Елімізде көлік және логистика саласындағы мамандықтарға сұраныс артып келеді
ҚР Президенті бастамашылық еткен Жұмысшы мамандықтары жылы шеңберіндегі іс-шаралар жоспарын іске асыру жөніндегі шаралар туралы Үкімет отырысында көлік министрі Марат Қарабаев баяндады.
Оның деректері бойынша, 9,7 млн жұмыспен қамтылған халықтың ішінде 772 мың адам көлік секторында еңбек етеді, оның басым бөлігін теміржол және автомобиль көлігі, логистика және қоймалау қызметкерлері алады. Таяу болашақта бұл көрсеткіш тек өсе береді.
«Бақты-Аягөз», «Дарбаза-Мақтарал», «Достық-Мойынты» және «Алматы стансасының айналма теміржол желісі» теміржол көлігі саласындағы ірі жобалар шеңберінде 27 мың жұмыс орнын құру көзделіп отыр. Автожол саласындағы 24 жоба бойынша жұмыс орындарының саны 26 мыңды құрайды.
Логистикалық кешендер, азаматтық авиация және теңіз көлігі жиынтығында 22 мың жұмыс позициясын береді.
Жалпы, көлік саласында 118 жобаны іске асыру 2030 жылға қарай қосымша 75 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Айта кету керек, бұл жобалар 2029 жылға дейінгі ұлттық инфрақұрылымдық жоспарда қарастырылған.
Кадрларды даярлауға келетін болсақ, бүгінде 37 жоғары оқу орнында көлік саласындағы мамандықтар бойынша 19 мыңнан астам студент оқиды. Сондай-ақ 39 колледжде 15 мың студент білім алуда. 2024 жылы ЖОО түлектерінің 87,5%-ы және арнаулы орта оқу орындары түлектерінің 81%-ы саласы бойынша жұмысқа орналастырылды.
Жалпы, көлік мамандықтарының тартымдылығын арттыру мақсатында 200 мыңнан астам мектеп оқушысынқамтитын 830 кәсіптік бағдар беру шарасы өткізілді. Көлік кәсіпорындарымен 4 мыңға жуық студентті тарта отырып жұмыс орындары жәрмеңкелері ұйымдастырылды. Қосымша 770 білім беру гранты бөлінді.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде, жоғары оқу орындарына түскен студенттер саны 2023 жылмен салыстырғанда 17%-ға, ал колледждерде 9%-ға артты.
«Біздің міндетіміз – мектеп оқушыларының көлік мамандықтарын таңдауы, ал түлектердің салалық кәсіпорындарға жұмысқа орналасуы. Бұл жұмысты ел көлемінде, барлық өңірлерде кеңейтетін боламыз», — деп атап өтті министр.
Білікті кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында осы бағытта 254 профильді кәсіпорын белсенді жұмыс жүргізуде. Мәселен, тек «ҚТЖ» АҚ компаниялар тобының өзінде 2 500-ден астам студент өндірістік тәжірибеден өтті. Сонымен қатар 5 өңірде өндірістік персоналды даярлау орталықтары ашылды. Студенттер мен жұмыс берушілер арасындағы өзара іс-қимылды қамтамасыз ету үшін «JOLSHY» бірыңғай мамандар базасы құрылды, бұл жол саласы мамандарын жедел іздеу және жұмысқа қабылдауға мүмкіндік береді.
Авиациялық персоналды кәсіптік оқыту үшін 21 оқу орталығы сертификатталған. Еуропадағы еуропалық стандарттар бойынша AB-INITIO (EASA) бағдарламасы бойынша ұшқыштарды даярлау жүйесі енгізілді.
Сонымен қатар жаһандық тенденциялар мен цифрландыру мамандандырылған білімі мен дағдылары бар кадрларды даярлауды талап етеді. Мәселен, еліміздің көлік-логистикалық кешенінің қарқынды дамуын ескере отырып, орта мерзімді перспективада 25 жаңа мамандық қажет болады деп күтілуде.
Атап айтқанда, ол жаңа жобаларды іске асыру кезінде жобаның цифрлық аналогын және 3D-модельдеуді пайдалануды көздейтін BIM технологиясы бойынша автомобиль жолдарын салу мен реконструкциялауды жобалау көзделгенін хабарлады. Бұл бағытта «ақылды жолдар» бойынша тиісті инженер-жобалаушылар, BIM технологиясында жұмыс тәжірибесі бар прорабтар, құрылыс роботтарының операторы және цифрлық жобалаушы қажет болады.
Көлік-логистика саласындағы ірі тораптарды басқару үшін цифрлық логистикалық карталар конструкторы мен операторы керек. Азаматтық авиацияда қашықтан басқарылатын авиациялық жүйелердің сыртқы ұшқыштары сұранысқа ие болады. Осыған байланысты, білім беру мекемелерімен бірлесіп осы мамандықтардың ашылуын пысықтау жоспарлануда.
Жұмысшы мамандықтары жылын өткізу шеңберінде бірқатар бастамаларды іске асыру жалғастырылатын болады:
- 15 кәсіби стандарттарды бекіту;
- Жаңа мамандықтар үшін оқу орындарымен бірлесіп білім беру бағдарламаларын әзірлеу;
- Колледждер арасында дуальды білім беруді кеңейту;
- Профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер үшін сала мамандарын қонаққа шақыру арқылы дәрістер өткізу;
- «Жас үздік маман», «Үздік байланысшы», «Үздік жолсерік» және басқа да наградалармен конкурстар өткізу;
- Көлік саласы кәсіпорындарында «Ашық есік күндерін» ұйымдастыру.