Облыс әкімі Парламент Мәжілісінің депутаттарымен кездесті
Бүгін аймақ басшысы Берік Уәли «Respublica» партиясынан сайланған Парламент Мәжілісінің депутаттары Екатерина Смолякова мен Динара Наумовамен кездесті.
Кездесу барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, инфрақұрылымдық жобалардың іске асу барысы, туризм, кәсіпкерлік салаларының өзекті мәселелері талқыланды.
Облыс әкімі аймақта инфрақұрылымдық мәселелерді шешуге, жылу, су, электр желілерін жаңғыртуға, жолдарды жөндеуге, әлеуметтік нысандар салуға, инвестиция тартуға және ауыл шаруашылығы, туризм, кәсіпкерлік салаларын дамытуға басымдық беріліп отырғанына тоқталды.
Парламент Мәжілісінің депутаттары Абай облысының жаңадан құрылған аймақ екенін атап өтіп, өңірдің туризм, кәсіпкерлік салаларындағы өзекті мәселелеріне назар аударып, алдағы уақытта депутаттық сауал ретінде көтеруге әзір екендерін жеткізді.
Қазіргі таңда «Respublica» партиясының Абай облыстық филиалында 1767 партия мүшесі бар. Филиал жанында 15 мүшеден тұратын өңірлік кеңес жұмыс істейді.
 
    







