Семейде «Адал адам – адал еңбек» жәрмеңкесі өтті
Абай облысының әкімдігі мен облыстық прокуратураның бірлесуімен Семей қаласының Ертіс жағалауында «Адал адам – адал еңбек» атты бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Әлеуметтік маңызы жоғары шара жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілерді бір алаңда тоғыстырып, өзара тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік берді.
Жәрмеңкеге өңірдегі ірі кәсіпорындар, мемлекеттік мекемелер, жеке компаниялар мен білім беру ұйымдары қатысты. Шараға 34 жұмыс беруші мекеме қатысып, 135 бос жұмыс орнын ұсынды. Жалпы облыс бойынша 685 жұмыс орны қолжетімді екені айтылды.
Жәрмеңке барысында жұмыс берушілер өздерінің бос жұмыс орындарын ұсынып, ал жұмыс іздеушілер түйіндемелерін тапсырып, сол жерде әңгімелесуден өтті. Сонымен қатар қатысушыларға кәсіптік бағдар беру, қайта даярлау және біліктілікті арттыру мәселелері бойынша кеңестер ұсынылды. Әсіресе, мүгедектігі бар азаматтар, пробация есебіндегі және бас бостандығынан босап келген тұлғаларды жұмыспен қамтуға басымдық берілді. Сондай-ақ колледж бен жоғары оқу орындарының түлектері үшін алғашқы жұмысқа орналасуға мүмкіндік жасалды.
Шараға прокуратура органдарының өкілдері, әкімдік қызметкерлері, жұмыс берушілер, жұмыс іздеушілер және кәсіпкерлер қатысты.
Айта кетейік, биыл облыста 13 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Оның үштен бірі бүгінде орындалған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жәрмеңкелер адал еңбекке сұранысты арттырып, халықтың табысын көбейтуге ықпал етеді.





