Қазақстанның автокөлік одағы: автокомпоненттерді өндіру бойынша 10 жобаның кейбірі қазірдің өзінде іске қосылды
«Қазақстанның автокөлік одағы» ЗТБ президенті Анар Мақашева Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында автомобиль жасау саласының дамуы туралы баяндады.
Бүгінде отандық автоөнеркәсіп көлік құралдарын шығаратын 8 кәсіпорыннан тұрады. 2024 жылдың 9 айында Қазақстанда 91 мың бірлік автокөлік құралдары өндірілді, бұл ретте өнеркәсіптік өндіріс индексі 86,7%-ды құрады. Жалпы машина жасау саласындағы автомобиль жасау үлесі 39,4%-ды құраса, ал жаңа машиналарды сатудың жалпы көлеміндегі отандық автомобильдердің үлесі 63%-ға жетті.
«Осы жылдың қорытындысы бойынша 137,3 мың автокөлік шығарылады деп күтілуде, оның 125,9 мыңы жеңіл автомобильдер және 11,4 мыңы коммерциялық автомобильдер болмақ. Нақты көлем индексі 93% мөлшерінде болжанып отыр. Өздеріңіз білетіндей, негізгі себептер – бұл логистика мәселелері, сондай-ақ техникалық регламентке сәйкес келмейтін “қылмыстық” тарихы бар автомобильдерді Қазақстан Республикасына әкелу мәселесі. Үкіметпен бірлесіп бұл мәселені шешудің мүмкін жолдарын пысықтап жатырмыз», — деп мәлімдеді Анар Мақашева.
Оның айтуынша, қазірдің өзінде отандық өндірушілер шағын тораптық өндіріс бойынша технологиялық операцияларды тереңдету бойынша міндеттемелер алған. Бұл автокомпоненттер өндірісін дамыту үшін негіз болып саналады.
«Мәселен, іске асыру сатысында үлкен жобалар бар. Алматы қаласындағы мультибренд зауыты, бұл өндіріс жылына 90 000 бірлік автокөлік, 3600 жұмыс орнын ашады. Ал, Kia өндірісі жылына 70 000 бірлік автокөлік шығарып, 1500 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Бұл жобалар әлемдік өндірушілермен тікелей ынтымақтастық арқасында жүзеге асуда», — деп атап өтті спикер.
Қазақстанның автокөлік одағының басшысы А. Мақашева айтып өткендей аталған кәсіпорындарда заманауи жабдықтар орнатылады. Ондағы өндіріс көлемінің 30%-ы бірден шағын түйінді әдіспен өндіріледі.
«Мемлекет басшысы өз Жолдауында атап өткендей, автоөнеркәсіпті локализациялауды ұлғайтып, автокомпоненттер өндірісіне көшуі қажет. Өндірушілер дайын. Қостанай және Алматы қалаларындағы алаңдарда көлік құралдарын өндірушілер мен автокомпоненттерді өндірушілер арасында қосылған тізбектер мен өнеркәсіптік кооперация салынуда», — деді ол.
Сонымен қатар, кластерлік әдісті қолдану, аталған қалаларда шағын және орта бизнес белдеуін құру ұсынылуда. Яғни, егер Қазақстанда осындай компоненттің өндірісі құрылған болса, онда барлық автоөндірушілер осы жеткізушіден сатып алады. Бұл өндірістегі қайталауды жойып, осы саладағы көптеген жобаларды дамытуға мүмкіндік береді.
Бұл автокөлік компоненттерін өндіруге және онымен байланысты салалардың дамуына оң әсер етеді, ал көлік құралдарын өндірушілер локализацияны арттырады, ең бастысы автомобильдердің құнын төмендетеді. 2025 жылдың соңына дейін компоненттерді өндіру бойынша 10 жобаны іске қосу жоспарлануда, оларды іске асыру қорытындысы бойынша шығарылатын өнімнің өзіндік құны төмендетілетін болады.
«Біздің алдымызда салада қосымша жұмыс орындарын ұйымдастыру бойынша үлкен міндет тұр. Келесі жылы шамамен 5000 жұмыс орны ашылмақ. Президент салалық мамандар тапшылығының өткір проблемасын атап өтті. Біздің сала әсіресе инженерлер мен жұмысшы мамандықтары жұмысшыларының жетіспеушілігін сезінеді. Тек бір ғана кәсіпорында 2025 жылдың мамырына дейін бір ауысымды қамтамасыз ету үшін 2500 жұмысшы даярлау қажет», — деді А. Мақашева.
Оның айтуынша, барлық өндірушілер Қазақстан бойынша колледждермен және жоғары оқу орындарымен тығыз жұмыс істейді. Бірақ жұмысшы мамандықтары әзірге онша танымал емес және қызығушылық танытқан студенттер саны шектеулі.
«Осыған байланысты біз Президенттің жұмысшы мамандықтары мен білім берудегі реформаларды насихаттау жөніндегі бастамасын толығымен қолдаймыз, бұл инженерлер мен оқытушыларға арналған гранттар, бұл тәжірибе алмасу және дуальды оқыту бағдарламалары, жатақханалар салу. Шынында да жүйелік тәсіл қажет. Автоөнеркәсіп өз тарапынан өз қызметкерлеріне гранттар, оқыту, әлеуметтік пакет ұсынады. Қазақстанда дарынды жастар өте көп екеніне сенімдіміз. Бірлескен күш-жігердің арқасында ғана дамудың жылдам қарқыны мен тұрақты экономикаға қол жеткізуге болады», — деп сөзін түйіндеді Анар Мақашева.