінен тұрғын үй мәселелері мен әлеуметтік көмекке байланысты сұрақтарды көтерген екен. 

Әкім парақшасына сілтеме: https://www.instagram.com/talgat_batyruly/ 

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Бесқарағай ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.

4. Нұрлан Мұхаметрақымұлы Борсықбаев – Жарма ауданының әкімі

Жарма ауданы әкімі 1264,5 ұпаймен кезекті рет төртінші орынға жайғасты. Үшінші орынға табан тіреген Бесқарағай ауданы әкімінен ұпай бойынша төмен тұр демесеңіз, аудан басшысы осы айда да өте жақсы жұмыс атқарып, желілерде белсенді болды. Олай болса, жұмыстарына шолу жасап өтелік. 

Қараша айын әкім тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдаумен бастады. Қабылдау барысында тұрғындар тарапынан көтерілген тұрғын үй, қәсіпкерлік қолдау, жайылым жер, жұмыспен қамтыу мәселелері көтеріліп нақты жауаптар мен түсініктемелер берілген.

«Тұрғындардың өтініштерін мұқият тындай келе, жолданған сауалдарды қолданыстағы заңнама аясында шешу жолдары қарастырылатынын жеткізіп, тиісті сала басшыларына тапсырмалар бердім», - деп жазады әкім парақшасында. 

Бірлікшіл ауылдық округіне қарасты Шымылдық және Сұлусары ауылында жұмыс сапарымен болып қайтқан. 

«Шар қаласындағы Карелин көшесіндегі жол жөндеу жұмыстарын пысықтап қайттым. Мердігер осы айдың соңына дейін толықтай жолды қалыпқа келтіріп, қолданысқа беруді жоспарлап отыр», - дейді әкім өзінің парақшасында. 

Сонымен қатар, аудан орталығында орналасқан «Айгөлек», «Алтынай», «Ер-дәурен» балабақшаларының жай-күйімен танысып қайтқан.

Әкім парақшасына сілтеме: https://www.instagram.com/nurlan.borsukbaev/ 

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Жарма ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.

5. Ерсін Кәдірбекұлы Ескендіров – Ақсуат ауданы әкімінің міндетін атқарушы

Ақсуат ауданы әкімінің міндетін атқарушы Ерсін Ескендіров 971,9 ұпаймен бесінші орынға жайғасты. Осыған дейін аутсайдерлер қатарынан көрініп жүрсе, қараша айында бірнеше саты жоғарылап жақсы нәтижеге қол жеткізді. 

Ерсін Кәдірбекұлы қараша айын кеңейтілген аппарат мәжілісінен бастаған. Аудан орталығына күнделікті келетін ауылдық округтердің тұрғындарына, жергілікті тұрғындарға ыңғайлы болу үшін аудан әкімінің тапсырмасымен жәрмеңке павильоны саябақ маңынан орталық базардың жанына көшірілді.

Ауданға Абай облысының жұмылдыру даярлығы және азаматтық қорғау басқармасының басшысы Ақылжан Ақылбеков жұмыс бабымен келіп, Ақсуат ауылының батыс жағынан көктемгі ықтимал тасқыннан сақтау мақсатында жасалып жатқан 2 шақырым 300 метрді құрайтын қорғаныс бөгетін көріп қайтқан.

Әкім Ақсуат ауылының Молдабай көшесінде болып, ауылдық округ әкімі М. Иманбеков, аудандық сәулет, құрылыс, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары бөлімінің басшысы С. Смағұлов және «Ақсуат» МКК басшысы Е.Қожахметпен бірге осы аумақта алдағы уақыттарда атқарылатын жұмыстарды талқылап қайтқан.

Ерсін Кәдірбекұлына осы айдағы белсенділігі үшін «Жарайсыз» дегіміз келеді. Осы бетіңізден қайтпаңыз!

Әкім парақшасына сілтеме: https://www.instagram.com/eskendiroversin/ 

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Ақсуат ауданы әкімінің міндетін атқарушыға ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.

6. Қанат Серікқанұлы Әділбай – Аягөз ауданының әкімі

Аягөз ауданы әкімі Қанат Серікқанұлы 937,9 ұпаймен рейтингтің бел ортасына жайғасты. 

Аягөз тұрғындары үшін жылыту маусымы өзекті мәселенің бірі. Сол үшін аудан әкімі қараша айын жылу қазандықтарын аралаудан бастаған. 

Кейіннен Боранбай би көшесіндегі асфальт төсеу жұмыстарын көріп, жұмыстың сапасын бақылап қайтқан. Қазір Боранбай би көшесінде асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде. Асфальт төсеу жұмыстарын «Семей жолдары» ЖШС жүргізуде. Жалпы, жұмыстарды аяқтау қараша айына жоспарланған.

Аягөз қаласының орталық алаңында орналасқан «Ұлы Отан соғысы және Ауған соғысы ардагерлеріне арналған» және Кеңес одағының батыры М. Әбеулов ескерткіштеріне жүргізіліп жатқан ағымдағы жөндеу жұмыстарын көріп қайтқан. Кейіннен жобалаушы мекеме «Перспективная технология» ЖШС-нің өкілдерімен кездесу өткізіп, «Орталық» жылу қазандығын 2025 жылы жаңғырту бойынша жоба жұмыстарын талқылаған.

Абай облысы әкімінің орынбасары Ж. Сәрсебаев және облыстық басқарма басшылары Аягөз ауданында актив отырысын өткізген. Отырыс барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері талқыланып, тұрғындардың өмір сапасын жақсарту бағытында нақты міндеттер қойылды. Аймақтық даму бағдарламаларын іске асыру, әлеуметтік қолдау және инфрақұрылымды жетілдіру мәселелері бойынша маңызды шешімдер қабылданған.

Әкім парақшасына сілтеме: https://www.instagram.com/kanat_adilbai/ 

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Аягөз ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.

7. Дәурен Бақытжанұлы Қойгельдин – Мақаншы ауданының әкімі

799 ұпаймен жетінші орынға Дәурен Қойгельдин жайғасты. Әкім жұмыстарына көз жүгіртсек. 

Мақаншы аудандық әкімдігінде Қазақстан Республикасы мемлекеттік шекарасының «Бақты» өткізу пункті арқылы өтетін Қазақстан-Қытай учаскесінде жүк ағынын үйлестіру жөніндегі кеңес өткен. Кеңес барысында қозғалған басты мәселе – шекаралық аумаққа кіретін жол-көлік қозғалысын реттеу.

Абай облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Сәрсебаев бастаған делегациямен Бақты ауылында орналасқан Б. Сахариев атындағы орта мектебіне жұмыс сапарымен барып қайтқан. 

Сонымен қатар Қытай Халық Республикасы, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының Толы ауданы арасында әріптестік қарым-қатынас орнатып, Толы ауданы басшысымен ынтымақтастық туралы өзара келісімге қол қойды. Мақаншы ауданының шекара шебінде орналасуы және мұнда еліміз үшін стратегиялық маңызы зор «Бақты» кеден бекетінің болуы екі тарап арасындағы қарым-қатынастың маңызды факторы.

Аудан делегациясы Толы ауданымен келісім аясында сауда-саттық, медицина және ауыл шаруашылығы салаларын дамыту бойынша ынтымақтастықты күшейтуге, сондай-ақ осы салаларда тәжірибе алмасуға бағытталған бірлескен жобаларды жүзеге асыруға уағдаласып қайтқан. 

Әкім парақшасына сілтеме: https://www.instagram.com/koigeldin.dauren/ 

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Мақаншы ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.

8. Әділет Нұрсағатұлы Қожанбаев – Көкпекті ауданының әкімі

Көкпекті ауданының әкімі 784,4 ұпаймен сегізінші орынға шықты. 

Әділет Нұрсағатұлы аудан әкімдігінің ғимаратында тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдаудан бастаған. Қабылдауға барлығы 6 аудан тұрғыны жазылған.

«Қабылдауда тұрғын үй мәселесі, жұмыспен қамту, ауыл ішіндегі арықтарды бөгеу және қалааралық автобус мәселелері көтерілді. Қабылдауға жазылған әрбір тұрғынның мәселесімен жеке танысып, жауапты тұлғалармен заң шеңберінде шешу жолдарын талқыладық. Көмекке жүгінген әрбір аудан тұрғынына жан-жақты қолдау көрсетуді сала мамандарына жүктедім. Барлық мәселе менің жеке бақылауымда», - деп жазды әкім өзінің парақшасында. 

Аудан басшысы бекітілген кестеге сәйкес ауылдық округ әкімдерін қабылдаған.

«Ауылдық округ әкімдері әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің орындалу барысы туралы есеп беріп, алдағы жылға жоспарланған жобалармен таныстырды. Ауылдық округ әкімдерінің баяндамаларымен және жоспарларымен танысып, әр ауылдық округ әкіміне ауылды гүлдендіру, көгалдандыру және тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерді шешу бойынша жеке тапсырмалар жүктедім», - дейді Әділет Нұрсағатұлы. 

Көкпекті ауданының әкімі өткен аймен салыстырғанда осы айда белсенділігін арттырған. Тағы да арттырса алдағы айларда үздіктер қатарынан көрініп қаларына сенеміз. Сәттілік серігіңіз болсын!

Әкім парақшасына сілтеме: https://www.instagram.com/adlet_kozhanbaev/ 

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Көкпекті ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.

9. Руслан Ерланұлы Базарбаев – Жаңасемей ауданының әкімі

Орташа рейтингті Жаңасемей ауданының әкімі Руслан Ерланұлы тәмамдады. Ұпай саны - 751,3. 

Жаңасемей ауданының әкімі Руслан Базарбаев ауданға қарасты ауылдық округ әкімдерімен кезекті кездесу өткізді. Жиын барысында шұғыл шешуді қажет ететін маңызды мәселелер талқыланды.

Руслан Базарбаев келер жылғы аудан бюджетін қарастырып, қысқы кезеңге дайындыққа ерекше назар аударылуы қажет екенін атап өтті. Барлық ауылдық округтерге қысқы дайындық жұмыстарын 100 пайыз деңгейіне жеткізу міндеті жүктелді.

Сонымен қатар, Руслан Базарбаев бірінші кезекте тұрғындардың әлеуметтік мәселелеріне басымдық берудің маңыздылығын атап өтті. Жиын соңында аудан әкімі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын басшылыққа ала отырып, алдағы уақытта айтылған мәселелердің уақтылы әрі сапалы шешілуін, халықпен тығыз байланыста жұмыс жүргізуді тапсырды.

Аудан басшысы Шүлбі кентіне жұмыс сапарымен барып, жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлердің жайымен танысты. Құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Кентте жаңғыртылып жатқан көпқабатты №13 тұрғын үй жоспарға сай желтоқсан айында қолданысқа беріледі.

Әкім парақшасына сілтеме: https://www.instagram.com/bazarbayev_ruslan_/ 

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Жаңасемей ауданы әкіміне ұсыныс: жеке парақшасын қала әкімдігінің бірлестігінсіз салу ұсынылады.

10. Айдар Маратұлы Ибраев – Бородулиха ауданының әкімі

Аутсайдерлер қатарын Бородулиха ауданының әкімі Айдар Маратұлы ашты. Қазан айында үздіктер қатарынан көрінген әкім осы айда оныншы орынға 670,4 ұпаймен тұрақтады.

Әкім қараша айын кеңейтілген аппараттық кеңес өткізумен бастаған. Онда ауданды дамытудың негізгі мәселелері талқыланды. Күн тәртібіне сәйкес ағымдағы жылдың 10 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен бюджет қаражатының игерілуін қарады. Сондай-ақ жұмыспен қамту мәселелері, оның ішінде жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелері талқыланған. 

Жұмыс сапарымен ауданға ҚР Үкіметі аппаратының Өңірлік даму және бақылау бөлімінің инспекторы Ұлықбек Тналиев келген екен. Сапардың негізгі мақсаты Бородулиха ауданында, атап айтқанда Новопокровка және Бородулиха ауылдарында жүргізілген су тасқынына қарсы жұмыстарды тексеру болды.

Кейіннен ата-аналардың балаларды тегін тамақтандыру бойынша сұрақтары жиілеп кеткендіктен оқу бөлімінің басшысы, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет маманын алып Ә. Бөкейхан, Н. Островский және Абай атындағы мектептердің асханасына барған. Әкім күнделікті мәзірді қарап, тамақ сақтайтын қоймаларды және қолданылатын өнімдердің сапасын тексерді.

Бородулиха ауданы әкіміне алдағы айда сәттілік тілейміз!

Әкім парақшасына сілтеме: https://www.instagram.com/aidar_ibrayev/ 

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Бородулиха ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.

11. Ақылбек Жұмабекұлы Башимбаев – Үржар ауданының әкімі

Үржар ауданы әкімі 589,1 ұпаймен он бірінші орынға жайғасты. 

Әкім Науалы ауылындағы бұрынғы балалар үйінің ғимаратын аралап көрді.

«Бірнеше жыл бос тұрған ғимаратта болашақта инвесторлармен медициналық оңалту орталығын ашу жоспарлануда. Инвесторлар және орынбасарларыммен бірге жоспарланған жобаны талқыладық», - деп жазады әкім өзінің парақшасында. 

«Қуатты аймақтар – ел дамуының драйвері» жалпыұлттық жобасы аясында Қазымбет ауылында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға пәтер кілттерін салтанатты түрде табыстау шарасына қатысты. Баспаналы болған тұрғындар өз алғыстарын білдірген. 

Үржар ауданы әкімі парақшасын белсенділікпен жүргізсе деген ниет білдіреміз!

Әкім парақшасына сілтеме: https://www.instagram.com/akylbek.bashimbaev/ 

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Үржар ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.

12. Болат Таңсықбайұлы Әбдірәлиев – Курчатов қаласының әкімі

311,9 ұпаймен соңғы орынға Болат Таңсықбайұлы тоқтады. 

«Халықтың әл-ауқатын арттыру әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын (ӘМАТБ) ұстауды қамтиды. Осыған байланысты қалалық ауыл шаруашылығы, жер қатынастары және кәсіпкерлік бөлімімен жұмыс кеңесін өткізіп, онда туындаған мәселелерді талқылап, кәсіпкерлікті дамыту мен инвесторларды тартуға бағытталған бірқатар тапсырмалар бердім», - деп жазады әкім өзінің парақшасында.

Әкім мырзаға тек жеке парақшасына ғана емес, қала әкімдігінің парақшасына да көңіл бөлсе дегіміз келеді. 

Әкім парақшасына сілтеме: https://www.instagram.com/bolatabdrali/ 

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Курчатов қаласы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады. Және ауданның фейсбуктағы парақшасын жақсырақ жүргізу керек.

Қараша айының қорытындысы осындай. Облыс әкімі «Біз рейтинг үшін емес, халықтың бағасы үшін жұмыс жасаймыз» демекші, елі үшін қызмет атқаратын әкімдеріміз көп болғай!

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив