Cемей19°С
Ауа-райы
  • Абай-33°С
  • Аягөз-39°С
  • Ақсуат-33°С
  • Бородулиха-26°С
  • Қалбатау-31°С
  • Курчатов-4°С
  • Көкпекті-33°С
  • Үржар-30°С
441.58 480 4.86

АБАЙ ОБЛЫСЫ: ҚАЛА МЕН АУДАН ӘКІМДЕРІНІҢ РЕЙТИНГІ

11-12-2023, 19:00 018.kz

Интернет ғасырында - дәстүрлі БАҚ емес, әлеуметтік медиа бүгінде негізгі ақпарат көздеріне айналғаны анық.

Өңірлердің және Республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерімен өткен кеңейтілген отырыстың бірінде Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті атқарушы органдарға халықпен өзара іс-қимылдың жаңа форматына көшуді тапсырды. Президент қарапайым адамдардың әлеуметтік әл-ауқатын білу және оған уақтылы жауап беру өте маңызды екенін атап өтті.

«Әкімдер халықтың сұраныстарына жедел ден қойып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажет. Әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс істеу маңызды: мессенджерлерде топтар құру, жүргізіліп жатқан саясатты қол жетімді түсіндіру, жағдайды модерациялау және басқару»,- деп Президент әлеуметтік желілерде жұмыс істеуге баса назар аударды.

Бұл әрбір шенеунік әлеуметтік желілерде белсенді болуы керек дегенді білдіреді. Президенттің тапсырмасын назарға ала отырып, Абай облысындағы қала мен аудан әкімдерінің әлеуметтік желілердегі белсенділігінің рейтингі шығарылды. Аталмыш рейтингті «Abay Media Group» ЖШС қарасты ақпараттық-аналитика бөлімінің мамандары дайындады. Рейтинг аудан әкімі мен әкімдіктердің әлеуметтік желідегі белсенділіктері бойынша арнайы әзірленген критерийлер формуласы бойынша есептелді.

ҚАЛАЛАР МЕН АУДАНДАР ӘКІМДЕРІНІҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕГІ БЕЛСЕНДІЛІГІ БОЙЫНША РЕЙТИНГІ (ҚАРАША АЙЫ БОЙЫНША)

Әкімдер арасында көшбасшылар мен аутсайдерлер анықталды.

Бірінші үштік рейтинг көшбасшылары:

1) Нұрбол Төлегенұлы Нұрсағатов

2) Талғат Батырұлы Мұратов

3) Мейіржан Серікбосынұлы Смағұлов

Рейтинг ортасы:

4) Ақылбек Жұмабекұлы Башимбаев

5) Болат Таңсыкбайұлы Әбдірәлиев

6) Жаркынбек Борашұлы Байсабыров

7) Ділдәбек Тәжібайұлы Оразбаев

Аутсайдерлер:

8) Қанат Серікқанұлы Әділбай

9) Асхат Сайдахметұлы Смаилов

10) Айдар Маратұлы Ибраев

1. Нұрсағатов Нұрбол Төлегенұлы – Семей қаласының әкімі.

Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатов 1364,7 баллмен бірінші орында тұр. Әкім қараша айында Семей қаласының сыртқы келбетін жақсартуға бағытталған жұмыстардың аяқталғанын жазды. Үйлер мен бірқатар ғимараттарға әдемі суреттер салынып, қасбеттерді жаңарту бойынша жұмыстар белсенді түрде жүргізілді. Әкім бұл айда тұрғындармен көп кездесіп, жеке қабылдаулар өткізген. Шаған кенті мен Жиенәлі, Бөкенші ауылдарына барып атқарылған және жоспардағы жұмыстар жайында мәлімдеді. Сондай-ақ, 70, 71, 72 кварталдары мен қаланың орталық аудандарының тұрғындарымен кездесті. Одан бөлек 24-ші қараша күні тұрғындарды әртүрлі мәселелер бойынша онлайн және офлайн форматта қабылдаған екен. Жазбада «Өтініштердің негізгі бөлігі жұмыспен қамту, тұрғын үй және жер мәселелеріне қатысты болды»,- деп жазыпты Нұрбол Төлегенұлы. Бұл айда қала басшысы үздік полиция қызметкерлеріне адал еңбектері үшін алғысын білдіріп, гарнизондық таралым барысындағы марапаттау рәсіміне қатысты. Нұрбол Нұрсағатов Абай облысының өнірлік коммуникация қызметінің алаңыңда өткен баспасөз мәслихатында қаланың ағымдағы әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы баянап берді. «Красный кардон» кенті мен Шығыс кентіндегі Декоративная көшесіндегі 8 мың шаршы метрлік қоғамдық кеңістіктер қолданысқа берілді. Қараша айында Шығыс кентінің көшелеріне 100 бағана жарықтары орнатылса, Семей қаласының Сәтбаев көшесіне сондай бағаналардан 186 дана қойылып, жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. 

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Семей қаласының әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.

2. Мұратов Талғат Батырұлы – Бесқарағай ауданының әкімі.

Семей қаласының әкімінен кейінгі екінші орынға Бесқарағай ауданының әкімі Талғат Батырұлы жайғасты. Аудан әкімінің бұл айда жинаған балы 1140,2. Ол бұл айды Жетіжар ауылына барудан бастады. Әкім Жетіжар ауылына 670 млн теңгеге жаңа су құбыры желісі тартылып жатқанын атап өтті. Оның апта сайын жәрмеңкеге қатысып, тұрғындарды қабылдау өткізіп тұратынын байқауға болады. Канонерка, Жыланды, Глуховка, Жетіжар, Малая Владимировка, Бозтал, Долон ауылдық округтері мен оларға қарасты ауылдарға барып ауданда атқарылып жатқан жұмыстар бойынша есеп берді. Қатты дауылдан зардап шеккен тұрғындарға барып, заң аясында тиісті шаралар қолданды. Қараша айында Абай облысының қала мен аудан әкімдері өнірлік коммуникация қызметінің алаңыңда БАҚ өкілдері алдында атқарылған жұмыстар бойынша есеп беріп, олардың сұрақтарына жауап берді. Оның қатарында Талғат Батырұлы да бар. Аудан тұрғындары үшін қуанышты жаңалық «Айналайын» балабақшасы күрделі жөндеуден өтіп, бүлдіршіндерге қайта есігін ашты. 

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Бесқарағай ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі ресми парақшаларын белсенді жүргізу ұсынылады.

3. Смағұлов Мейіржан Серікбосынұлы – Абай ауданының әкімі.

Үшінші орында 1070,2 баллмен Абай ауданының жаңа әкімі Смағұлов Мейіржан Серікбосынұлы. Әкімдер арасындағы ең жас әкім жұмысын қариялардың ақ батасын алудан бастаған екен. Жаңадан сайланғанына қарамастан, БАҚ-өкілдерімен өткен баспасөз маслихатына қатысты. Абай ауданы үшін бұл ай қуанышты жаңалыққа толы болған екен. Саржал және Қасқабұлақ, Кеңгірбай және Көкбай ауылдарында төрт-төрттен 16 отбасы баспаналы болды. Сонымен қатар Қарауыл ауылында тағы 18 баспананың кілттері табысталды. Және жылдың соңына дейін олардың саны 42-ге жетеді дейді аудан әкімі. Медеу, Кеңгірбай би, Көкбай, Құндызды және тағы 7 ауылға барып, тұрғындармен кездесіп, аудан тынысын байқап қайтты. Әкімнің алғашқы қабылдауында 6 адам болған екен. «Қойылған сұрақтарға жауап беріп, тиісті мекеме басшыларына тапсырма бердім»,-дейді аудан әкімі. Әкім парақшасындағы әр жазбадағы лүпілдер саны 100-ден асып, пікірлер тек оң екенін байқауға болады. Демек, халыққа сайланған әкімнің бастапқы жұмысы ұнап жатыр.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Абай ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.

4. Башимбаев Ақылбек Жұмабекұлы – Үржар ауданы әкімінің міндетін атқарушы.

Үнемі 10 орында қалып қоятын Үржар ауданы әкімінің орынбасары бұл жолы 781,6 баллмен бірден төртінші орынға көтерілді. Қараша айында Ақылбек Башимбаев облыс әкімі Нұрлан Ұранхаевпен бірге Қытай Халық Республикасына барып, маңызды құжаттарға қол қойды. Осылайша ол Халықаралық қатынастарды нығайтуға өз септігін тигізді. «Балл санының жоғары болуы осыған тікелей байланысты»,-  дейді сарапшылар. Оған қоса, қараша айында Үржар ауданында қуанышқа толы сәттер көп болған. Оның қатарында Егінсу ауылындағы күрес залы мен мүгедектігі бар жандарға арналған жұмыс орнының ашылуы. Ақылбек Башимбаев Некрасовка, Қарабұйрат, Теректі, Таскескен ауылдарында болып, бірқатар мәселелерді шешкен. Үржар ауылының көп пәтерлі және басқа да тұрғын үйлерінің аулалары қоқыстардан тазарып, аудан бойынша тазалық жұмыстары жүргізілген. Аудан бойынша елді мекендерде әлеуметтік жағынан аз қамтылған жанұялардың үйлеріне түтін сезгіш датчиктер орнатылған екен.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Үржар ауданы әкімінің міндетін атқарушыға ұсыныс: желідегі ресми парақшаларын белсенді жүргізу ұсынылады.

5. Әбдірәлиев Болат Таңсықбайұлы – Курчатов қаласының әкімі.

Бесінші орында 775,5 баллмен Курчатов қаласының әкімі Болат Таңсықбайұлы. Қала әкімі бұл айда біршама жұмыс атқарған. Өзекті мәселе қалада ауылшаруашылық малдарының жайылуы. Осыған сәйкес жергілікті атқарушы органдармен мәселені талқылап, көп ұзамай мал иелерімен кездесу өткізді. Бұдан былай иесіз мал арнайы тұраққа орналастырылып, қожайындары ақы төлеп әкететін болады. Және заң аясында олар міндетті түрде жазаланатынын жазды. Сондай-ақ, әкім бірқатар кәсіпорындарға барып, ұжыммен кездескен. Қала мектептерін аралап, тамақ сапасын тексерді. Курчатов Водоканал мәселесі бойынша апта сайын кездесу өткізіліп тұратынын жазды. Қала басшысы қала бойынша бірқатар мекемелерде санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды қатаң бақылауда ұстайды. Тұрғындарды қабылдау тұрақты түрде өтеді. 

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Курчатов қаласы әкіміне ұсыныс: желідегі ресми парақшаларын белсенді жүргізу ұсынылады.

6. Байсабыров Жарқынбек Борашұлы – Жарма ауданының әкімі.

Алтыншы орында 770,2 баллмен Жарма ауданының әкімі Жарқынбек Борашұлы. Аудан әкімі апта сайын тұрғындарды қабылдап, жеке мәселелері бойынша қабылдайды. «Қабылдауға келген тұрғындардың жиі көтерген сұрағы баспана кезегіне тұру, тұрғын үй алу тұрғысында болды» - дейді ол салған жазбасында. Жалпы, Жарма ауданы бойынша жыл соңына дейін 90 пәтер беріледі деп жоспарланған екен. Бұл айда әкім парақшасына Қалбатау ауылында 2 пәтерлі 5 тұрғын үйдің кілті берілгенін жариялады. Аудандық статистика басқармасының ұжымын кәсіби мерекелерімен құттықтап, алғыс білдірген. Бұл айда Жарқынбек Борашұлына қонақ көп келді. Ауданға жұмыс сапарымен облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев, кейін облыстық мәслихат депутаттары барды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Шалқар Байбековтің қатысуымен Абай облысы мәслихатының кезектен тыс IX сессиясы өтіп, депутаттар алдында аудан әкімі есеп берді. Тіпті, қараша айында Жарма ауданына Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов те барып, Шар су қоймасының жағдайымен танысқан екен. 

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Жарма ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі ресми парақшаларын белсенді жүргізу ұсынылады.

7. Оразбаев Ділдәбек Тәжібайұлы – Көкпекті ауданының әкімі.

Жетінші орынға 673,3 баллмен Көкпекті ауданының әкімі Оразбаев Ділдәбек Тәжібайұлы тұрақтады. Ділдәбек Тәжібайұлы БАҚ өкілдерінің алдындағы есебін берді. Әкім өткен айда ауылдық округ әкімдері, дербес бөлім басшылары, мемлекеттік мекемелер басшылары, партия және БАҚ өкілдерінің қатысуымен аппараттық мәжіліс отырыстарын жиі өткізген. Көкпекті ауылының тұрғындары көктемгі және күзгі мезгілде жаңбырдан кейін кейбір жолмен жүре алмайтынын жеткізген екен. Осы орайда, әкім көп жылдар бойы қордаланып келген мәселенің мән жайымен танысып, дереу мәселені шешуді бастады. «Бірақ аудан әкімінің парақшасы мен әкімдік парақшасында белсенділік жетіспей қалды»,-дейді сарапшылар. Сондықтан, Ділдәбек Оразбайұлы үздік үштіктен жетінші орынға түсіп қалды. Аудан басшысының жұмыстан тыс уақытта, демалыс күндері көшеге шығып «Әкім бол - халқына жақын бол» деп тұрғындармен сырласатыны бар екен. Бұл керемет емес пе?!

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Көкпекті ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі ресми парақшаларын белсенді жүргізу ұсынылады.

8. Әділбай Қанат Серікқанұлы – Аягөз ауданының әкімі.

Сегізінші орында 667,6 баллмен Аягөз ауданының әкімі Әділбай Қанат Серікқанұлы. Әкім Малкелді, Байқошқар, Баршатас, Емелтау, Қосағаш, Мәдениет және т.б. ауылдық округтерінде болып,тұрғындарымен кездесіп, олардың тарапынан көтерілген ұсыныс-пікірлерін тыңдап қайтты. Атап айтқанда, округтердегі ауылшаруашылық жерлері, жұмыспен қамту, қоғамдық көліктердің қалаға қатынауы, жол жөндеу мәселесі, ауыз су құбырының құрылысы сынды мәселелер кетерілген екен. Бұл мәселелер де ретімен шешіліп жатыр. Аягөз ауданында кілт табыстау рәсімі барлығынан ерекше, аудан әкімдігінің мәжіліс залында табысталды. Бұл айда 17 отбасы баспаналы болды. Айта кету керек, Қанат Серікқанұлы да Қытай еліне аймақ басшысымен бірге барып, Халықаралық қатынасты нығайтуға өз үлесін қосты. Жұмыс атқарылып жатқанымен жариялымдардың астындағы назалы тұрғындардың теріс пікірлері азаяр емес. Сол себепті де әкім көш соңына жайғасты. Оларға уақтылы жедел жауап берілуі қажет.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Аягөз ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі ресми парақшаларын белсенді жүргізу ұсынылады.

9. Смаилов Асхат Сайдахметұлы – Ақсуат ауданының әкімі.

Тоғызыншы орында құттықтаулар ғана жариялайтын Ақсуат ауданының әкімі Смаилов Асхат Сайдахметұлы. Әкімнің балл саны – 544,3. Бірақ, бұл айда әкім валюта күнімен де, статистика қызметкерлері күнімен де құттықтамады. Ал әкімдік парақшасында Асхат Сайдахметұлын көп жариялай бермейді екен.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Ақсуат ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі ресми парақшаларын белсенді жүргізу ұсынылады.

10. Ибраев Айдар Маратұлы – Бородулиха ауданының әкімі.

Көш соңына 542,1 балмен Бородулиха ауданының әкімі Ибраев Айдар Маратұлы тұрақтады. Аудан әкімі желіге қараша айының 13-ші күнінде шықты. Ол бұл айда ауылдарды аралап, халық алдында есеп беру кездеулерін өткізген. Әкім қатты және тұрмыстық қалдықтарды жинау, өңдеу мәселесін жолға қою, көп балалы ана ретінде жәрдемақы тағайындау, төсбелгі алу мәселелерімен келген тұрғындарды қабылдап, жұмысқа орналасу жане жәрдемақы тағайындау бойынша тапсырмалар берген екен. Сонымен қатар, Айдар Маратұлы БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен брифингте есеп беріп, қойылған сауалдарға еш қиналмастан жауап берді. 

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Бородулиха ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі ресми парақшаларын белсенді жүргізу ұсынылады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив