Cемей-13°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
508.05 534.82 5.06

АБАЙ ОБЛЫСЫ ҚАЛА МЕН АУДАН ӘКІМДЕРІНІҢ РЕЙТИНГІ

5-11-2024, 15:50 Талшын Қалиасқар

Соңғы уақытта «Abay Media Group» ЖШС қарасты ақпараттық-аналитика бөлімінің мамандары дайындайтын Абай облысының қала және аудан әкімдерінің рейтингі қызу талқыға түскені анық. Бұл рейтинг тұрғындарға әкімдердің өз міндеттерін қаншалықты орындайтынын көруге, сондай-ақ олардың жұмысының күшті және әлсіз жақтарын анықтауға мүмкіндік беріп келеді. 

«Әкімдер халықтың сұраныстарына жедел ден қойып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажет. Әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс істеу маңызды: мессенджерлерде топтар құру, жүргізіліп жатқан саясатты қол жетімді түсіндіру, жағдайды модерациялау және басқару», - деп Президент әлеуметтік желілерде жұмыс істеуге баса назар аударды.

Әкімдер арасында көшбасшылар мен аутсайдерлер анықталды.

Алғашқы үштік рейтинг көшбасшылары:

1) Нұрбол Төлегенұлы Нұрсағатов

2) Мейіржан Серікбосынұлы Смағұлов 

3) Айдар Маратұлы Ибраев

Орташа рейтинг:

4) Нұрлан Мұхаметрақымұлы Борсықбаев

5) Қанат Серікқанұлы Әділбай 

6) Руслан Ерланұлы Базарбаев

7) Талғат Батырұлы Мұратов 

8) Дәурен Бақытжанұлы Қойгельдин

9) Ақылбек Жұмабекұлы Башимбаев

Аутсайдерлер:

10) Болат Таңсықбайұлы Әбдірәлиев 

11) Әділет Нұрсағатұлы Қожанбаев

12) Ерсін Кәдірбекұлы Ескендіров

1. Нұрсағатов Нұрбол Төлегенұлы – Семей қаласының әкімі

Әлеуметтік желілердегі белсенділік бойынша Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатов 2466,9 баллмен 2024 жылдың қазан айының рейтингінде тағы да бірінші орынға жайғасты. Қала басшысы Қарағайлы шағын ауданында салынып жатқан 13 тұрғын үйдің құрылыс барысымен танысты. Биыл басталған бұл үйлердің құрылысын ТОО «AN Groups» мердігер компаниясы жүргізуде. Әкім 712 пәтерлі, 13 көпқабатты тұрғын үйдің (62-74 позициялар) құрылыс алаңына барып, жұмыстардың барысын бақылап шыққан. Жалпы ауданы 67,9 мың шаршы метрді құрайтын үйлердің пәтерлеріне 51 мың шаршы метр бөлінген екен. Референдум кезінде өзінің даусын беріп, кейіннен Семейде №1 қалалық емхана алдында орналасқан дәрігерлер скверінің салтанатты ашылуына қатысқан. Нұрбол Нұрсағатовтың төрағалығымен 2025 жылғы су тасқыны қаупіне дайындық аясында арық-лоток жүйесі мен жаңбыр суы құбырларының жұмысын тексеру бойынша көшпелі жиын өткенін жеткізгіміз келеді. «Рейд барысында Мирный ауданын қоса алғанда, су тасқыны қаупі бар орындар тексерілді», - деп жазады. Кейіннен Республика күні қарсаңында Қарағайлы шағын ауданында пәтер кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтарға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған азаматтарға 30 отбасыға пәтер кілттерін салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті. Рәсімге қала әкімі Нұрбол Нұрсағатов қатысты. Бірақ посттың астында қала тұрғындарының наразы пікірлерін көре аламыз. «2015 бери турмын биз қашан аламыз, отирик, уй кезек жылжымайды, или карапайым халыктики жылжымайды» , - деп жазған. Бұдан басқа да осы сынды пікірлер өте көп. Алайда, әдеттегідей не әкім, не әкімдік халық сұрағына жауап бермеген. Бұлай болмайды ғой, әкім мырза? Сіз кері байланысқа шығады деген үмітімізді үзбейміз.

Әкім парақшасына сілтеме: https://www.instagram.com/nurbol_nursagatov/ 

*Әлеуметтік желілерді жүргізу туралы Семей қаласының әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.

2. Смағұлов Мейіржан Серікбосынұлы – Абай ауданының әкімі

Абай туған, Шәкәрім мен Мұхтар дүниеге келген киелі Абай өңірінің әкімі Мейіржан Серікбосынұлы 1897,3 ұпаймен осы айда да екінші орынға табан тіреді. Бұл әкімнің белсенділігі көз қуантады. Бір айда екі жүзге жуық пост салған екен. Әрине, тағы тырысса бірінші орыннан көретінімізге сенімдіміз. Әкім қазан айын қарттар күнін құттықтаумен бастайды. «Халықаралық қарттар күні мерекесіне орай ғасыр жасаған Күләш апаның және торқалы тоқсан жасқа келген Камалжан Қондыбайұлының, Орниса Ниязованың, Кеңесбек Бәстайұлының, Мұғалқан Теміровтың шаңырағына арнайы бардым», - деп жазады өңір басшысы. Кейіннен аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізген. Қабылдауға 8 тұрғын, тиісті сала басшылары қатысқан. Тұрғындардың сұрағына жауап беріпсіз, «Баспана жайлы сұрақ қойды» дейсіз. Сонда тек бір ғана сауал қойылды ма? Мүмкін басқа да мәселелер бар шығар? Келесі жолы кездесулеріңізді ашық, әрі толық жазасыз деп ойлаймыз. Әкім Медеу ауылында әлеуметтік осал топ өкілдеріне «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында салынып жатқан тұрғын үй мен облыстық бюджет есебінен құрылыс жұмысы жүріп жатқан медициналық пункті көріп қайтыпты. «Нысандарды аралау барысында құрылыс сапасына ерекше көңіл бөліп, жұмыстың уақытында және сапалы орындалуын тапсырдым. Тиісті мердігерге құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтап, барлық стандарттарға сай болуын қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар бердім», - деп жазады Мейіржан Серікбосынұлы. Сонымен қатар, Қарауыл ауылында тұрғындар қауіпсіздігі мен жол қозғалысындағы келеңсіз жағдайдалардың алдын-алу мақсатында, ауыл ішіндегі жаяу жүргіншілер жолақтары жаңартылған. Және ауылдық округтерде «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында бір қабатты 2 пәтерлі ауданы 65-85 ш.м. 35 тұрғын үй (70 пәтер) салынуда. Әкімге тек ашықтық пен жарияланым салатын кезде толықтыру жүргізу керектігін айтқымыз келеді. Белсенділігіңіз төмендемесін!

Әкім парақшасына сілтеме: https://www.instagram.com/meirzhan__smagulov/

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Абай ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.

3. Ибраев Айдар Маратұлы – Бородулиха ауданының әкімі

Үшінші орында 1730,6 ұпаймен Бородулиха ауданының әкімі – Айдар Маратұлы. Алдыңғы айда бұл әкімді ашықтығы үшін мақтап, оған сенім білдірген болатынбыз. Сеніміміз ақталып, қазан айында алдыңғы үштікке іліне алды. Және өзінің ашықтығын да жоғалтпаған. Әріптестерінің қателігін қайталамағаны көрініп тұр. Енді, жұмыстарына тоқталсақ.  Айдар Маратұлының да қазан айындағы жарияланымдары қарттар күнінен басталды. «Белағаш ауылдық округінде өткен халықпен кездесуде көтерілген мәселелердің бірі ауыл ішінде жаңа жол белгілерін орнату болатын. Осы орайда, Зенковка және Белағаш ауылдарында 22 жаңа жол белгілері қойылды», - деп жазады әкім. Яғни халықпен кездесуден кейін мәселелерді шешуге ұмтылғаны белгілі болды. Тұрғындар үшін маңызды шараның бірі болған –  орманымызды өрттен қорғап, жанын қиған орман шаруашылығы қызметкерлерін еске алуға арналған ескерткіштің салтанатты ашылуы өтті. «Бұл ескерткіш 2023 жылдың маусымында өртті сөндіру кезінде қаза тапқан 14 орманшы мен бір тракторшының ерлігі мен жанқиярлығының символына айналып отыр», - дейді әкім. Сонымен қатар, халықпен кездесу өткізген. «Бүгін кестеге сәйкес азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдадым. Өтініштер көп болды, әр мәселе біз үшін өте маңызды екендігі белгілі. Новая Шульба ауылының тұрғындары ауыл шаруашылығын дамытуға жер бөлу және жол жөндеу мәселелерін көтерді. Балаға балалар тағамын беру мәселесіне байланысты қайтадан жүгінген Белағаш ауылы тұрғынының өтінішіне ерекше назар аударылды. Сондай-ақ Бородулиха ауылдық округінің тұрғындарынан кезекте тұрғандарды баспанамен қамтамасыз ету және өрттен зардап шеккен шатырды жөндеуге көмек көрсету туралы өтініштер түсті. Барлық мәселелер бойынша түсініктемелер берілді», - деп жазды. Бірақ, қазір «Новая Шульба» қазақшаға аударылып, «Жаңа Шүлбі» атауын алғанын еске салғымыз келеді. Әкім мырза, бұл ауыл өзініздің қарамағыңызда ғой. Қалай шатастыңыз?

Әкім парақшасына сілтеме: https://www.instagram.com/aidar_ibrayev/ 

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Бородулиха ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.

4. Нұрлан Мұхаметрақымұлы Борсықбаев  - Жарма ауданы әкімі

Орташа рейтингтің көшін бастаған Жарма ауданының су жаңа әкімі – Нұрлан Мұхаметрақымұлы. Ұпайы – 1273,9.  Неше ай бойы әкімсіз жүрген Жарма ауданы үшін бұл үлкен қуаныш. Аудан халқын жаңа әкімдерімен құттықтай отыра, әкімнің парақшасына сараптама жасауға өтеміз. Әкім өзінің жұмысын өте белсенді бастады. Бір айда бірнеше жұмыс сапарын ұйымдастырып, құрылыс жұмыстарымен танысып, ауданды зерттеуге тырысқан. Ол өзінің әлеуметтік парақшасындағы алғашқы жарияланымын «Мен алғашқы жұмыс сапарымды Жарма ауданы Әуезов кетінен бастадым. Сапар барасында бір қатар әлеуметтік нысандарды, соның ішінде спорт кешені, білім мекемелерін және мәдениет үйін аралап шықтым. Спорт кешенінің жөндеу жұмыстарымен танысып, сапалы уақытылы аяқтауды тапсырдым», - деп бастайды. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында Жарма ауданы Жаңғызтөбе кентінде баспана кезегінде тұрған отбасыларға 2 пәтерлі 5 үйдің кілтін салтанатты түрде табыстаған. 11 қазан күні халықпен кездесу өткізген. «Сауалдарына қолданыстағы заң аясында жауабымды бердім. Тиісті бөлім басшыларына көтерілген сауалдар бойынша мәселелерді бақылауға алуды тапсырдым», - деп қысқа қайырған. Әкім мырза, жұмысыңызды толығырақ жазсаңыз нұр үстіне нұр болар еді. Әйтпесе, сіз де басқа әріптестеріңіз сияқты «шаблонға» салынып кетіп жүрерсіз. Әрине, жұмыстарыңызды жоққа шығармаймыз. Осындай белсенділікпен бастаған істеріңіз көп болып, Жарма халқын қуанта беріңіз, жаңа әкім!

Әкімдік парақшасына сілтеме: https://www.instagram.com/nurlan.borsukbaev

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Жарма ауданы әкімдігіне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.

5. Әділбай Қанат Серікқанұлы – Аягөз ауданының әкімі

1226,3 ұпаймен бесінші орынға жайғасқан – Қанат Серікқанұлы. Бұл айда әкім өзінің керемет жұмыстарымен көзге түсті. Қандай жұмыстар дейсіз бе? Аягөз ауданында орын алған апаттың кесірінен аудан тұрғындары «Жылусыз қалдық» деп дабыл қаққан еді. Сол кезде аудан басшысы өзі тұрғындардың үйіне барып, пәтерлеріндегі батареянің ауасын шығарғанын көрдік. «Аяз ата екен десек, өзіміздің әкім екен ғой» деген халықтың қағытпа қалжындарын да оқып жаттық. Бірақ, осындай жағдайда барынша дүрлігусіз мәселені шеше білген әкімге «Жарайсыз!» дегеннен басқа айтарымыз жоқ. Одан бөлек әкім Аягөз қаласының орталық алаңында орналасқан Ұлы Отан соғысы және Ауған соғысы ардагерлеріне арналған және Кеңес одағының батыры М. Әбеулов ескерткіштеріне жүргізіліп жатқан ағымдағы жөндеу жұмыстарын көріп, қадағалап қайтқан. Барақ Батыр көшесінің бойында орналасқан көпірді қайта жаңарту жұмыстарын тексерген. Құрылыс жұмыстарын мердігер «СЕРВИС НС» ЖШС жүргізуде. Құрылыс жұмыстарын ағымдағы жылдың қазан айында толығымен аяқтау көзделген. Сонымен қатар, аудан әкімінің парақшасында аудан ауылдарында атқарылған жұмыстар жайлы жазылған. Бұл өзге әкімдерге үлгі боларлық бастама. Бұндай ерекше айдарды бастаған Қанат Серікқанұлына сәттілік тілейміз!

Әкім парақшасына сілтеме: https://www.instagram.com/kanat_adilbai/ 

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Аягөз ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.

6. Руслан Ерланұлы Базарбаев – Жаңасемей ауданының әкімі

Алдыңғы айда бесінші орынға табан тіреген Жаңасемей ауданы әкімі осы айда 988,7 ұпаймен 6 орынды иеленді. Руслан Ерланұлы қазан айын Озерки ауылдық округінде есептік кездесуден бастаған. Бұл округтің тұрғындары аудан бойынша ең белсенді азаматтар қатарында екен. Ағымдағы жылы Озерки ауылында «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында әкімшілік ғимаратты қалпына келтіріп, оны «Мәдениет үйі» ретінде жабдықтау жоспарланған. Жұмыстарды 2024 жылдың соңына дейін аяқтау көзделуде. Сонымен қатар, Озерки ауылында 50 орындық спорт кешенін салу жоспарланып отыр, жобаға сәйкес оң сараптамалық қорытынды алынған. «Кездесу барысында сумен қамту мәселесі де талқыланды, оны қараша айына дейін шешу жоспарлануда, өйткені құжаттарды рәсімдеу біраз уақытты талап етеді. Байланыс және көше жарықтандыру мәселелері де көтерілді. Әрбір ұсыныс назарға алынып, міндетті түрде ескерілетін болады», - деп жазды аудан әкімі өзінің парақшасында. Кейіннен Руслан Ерланұлы аудандық қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында алдымен аудандық қоғамдық кеңес төрағасы кеңес мүшелерін аудан басшысына таныстырып, олардың қызметі мен атқарып жатқан жұмыстары туралы мәлімет берген. Жаңасемей әкіміне айтар ұсыныстарымыз өте көп. Әлеуметтік желідегі белсенділікті арттырғаннан бөлек, жұмыстарын ашық көрсетіп, халықтың пікіріне жауап беруге қашпаса дейміз. Себебі, аудан ауылдарындағы жағдайдың қаншалықты мәселелі екенін білеміз.

Әкім парақшасына сілтеме: https://www.instagram.com/bazarbayev_ruslan_/ 

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Жаңасемей ауданы әкіміне ұсыныс: жеке парақшасын қала әкімдігінің бірлестігінсіз салу ұсынылады.

7. Мұратов Талғат Батырұлы – Бесқарағай ауданының әкімі

904,3 ұпаймен жетінші орында – Талғат Батырұлы. Әкім қазан айын жұмыс Беген орман шаруашылығынан бастаған. Сапар барысында, ауылдың тыныс – тіршілігін бақылап, көшелерге ауыз су құбырларын тарту мақсатында орнатылған блок-модульді станцияның бүгінгі жағдайын тексерді. Кейіннен ауыл тұрғындарымен кездесіп мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдаған жолдауында көрсетілген міндеттер мен бағыттарды жүзеге асыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды талқыға салып, ауыл тұрғындарының пікірін тыңдады. Жұмыс сапарын ары қарай Қарабас ауылында жалғасты. Дегенмен, бір тұрғын Беген орманшылығының жолы нашар екенін жазған. Бірақ, әкім немесе әкімдік жауап бермепті. Әкімнің сапары Глуховка, Белокаменка, Стеклянка және Стеклянка елді-мекендер тұрғындарымен кездесумен жалғасты. Кездесу барысында білім беру мекемелерінің жылыту қазандықтарының жай-күйін, қысқа дайындығын тексерген. Және «Апта сайынғы дәстүрлі ауылшаруашылық жәрмеңкесіне қатысып, Бесқарағай, Малая-Владмировка және Долон ауылдарынан әкелінген табиғи әрі сапалы өнімдерді бақыладым. Жәрмеңкеде ұсынылған ет, сүт, балық және құс өнімдері тұрғындарымызға нарықтағы бағадан төмен бағада ұсынылды», - деп жазады әкім. Бесқарағай ауданы әкімінде бәрі сол қалпы, бірақ белсенділігі сәл төмен болғаны болмаса...

Әкім парақшасына сілтеме: https://www.instagram.com/talgat_batyruly/ 

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Бесқарағай ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.

8. Қойгельдин Дәурен Бақытжанұлы – Мақаншы ауданының әкімі

Сегізінші орынға 742,1 ұпаймен Мақаншы ауданының әкімі Дәурен Бақытжанұлы жайғасты. Әкімнің белсенділігі осы айда сәл бәсеңдеген. Өткізген кездесулері жайлы толығырақ жазғанымен, рейтингте сегізінші орынды иеленді. Ары қарай аудан әкімінің  жұмысына тоқталсақ. «Бүгін ауыл тұрғындарын жеке қабылдап, арыз-шағымдарын тыңдадым, сұрақтарына жауап бердім. Қабылдауда тұрғындар тарапынан тұрақты жұмысқа орналасу, әлеуметтік көмек және тұрғын үй кезегі бойынша мәселелер қозғалды. Қабылдауға келген тұрғындардың өтініштері мен мәселелері бақылауға алынды, тиісті сала басшыларына тапсырмалар жүктедім. Көтерілген жеке мәселелерге заңға сәйкес түсіндіру жұмыстары жүргізілді», - деп жазады әкім. Кейіннен тағы да кездесу өткізіпті. Бірақ, қанша тұрғын келгені жайлы ақпарат жоқ. Неге? «Көктемгі су тасқынының алдын алу шараларын ұйымдастыру мақсатында су ағатын арықтар мен каналдардың қазіргі жағдайымен танысып, тиісті сала басшыларына осы бағыттағы атқарылуы керек жұмыстар бойынша тапсырмалар бердім», - дейді аудан басшысы өз парақшасында. Әкім мырза, бір сұрақ сізге. Неге алғашында ашықтыққа ұмтылсаңыз, қазір барлығын қысқа қайыруға тырысып жүрсіз? Сіз де басқа әріптестеріңіз сияқты бір ағынмен келе жатырсыз. Мақаншы ауданының халқы сізден көп үміт күтеді емес пе? «Жеке аудан болғымыз келеді» деп жар салған халықтың сағын сындырып алмасаңыз екен!

Әкім парақшасына сілтеме: https://www.instagram.com/koigeldin.dauren/ 

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Мақаншы ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.

9. Башимбаев Ақылбек Жұмабекұлы – Үржар ауданының әкімі

Алдыңғы айда орташа рейтингтің көшін бастаған Үржар әкімі осы айда орташа рейтингті 671,3 ұпаймен қорытындылады. Аяқ асты белсенділігінің төмендеуінің себептерін анықтап көрейік.  Аудан басшысы қазан айында Instаgram желісіне жиырмадан астам ғана жарияланым салған екен. Бұған не түрткі болғанын білмедік. Бұрыңғы белсенділігіңіз қайда, Ақылбек Жұмабекұлы? «Бүгін Көкөзек ауылдық округінің жәрмеңкесін аралап көрдім. Жәрмеңкеде ет, сүт және көкөніс өнімдері, қолжетімді бағамен саудаланды. Ауданымызда бағаны тұрақтандыру бойынша шаралар жалғасын табатын болады», - деп әкім қазан айын ашады. Ақылбек мырзаның барлық посттары 2-3 сөйлемнен ғана тұрады. Мысалы: «Бүгін аппараттық жиын өткіздім. Жиын барысында қыс мезгіліне дайындық шаралары, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, негізгі жоспарланған жобалар мен атқарылатын жұмыстарды талқыладық. Жиын қорытындысы бойынша жұмысты жандандыру бағытында бірқатар нақты тапсырмалар бердім», «Бүгін Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевтың төрағалығымен өткен кеңейтілген аппараттық жиынға онлайн форматында қатыстым. Жиында күн тәртібіне сәйкес сұрақтар қаралып, өзекті мәселелер бойынша қалалар мен аудан әкімдеріне және басқарма басшыларына нақты тапсырмалар берілді», -деген сынды ғана ақпарат қана берілген.  Одан қалса соңғы жарияланымдары фото-коллажбен берілген. Әкім мырзаға парақшасымен жұмыс істесе екен деген жылы лебізімізді білдіреміз. 

Әкім парақшасына сілтеме: https://www.instagram.com/akylbek.bashimbaev/ 

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Үржар ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.

10.  Әбдірәлиев Болат Таңсықбайұлы – Курчатов қаласының әкімі

Аутсайдерлер тізімін Курчатов қаласының әкімі Болат Таңсықбайұлы 652,8 ұпаймен бастады. Әкімнен бөлек әкімдік парақшасы біраз жұмыс істеуді қажет етеді. Ақпарат жазылмай, тек қана суреттер береді. Әкім Болат мырза, мүмкін қоластыларыңыздағы қызметкерлерге парақша жүргізуді үйретесіз? Әкім қазан айын тұрғындармен кездесумен бастаған. Кездесу ерекше форматта өтіпті. Кешкі уақыт, тұрғындардың үйлерінің алдында ұйымдастырылған екен. «Алексеенко, Победа, Достық, Школьная, Құнанбай, Абай 3, 22, 24, 26, 27, 7/3, Тәуелсіздік, 17, 19, 21,23, 25, 27 көшелерінде орналасқан үйлердің тұрғындарымен кездесу өткіздім. Кездесу өзекті мәселелерді талқылау мақсатында тұрғындармен жоспарлы кездесулер аясында ұйымдастырылып, оларға жауап беріп, қаланы дамытудың алдағы жоспарларымен бөлістім», - деп жазады әкім бір постында. Бірақ, бұл кездесулер әкімнің белсенділігін арттыруға ешбір көмектеспегендей.

Әкім парақшасына сілтеме: https://www.instagram.com/bolatabdrali/ 

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Курчатов қаласы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады. Және ауданның фейсбуктегі парақшасын жақсырақ жүргізу керек.

11.  Қожанбаев Әділет Нұрсағатұлы - Көкпекті ауданының әкімі

Аутсайдерлер қатарында біз күтпеген – Әділет Нұрсағатұлы. Жалпы ұпайы - 650,3Әкім қазан айын Шұғылбай ауылының тұрғындарымен кездесіп бастап, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2024 жылғы 2 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауының басым бағыттары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Оныншы айда ауданға жұмыс сапарымен облыс әкімі Нұрлан Телманұлы барған еді. Ең әуелі облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев аудандық ауруханаға барып, аурухана жағдайымен танысты. Қазіргі уақытта аудандық ауруханаға «ҚазЖобаСәулет-Консалтинг» ЖШС-мен жасалған келісімшарт негізінде жөндеу жүргізілуде. Бұл жұмыстар науқастар мен медицина қызметкерлеріне қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Тағы бір айта кетерлігі, аудан әкімі өзінің жұмысын мобилография форматында жаңаша көрсе бастады. Бұл өз иммиджін қалыптастырудың басты құралы болмақ. Әділет Нұрсағатұлына «Сәттілік серігіңіз болсын!» дегеннен басқа ештеңе айта алмаймыз. Қараша айының рейтингінде алдыңғы қатардан табыласыз деген ойдамыз.

Әкім парақшасына сілтеме: https://www.instagram.com/adlet_kozhanbaev/ 

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Көкпекті ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.

12. Ескендіров Ерсін Кәдірбекұлы - Ақсуат ауданы әкімінің міндетін атқарушы

Аудан әкімінің міндетін атқарушы Ерсін мырза 388,3 ұпаймен рейтингімізді қорытындылайды. Ерсін мырза белсенді болуға тырысып, халықпен кездесу ұйымдастырып, әлі де біраз жұмыс жасауы керек. Алдағы уақытқа тек сәттілік тілейміз!

Әкім парақшасына сілтеме: https://www.instagram.com/eskendiroversin/ 

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Ақсуат ауданы әкімінің міндетін атқарушыға ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.

Қазан айының қорытындысы осындай. Облыс әкімі «Біз рейтинг үшін емес, халықтың бағасы үшін жұмыс жасаймыз» демекші, елі үшін қызмет атқаратын әкімдеріміз көп болғай!

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив