Мәжілісте экология мәселелері бойынша заңнамалық түзетулер таныстырылды

Мәжілісте Парламент депутаттары бастамашылық еткен экология мәселелеріне қатысты түзетулерді қарастыратын заң жобасы таныстырылды.
Жиынды ашқан Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршин ұсынылып отырған заңнамалық жаңашылдықтардың маңыздылығына баса назар аударды. Комитет төрағасы атап өткендей, қоршаған орта мәселелері – қазіргі уақытта әлемдегі өзекті сұрақтардың бірі.
Мәжіліс депутатының пікірінше, Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге міндеттелген, ал 2030 жылға дейін 1990 жылмен салыстырғанда шығарындыларды 15%-ға қысқарту жоспарланған. Аталған мақсаттарға жету үшін мемлекеттік органдар, бизнес және қоғам болып күш біріктіруі керек.
Сонымен қатар Қазақстанның «Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасына сәйкес, 2013 жылғы 30 мамырдағы Президент Жарлығымен бекітілген жоспарға сай, 2030 жылға қарай қалдықтарды қайта өңдеу үлесі 40%-ға, ал 2050 жылға қарай 50%-ға жетуі тиіс. Қазақстанда жыл сайын 4,5-5 миллион тонна тұрмыстық қатты қалдықтар түзіледі. Олар Астана, Шымкент және Жаңаөзен қалаларындағы зауыттарда, шағын және орта бизнес кәсіпорындарында сұрыпталып, қайта өңделеді.
Сондай-ақ мемлекеттік экологиялық бақылауды күшейту, қоршаған орта жағдайын жақсарту, метеорологиялық және гидрологиялық мониторингті дамыту, қоршаған орта мен табиғи ресурстар жүйесін цифрландыру мәселелері де айрықша назар аударуды қажет етеді. Осыған байланысты Е. Жаңбыршин Мәжіліс пен Сенат депутаттары ұсынылған заңнамалық түзетулерге бастамашылық жасағанын атап өтті.
Заң жобасын таныстырған Мәжіліс депутаты Ерболат Сатыбалдин Экологиялық кодекске көміртекті реттеу саласын жетілдіруге бағытталған өзгерістер енгізілетінін айтты. Мәселен, көміртегі офсетін іске асыру тәртібін реттеу, сондай-ақ ерікті көміртегі нарығы шеңберінде климаттық жобаларды заңнамалық тұрғыда бекіту қарастырылады.
Сонымен қатар биржада көміртегі бірліктерімен сауда жасауға жол ашатын түзетулер де бар. Бұл алғашқы көміртегі нарығын іске қосуға, сондай-ақ екінші нарық субъектілерінің тауарлық және қаржылық биржаларда сауда жасауды кеңейтуге мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, қоршаған ортаның жай-күйін, метеорологиялық және гидрологиялық мониторингті жүргізу саласында мемлекеттік бақылау желісін пайдалана отырып, монополиялық қызмет пен технологиялық тұрғыдан байланысты қызметтерді ажырату ұсынылады.
Гидрометеорология және қоршаған ортаны қорғау салаларына да бірқатар өзгерістер енгізілмек. Қалдықтарды басқару саласындағы жағдайды жақсартуға бағытталған түзетулер де бар. Тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару саласындағы кәсіпорындардың қызметін ету үшін тұрғындарға тарифті көтермей, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмін жетілдіру жоспарланып отыр. Ал қалдықтар бойынша жедел деректерді алу және тиісті басқару шешімдерін қабылдау үшін нысандар операторларының қалдықтарды басқару жөніндегі есептілікті Мемлекеттік қалдықтар кадастрына тапсыру жиілігін арттыру ұсынылады.
Заң жобасында магистральдық құбырлар арқылы газды, газ өнімдерін, мұнай мен мұнай өнімдерін тасымалдауды ІІ санаттан І санатқа ауыстыру қарастырылған. Сондай-ақ мемлекеттік экологиялық бақылауды күшейтуге бағытталған түзетулер қамтылмақ.
Талқылау барысында Мәжіліс депутаттары ұсынылған түзетулер экологиялық заңнамадағы олқылықтарды жоюға, экологиялық нормалардың сақталуын бақылауды күшейтуге, экологиялық зиян келтірген нысан операторларының жауапкершілігін арттыруға, қоршаған орта жағдайын жақсартуға және экожүйелерге антропогендік әсерді азайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Таныстырылымға депутаттар, уәкілетті мемлекеттік органдар өкілдері, «Қазгидромет» РМК, «Атамекен» ҰКП, Парламентаризм институтының сарапшылары және сала мамандары қатысты.
Заң жобасын талқылау одан әрі Мәжіліс депутаты Ажар Сағындықова басқаратын жұмыс тобында жалғасатын болады.