Cемей-12°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
519.28 540.05 5.31

Мәжілістегі Үкімет сағатында міндетті медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру мәселесі талқыланды

Бүгін, 11:43 Думан Кенжеғазыұлы

Мәжілісте Палата вице-спикері Дания Еспаеваның төрағалығымен Үкімет сағаты өтті. Онда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін одан әрі жетілдіру жайы талқыланды. Жүйенің қазіргі жағдайы мен даму жоспарлары туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова баяндады.

Дания Еспаева денсаулық сақтау жүйесінің жағдайын біркелкі ету және тиімділігін арттыру мақсатымен Мемлекет басшысы Үкіметке нақты міндеттер қойғанын еске салды. Атап айтсақ, денсаулық сақтау жүйесін қаржыландырудың теңгерімді үлгісін әзірлеу, базалық мемлекеттік медициналық көмектің бірыңғай пакетін қалыптастыру, бірыңғай медициналық ақпараттық жүйе құруды аяқтау.

Вице-спикер денсаулық сақтау саласындағы шығыстардың айтарлықтай ұлғайғанына қарамастан, азаматтардың медициналық қызметтердің көрсетілуіне қанағаттану деңгейі төмендеп бара жатқанын баса айтты.

– Мәселен, соңғы 3 жылдың өзінде денсаулық сақтауға шығыстар 2,8 есе артты. Ал халықтың қызметтер сапасына қанағаттану деңгейі 47 пайызға дейін төмендеген. Денсаулық сақтау министрлігі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру нәтижелерінің бірі саналатын диагностикалық қызметтердің тұрақты өсіп жатқаны туралы үнемі есеп береді. Олардың деректері бойынша консультациялық-диагностикалық қызметтер саны, компьютерлік және магниттік-резонанстық томография қызметтерінің саны 7 есе өскен. Алайда диагностикалық қызметтердің өсуі ауруды ерте анықтауға ешқандай әсер еткен жоқ, – деді Д.Еспаева.

Сондай-ақ вице-спикер саладағы шешімін таппаған жүйелі проблемаларға тоқталды. Мысалы, тұрғындардың МӘМС-ке деген қызығушылығының  төмендігі, қаржыны басқарудағы кемшіліктер, саланы цифрландыру деңгейінің нашарлығы, қызметтерге ақы төлеу кезіндегі әкімшілік қиындықтар және басқалар.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың айтуынша, бүгінде қазақстандықтардың 83 пайызы міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне қосылған. Оның ішінде 72 пайызы – мемлекет тарапынан қамтамасыз етіліп отырған әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған азаматтар.

– Міндетті медициналық сақтандыру жүйесін енгізгелі бері елімізде медициналық-демографиялық көрсеткіштер жақсарды. Атап айтсақ, нәресте мен ана өлімін қосқанда жалпы өлім-жітім 8 пайызға төмендеп, өмір сүру 75 жасқа дейін ұзарды. 2019 жылдан бері жоғары технологиялық медициналық көмекті қаржыландыру 2,7 есеге ұлғайып, тұрғындарға жоғары технологиялы медициналық көмек қолжетімді болды. Оның ішінде протездеу, стенттеу, аорта коронарлық шунттау, трансплантация, ЭКҰ және басқалары бар, – деді министр.

Сонымен қатар ол сақтандыру жүйесі мен медициналық көмекті ұйымдастыруды жаңғырту, бизнес-процестерді қайта құрылымдау, ресурстардың ашықтығын, тиімділігін және ұтымды пайдалануын, сондай-ақ халықтың медициналық көмекке қолжетімділігін қамтасыз ету бағытындағы жұмыс жалғасып жатқанын айтты.

Өз кезегінде Жоғары аудиторлық палата мүшесі Нұрлан Нұржанов аудит қорытындысы бойынша Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры тарапынан медициналық қызметтердің сапасы мен көлеміне қатысты мониторинг тиісті деңгейде жүргізілмейтіндігі анықталғанын айтты. Елордалық «Салауатты Астана» және «Шипагер» медициналық орталықтарына жүргізілген тексерістен соң олардың ғимараты мен медициналық жабдықтардың жоқтығы белгілі болған.  Жалдау шартын бұзу кезінде тиісті рұқсат беру рәсімдерінен өтпеген ғимараттарды пайдалану қызмет көрсету сапасына кері әсер еткен.

Өзінің қосымша баяндамасында Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов Мемлекет басшысы 2023 жылдың сәуірінде денсаулық сақтаудың бірыңғай платформасын іске қосуды аяқтауды тапсырғанын, бірақ 2025 жыл келсе де әлі электрондық жүйе жоқ екеніне мән берді.

– Денсаулық сақтау министрлігі ұзақ уақыт бойы мәселені Цифрландыру министрлігіне беру және Электронды денсаулық сақтау орталығын қайтарып алу арқылы шешуге тырысты. Бірақ ол үшін алдымен әдістемелік мәселелерді шешу, нақты бизнес-процестерді құрып, анықтамалықтар мен реестрлерді және басқа да жүйелерді әзірлеу қажет. Деректерді қолмен енгізіп отырмай, цифрландыруды шілде айына дейін аяқтауды ұсынамыз. Алдымен әдістемені әзірлеп, бизнес-процестерді ретке келтіру керек, – деді депутат.

Оның айтуынша, міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің үнемі жеткіліксіз қаржыландырылуы үлкен алаңдаушылық туғызып отыр. Бұл ретте статистикалық мәліметтер жүйені қаржыландырудың негізгі ауыртпалығы азаматтарға түскенін көрсетеді. 2020 жылдан бастап қызметкерлер мен жұмыс берушінің жарналары 252 миллиард теңгеден 959 миллиард теңгеге дейін өскен. Мемлекет жарнасы, керісінше, азайған.

– Мәселен, Қаржы министрлігінің 2025 жылы міндетті медициналық сақтандыру бойынша жеңілдік санаттары үшін мемлекеттік жарналарды өз бетінше өзгертуіне байланысты қорға 300 млрд теңге түспеген. 2024 жылдың соңына қарай мемлекет қарызы 252 млрд теңгені құрады. Сонда сақтандыру қорына республикалық бюджеттен түскен қаржы 500 миллиард теңгеден аспаған екен. Бұл 500 миллиард азаматтардың емделуіне төленбеген ақша – мыңдаған жасалмаған ота, оңалту, ондаған мың адамға берілмеген дәрі-дәрмек. Бұған біздің азаматтардың мыңдаған аяқталмаған МРТ және компьютерлік томографиялары мен кезек күтулері кіреді, – деді Асхат Аймағамбетов.

Комитет төрағасы өз сөзінде міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің кейбір жайттарына тоқталды. Олардың қатарында медициналық қызметтер пакетін қалыптастыруға бірыңғай көзқарастың, жаңартылған тарифтер мен тарифтік әдістеменің жоқтығы, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қызметін өзгерту, халықтың МӘМС жүйесіне сенімінің төмен болуы және басқа да мәселелер бар.

Талқылау барысында мәжілісмендер басқа да түйткілдерге назар аударды. Сақтандырылмаған қазақстандықтардың мәселелері, сондай-ақ азаматтардың міндетті медициналық сақтандыру төлемдерін пайдалануына қойылған шектеулерді алып тастау туралы айтылды.

Үкімет сағатының қорытындысы бойынша Мәжіліс депутаттары денсаулық сақтау саласындағы қордаланған мәселелерді шешу үшін уәкілетті органдарға бірқатар ұсыныс дайындады.

Ең алдымен, мәжілісмендердің айтуынша, халықтың медициналық қызметке қажеттілігін бағалаудың бірыңғай әдістемесін әзірлеу қажет. Сондай-ақ медициналық көмек көлемін жоспарлау және медициналық қызметтерді сатып алу үдерісін жетілдіру керек. Бұл жұмыс денсаулық сақтау басқармаларының, медициналық ұйымдардың және Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қатысуымен Денсаулық сақтау министрлігінің негізгі басымдығына айналуға тиіс.

Ұлттық экономика, Қаржы және денсаулық сақтау министрліктері тарифтердің құрылымын айқындаудың жаңа тәсілдерін енгізу ұсынылды. Сондай-ақ тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың қаражатын жұмсаудың индикаторларын енгізу есебінен қаржы жетіспеушілігін жоюға барлық күш-жігерді жұмылдыру қажет. Депутаттар мемлекет кепілдік берген медициналық көмек түрлері мен сақтандыру пакеттерін нақты бөле отырып, медициналық қызметтердің бірыңғай базалық пакетін қалыптастырудың заңнамалық өлшемдерін енгізу қажеттігін атап өтті.

Бұдан бөлек  Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын оның тиісті функциясына жатпайтын қызметтерден босату ұсынылды. Олар Денсаулық сақтау министрлігіне және тиісті комитеттерге қайтарылып, министрлік пен Қор арасындағы мүдделер қақтығысын жоюы қажет.

Депутаттардан түскен барлық сұрақ пен ұсыныстар жинақталып, Үкіметке жолданатын болады. 

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив