Семейде «Арманым, Әселім!» спектаклінің премьерасы өтті
Абай атындағы қазақ музыкалық драма театрында әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматовтың шығармасы негізінде сахналанған «Арманым, Әселім!» спектаклінің премьерасы болды.
Жаңа қойылым махаббат пен адам тағдыры, сенім мен жауапкершілік, өмірлік таңдау мен кеш келген өкініш тақырыптарын арқау етеді. Спектакльде адам баласының қолындағы бақтың қадірін дер кезінде түсіне алмауы, бір сәттік шешімнің тұтас тағдырға әсері және жоғалтқан бақытты қайта табудың қиындығы сахналық оқиғалар арқылы көрініс табады.
Шығарманың сахналық нұсқасын жасап, режиссерлік еткен – Ерлан Кәрібаев. Қойылымның суретшісі – Жанна Жүнісова, композиторы – Шовкат Курбанов, жарық суретшісі – Еламан Ахметов, хормейстері – Данияр Сеилхадиров.
Премьераны жұртшылықпен бірге облыс әкімі Берік Уәли тамашалады. Аймақ басшысы театр ұжымын жаңа қойылыммен құттықтады.
Шара барысында облыс әкімі республикалық театр фестивальдерінде жетістікке жеткен өңірдің үш шығармашылық ұжымына алғыс хат табыстады.
Абай атындағы қазақ музыкалық драма театры Қазақстан драма театрларының XXXI республикалық фестивалінде «Қарағай» спектаклімен өнер көрсетіп, жүлделі болды. Аталған қойылымдағы рөлі үшін актер Мәулен Сүлеймен «Екінші пландағы үздік ер адам рөлі» номинациясын жеңіп алды.
Федор Достоевский атындағы орыс драма театры осы фестивальде «Қылмыс пен жаза» спектаклімен «Үздік спектакль» номинациясы бойынша Гран-при иеленді. Театр ұжымы халықаралық театр фестиваліне де қатысты. Ал «Дариға-ай» жастар театры Әшірбек Сығай атындағы ІІІ республикалық «Сын – шын болсын» театр фестивалінде «Соқырлар» спектаклімен арнайы жүлдеге ие болды.






