Cемей-4°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
494.87 520.65 4.91

Алаштың Айталысы! 

13-12-2023, 16:51 SHAKARIM UNIVERSITY

Халықтың зиялысы Амангелді Әбдірахманұлының бақи дүниеге көшкеніне де жылға жуық уақыт болыпты. Алыстаған сайын таулардың асқақтығы білінеді деген сөз осындай тау тұлғаларға арналғандай. 

Қазақ пен орыстың арасын шекараның қызыл сызығы бөлгенде ауылы арғы бетте қалды. Ата қоныстан бозбала шағында елге өткен қаршадай бала саналы ғұмырын қазақты ел етем деумен сабақтап, ақсақалдықтан асып, елдің АБЫЗЫНА айнала алды...

Қастербек деген шәкіртім ағамыз сексенге толғанда шығарған «Солдаттың ұлы» деген өлеңінде:

Алғаш тай мінген талдан, шіркін деп,

Жалаңтөс бала жардан іркілмек.

Балық аңқыған жағалар қалып

Атыңа міндің арман тылсым боп.

Құшағына ендің жусанды белдің,

Жортатын жондар арлан «Ұлтым»!- деп

Еділден көштің «Қайран да менің

Қазтуғандардан қалған жұртым»,- деп,- жырлағандай елге еңсесі ауған жеткіншек болашағын бабалар жұртына байлайды. Ақтөбе Айталыны алақанына салып аялап, төбесіне көтерді. Халықтың қалаулысы етіп Астанаға жіберді. Айталы да Ақтөбенің сенімінен шықты. Депутаттық қызметте атына да, антына да дақ түсірмеді. Ел деп еміренді, жер деп тебіренді... 

Астрахань облысында дүниеге келген Амангелді Әбдірахманұлы Ақтөбе өңіріндегі өмірі 1968 жылы Ақтөбе педагогикалық институтында оқытушылық қызметпен жалғасты. Жас ғылым кандидаты ашылғанына екі-ақ жыл болған жоғары оқу орнының ірге тасын қалаушылардың бірі болды. Институттың нығаю жылдары азамат, ұстаз, ғалымның есею, пісу, жетілу жылдарымен қоса өрілді. 

Студенттерге дәріс беру қалың жұртшылық арасында саяси білім тарату ісімен қатар жүрді. Бұл ретте Әбекеңнің ағартушылық миссиясы осы кезеңдерден бастау алады. Одақтық «Білім» қоғамының лекторы, облыстық партия комитетінің штаттан тыс лекторы, саяси баяндамашы ретінде Ақтөбе облысында болмаған жері кемде-кем. Жылдың төрт мезгілінде, күннің ашық-жарығына қарамастан партияның кезекті шешімдерін алыстағы ауыл еңбеккерлеріне жеткізуге жұмсалып жүрді. Пайдасыз болған жоқ: бұқара халықтың хал-жағдайымен танысты, ресми статистиканы нақты ахуалмен салыстырды, теория мен практиканың арасындағы алшақтықтың сырын ашуға итермелейтін фактілермен бетпе-бет келді. Облыс халқы құрамының көпұлттылығы, олардың психологиялық, әлеуметтік ерекшеліктері ғалым-ұстазды өзі зерттеп жүрген ұлтаралық қатынастар мәселелерін әрі қарай тереңдетіп зерделеуге түрткі болды.

Ұлтаралық қатынастар мәселесі – А.Айталының студент кезінен бергі ғылыми ізденістер тақырыбы. Алғашқы іргелі нәтиже 1968 жылы келді: интернационалдық тәрбие тақырыбынан кандидаттық диссертация қорғалды. Одаққа белгілі ғалым М.Сужиковтың жетекшілігімен жүргізілген ғылыми еңбек қоғамтанушылар тарапынан жоғары бағаға ие болды. Ғылыми кеңестің ұсынысымен толықтырылып, дамытылып «Социализм және бұқараны интернационалдық тәрбиелеу» атты монографияға ұласты. Ұстаздық, ағартушылық қызметтерімен бірге өрбіген ғылыми зерттеулері 1988 жылы Мәскеуде докторлық диссертация қорғауға әкелді. Айтарға жеңіл болғанымен, бұл жетістіктер Әбекеңе оңай келген жоқ. Ғылыми проблеманың күрделілігіне тоталитарлық жүйеге қызмет еткен моноидеологияның қасаң қағидаларын қатаң сақтау талабы қосылды. Тұтас ұлтқа таңылып жалаулатылған «қазақ ұлтшылдығы» жаласының салқыны да тимей қалмады. Осы жылдары отбасын ойсыратқан аяулы жардан айрылу сезімді күйретіп, сананы сансыратып, жан азабын тарттырмай қойған жоқ. Алайда, атпал азаматқа тән өршіл рух күйректікке берілтпеді, сананы сарғайтпады, сенімге селкеу түсіртпеді. Күнделікті күйкі тірліктің шырмауына тұтқындалмай, әу бастан таңдаған мақсаткер ағартушылыққа негізделген харекетті бәсеңдетпей, әрі қарай ұлғайтып, тереңдетуге жігер, күш-қайрат берді...

А.Айталының ғылыми ізденістері мен қайраткерлік қарымын елге айырықша танытқан кезең – оның Республика Парламенті Мәжілісінің депутаты қызметін атқарған жылдары. Ол депутат жүгін Мәжілістің екі шақырылымында, 1999-2007 жылдары аралығында арқалады. Қоғамымызда жинақталған өзекті мәселелерді құқықтық тұрғыдан реттеуге аянбай ат салысты. Бұл жөнінде сол кездегі парламенттік әріптесі, халық жазушысы Фариза Оңғарсынова былайша куәлік етеді: «Амангелдінің үлкен тұлғаға айналғанына осы парламентте көзім жетіп, қуандым. Бір ауылдың немесе бір облыстың емес, ұлттық, халықтық тұлға деңгейіне көтерілген азамат палатаның бір шешімге келе алмай тығырыққа таянған сәттерінде шешімді, парасатты пікірлерімен талай алып шыққанын мәжіліс депутаттары жақсы біледі. Қазақ тілінің мәртебесін көтеру, шет елдерге бала сатуды тоқтату, министр ауысқан сайын өзгеріп жататын білім, ғылым саласындағы реформалар,  шет елдердегі қандастарымыздың тағдыр тауқыметі – міне, осы мәселелердің бәріне бастамашы болған Амангелді Айталы болатын. Ақтөбе аймағының экономикалық қиындықтары мен бюджетті бөлудегі алақолдық төңірегінде Елбасына, Премьер-министрге бірнеше рет кіріп, елдің мұңын жеткізгеніне мен куәмін»,- дейді апамыз.

Ұлттық мәдениетіміздің болмысы мен төл әдебиетіміздің тірлігі өзінсіз «бір кем дүние» көрінер, Шераға айтса айтқандай: «Парламентте өткен бес жыл ішінде Айталы республика мүддесі үшін, ұлт мәртебесі үшін аянбай күрескен азамат. Басқа көптеген еңбегін былай қойғанда, тек мемлекеттік тіл – қазақ тілінің беделі үшін жанталасқан айтыстары оның абырой-атағын биікке көтерді»,- дейді Шерхан аға. Отыз жыл бойы тұғырына қондыра алмаған қайран қазақтың тілі туралы «қазаққа тілдік маркетинг керек» дей жүріп көп айтты да, жазды да ағамыз: «...Сан жағынан аз халықтың, орыс диаспорасының тілі басым, үстем тіл болып отыр. Мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілі әлі толыққанды, жан-жақты, қоғамның барлық салаларында қолданысқа ие бола алмай отыр»,- деген А.Айталы сөздері әлі күнге өзіміз айдарлап алған «Жаңа Қазақстанда» да дүбәралықтан шыға алмай отырған күйімізді айқындап тұр... 

Сол кездегі парламенттік шақырылым да азулы еді. Халықтың шерін ішке бүкпейтін Шерхан Мұртаза, айтаққа ермейтін, өзіндік айтары бар Амангелді Айталылар сол шақырылымның алдыңғы шебінде болды. Билікке жақпаған тау тұлғалар кешікпей шеттетіліп, нағыз демократияның алауын жаққан сол жолғы депутаттық корпус кезекті текетірестен соң таратылды. Бірақ, сол шақырылымдағы депутаттардың біразы қазаққа жанашыр, мемлекетшіл тұлға ретінде шын халықтың қалаулысы болып тарихта қалды. Одан кейінгі депутаттық корпустар қиғаш кетіп бара жатқан саяси ойынның тізгінін тарта алмады. Тәуелсіздіктің отыз жылдық саяси сахнасында бас шұлғумен, жыл сайынғы жолдауды жарнамалаушы деңгейден аспады. Ілуде біреуі болмаса А.Айталы, Ш.Мұртазаның ширегіне келмейтін қос палатаға қарап қарны ашқан елдің әлеуметтік сала депутаттарынан үміті сейілгені қашан. Кезінде өзі азулы депутат бола алған ағамыз кейінгі саяси партиялар туралы былай дейді: «Өкінішке орай, Қазақстан халықтарының Ассамблеясы, Қазақстан Халық бірлігі тәрізді кейінгі кезде пайда болған партиялар тек қолдаушылар ретінде танылып келе жатыр. Саяси партиялар бүгінгі күні партиядан гөрі пікірлес адамдардың саяси үйірмесіне, клубына ұқсайды. Олар белгілі бір идея, доктрина, тұжырымдамаларға сүйенгенмен, өз кандидаттарын депутаттыққа ұсынғанмен саяси билікті өз қолдарына алып, өкімет құруға ұмтылмайды. Тек сайлау кезінде жұмыстарын жандандырып, сайлау қарқынымен беделді адамдарын депутаттыққа өткізіп, сол арқылы өз мәртебесін сақтауға тырысады»,- дегені – бүгінгі саяси ахуалымызды да тап басып тұр.

Депутаттықтан соң әр кеңсені бір сығалап, жылы кабинет іздеген жоқ, мандатын тапсырған соң ағамыз маң басып Ақтөбесіне қайтып оралды. Өзінің ғалым боп қалыптасқан жылы ұясы – Жұбановқа келіп, ұлы іс – ұстаздығын жалғастырды...

Қазақтың ұлттық руханиятын ояту жолында тіл, дін, саясат, әдебиет пен мәдениет тақырыбында оқшау ойлы, терең танымды еңбектер жазды. Ғылыми ізденістерінің нәтижелері «Ұлт мұраты: депутат көзқарасы» (Астана, 2004), «Байсалды ел байқаусыз қате жібермес» (Алматы, 2008), «Қазақты намыс қамшыласын» (Алматы, 2009), «Дін және діндарлық» атты кітаптарда жарияланды. Қоғамтанудың сан-салалы мәселелеріне арналған жүзден астам ғылыми-публицистикалық еңбектер туды, олар республикалық баспасөзде жиі жарияланды. Дүниеден өтер өткенінше қаламы қолынан түспеді. Көп оқитын. «Кітапты көп оқыған адам алжымайды екен»,- деп күліп отыратын. Ұлтты тану тұрғысынан, ұлтттану теориясы бойынша қазақ тілінде жазылған тұңғыш еңбек – «Ұлттану» (Алматы, 2022) кітабының соңғы нүктесін қойып үлгерді. Ел тағдырына жанашыр жандардың арқасында кітап ағамыздың қырық күндік асында қолға тиді...

Өзі қызмет еткен, екі мыңға жуық құнды кітаптары бар жеке кітапханасын табыстаған Жұбанов университетінде Амангелді Айталының ғылыми кітапханасы бар. Оның ішінде сирек кітаптар қорына енгізілген 1891-1896 жылдар аралығында «Санкт-Петербург» баспасынан шыққан 82 томдық «Новый энциклопедический словарь» кітабының құндылығын атап өтсек те жетілікті. Ол жерде ғалымның жиған кітаптары ғана емес, құнды қолжазбалары, көп адам арнайы жазылып ала бермейтін шет елдік ғылыми журналдары да сақталса, кейінгі ғалымдар мен студенттерге таптырмас дүниелер болары хақ.

Бүгінде адамзат баласына рухани азық жетіспейді. Жетіспейді емес, жұмыр басты пенде рухани азықты қажетсінбейтін болды. Ал рухани кемелдікке ұмтылғандар әсте азайып бара жатқандай. Осыдан ғасыр бұрын қазақтың ішінен қармана іздеген Абайдың «Толық адамы» да төбесін көрсетпейтін заманға тап болғандаймыз...

Қашаннан қазақтың бүгінгі мен болашағына алаңдап, сол алаң көңіл ойларын  суық ақылға салып, жан-жақты білімнің  қайнауына суарып барып қағаз бетіне түсіретін ғалым, қоғам қайраткері Аманкелді Әбдірахманұлы Айталы ағамыздың соңғы жылдарда жазған баспасөздегі ғылыми, ғылыми-публицистикалық мақалаларын, сұхбаттарын жинап, ғалымның сексен жылдық мерейтойына орай «Рухани кемелдік» деген атпен ұсынып, алғы сөз жазғаныма, яғни ағамыздың кезекті бір кесек туындысының шығуына зәредей болса да атсалысқаныма бүгін шүкіршілік айтамын.

Ұлт мәселесі, ұлттық құндылықтар деген тақырыпқа барған зерттеушілерге әлі күнге «ұлтшыл» деп тосырқай қараушылық – бойымыздан кете қоймаған кеңістік көзқарастың мысы басым. Көршіге жалтақтау, басқа ұлтқа имене жол беру санада әлі де сақталуда. Қазақстанды тіпті ұлттан тыс мемлекет моделіне бағыттап, ұлттық проблемаларды көрсе де көргісі келмей, жауырды жаба тоқыған пікірлер әлі де айтылуда.

Әрине, Қазақстан қазақтардың мемлекеті ме, әлде қазақстандықтардың мемлекеті ме деген мәселенің төңірегінде пікірталастар болуы орынды. Бірақ бір мәселенің басы ашық. Әр елде де мемлекет құраушы, елдің тілін, мәдениетін құраушы ұлттың орны бөлек. Осыған байланысты «Барлығына таяныш болған қазаққа сүйеніш те керек»,- деп ұлтқа ерекше жанашыр автор қазақ мәселесін әр қырынан саралап, бүгінгі өткір мәселелерді көрсетеді. «Қазақ болу: рухани арпалыс» деп аталатын мақала атының өзі бұл мәселенің қаншалықты өзекті екенін байқатуда.

Бұл кітаптағы талданған екінші бір күрделі мәселе – дін мен ұлттың өзара байланысы, дінсіз ұлт, ұлтсыз дін болмайды. Ислам діні қазақ өмірінің  барлық қырымен, мәдениет, дәстүр, білім, жалпы дүниетанымымен байланысты. Ортақ ұлттық рухани-мәдени мұрадан діннің өзін бөле-жара қарау қисынға келіңкіремейді. Автордың пайымдауынша Мәңгілік Ел, мәңгілік рухы сарқылмайтын дінмен біте қайнасқанда ғана ақиқатқа айналады.

Рухани кемелдік деп Аманкелді Айталы бүгінгі ұлттың, әсіресе, қазақ сияқты отарланған ұлттың, жетілу, жаһандану заманында ұлтсыздықтан, нигилизмнен тазарып, толық қазақы мәдениетке,  имандылыққа жақындауын сөз етеді. Қазақ әлемдік өркениетті өз төлтума мәдениетімен байытады және оны үйренеді...

«Ұлттану» кітабын парақтағанда көп саясаттанушы-ғалымдар байқастап баратын ұлт проблемаларына, оның ішінде ұлт және мемлекет, ұлттық идеология, ұлттық рух, дін, ұлттық патриотизм, жаһандану және ұлт мәселесі, қазақстандық ұлт, ресей қазақтары, желтоқсан сабақтары, қордай оқиғасы, қаңтар қасіреті сияқты өткірдің жүзіндей қылпып тұрған тақырыптарға батыл барып, қоясын ақтара зерттеп Ұлт жоқшысына айналды. Біле- білгенге бұл еңбек – тізгін ұстап отырған әр басшының алдында жататын кітап.

Осы қара шаңырақ – Жұбанов университетінің миссиясын «Ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген білікті маман мен Абай аңсаған кемел тұлғаны қалыптастыру» деп өзгерткенде, Аманкелді ағамыз аса риза болып: «Алыс-жақын басқа ЖОО миссияларына ұқсамайтын, ұлттық құндылыққа екпін түсірілген екен, қазақ қоғамының сұранысына сай миссия  ұсынылыпты»,- деп батасын берген еді. Осы бір ұлттық таным көкжиегіндегі көзқарастарымыз үйлесе келіп, аға-іні болып, жақын араласқан едік ағамен. Принципшілдігін үлгі еттік, қай орта, қай жерде жүрсек те  ағамыздың ұстанымдарын темірқазық еттік.

Біздің қоғамда саяси стратегияның солқылдақтығы асқына түсіп, мемлекет қысқа мерзімді ұраншыл қадамдардан әрі аспай қалды. «Мәңгілік ел», «Рухани жаңғыру» деген жап-жақсы стратегиялық жобалар қолдан қолға өтіп, тұрақсыздықтың салдарынан соңы құрдымға кетуде. Шенеуінік біткеннің креслолық ғұмыры да екі-үш жылда шолтаң етіп қайырылады. Бір орында байыз тауып кемінде бес-алты жыл отырмаған басшыдан қандай да бір жұмыстың нәтижесін талап ету қисынға келмейді. Сондықтан да, барлық салада тұрақтылық жоқ, ал тұрақтылық жоқ жерде үнемі ши шығып жататыны аян. Арыға бармай соңғы жылдарды ғана шолайықшы, шахтадағы жарылыс, бүкіл бір қаланың жылусыз қалуы, он бес адамды жалмайтын орман өрттері, үйелменімен өртеніп жатқан үйлер, сәбилер мен аналарға жасалып жатқан зорлық-зомбылық, екі күндік жаңбырға шыдас бермей қала біткеннің су астында қалуы, батыстағы малдың жем-шөбі таусылып қырылуы, киікті қыру, екі күннің бірінде жемқорлықпен құрыққа түсіп жатқан жоғары лауазымды шенділер, ЛРТ-ға тағы миллиардтап ұлттық қордан қаржы бөлу т.с.с. саяси, экономикалық, әлеуметтік «өрттерді» сөндірумен  алашапқынбыз. Дәл осындай аппаттар (құдай оның бетін әрі қылсын) орын алғанда журналистер сарабдал ғалым Аманкелді ағамызды іздеп, асай-мүсейін асынып алыстағы Ақтөбеге жөңкілетін. Өйткені, Айталы ағамыз  қандай да бір жағдайдың астарына үңіліп, саралап, болашақта оның болдырмау  жолдарын да тәптіштеп беретін. Ол кісінің әр жылдарда берген сұхбаттарын, интервьюін тағы бір  қарап шықсаңыз, соны байқайсыз. Ғалымның сонау 2015 жылдары айтқан сөздері әлі күн тәртібінен түскен жоқ. Тәуелсіздік туғанда жақсы-ақ басталып, кейіннен сұйыла бастаған партиялардың ісінен тиянақ таппаған А.Айталы ағамыздың пікіріне құлақ түрейік: «Бүгінгі әкімшілік партиядан тыс, саяси жағынан кескіні анықталмаған, күнделікті тіршіліктің ауыртпалығынан титығына жетіп шаршаған халықпен істес болып отыр. Бұл да саяси өмірдің дабылын қағатын, ойландыратын белгі (индикатор). Саяси селқостық, ықыластың жоқтығы, жеке бастың қамымен, мұңымен шектелу қоғамда көзге көрінбейтін жасырын әлеуметтік күш-қуаттың, энергияның шоғырлануына әкеледі. Ерте болсын, кеш болсын ол сыртқа теуіп шығады. Бірақ қоғам өміріне, оның тұрақты дамуына әсер етуі эволюциялық жолға емес, революциялық секіріске, жанжалдарға сүйенуі мүмкін»,- деген еді ғалым. Бүгінгінің Мөңке биіне Әбілқайырдай құлақ асар ел билеушілері табылмады. Табылғанда Айталы сөзінің астарын ұғып, қазақты «қаңтардан» аман алып қалар ма еді, кім білген!?

Сана тәуелсіздігіне салқынын түсіріп тұрған мәселелерді ашық айтып: «Еуразиялық одақ, еуразиялық кеңістік деген жалаң ұранмен төлтума ұлттық мәдениет үлгілерін орыс мәдениетіне қарай ыңғайлау әлі де орыстандыру идеяларының жалғасып келе жатқандығын анықтайды»,- деп баға береді. Әрине, ұлттану, ұлшылдық, ұлтжандылық, тіл, дін, алаш тақырыбын айтқандар өкіметке қарсы, халықты дүрліктіруші, ұлтараздықты туғызушы деп бағаланады әуелден, қазір де сол. Ал, шын мәнінде бұл ушығып тұрған мәселелерді жабулы күйінде қалдыруға болмайтынын ескертеді ғалым. Осылардың әрқайсысының диагнозын қойып, емдеу жолдарын нұсқайды. «Қазақ ұлтының бүгінгі тынысы күрделі. Ұлтқа төніп тұрған қауіп – ұлтсыздық. Бұл асқынып кеткен дерт, оның микробтары ұлттық организмді кеңінен жайлаған. Алдын алса ұлтсыздықтан, орысшылдықтан бара-бара айығуымыз да мүмкін, ал бұл мәселедегі немқұрайлылық, самарқаулық ұлттың түгелдей ассимиляцияға ұшырауына әкеледі. ХХ ғасырдың аяғы мен ХХІ ғасырдың басындағы қазақ ұлты – тарихи жол торабында тұрған ұлт»,- деген сөзі, керек десеңіз дабыл қағуы – қаншалықты үрейлі болғанымен, соншалықты шындық. Мұндай сананы тітірентер тұжырымдарды салмақты басылымдарда А.Айталы ғана айта алды. Ағамыз тәуелсіздік туралы толғағанда М.Твеннің «Тәуелсіздікке қол жеткізген ел саяси лотореяда пілді ұтқанмен бірдей, ал пілді асырау керек»,- деген сөзін жиі келтіріп отырушы еді...

Ол кісі жас ұрпақты тәрбиелеуде, ұлттың рухани келбетін түзеуде жасаған тағы бір өнегелі ісі – «Руханият» деген телебағдарлама ашып, соны жүргізді. Сол бағдарламада абайтанушы ретінде сұхбат бергенім бар. «Абай өзі қазақты жақсы көрген бе, әлде сонша жек көрген бе»?- деген тосыннан қойылған салмақты сұрақпен басталған бір сағаттық түсірілімнен ол кісінің Абайды соншалықты терең танығанының куәсі болдым. 

Біз Абайдың толық адамын, кемел адамын көктен іздейміз. Немесе сол ақынның заманына дүрбі саламыз. Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстаған қаншама кемел адамдар арамызда жүрді, бүгінде де жүр. Бірақ соны байқамаймыз. Меніңше, Абай аңсаған толық адамның бірі қазақты қайтсе ел етем деген Асан қайғылар мен Мөңке билердің жалғасы осы – Аманкелді Айталы ағамыз. 

Ешкімге жалтақтамайтын, жағымпаздана сөйлемейтін адами болмысы биік, кейінге қалдырған мұрасы құнды, ұстаздық келбеті кемел Аманкелді Айталы болмысы, иә сол, Абай бабамыз қармана іздеген толық адам. Ендеше Толық адам – Аманкелді Айталыны тани түсу сіз бен бізге, келешек ұрпақ жастарға парыз. 

 Бауыржан Ердембеков

филология ғылымдарының докторы, профессор

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив