Мәулен Әшімбаев: Мемлекет басшысының цифрландыру жөніндегі тапсырмаларын орындауды қамтамасыз етудің маңызы зор

Суретті түсірген: Н. Байбулин
Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда Қазақстан мен Вьетнам арасындағы құқықтық ынтымақтастық туралы заң қаралды және цифрландыру мәселелері бойынша депутаттық сауалға сала Министрінің ауызша жауабы тыңдалды. Сондай-ақ сенаторлар өзге де мәселелерге қатысты депутаттық сауалдарын жолдады.
Отырыс барысында қаралған «Қазақстан Республикасы мен Вьетнам Социалистік Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау туралы» заң сотталғандарды беру шарттары мен тәртібін регламенттейді. Бұл ретте сотталған адамнан немесе оның заңды өкілінен беруге келісім алу талабы маңызды аспект болып саналады. Аталған келісім ерікті және саналы болуы керек. Ол сотталушыға берудің құқықтық салдарын түсінуді қамтамасыз ететін мәлідемемен расталады. Сондай-ақ құжатта сотталған адамды беру үшін негізгі шарттар белгіленген. Олардың бірі сотталған адам екі елдің бірінің азаматы болуы қажет. Одан бөлек, адам сотталған әрекет екі елде де қылмыс деп танылуға тиіс. Заң сұрау түскен жағдайда тараптар бір-біріне беретін құжаттардың тізбесі мен шартты орындау рәсімін де регламенттейді.
Сонымен қатар Палата отырысында бір топ сенатордың еліміздегі цифрландыру ісіне қатысты депутаттық сауалына Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиевтің ауызша жауабы тыңдалды. Айта кетейік, бұған дейін Сенат депутаттары осы бағытта қолға алынған бағдарламаларды іске асырудың сапасына, ауылдық жерлердегі интернетке қолжетімділік деңгейіне, түрлі мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін интеграциялауға және елімізге цифрлық қызмет пен технологияларды енгізуге назар аударып, бірқатар түйткілдерге тоқталған болатын.
Отырыста Сенат Төрағасы цифрландыру ел мен өңірдің бәсекеге қабілеттілігін айқындаушы фактор екенін атап өтті. Мемлекет басшысы да халыққа Жолдауында бұл саланы дамытудың маңызына кеңінен тоқталғаны белгілі. Сондықтан Палата Спикері сенаторлар көтерген проблемаларды шешу үшін кешенді және жедел әрекет ету қажет екенін айтты.
«Талқылау барысында еліміздегі цифрландыру үдерісінің қазіргі жағдайына жан-жақты тоқталдық. Бұл сала азаматтарымыз үшін де, мемлекет үшін де өте маңызды. Технология дамыған сайын мемлекет тарапынан тиісті инфрақұрылыммен және сапалы құқықтық базамен қамтамасыз етудің өзектілігі арта түсетіні анық. Министр өз баяндамасында Үкімет бұл бағытта тиісті жұмыстар атқарып жатқанын айтты. Салаға бюджеттік және жеке инвестициялар тартылып жатыр. Бүгін сенаторлар әлеуметтік саланы, денсаулық сақтауды және кәсіпкерлікті цифрландыруға, дербес деректерді қорғауға қатысты проблемаларды көтерді. Ауылдық жерлерде интернетке қолжетімділік, стартаптарды қолдау, жасанды интеллектті енгізу мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Бұл ретте тиісті Министрлік айтылған проблемаларды өз жұмысында ескергені жөн. Осы орайда Сенат аталған саладағы құқықтық базаны жетілдіру жолында бірлескен жұмысты әрі қарай жалғастыруға дайын екенін атап өткім келеді. Үкіметпен және Мәжіліспен бірлесіп, Цифрлық кодекстің жобасы әзірленеді. Осылай бәріміз бірге Президетіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың аталған салаға қатысты тапсырмаларының сапалы орындалуын қамтамасыз етеміз деп сенемін», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ іс-шарада сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады.
Сұлтанбек Мәкежанов елдің мемлекеттік борышының өсуіне байланысты проблемаларды көтеріп, қаржы ресурстарын басқаруды жақсарту қажеттігі туралы айтты.
Ғалиасқар Сарыбаев әлеуметтік осал топқа жататын азаматтар әлеуметтік көмекті ресімдеуге қажетті кейбір анықтамаларды алу үшін ақы төлеуге мәжбүр екенін атап өтті. Осыған байланысты сенатор азаматтардың әлеуметтік мәртебесі туралы деректер базасының интеграциясын жетілдіруді және мемлекеттік органдардың әлеуметтік көмекті ресімдеуге қажетті анықтамаларды тегін беруін қамтамасыз етуді ұсынды.
Бекболат Орынбеков Жамбыл облысындағы елдімекендерде жылу желілерінің тозғанына және электр қуатының тапшылығына назар аударды. Депутаттың айтуынша, М-3 жылу магистралін және Тараздағы «Мыңбұлақ», «Самал» шағын аудандарының жылу желілерін қайта жаңарту қажет. Сондай-ақ Тараз қаласы мен Қордай ауданында электр қосалқы стансаларын салудың маңызы зор. Мұндай қадамдар өңірдегі әлеуметтік жағдайды жақсартуға және энергиямен жабдықтау ісінде сенімділікті арттыруға ықпал етеді.