Мәжілістегі Үкімет сағатында еңбек нарығын дамыту және кадрлық әлеуетті нығайту мәселелері талқыланды
Мәжілісте вице-спикер Дания Еспаеваның төрағалығымен еңбек нарығын дамыту және кадрлық әлеуетті нығайту мәселелері туралы Үкімет сағаты өтті. Тақырып жөнінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова мен Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев баяндады.
Жиынды ашқан Дания Еспаева Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында кадрлық әлеуетті арттыру мәселелерінде басым бағыттарды белгілеп, Үкіметке нақты тапсырмалар бергенін атап өтті.
– 2025 жыл Жұмысшы мамандықтары жылы болып жарияланды. Техникалық және кәсіптік білім беруді реформалау арқылы жұмысшы кәсіптердің беделін арттыру қажет. Сонымен қатар еңбек адамының мәртебесін арттыру үшін ынталандыру шаралары керек. Сондай-ақ экономикамызды білікті кадрлармен қамтамасыз ету үшін қазіргі заманғы еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларын қайта қарастыру, экономиканың нақты секторларымен байланысын күшейту қажет, – деді Дания Еспаева.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың айтуынша, соңғы бес жылда жұмыс күші 420 мың адамға өскен. Нақты жалақы 28 пайызға, атаулы жалақы екі есеге артқан. Еңбек нарығының тұрақты өсуіне қарамастан, жұмыспен қамту секторында осал тұстар анықталған.
– Үшінші сын қатер – экономиканың орта кәсіптік білімі бар кадрларға деген өсіп келе жатқан қажеттілігі. Бизнес тарапынан сұраныс пен жұмыс күшін ұсыну арасындағы сәйкессіздік аңғардық. Кәсіптік-техникалық білімі бар мамандарға сұраныс жоғары білімі бар түлектерге деген қажеттіліктен 70% пайызға артық. Біліктілігі орташа және жоғары деңгейдегі жұмыс күшінің ұсынысы бірдей болып қалады, – деді Светлана Жақыпова.
Өз кезегінде Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев 2025 жылы мемлекеттік тапсырыс көлемін 155 мыңға дейін, оның ішінде техникалық мамандықтарға тапсырыс санын 70 пайызға көбейту көзделіп отырғанын айтты. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2024 жылдың қыркүйегінен бастап стипендия тағы 50 пайызға, яғни екі жыл ішінде студенттердің стипендиясы 2022 жылғы мөлшерден 2 есеге өскен.
Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов қосымша баяндамасында жүйелі мәселелерге де тоқталды. Біріншіден, ведомстволық бытыраңқылық. Экономиканы – Ұлттық экономика министрлігі, жұмыспен қамтуды – Еңбек министрлігі, білім беруді – Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігі жоспарлайды. Дегенмен бірыңғай үйлестірілген жұмыс пен саясат жоқ екенін айтты.
Жұмыс орындарының 70 пайызын немесе жалпы жұмыспен қамтудың 50 пайызына жуығын бизнес емес, мемлекет қамтамасыз етіп отыр.
Депутат яғни, мемлекеттік қолдау шараларына, триллиондаған несие мен триллиондаған салықтық жеңілдікке қарамастан, жеке кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлер тек 2,8 миллион жұмыс орнын немесе жұмыспен қамтудың 33 пайызын ғана қамтамасыз етіп отырғанына назар аударды.
Осы және өзге де мәселелерді шешу үшін Асхат Аймағамбетов кадрларды даярлаудағы тәсілдерді өзгертуге және еңбек нарығының жаңа моделін қалыптастыруға бағытталған ұсыныстарын жеткізді.
Отырыс барысында депутаттар жұмыспен қамту саласындағы шешімін таппаған басқа да өзекті мәселелерге тоқталды. Ерболат Саурықов былтырғы түлектердің 25 пайызы ғана жұмысқа орналасқанын, олардың басым бөлігі алған мамандығы бойынша жұмыс істемейтінін немесе қайта даярлықтан өтіп жатқанын атап өтті. Осыған байланысты ол Ғылым және жоғары білім вице-министріне түлектердің жұмысқа орналасу пайызының төмендігін ескере отырып, жоғары оқу орындарына бөлінетін гранттар санын қайта қарау жөнінде сұрақ қойды.
– Ұлттық статистика бюросы мәліметінше, ЖОО түлектерін жұмыспен қамту 2023 жылдың қорытындысы бойынша 82,8 пайызды құрады. Ол 2022 жылмен салыстырғанда 3,3 пайызға артық. Мемлекеттік гранттарды орналастыру барысында қажеттілік көрсеткіштеріне сүйенеміз. Грантқа ие болатын студенттер саны 40 пайыз болса, қалғаны өз қаржысына оқиды. Ал өз қаржысына оқитын студенттер арасында бос орындарға деген қажеттілікті реттеу қиынға соғады, – деп жауап берді Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов.
Депутат Айна Мысырәлімова су ресурстары және энергетика саласындағы кадрлардың тапшылығы мәселесін көтерді. Ол биылғы су тасқынын еске салып, апатпен күресу үшін бүгінде тапшы су шаруашылығына білікті мамандар қажет екенін айтты. Мәжілісмен министрлік өкілдерінен тиісті салалардағы кадр тапшылығын азайту үшін қандай шаралар қабылданып жатқанын сұрады.
Су ресурстары және ирригация вице-министрі Болат Бекнияз бірінші кезекте кадрларды даярлау және қайта даярлау, сондай-ақ біліктілігін арттыру шаралары екенін айтты. Оның сөзінше, биыл су шаруашылығы саласында білім алу үшін жоғары оқу орындарына 520-дан астам адам түскен. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда екі есеге жуық көп. Өз кезегінде Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов кадрлық әлеуетті арттырудан бөлек, жыл сайын жалақылары да көтеріліп жатқанын атап өтті. Мысалы, жылу-энергетика саласының орташа маманы қазір шамамен 425 мың теңге алады.
Сондай-ақ депутаттар Үкімет өкілдеріне тақырып аясындағы өзге де өзекті мәселелерді шешуге қатысты сұрақтарын қойды. Оның ішінде, еңбек ресурстарын ауылды жерлерде бекіту, ауыл шаруашылығы саласын жұмыс күшімен қамтамасыз ету, мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа тарту көрсеткішін ұлғайту, жұмыс берушілердің сұранысы бойынша кадрларды мақсатты даярлау, NEET жастары санын азайту және басқа да мәселелер көтерілді.
Жиын қорытындысы бойынша депутаттар Үкіметке еңбек нарығын дамыту және елдің кадрлық әлеуетін нығайту мәселелері бойынша ұсыныстарын берді.
Сонымен қатар Үкімет сағаты аясында Мәжілісте тақырыптық көрме өтті. Онда «HR.Enbek» еңбек қатынастарын басқаруға арналған еңбек ресурстары порталы, сұранысқа ие мамандықты таңдауға көмектесетін және одан әрі мансап құру бойынша ұсыныстарды ұсынатын «Мансап компасы» цифрлық платформасы, жұмыспен қамту саласындағы басқа да жүйелер мен мобильді қосымшалар ұсынылды.