Cемей-8°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
526.81 542.72 5.16

Қара өлеңнің Қарауылы

Бүгін, 12:46 018.kz

Ақын Төлеген Жанғалиев 75 жаста

Өмірге артар өкпем жоқ

Өмірім менің – шамшырақ.

Өлең боп қана өтсем деп

Өзімді келем қамшылап.

Бозбала шақтан ақындықтың мекеніне аттың басын бұрған Төлеген ағамыз да құдайдың пәрменімен жетпіс бесінші қарын басып тұр. Киелі жырдың ауылына имене басып кірмей өзі айтқандай «Абайлап» ұран салған ақын заманының тынысына айнала алды...

Алқынып Алматыға аттанбады. Атақ іздеп Астананы да аңсамады. Оқу бітере сала Семейдің шуылын тастап, салып-ұрып Қарауылға тартып тұрды. (Қарауылдың қара сирақ ұлы едім, Қарауылдай дара тұрам өнерде)...

Абай бабаның қолтығынан табылды. «Абайдан басқа адамның ақылын алмас пендемін»,- деп асау сөйлеу тек Төлеген ақынға жарасты...

Елде жүріп, бүгінгінің ішінен Құнанбайды қармана іздеді. (Екі ғасыр өтсе де, барша қазақ жабылып, ұлы Абайдай данышпан, отыр бірақ туа алмай)...

Шәкәрім мен Көкбай ақынның рухынан нәр алды. Шәкәрімге арналған бір ғана «Шыңғыстау шындығы» циклы неге тұрады?! Шыңғыстаудың «шатақ шалы» қасиетті Шәкірдің қасына ерді, еріп қана қойған жоқ рухани інісіне айналды.  «Тек қана түксиіп кеп түсіме еніп, көзімді сүрткілейді жетім ақын» туралы шындыққа суарылған шумақтар өрді. Демек, «Алаштың көп қой ақыны, абайлық ақын мен ғана»,- деп даралануына ешкім жақ ашпас. 

Шабытын шарқайраққа жаныған ақын «қашқан өлеңнің» артына шам алып түседі. Жидебайдан өлең жидесін терген жігіттің шабысы үдей түспесе дәл бүгінге дейін бәсеңдеген жоқ. «Қара өлең төрін күзеттім, қағбамдай көріп киелі»,- дейді өз қағбасында отырып. Туған жерге, Абай баба жатқан жерге деген құрметі ерек. 

Кеудемізді бастырғанбыз талайға,

Қамшы сілтеп жүрген кезде Абайға.

Миымызды атом жеген адамбыз

Қызыл өрттей өршіп тұрған қоғамда,- деген ақынның қыжылы да қисынды. Ақындыққа қояр талабы да Абайша: «Керек емес, ұшпа ой, ұшқары жыр, іздегенім – өлеңнің сырттаны кіл».  Ал, көңілден шықпаған жыры болса, оны да жауырды жаба тоқымай ашық айтады: «Жырларым жып-жылмағай болмай қойды, тігілген киім құсап олақ қолдан». Өзі басқа сөзі басқа сөзқуарлар көбейіп кеткен мынау заманда шынайы жазатын, әсіресе өзінің жоғын жайып салатын ақын жоқтың қасы. Төлеген аға – соның өзі. Шынайы өлең мінез бен қарекеттің үйлесімінен тумақ...

Төкең де Абай бабасындай болыстықтың қамытын киіп ел басқарды. Ел басқардым екен деп шіренген шенеуініктің қатарын толтырған жоқ. Ақындығы әкімдігіне нұсқаушы болды. Жағымпаздықтың ауылынан алыс әкім-ақынның сойып салар тілі өзіне сор боп та жабысты. 

Жалтақсыз жан едім,

Жақпадым кімге осы.

«Тіл» деген пәленің

«Тілсіздер» түрмесі,- деп күйзелген кездері де аз емес. 

Көңілі күйзелгенмен «әлі де жанында жүрген Жантықтарға» шүйілуін қойған жоқ. Бүгінгі қоғамды жайлаған «өтірік деген өртті» басу үшін жырдан жауын шақырды. Ақын кредосы – «түгесу үшін арманды, күресу керек адамға».

Заказбен өлең жазбады, жаза алмады. «Өлең менің өмірім ғой, өмірім»,- деген өршіл ақын шырылдаған шындықтың шыңырауынан бір шығып көрген емен.

Өз тіліммен өштестім,

Өкініп, тістеп көп тестім.

«Сақау бол» дейді мына жұрт,

Сау тілді қалай кеспекпін.

Қай заманда да жарапазан айтқан Жантықтардың тасы өрге домалаған ғой. Бүгін де олардың қарасы азайып тұрған жоқ. Жағымпаз төрге озғанда, шындық босағада қалады. Бұл тұрғыда ақын:

Шындық үшін шырылдап тілеп бейнет,

Шымыр шумақ тумайды күреспей көп.

Тіліп түсер тіл деген әркімде бар

Ақын болсаң тұрсын тек жүрек сөйлеп.

Сөз құдіретіне төрін бермеген заманда «босағаға Абай келіп тұрса да, төрін босатпаған бүгінгінің қазағына» ақын назалы. Өйткені, «маң төбеттер болмаса мал күзеткен, марқасқасы иттердің орманда жүр».

Отыз жыл бойы ертегіге сенген елдің көзін ашар ақиқат сөзді батыл айтатын ақын некен-саяқ. «Егемен деген еркемнің, ертеңі ертек дәл бүгін»,- деген сөзді біреулер «ескі Қазақстан» деп жүрген кезде айта алмады. «Біз ертектің еліміз, ертеңінің бәрі ертек, отыз жылдық жоспарды отыр едім тағы өлшеп»,- бүгінгінің көзі енді жеткен шырқыраған шындық. Осы отыз жылдық ертегі ары қарай созылып бара ма деп, көңіл күпті. Өйткені, қоғамда «қара сиыр – қазынаның емшегін қан ағыза сорған» қорқаулар көбеймесе, азаймай тұр.

Қарақұрт қаптап барады,

Қанқұрттай кеулеп даланы.

Сары маса талап тастаған

Сары далам еді жаралы. 

Асқынған дерт астарлы аллегориямен қарпылған. Халық қамын емес, қарақан басын ойлаған шенділер қазақтың байлығын бөлісе алмай әлек. «Аң патшасы – арыстанның ісі ғой, ақ төбеттің көзін құртқан десті жұрт». Үлкен саясаттың сыралғы ойындары сығымдалып кеп ақынның «Ақ төбет» атты астарлы өлеңіне сыйып кеткен. 

Бірде батыра, бірде бастырмалата айтатын ақынның «құзда тұрып есірер, құлжасынған дұшпаны» жетерлік: 

Залалы көп заманда адалы жоқ,

Көп үрей қоңырауын қағады үдеп.

Жалтақтап жастарға да қарай берем,

Жағамды қашан жұлып алады деп.

Бірақ «сақау» боп отыру Төлеген ақынның табиғатынан емес. Абайша көңілі қоңылтақсығанда: 

Жырларым менің жетімдер

Жетілмей қалған кейбірі.

Мінезсіз болса кейбірі

Мінезім менің белгілі,- деп қайралады.

Сондықтан да «түңіліп мынау тірліктен, түрмеде отыр ақ арман». Ақынға Абай бабасының қайғысы жұққан. «Ойлы адамға қызық жоқ...» өлеңінде: «Дос берме, қас бер қайрақтай, қайралып жүрсін қажырым»,- деп өзін қияға салады. «Бүтіні аз қоғамның шалғайға жабысқан өңшең нөлінен» жеріп, «единицасын» жоқтайды. Қоғамдағы келеңсіздіктің басы ұстыны кеткен шаңырақтан басталады: 

Анасына қыз мазақ,

Әкесіне ұл да жат.

Жындандырып барады

Жылым құсап жынды арақ.

Кімге берем батаны?

Кім құлағын тосады?

Уысында інінің

Ағасының сақалы.. 

Осындай ұлттық тағлымнан тамыры үзіліп, қиуы қашқан тірліктер ақынды түні бой дөңбекшітеді. Ел тізгінін қолға ұстағанның ішінде мінездісі жоқ.  Сол себепті де, жоғары жақта сөз көп, іс жоқ. Уәде көп, сенім жоқ. Халық ханға қарайды, хан аспанға қарайдының кері боп тұр.

Сөзімізде бұлдыр жоқ

Сөлсіз ауыз аусылдай

Күлтөбеде күбір көп

Күпілдейтін таусылмай,- дейді бұл жайтты ақын. «Атадан жарып уызға арғымақ мінген «көсемдер», құдайым құлай сүйген құл Құнанбай бәрібір болмайды»,- деп ел тізгінін ұстағандардан кешегі Құнанбай-тірлікті іздесе, «Ау, ағатай, ардың аппақ кемесі»,- деп бүгінгі Хафиз Матаевты үлгі етер еді.

«Құдай бізді ұмытты» циклды өлеңінде бүгінгі қоғамның қораш тұстарын шырқырата түйрейді: 

Құдай бізді ұмытты,

Ертеңі жоқ ел ме едік.

Бұрыс еттік дұрысты

Дұрыстығын көз көріп,- деп өрілетін шумақтар –бүгінгінің шындығы. 

Жігіттерді біртуар, 

Жіліктедік ұялмай, 

Шыңырауда түншығар 

Шындық үнін шығармай,- деген сөзді дәл бүгінгі «жаңа Қазақстанда» айтуға көбінің к.. ті бос.

Қоғамды дүрліктірген мәселенің бірі жердің сатылуы болса, онда да бұғып қалмады ақын: 

Тауды да сат, бауды да сат, сат бәрін,

Жерді де сат, елді де сат, жоқ шағым.

Тойған қарын жарылмайды бәрібір

Жарылмаса біз сияқты аш қарын,- деп басталатын ащы мысқылмен өрілген зілді өлеңі сол шақтарда ел аузында жүрді. 

Қашанда Абайдан ой сауып, тиянақ іздеген ақынның «мыңға қалай жағамын деп жүріппін, мыңмен жалғыз алысқаным өтірік»,- дегенінде Абайға тән даналықтың белгісі бар. Өйткені, өз мінін көру бар да, оны елге жария ету бар. Қоғам өзгергенде кешегі партократ бүгінгі молда, кешегі лениншіл жас бүгінгі ұлтжанды боп, жүріп келе жатып кебісін ауыстыра қоятындардың қатарынан емес Төлеген ақын. Сәбеттің саяси науқанында қызу еңбек еткенін өлеңі мен сұхбаттарында ашық айтатын бір адам болса, ол – Төлеген Жанғалиев. Айтып қана қоймайды. Тіпті кешегінің бүгінгіден тәуірлеу тұсын дөп басады жырларында. Соның бірі – партия тақырыбы. Кешегі – компартия болса, бүгінгіміз – аманат (нұротан), ақжол, ауыл... тағы сондайлар. Кезінде компартиядан шығып қалу өліммен тең болатын. Қазіргілер партиялардан шығып-кіріп, бірінен-екіншісіне ауысып жүре беретін болды. Ұсталып жатқан жемқордың дені аты үшінші рет ауысқан аманаттан болған соң қалған әңгіме артықтау. Бұрын идеология мықты еді, қазір идеология жоқ. Тазалық бар еді, бүгін ол – жоқ. Біз санамызды кірлетіп алдық. Бұл – ащы да болса шындық. Саяси бағыты басқа болды дегенмен кезіндегі компартияның бүгінгі қаптаған партиялардан бәсі бөлек-тін. Ақынның «Тазалық туралы сыр» өлеңін оқысаңыз кешегі мен бүгінгі партиялардың салмағын саралар едіңіз. Тазалықтан жұрдай болған «ал қазір партия көп, парасат жоқ, қоғамға беретіні аз, алашақ көп»,- дейді «көкіген көп партиядан» жеріп...

Абайдың қасынан аттап баспай атағын аспандата алған ақын ауылдан кеткендерге қарап қынжылады. «Көшіп жатыр, дос-жаран кетіп жатыр... аһ ұрып төсегінде ақын жатыр». Ал, «шетте жүріп шен тағып шекпен кисе-ақ, шелтиіп кеп ауылына ат даулайтындармен» ымыраласпасы анық. Тәуелсіздіктің тізгіні тиген күннен түтіні түзу ұшудың орнына шаңырағы шайқалған ауылға арашашы болып жыр жазбаған ақын аз. Арашашының алдыңғы легінде тұрған Төлеген ақын:

Ауыл көшіп барады қала жаққа,

Сағым көшіп келеді қала жақтан,- деп мұңдасады. Қала мен ауыл, қала ақыны мен дала ақынын қатар алып суреттеген ақынның тілінен «панасыздау ауылым анаға ұқсас, панасыздар үйінде жатқан қазір»,- деген бойды тітіретер тіркестерді оқығанда орны ойсырап қалған өз ауылың да ойға оралып, тамаққа өксік тығылады. «Көш» элегиясында  «соңғы ағаның ауылдан көшуі, бір төлін жыраққа қимай тұрған Шыңғыс тау, топырақ қайдан бұйырады деп тоқырап тұрған» ақын көңілі, бәрі-бәрі – бүгінгі қазақ ауылының жұтаған жұртын, тұрғындарының мұңлы жүзін көз алдыңа әкеледі.

Қазақтың қасіретіне айналған полигонның кіндігінде туды Төлеген ақын. Көп қайғы әкелді. Туған-туысын жалмады. Туған ағасы, қазақтың аймаңдай ақыны – Мерғали Ыбыраевтың өмірін қасіретке айналдырып, ақыры алып тынды. «Шошып қалған жүректі сор мен бағын жыр еттім, алпыс бес жыл атоммен жанталасып күрестім»,- деп өзі айтқандай М.Ыбыраев та (Жоғалған өзен), Төлеген Жанғалиев та полигон тақырыбына аз қалам тартқан жоқ.

Білмесек те құранды, біліп өстік уранды,

Ашық күнді аз көрдік бұлтты аспаннан тұманды.

«Саңырауқұлақ» салбырап санамызда тұрса да       

Армандадық қол жетпес қияндағы қиялды,- дейді ақын. Басқа-басқа Төлеген ақын қазақ жерінде алғашқы боп жарылған атом бомбасымен құрдас, ХХ ғасырда адам баласына жасалған ХХ ғасырдағы ең бір  жантүршігерлік қиянатты көзімен көрді, ішінде жүрді. Бұл тақырып көмейінен зар боп төгілгенде алқынған ашу емес, зығырданы қайнаған ащы мысқылмен келетін тұстары бар:

Иә, біздер сондаймыз, су ішпеген у ішкен

Май орнына у шыққан малын сойса жіліктен.

Қазаны да қалжыңға айналдырып алғанбыз,

Қанымызды қарайтқан мезі болып күйіктен...

Атом ақынның жүрегіне қанша жара салса да, қажырын қирата алмады. «Атомды аластау» өлеңінде Дегелеңнің дертіне ем іздеп, Қайнардың қойнауын жырымен гүлге толтырады...

Тарихта талай теперішті көрген Абайдың ақындық мектебін көзі қарақты зиялы біледі. Абай ақын шәкірттер дайындаған – ҰСТАЗ. Шәкәрім мен Көкбай, Әріп пен Әсет, Уәйіс, Ақылбай, Турағұлдар – Абай ұстаздығының жемісі. Міне сол Абай ақындық мектебінің шырағын өшірмей қара өлеңнің Қарауылы бола алған адам – абайлық ақын Төлеген Жанғалиев. Ақындық мектеп, яғни адамды өлең жазуға баулу – осы Абай мен Т.Жанғалиевтің жасаған қарекеті. М.Ыбыраев атындағы «Ақсұңқар» ақындар мектебінен Т.Жанғалиев шәкірттері, нағыз ақындар түлеп ұшуда...

«Сауалнама» өлеңінде: 

- Шәкіртіңіз көп дейді сіздің осы?

- Абайда өшпеу керек жырдың оты,- депсіз.

Демек, Аға! Ақындық пен ұстаздық қос қанатыңыз боп, Қарауылды тұғыр ғып, қарт Шыңғысқа арқа сүйеп, қара өлеңнің қағбасын күзетіп, қауырсын қаламыңыз қолыңыздан түспей жүзге дейін жыр жазуға Алла нәсіп етсін!

Бауыржан Ердембеков

Ф.ғ.д., профессор

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив