Cемей-11°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
{m-rates-USD} {m-rates-EUR} {m-rates-RUB}

Астананың әскери музейінде «Ленинградтық өренім!» көрмесі ашылды

27-01-2025, 17:04 Думан Кенжеғазыұлы

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына және Ленинградтың қоршаудан азат етілген күніне орай ҚР Қарулы күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаевтың қатысуымен іс-шара өтті.  

Оған қоршаудан аман қалған азаматтар, Қарулы күштердің ардагерлері, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледж кадеттері, «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер қозғалысының тәрбиеленушілері қатысты. 

Көрмеге келушілерге Ұлы Отан соғысына қатысушылардың фотосуреттері, Ленинград маңындағы шайқас орындарынан іздеу жұмыстары барысында табылған жәдігерлер: снарядтардың қалдықтары, жауынгерлердің құжаттары мен жеке заттары көрсетілді.

– Ленинградты ерлікпен қорғап, жауға бермеу Ұлы Отан соғысы тарихында ерекше орын алады. Қала үшін шайқас 900 күнге созылды, ол шайқастарда жауынгерлер ғана емес, көптеген бейбіт тұрғындар да қаза тапты. Қазақстан Нева өзенінің жағасында орналасқан қаланы азат етуге елеулі үлес қосты. Біздің елде құрылған әскери бөлімдердің үштен бірі онда шайқасқа қатысты. Олардың ішінде 310-шы және 314-ші атқыштар дивизиясы да бар, – деді генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев. 

Министрдің орынбасары сондай-ақ, мерген Сәрсембай Рүстембековтің, бөлімше командирі Жолдас Арықбаевтың, пулеметші аға лейтенант Тастақ Назаровтың, қатардағы жауынгер Илгиз Тасбаевтың, аға сержанттар Иван Гуз бен Шанхан Қосоевтың шайқастарда көрсеткен ерліктерін атап өтті. 

– Жастар өз денесімен жаудың амбразурасын жауып, Кеңес Одағының Батыры атағын алған Сұлтан Баймағамбетовтің ерлігін ұмытпауы керек. Қазақ халқының даңқты қыздары, қос қарлығашы Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова да жоғары дәрежелі құрметке ие болды, – деп толықтырды ол.

Іс-шараға қатысқан 1942 жылы туған Гельдир Валеевтің қоршауда қалған қала жайлы естеліктер жадында қалмапты. Ата-анасы да баласына сұрапыл соғыс пен аштық жайлы айтпауды жөн көріпті. 

Ленинградтың басына туған күн қазақтың ұлы ақыны Жамбыл Жабаевтың шығармашылығында ерекше орын алғаны белгілі, ақын ең қиын кезең, 1941 жылдың күзінде қала тұрғындарын өлеңімен рухтандырды. Оның «Ленинградтық өренім» өлеңін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қарулы күштер Орталық ансамблінің солисі Нұрлан Нұртазин оқыды.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив