Cемей7°С
Ауа-райы
  • Абай2°С
  • Аягөз-5°С
  • Ақсуат-3°С
  • Бородулиха-5°С
  • Қалбатау-4°С
  • Курчатов7°С
  • Көкпекті-3°С
  • Үржар4°С
530.47 613.75 6.56

Римде Шоқан Уәлиханов туралы итальян тіліндегі кітаптың таныстырылымы өтті

Бүгін, 13:10 Думан Кенжеғазыұлы

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның Италияға жұмыс сапары аясында «Шоқан Уалиханов және қазіргі Қазақстанның бастауы» атты монографияның таныстырылымы өтті. Белгілі ағартушының 190 жылдығына арналған бұл кітап алғаш рет итальян тілінде жарық көрді.

Аида Балаева ұлы ғалым, ағартушы әрі саяхатшыға арналған еңбектің жарық көруімен барша зерттеушілерді құттықтады. Министрдің айтуынша, Шоқан Уәлихановтың мұрасын итальян оқырмандарына таныстыру – Қазақстан мен Италия арасындағы рухани байланысты тереңдететін маңызды қадам.

«Шоқан Уәлиханов – Ұлы Даланың ғана емес, әлемдік деңгейдегі тұлға. Оның зерттеулері халықаралық ғылыми қауымдастыққа Орталық Азия халықтарының бай мәдениеті мен өркениетін, сондай-ақ қазақ халқының рухани мұрасын кеңінен танытты. Оның еңбектерінің итальян тілінде жарық көруі – білім мен ғылым арқылы екі елдің жақындасуының жарқын үлгісі. Бұл кітап италиялық оқырмандарға қазақтың тарихын, мәдениетін және ой әлемін жақынырақ тануға мүмкіндік береді», – деді Аида Балаева.

Министр сондай-ақ екі елдің ғалымдарына, зерттеушілеріне, аудармашылары шынайы алғыс білдірді. Ол бұл кездесу Қазақстан мен Италия арасындағы ғылыми байланыстарды нығайтып, жас ғалымдар мен зерттеушілерді жаңа ізденістерге жетелейтініне сенім білдірді.

Шоқан Уәлихановтың өмірбаянын итальян профессоры Федерико Пасторе жазған. Ол ұзақ жылдар бойы ғалымның өмірі мен қызметіне қатысты қазақстандық дереккөздерді зерттеген. Сондай-ақ монографияда Ш.Уәлиханов өмірінде кездескен белгілі қазақ қайраткерлеріне арналған ауқымды бөлім бар. 

Кітап Қазақстан Республикасының Италия Республикасындағы Елшілігінің қолдауымен, Sandro Teti Editore баспасынан, қазақстандық «Каспий Нефть» АҚ мен Doscar Foundation Charity Fund корпоративтік қорының демеушілігімен жарық көрді. Зерттеу сонымен қатар ағылшын тілінде де қолжетімді.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив